Жүсіп ХИСЫМОВ: Кеше ғана микрофонды қолына ұстаған комментатор не айтып, не үйретеді?

jusip-hisimovЛ.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де журналистика мамандығында оқып, шыңына шықсам дейтін 2-курс студенттері, міне, биылдан бастап спорт журналистикасына баулитын арнайы пәндерді оқып жатыр. Осындай пәндердің тәжірибелік сағаттарының біріне спорттай сиқырдан сыр шерту үшін қонаққа ардагер спортшы, белгілі спорт журналисі Жүсіп Хисымовты шақырып, көкейдегі сан сауалға жауап іздеген едік.

Жүсіп аға, сіз бірнеше зияткерлік спорт түрін тоғызқұмалақ, шахмат, дойбыны жақсы меңгергенсіз. Осылардың арасынан дойбыны таңдауыңызға не себеп?

 Мен жас кезімде спортты жеңіл атлетикадан бастадым. Ядро және диск лақтырудан 3-разрядты орындадым. Университет қабырғасында он сайыстан жарыстарға қатыстым.Бірақ ит қауып алған қолым әрі қарай бұл спортпен айналысуға мұрша бермеді. Осыған дейін де шахмат есептерін шешіп жүрген мен бір күні … Сәкен Жаңбыршинмен дойбы ойнап, үш партия қатарынан тең түстім.Осылайша дойбыға қатты қызығып, бел шешіп кірісіп кеттім. Бір ерекшелігі ол кезде біз хат арқылы да ойнай беретінбіз.Кейде бір партияны бір жыл ойнаған кездер де болған. Рига, Вильнюс, Мәскеу, Ялта, Одессадағы халықаралық турнирлерге қатысып, спорт шеберлігіне үміткерлік атағын қорғап шықтым.

Қазір дойбының  жастар арасындағы өзектілігін арттыру үшін не істеу керек?

Менің ойымша, бұл ойынды балаға 6-7 жастан бастап үйреткен дұрыс. Сонда жадына тоқыған нәрсесін ешқашан ұмытпайды. Басында баланы теориямен қаруландырып, дойбының қызықты есептерін шығарту арқылы ойынға деген махаббатын арттыру керек. Сосын баланы қашанда өзінен бір саты жоғары деңгейдің ойыншысымен ойнатқан жөн. Сонда ғана өсу болады.

6-7 жаста алып кету үшін тума талант па әлде тәжірибе керек пе?

– Белгілі желаяқ Әмин Тұяқов: «Талант – ұштауды қажет етеді» деген. Бойдағы барды бағалай білу керек. Қазақ қашанда бала тәрбиесін баса назарда ұстаған. Егер ретімен барын байытып отырса, кейін тәжірибеде толыса жатады. Баланы ерке етіп өсіруге болмайды. Ерке балаға үйрету қиын. Сондықтан бала тәрбиесіне ерекше мән беруге тиіспіз. Еврей халқының ерекше тәрбиесінің арқасында  ағайынды Каспаровтар төрт жасында 56 елдің астанасын жатқа білген.

Ал бүгінде бұл ойынның бұқара арасындағы дәрежесі қандай?

 Бүгінгі уақытпен салыстырсам, әжептеуір алға ілгерілеушілік бар. Біздің еліміздің атынан сол кезде Юрий Арестанов спорт шеберлігін орындағанымен кейін Әзірбайжанға кетіп қалды. Ал Дәмеш Бертілеуова деген ақынның баласы, қазақтан шыққан дойбыдан тұңғыш халықаралық жарыстың жеңімпазы, белгілі журналист, фантаст жазушы Талап Сұлтанбеков болатын. Ол кезінде әлем чемпионы болған Андрис Андрейкомен, Исер Куперманмен ойнады. Қазір бізде әлемді аузына қаратқан спорт шеберлері, гроссмейстерлер бар.Зияткерлік ойындарда осы деңгейге жетуімізге тағы бір себеп, Ақтөбеге көрші Өзбекстаннан Таштеміров деген гросмейстердің келуі. Бірнеше жылда аталған қаладан гроссмейстерлер шыға бастады. Сосын Оралға барып,ол жерде де сол жетістігін қайталады. Яғни ел арасындағы бәсекелестікті арттырды. Соның арқасында әпкелі-сіңлілі Гүлнәр мен Эльвира Сақатовалар шықты.Кезінде гузиннің Майя Чебурданидзе, Нона Гаприндашвили және Нана Иоселиани секілді шахматтың майын ішкен әлемдегі үздік ойыншыларды көріп «біз осындай деңгейге қашан жетер екенбіз? Қазақ қыздары қашан шахматта әлемді аузына қаратады екен?» деп армандаушы едік. Сол арман да орындалды. Қазір бірнеше мірте чемпиондары Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова және басқа да бірнеше талантты қыздарымыз кеткен есемізді түгендеп жүр. Ал қыздар арасындағы әлемнің төрт дүркін чемпионы Бибісара Асаубаева деген өте талантты қызымыз Ресей ауды. Өздігінен емес, әрине, қадірін білмегендіктен.

