«РӘБИҒАНЫҢ МАХАББАТЫНДАҒЫ» СУИЦИДТІҢ СЫРЫ

kitap«Қазақ әдебиетінде жасөспірімдерге арналған шығарма қайсы?» деп іздегенде, еріксіз тосылып қалғандай екенбіз. Мықтаса жас кезіндегі алғашқы махаббатын, ауылын, мектебін еске алған бірлі-жарым ғана шығармалар бар. Ал жасөспірімдер тақырыбын түптеп, түбірлеп жазған бір жазушы болса, ол – Серік Асылбекұлы. «Сырдария кітапханасы» атты сериямен Серік Асылбекұлының екі кітабы жарық көрді. Бұл кітаптарда жазушының оқырманға кеңінен танымал болған «Рәбиғаның махаббатынан» бастап, бірталай повестері мен әңгімелері, драмалық шығармалары қамтылған. «Рәбиғаның махаббатын» талдауға белгілі әдебиетші ғалымдар Темірхан Тебегенов пен Рафат Әбдіғұловты шақырдық. Сұхбат «Мәдениет» телеарнасында түсіріліп, газеттік нұсқасы «Халық сөзіне» ұсынылды.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Темке, Сіз де ұстазсыз ғой. Біз не жазсақ та, оқу-сызудың барлығы балаларға, жас ұрпаққа арналуы керек. Сондықтан бұл тақырыпқа жазатын жазушылар ұрпақтың өмірін,  дүниетаным ерекшеліктерін жақсы білуі керек қой деп ойлаймын. «Рәбиғаның махаббатында» тақырып сол жас ұрпақтың өзінің ішінен көтеріледі. Оқиғаның барлығы мұғалімдердің көзқарас қайшылығы арқылы беріледі. Қысқаша айтқанда, оқушы қыз Рәбиға ұстазға ғашық болады да, сезімі әшкереленіп қалған соң өзіне өзі қол жұмсайды. Оқиға Рәбиғаға көңілі кетіп жүрген өрт мінезді тракторшы жігіттің араласуымен өтеді. Осындай сұмдық оқиға орын алды, енді не істеу керек? Ар сотына кім тартылмақшы? Ауыл, аудан түгел дүрлігіп тұр. Жазушының шеберлігі сонда, өз пайымына емес, өзгенің пайымына көбірек жүгінеді. Талқылаудың өзін драмаға айналдырады. Шынайы сезімдер қақтығысына көбірек ерік береді. Қазақ әдебиетінде біліп жазу, білмей жазу деген де мәселе бар ғой. Бұл тұрғыдан келгенде Серік Асылбекұлы өмірлік деректердің дәлдігінен ауытқымауға күш салған. Осы жағынан тәжірибе бөлісе отырсақ жақсы болар еді.

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ: Биыл мемлекеттік емтихандар жүйесінде Серік Асылбекұлының шығармашылығынан менің жетекшілігіммен екі дипломдық жұмыс қорғалғанын еске сала кетейін. Біреуі Серік Асылбекұлының прозасы, екіншісі драматургиясы. Мұны айтып отырған себебім, жазушы шығармашылығы өзіндік даралығымен көрініп жүр. Жаңағы «Рәбиғаның махаббатының» бірден жұрт назарына ілігуінің себебі, әрине, орта мектептегі, орта арнаулы оқу орындарындағы жастар, жасөспірімдер тәрбиесі деген мәселеге батыл араласуынан ба деймін. Мектепте қызмет істеген тәжірибемізге сүйене отырып айтарым, 7-8- сыныптардан бастап оқушыларда психологиялық жағынан өзгерістер болады. Есею, ержету кезеңі басталады. Бұл физиономиялық жағынан да заңдылық. Жоғарғы сынып оқушылары ішінде бір-біріне сезімі оянатын кездері бар. Ондай жағдай өзіміздің басымыздан да өткен. Оны көркем шығармаға арқау ету арқылы, нәзік мәселені көтеру Серік Асылбекұлының үлесіне тиіп отыр. Жоғарғы сынып оқушысы Рәбиғаның өзіне сабақ беретін жас мұғалім Мадридке ғашық болғандығы, батылдық жасап, мұғаліміне хат жазғандығы еріксіз елең еткізеді. Бірақ адамгершілік, гуманистік тұрғыда түсінісудің орнына, «бұл бала неге бұлай жасады?» деп айыпталып, Мадридтен бастап өз бастарын арашалап шыға келеді. Айналып келгенде Рәбиғаның у ішіп, өзін мерт қылғаны айтылады.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Бүгіннің өзінде суицид деген мәселе өртеніп тұр, қазір жасөспірімдердің арасында бұрынғыдан да көбейіп кетті. Міне, кезіндегі Кеңес заманында осы мәселеге Серік Асылбекұлы мән берген екен. Кеше жазылған күннің өзінде бүгінгі мәселеге сәйкес келіп тұр.
Рафат ӘБДІҒҰЛОВ:
 Өзін-өзі өлтіру мәселесі әлем әдебиетін алып қарасақ, кәдімгі типология жасайтын үлкен мәселе. Флобердің «Мадам Бовариі». Ол да өзін-өзі өлтіреді, бірақ ол мүлдем басқа жағдай. Өзінің ауқатты күйеуін менсінбейді. Өнер ортасына жақын жүретін сұлу келіншектің күйеуі күйзеліске ұшыраған соң, күйеуі арқылы келетін үлкен игіліктерден айырылатынын сезген кездегі өзін-өзі жақсы көргендіктен, пенделіктен туған суициді бұл. Карамзиннің «Бейшара Лиза» дейтін шығармасы бар ғой, ол да осы суицид мәселесінде хрестоматиялық үлгі болып есептелінеді. Ол шаруаның қарапайым қызы ақсүйекке ғашық болып, соңында өлімге барады. Чеховтың «Попрыгунья» дейтін шығармасындағы, болмаса өзіміздің Мұхтар Әуезовтің «Кінәмшіл бойжеткеніндегі» Ғазизалардың да өлімдері басқа жағдай. Мұндай өлімдер пенделіктен, өзін-өзі жақсы көруден келіп жатқан нәрселер. «Рәбиғаның махаббатын» оқып отырған кезімде басқаша күй кештім, өзім де мұғалім болған адаммын, сол ортаны білемін. Бұл – өте реалистік повесть. Негізгі оқиға бірер ғана беттен тұрады. Қыз баланың жазған хаты және сыныптас дос қызының жазған түсініктемесі. Повестің поэтикасында өзіндік ерекшеліктер бар. Мысалы, хатты, түсініктемені, құжаттарды қосу шығармаға реалистік сипаттама беріп отыр. Шығармадағы негізгі кейіпкер Лұқпан мен баяндаушы бір-біріне өте жақын. Автор баяндаушы осы оқиғаға өзінің қарым-қатынасын білдіріп отырады. Мұнда баяндаудың бірнеше түрі бар. Осы шақтан, өткен шақтан баяндайды, әрқайсысының өзінің орны бар. Баяндау, суреттеу, ішкі монолог, психологизм сияқты поэтикалық әдістерді орынды қолданып отырады. Әрине, бұл – үнемді проза. Мұнда ұзақ-сонар табиғатқа кетпейді, автор портреттерді де созбақтап жасап жатпайды. Өзінің негізгі гуманистік идеясын айтып қалуға күш салады. Повестің көп көлемі қыз баланың дәрі ішіп қойып, өлуінен кейінгі жағдайға кетеді. Мектеп ұжымы, ауылдың жағдайы, бәрі таныс көрініс. Реалистік образ бар. Образдардың барлығын тереңдеп, қазып, Достоевскийше немесе психолог жазушыларша жазып жатпайды, бірақ аздаған диалогтармен, әрекеттермен образдарды шығарып отырады. Мектептегі жиналыстар мен сот қызметкерлерінің келіп тексеруін де жақсы көрсете біледі, ауытқымайды. Бірақ өзінің үнемі гуманистік ойын, жанашырлық сезімін алдыға шығара отырып суреттейді. Кеңестік кезеңдегі типтік жағдай сол, ең үлкен жазаны осы жағдайға қатысы аз адамдар алады, оның ішінде қыздың сынып жетекшісі Лұқпан да бар. Ал қыз ғашық болған Мадрид дейтін мұғалім мен қызға тым артық, қатты сөз айтқан қыздар кеңесі жеңіл ғана ескерту алып шығады. Негізгі оқиғаларды осымен бітіруге болады. Бірақ автор оны тоқтатпайды. Осы шығармадан, осы кейіпкерлерінен Серік Асылбекұлының айырылғысы келмегені көрініп тұрады. Осы шығармасын да, кейіпкерлерін де жақсы көреді. Жазалау нүктесінен кейін де