Сіз 1996-99 жылдары Қазақ радиосында аға редактор болып қызмет еттіңіз. Қазір бізге арнайы маманданған спорттық радио ашу керек деп ойламайсыз ба?

– Егер мүмкіндік болып жатса ашқан дұрыс. Себебі, телевизия саласында репортажды өте жақсы жүргізетін азаматтар бар. Бірақ радиодағы жұмыс өте қиын. Машақаты көп. Мұны өзім жұмыс істеген жылдары байқадым. Бірде мынадай қызық болды. «Стадионнан репортаж жүргіз» деді. Сөйлейін десем даусым бірде естіліп, бірде естілмейді. Ешқандай эффект жоқ. Аң-таң болған мен сол кезде-ақ белгілі спорт комментаторы болып танылып қалған Өмірзақ Жолымбетовке келіп «мынау осылай болды, сендердің дауыстарың анық естіліп тұрады, менікі неге естілмейді?» деп айттым. Сөйтсем, олар алдымен стадиондағы шуды микрофонға жазып алады екен де радиода соны қосып қойып өздері ортасында отырғандай емін-еркін сөйлей береді екен. Міне, радио жұмысының осындай да бір қулықтары бар.

Эфирге дайындықсыз шыққан кезіңіз болды ма?

–   Шыны сол, өзім дайындықпен шыққан күнім болған емес. Шынтуайтына келгенде, эфир деген бұл қасиетті дүние. Кейде өзім сұранып, ынтамен эфирге шығатын кездерім болды. 1967-1968 жылдары Алматыда өткен КСРО біріншілігіне 9 бірдей гроссмейстер келді.Мен сол біріншілікті жүргізген болатынмын. Сол жарысқа зиялылардан үзбей келіп, қызықтап жүретін Шәкен Аймановтың өзі шахматты қатты жақсы көреді. Сол осы тоғыз саңлақты үйіне шақырып, тоғыз қойдың басын ұстатқаны әлі есімде. Менің бұл жерде айтқым келгені, егер сен сол спортты өз ішіңнен өткізсең, сонымен айналыссаң, дайындықсыз жүргізе аласың.

–  Сізді кейде шахмат композиторы деп атайды. Бұл атау нені білдіреді?

– Мен шахматтан 2-разрядты орындаған соң, шахмат есептерін құрастырумен айналыстым. Ал шахматта осындай композиция құрастыратын адамдарды композитор деп атап кеткен.

– Аға, қазір спорт журналистерін даярлайтын мектептер көптеп ашылып жатыр. Жалпы, осы дұрыс үрдіс пе?

– Кезінде қазақтың күміс көмей әншісі Ермек Серкебаев «Пай-пай, осы «Тамаша» жақсы ғой. «Тамаша» осы қалыпта тұра берсе өте жақсы. Қорқарым, пышырап бөлініп кетсе, өнердің құрығаны болар» деген еді. Әулие екен, сол кісінің айтқаны дәл келіп, сол бір ғаламат ойын-сауық театры ақыры бөлініп тынбады ма? Бұл мысал қай салаға да үлгі бола алады. Сондықтан бірге жүріп, ауызбіршілік танытар болса, арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей тығырықтан шығуға болады. Ашқанда қандай адам ашуы керек? Мәселе осында. Ашатын адам кемі 5-6 спорт түрінен жетік білуі, тәп-тәуір тәжірибесі болуы керек. Спортты кеше ғана жазып, кеше ғана микрофонды қолына ұстаған комментатор не айтып, не үйретеді? Көп мектеп ашқаннан ештеңе өне бермейді. Сапа керек. Дарынды бала білмейтіндердің қолына түссе, өшіп қалады.