тағы үш оқиғалық бөлікті қосады. Одан кейін Рәбиғаны жақсы көрген бір оқушы бала болған. Өзі тентектеу болғанымен, шын ниетімен Рәбиғаны жақсы көрген. Бұл сәттердің бәрі де шығарманың көркемдік деңгейін аша түседі. Ең аяғындағы эпизодта Лұқпанның өзі адами, гуманистік қасиеттерін тереңдете түседі. Үйіне келуі, психологиялық жағдайы, әйеліне Мұқағали Мақатаевтың «Өмір – өзен» өлеңдер жинағын сұратып алуы, барлығы да повестің жылы аяқталғанын көрсетеді.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Сіз айтып отырғандай ерекшелік, ең бастысы – шығармада дискуссия бар.
temirhanТемірхан ТЕБЕГЕНОВ:
 Шығарманың өзіндік көркемдік идеялық желілері жақсы ойластырылған. Мысалы, мына менің 9 жылым орта мектепте өтті. Шығармада жоғарғы сынып оқушыларының психологиялық жағдайын ескере отырып, үлкен біліктілікпен жұмыс істеу керектігі алға тартылады. Хат жазған екен, онда тұрған ештеңе жоқ. Қайта сезімі мөлдір, таза адам өсіп келе жатқанына қуанып, әділ бағасын беріп, үлкен педагогикалық бағдар жасалуы керек еді. Өз басым орта мектепте қатардағы мұғалім де болдым, тәрбие жөніндегі басшылықты да атқарғанмын. Біздің үлкен қателігіміз – бір-біріне сезімін білдірген жоғарғы сынып оқушыларының әрекетінен үлкен қиындық көреміз. Дүрлігіп кетеміз. Бірақ оның да тарихи себептері бар. 1950-60 жылдары оқушы қыздарымыздың босанып қалған жағдайлары да болған. Сөйтіп, мектептің директорлары, басшылары орындарынан алынатын. Біржақты тыйым салып, оны тоқтата алмайтынымыз ақиқат. Сондықтан дұрыс бағдар беру бағытында әртүрлі педагогикалық әдістер керектігі осы кітапта көрсетіліп берілген. Мадридтің образын қарасақ, педагогикалық талаптарға сәйкес секілді. Ал имандылық тұрғысынан қарағанда, баланың тағдырын ойлағанда, әрине, қатыгездік. Шын мәнісінде өзінің мансабын ойлайтын, біріңғай түсініктегі, таяз адам екенін көріп отырмыз. Демек, біз қазір дипломы бар мамандар дайындадық деп отырғанымызбен, сезімі жоқ адамдарды да тәрбиелеп отыруымыз әбден мүмкін. Мұғалімдердің қарақан бастарын ойлап, қызметімнен қуылып кетпеймін бе деген мүсәпірлік жағдайын көреміз. Енді 12 жылдық мектеп болады деп жатыр. Көрші отырған Үндістанның өзінде 12 жастан бастап қыздар тұрмысқа шығады. Ал біз қыздарға қандай тәрбие беруіміз керек? 1960-70 жылдардан бері келе жатқан өзекті проблеманы көрсетіп бергені үшін бұл повесть аса құнды деп айтуға болады. Жаңа Рафат айтып кеткендей, повесть қыздың басынан жағдайлар өтіп кеткеннен кейінгі талқылаулар барысында өрлейді. Талқылауға қатысатын мұғалімдердің моральдық бет-бейнесін жазушы кемеліне келтіріп ашқан. Айта берсек әңгіме көп. Оқушылардың арасындағы сезім мәселесіне түсіністікпен қарап, дұрыс бағдар беру керектігін мұғалімдерге де, ата-аналарға да, жалпы оқырманға да ұқтыратындай үлкен көркемдік мәні бар шығарма деп есептеймін.
коргасбек жЖүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Үлкеннің де, кішінің де басына біршама еркіндік тиген бүгінгі күнге өте керек. Соның барлығын Серік Асылбекұлы Кеңес заманының аяғында шынында да ашық көрсеткен. Сосын батыл шешімі бар. Ол батыл шешімі – баланың өліміне мұғалімдерді кінәлаудан көрініп отыр. Бұл жерде талқылауға қатысқан мұғалімдер тіпті аудандық оқу бөлімінің нұсқаушылары, барлығы бастарын алып қашады. Аяғында бұл оқиғаға тікелей жанашырлық білдірген Лұқпанның өзі мен қызды сыртынан жақсы көрген Уәтай деген тракторшы бала жеке қалады. Сонда тракторшы баланың түсінігіндегі нәрсені мұғалімдер істемей отыр. Себебі, жаңағы тракторшы бала өмірден алыстамаған, өмірдегі құбылыстарға халықтық таным тұрғысынан баға беріп үйренген адам. Ал мұғалімдер белгілі бір педагогикалық ұстанымдардың шеңберінде қалып қойған. Міне, сол мәселе қазір де көп қайталанып жатыр. Жазушының тілі туралы да айта кетпесек болмайды. Тосын теңеулер жиі ұшырасады, болып жатқан көріністерді қаз-қалпында көз алдыңа елестететіні бар. Мен бірлі-екілісін оқып берейін. Басқа бір «Қалқаш» атты повесінде қыстыңгүні бала вокзалда әпкесін күтіп отырады. Ол вокзал шағын ғана елдімекен, 5-6 үй бар, айдалада, қысқасы. Сонда сырттан кіріп келген үй сыпырушы әйел есікті ашып кеп қалғандағы көріністі жазушы былай береді: «Зіңкиген кең бөлме тік ұшақ ұшқандай гуілдеп ала жөнелді», – дейді. Тосын теңеу. Кез келген жазушының тіліне орала бермейтін, қайталауға бармайтын теңеу. Сосын Қалқаш деген тракторшы жігіттің еңбекқорлығын, қайсарлығын, рухының күштілігін былайша суреттеп береді: «Қайтпас қара темірден жасалған «Белорусь» пен Қалқаштың арасында бір ұқсастық бар. Екеуі де жуық арада шаршап болмайды. Әдетте біз мұндай ұлы шабысқа әзер шыдап жүрдік. Кешкілік төсекті сүзе құлайтынбыз. Таңертең тұрғанда дырылдақ көк тракторды да, сол трактордың ішінде шоқ желкесін күжірейтіп, рөлмен бірге жабысып қалатын Қалқашты да көргіміз келмейді.  Бірақ күннен күнге ширығып, кейін әбен көндігіп кеттік», – дейді. Осы бір абзацтағы трактор мен тракторшының бірге жаратылғандай суреттелуінің өзі  ұтымды, сәтті шыққан. Жазушының бұл «Рәбиғаның махаббаты» атты повесінен басқа тағы бір повесі бар, жоғарыда айттым, «Қалқаш» деп аталады. Біздің дәстүрлі әдебиетімізде бар кейіпкерлер, сюжеттер осы жерде де бар. Соғыс кезін былай қояйық, біздің өзіміз жас кезімізде, мектепте каникулда егін орып, шөп шабатын кезде жұмысқа барып тұрған адамдармыз ғой. Сол оқиға осы жерде балалардың көзімен жақсы беріледі. Өте таныс сурет. Адамды еңбекке баулу дегендей шартты ұғымдардан қашатынымыз өтірік емес. Еңбек, жұмыс, тіршілік туралы айтсақ, оны журналистиканың жұмысы сияқты көріп, бұл тақырыпқа әдебиетте онша жуи бермейміз. Мемлекет басшысының «Еңбекке қарай 20 қадам» дегенінде де осы мәселе айтылып отыр ғой. Еңбектен, жұмыстан алыстап кеткенімізге мысал көп. Қазіргі күні алдында бір отар қойы бар, бір табын сиыры, бір-екі үйір жылқысы бар ауқатты азаматтар аз кездеспейді. Солар: «Малшыға құтаймадық, малшы жоқ» деп жылайды да жүреді. «Қалқаш» атты повесте осы еңбектің қадірі жақсы беріледі. Әсіресе Қалқаштың образында жақсы беріледі. Қалқаштың еңбекке қалай адал болса, өмірге де сондай адал екендігі жақсы айтылады.