–   Ұлттық ойындарымызды әлемдік деңгейге көтеруге не кедергі?

Басшылықтағылардың көпшілігі ұлттық ойындарды наурыздағы немесе мерекелердегі қойылым ретінде қабылдайды. Тек қазір қазақ күресі ғана Серік Төкеевтің және бірнеше басшылардың, халықтың қолдауының арқасында жоғары деңгейде дамуда. Тағы бір жетіспейтіні, өзімізде өтетін халықаралық жарыстар кезінде төл ойындарды жарнамаламаймыз. Мысалы, неге сондай сәтте баспасөз отырысында тоғызқұмалақты көрсетіп, ережесімен таныстырмасқа. Сосын қазір спорт түрлерін олимпиадалық және олимпиадалық емес деп бөле қарайтын болды. Қаржының басым бөлігін  аталғандардың алғашқысына көп бөлетін болды.Қайтарымы бола ма, болмай ма қарамайды. Нәтиже болу үшін бәрі теңдей үлестірілуі керек қой.

–   Спорт комментаторларының эмоционалды болғаны дұрыс па?

– Эмоцияны көрсеткен дұрыс. Бірақ қай кезде көрсету керек. Егер біздің ұлттық құрама ойнап жатса, жанкүйерлік танытып, қолдағаның жақсы. Ал менің көңілімнің толмайтыны, өзіміздің командалар ойнап жатса, солардың біріне бүйрек бұра сөйлеу басым болып барады. Бұлай жасауға әсте болмайды. Мемлекеттік телеарналардан көрсетіп жатқан соң екеуінің бірдей жақсысын асырып, жаманын жасыру керек. Ал Алматының телеарнасы көрсетіп жатса бірсәрі. Сосын орынсыз эмоцияның қажеті жоқ. Болғанды болғандай, араша түсіп, ақтап аламын деп бәрін бүлдірместен, ұтылып жатыр ма, бұқпантайламай ашығын айту керек.

–  Шетел тәжірибесін тілге тиек етсек. Мысалы, Жапон елінде футбол журналистерінің арнайы өзіндік одағы бар. Бізге де осындай салалық ұйымдарды неге құрмасқа?

–  Бұл өте тиімді ұсыныс түсінгенге. Осындай ұйымдар да бәсеке тудырып алға дамуға мүмкіндік берер еді.

–  Спорт журналистері жауап беруі керек бес талапты атасаңыз?

–   Бірінші, қазіргі журналистеріміз тілге шорқақ. Қамырдан қыл суырғандай етіп ана тілінде емін-еркін сөйлеуі тиіс журналист. Кезінде Жәнібек Кәрменов сынды журналист майын тамызып сөйлемейтін бе еді. Екінші, жан-жақты болу керек. Өйткені сендер жұмыс барысында тек спорт тақырыбын ғана емес, саясат, өнер немесе басқа да тақырыпты қаузайтындарың анық. Мысалы, спорт дәрігерімен, психологымен, қаржыгерімен тілдескенде ақсамас үшін сол саланың кемі он терминін жатқа білген артықтық етпейді. Сенен еліңдегі көрікті жерлерді, ақын-жазушыларыңды, әртістеріңді сұрағанда мүдірмей айтуың керек. Жан-жақты адам сөйлегенде сөз таппай қиналмайды. Ойына мен мұндалап небір оралымды сөздермен тіркестер келіп тұрады. Үшінші, эмоцияға сақ болу. Қажет кезде ерік берсе жеткілікті. Төртінші, алаламау қажет. Оқырман, тыңдарман, көрерменге өз ойын таңуға болмайды. Журналист атанған соң оқиғаға бейтараптық танытып тек ақпарат беру қажет.Бесіншіден, ізденімпаз болу керек. Ізденіс әсіресе, журналистке аса қажет. Күнделікті ақпарат ағынына ілесу, одан қалып қоймау «арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» болған мамандық өкілдерін ұшпаққа шығарады.

– Мәселе спорт журналистикасына ауыса бастады. Кеңес үкіметі кезіндегі спорттық журналистика мен қазіргі кездегі спорттық журналистиканың қалыптасу ерекшеліктері, жетістіктері қандай? Сіздің ойыңызша, спорт журналистикасының шарықтау шегі қай кезеңге дөп келеді?