rafatРафат ӘБДІҒҰЛОВ:
 Әнебір жылы Серік Асылбекұлының шығармаларымен танысқан кезде менің ең сүйсініп, тамсанып оқығаным осы «Қалқаш» болатын. «Қалқаш» повесінің көркемдік деңгейі «Рәбиғаның махаббатынан» ешбір төмен емес. Тіпті байқап қарасақ, ең көркем шығармасының бірі деп айтуға болады. Мұның да басты кейіпкерлері балалар. Төрт оқушы бала мектептегі жазғы демалыста жұмысқа келеді. Жазушы төрт баланың психологиясын өте нәзік түрде берген, образын да жақсы аша алған. Жас баланың мінезі белгілі, бір орында тұрмайды ғой, адам ретіндегі эволюциясын ашқан. Бірер айдың ішінде балалардың өмірге деген түсінігі, адамгершілікке деген көзқарасы өзгереді. Осыны оқиға бойымен жүргізе отырып, өте сәтті, ұтқыр көрсеткен. Төрт баланың образы бір-біріне ұқсамайды. Ал осы балалардың жанында жүрген екі кейіпкер бар. Қалқаш пен Кенжегүл дейтін. Кенжегүл – бір рет тұрмыста болып, ажырасқан келіншек. Дара, ерекше мінезі бар. «Ажырасқанмын» демейді, кәдімгі өзінің адами қалпын, бейнесін өр ұстап жүрген әйел адам. Сол кейіпкерді жазушы не кемсітпейді, не әсірелемейді. Жап-жақсы, жанды образ етіп шығарған. Ал Қалқашқа келетін болсақ, кейіпкер ретіндегі образын автор әдемі алып шыққан. Басында балалар да, оқырмандар да Қалқашты бірден түсіне қоймайды. Бірте-бірте түсінеді. Оның бойын да, бет-әлпетін де, тіпті қолын да бекер суреттемейді. Қалқаштың образын ашу үшін жеке-жеке штрихтар ретінде қызмет етіп отыр осының бәрі. Автор мұнымен ғана тоқталып қоймай, бірте-бірте оның мінез-құлқын да қанықтыра суреттейді. Қандай ерекше мінездері бар екенін санамалап айтады да, шым-шым әрекеттер арқылы Қалқаштың образын ары қарай дамыта береді. Жас кезімде қазіргі аға жазушымыз Дулат Исабековтің «Шойынқұлақ» деген әңгімесін оқып едім. «Қалқашты» оқып отырғанда сол «Шойынқұлақ» есіме түсті. Онда да қарапайым адамның ішкі жан дүниесі күрделі де нәзік болатынын көрсетеді ғой. Мұнда да сол. Тек қана бір қырынан ғана емес, әлденеше қырынан көрсете алған. Уақыт өткен сайын балалар Қалқаштың кім екенін түсіне бастайды. Ең аяғында олар үшін нағыз ер, үлгі болатын азамат ретінде көрсетіледі. Фабулалық қысқа-қысқа бірнеше оқиғалар да бар. Оның бәрі кейіпкерлерді ашуға қызмет етеді. Мысалы, Кенжегүлдің ажырасқан күйеуінің ауылдың атаманын ертіп келіп, баланы тартып алмақ болғанын суреттеу, осы арадағы ештеңеге оңайшылықпен қозғалмайтын томаға — тұйық адамның азаматтық жасап, ерлікке баруын суреттеп, қарсыластарын трактормен қуалағанын көрсетумен сюжет желісі жандана түседі. Осы кезде Кенжегүлдің трактордың алдына құлап түсіп, Қалқашты тоқтатуы оқырманды селт еткізбей қоймайды. Бұл жерде оның бұрынғы күйеуіне немесе оның жолдасына жаны ашып тұрған жоқ. Қалқашқа жаны ашуы, оны адам ретінде сыйлауы басым түсіп тұр. Сол үшін Кенжегүл еркек бара алмайтын ерлікке барады. Осыны көріп отырған балалар да адам ретінде өсіп келе жатады. Осының барлығы автордың шеберлігі. Реалистік повесть жаза алған, қысқасы. Оны былай бітіруге де болады ғой. Қалқаш пен Кенжегүлді қосуға болады. Бірақ өмірде сен қалаған жағдай бола бермейді. Ең соңында жеңгесі келіп, Кенжегүлді бұрынғы күйеуіне алып кетуі, сол кездегі Қалқаштың күйі, балалардың өсуі шебер үйлестірілген. «Біз Қалқаштың еңкіш екенін байқадық, иығы қушиып бара жатты» дейді. Сол себепті, мен осы шығарманы повесть жанрының үздік үлгісіне жатқызамын.
Темірхан ТЕБЕГЕНОВ: Қалқаштың бейнесін жасауда табиғилыққа қатты мән берілген. Біз жағымды кейіпкерлерге біржақты қарап қалғанбыз ғой. Қалқашты расында оқырман қалай қабылдарын білмей, әрі-сәрі күйде отырады. Балаларға айтқан қатты сөзі, бұйрықтары шамыңа тигендей кей тұста. Балалардың сөзімен бейнелегендегі жүріс-тұрысының ластығы, тіпті үстінен әртүрлі иіс шығып тұратынына дейін айтады керек болса. Бірақ айналып келгенде сюжеттік дамудың кезең-кезеңдерінде Қалқашқа оқырманның бойы үйреніп алғаны соншалық, Қалқашпен бірге оқиға жақсы болып бітсе екен деп тілеп отырады. Қазақылығымыз болар, жеңгесі келгенде Кенжегүлдің тағдырға бағынып, бұрынғы ошағына кетіп бара жатқанына илана қараймыз. Бірақ Қалқашты аяймыз. Қалқаш батылырақ болғанда дұрыс болар ма еді деген ой әрбір оқырманның ойында қылаң беріп қалады. Әрине, шығарманың сюжеттік құрылымы өте тартымды. Әсіресе баланың тілімен сөйлеп жатқан жерлерінде жазушы ұтқырлық танытқан. Адамтанушылық әсері мол шығарма.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Серік Асылбекұлының бір ерекшелігі – жасөспірімдерді осы қалпында қалыптасқан кейіпкер ретінде бейнелемейді. Көзқарасы, дүниетанымы бірте-бірте өзгерістерге түсіп, соның нәтжесінде жаңа көзқарастардың иесі болып шыға келгенін бізге шынайы түрде, нанымды көрсетеді. «Мұғалімдер күні» деген де, «Мектеп бітіру кеші» деген де жылда болады. Ал мына кітапта «Мұғалімдер күні» деген де, «Мектеп бітіру кеші» деген де әңгіме бар. Демек, бұл жасөспірімдерге, жас ұрпаққа керек кітап деп есептейміз. Жас ұрпаққа керек болған соң, барлығымызға керек шығарма екені сөзсіз. 

«Халық сөзіне» дайындаған – Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!