– Алдымен шарықтау шегі дегенге жауап берейін. Бұл жерде ғажап тақырып, тың сөз, теңеулерді тауып ала қоятын Сейдахмет Бердіқұловты ерекше атауға болады. Сол кезде ол басында отырған «Лениншіл жас» – қазіргі «Жас алаш» газетінде спорт тақырыбына қалам тербеп жүрген Серік Әбдірайымов, Қалдарбек Найманбаев, Несіп Жүнісбаев, Дүрәлі Дүйсебаев, Қыдырбек Рысбеков еске түседі. Сол кезде аталған газет спорт тақырыбын дүрілдетіп жазды. Меніңше, спорт журналистикасының көтерілген бір тұсы осы кез шығар. Ал қос кезеңді салыстырар болсам, Кеңес үкіметі кезінде Кеңес одағындағы басты, ірі-ірі оқиғаларды бір абзац қылып жазатынбыз. Қазір мүлде олай емес, тәуелсіз елміз, өз саңлақтарымызды құшырлана жазуға болады.

–     Спорттың саясатқа айналып бара жатыр. Сіз осыған  қалай қарайсыз ?

–     Рас, саясат елдің абыройын көтеріп тастайтын алаңға айналғалы қашан. Бұл – жаман  үрдіс. Менде бұған үзілді-кесілді қарсымын. Кезінде жаңа олимпиадалық қозғалыстың атасы барон Пьер де Кубертен спортты бейбітшіліктің, тұтастықтың, келісімнің, тәрбиенің көзі, жаршысы деп жариялаған жоқ па. Спорттың негізгі миссиясы осы ғой. Саясатқа айналғалы ВАДА-да көп аталып, ақыр аяғы өзіндегі жасырын ақпаратты паш етіп алды ғой бүкіл әлемге.

– «Жақсылық алыстан көрінеді, ешқашан мақтап келмейді» дейді. Мақтауға, мақтануға қалай қарайсыз?

–  Мен жас кезімде мақтауды, мақтағанды ұнатпайтынмын. Мені алдап тұр деген  күдік санамнан кетпейтін. Ал қазір мақтап жатса жас күнгідей күдіктенбеймін. Қартайған адамға бұл да керек шығыр. Жас артқан сайын адам өзгереді емес пе? Ал шындығын айтсам, орынды мақтау артықтық етпейді. Әрине, бота тірсек Усейн Болт секілді топ жарып жүрген спортшыларды мақтамаудың өзі күнә. Ал кейде біздің қазекем мақтаудың шегінен асып кетіп жатады. Кезінде Мұхтархан Ділдәбеков секілді қазақтың мақтаныштарын Олимпиаданы жеңіп келгенде тойларға бірге ертіп алып барып жүрді. Осыдан соң ол қалай чемпион болады? Жеңістің буына піскен талай жас өрендерімізді той-пойлар мен орынсыз мақтап, аспандату құртты. Айта берсе, мұндай мысал көп. Сондықтан мақтауды көтере, бойына сіңіре білу керек.

–   Өміріңіздің басым бөлігін өткеріп отырсыз. «Әттеген-ай!» деп өкінген кезіңіз болды ма?

   Өмірдің көбі кетіп, азы қалды, Көңілдің жазы кетіп, назы қалды, – демекші, әрине, неге болмасын. «Әттеген-ай» пенде біткеннің бәрінде бар. Осы спортқа неге ерте келмедім екен деп іштей қынжыламын. Мүмкін сонда биік жетістіктерге жетер ме едім деп. Сосын бір түсінгенім, бала күнгі арманың түбі орындалады екен. Міне, соның арқасында спорттың бел ортасында жүрдім, дипломатиялық жұмыста да болып, әлемнің талай астаналарында араладым. ҚазҰУ-ге түссем деп арман еттім, кеш болса да оны да аяқтап шықтым.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Шамкен БАЙЫРБЕК, Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ,«Sport».

Бұл сұхбаттың жанды әрі мәнді шығуына «Спорт журналистикасы» курсында тәлім алып жүрген екі автордан басқа 15 студенттің ерекше атсалысқанын да атап өткен ләзім.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!