Жандос КӨКІМОВ: ОЛИМПИАДАҒА БАРМАУЫМ ҮШІН МАҒАН ҚАСТАНДЫҚ ТА ЖАСАДЫ

20161028_134914Жандос КӨКІМОВ, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Оның есімі жалпақ  жұртқа бокссүйер қауымға былғары қолғап шебері  ретінде етене таныс. Ол өз замандастары арасында жеңіл салмақ дәрежесінде өзіне жетер теңдес жоғын мойындатқан болатын.Тіпті, мұхит асып, Америкаға жол салған тұңғыш қазақ өрені КСРО құрамасы сапына өткен саусақпен санарлық қандастарымыздың қатарында болды. Спорттағы мансабын ерте аяқтаса да, өзін мойындата білген қазақтың қағілез қара домалақ баласы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қазақ боксының тарихын қалауға үлес қосқан «алғашқылардың» бірі Жандос Көкімовпен тілдесудің сәті түсті.

– Жандос аға, спортқа гимнастика арқылы келіпсіз. Боксқа қалай бет бұрып жүріпсіз?

– Мен  Алматыдағы №12 мектеп-интернатының түлегімін. Өзім оқыған «в» сыныбында 16 ұл, 16 қыз бала болдық. Бәріміз үйірмеге баратынбыз. Ұстазымыз гимнаст болып, сол кісінің ықпалы тиді. Фрунзе ауданының (қазіргі Медеу) чемпионы атандым. 1965 жылы Алматы малдәрігерлік институтынаоқуға түстім. Боксқа сол жылы, 1-курста ғана қадам бастым. Бастапқыда бапкерім Александр Иванович Карпов мені менсіңкіремеді. Енді ше?! Бокстағы ең төменгі салмақ дәрежесіне де жетпеймін.

Салмағыңыздың аздығына байланысты біраз қиындық көріпсіз. Өзге боксшылар салмақ қуса, сізге, керісінше, салмақ қосуыңызға тура келді. Ол үшін не істейтін едіңіз?

– Боксты бастағанда 44 келі ғана болатынмын. Ал ресми жарыстарға қатысатын боксшылардың салмағы 51 келіден басталатын. 48 келі салмақ дәрежесі деген кейін шықты. Әйтіп-бүйтіп салмағымды 46-ға әрең жеткіздім. Оның өзінде кейде жарыстардың алдында салмақ өлшерде су ішіп, киімдерімді сулап, айламды асыратынмын (күлді).

Өмірімде бірінші рет салмағым асып кеткен жағдай Африкадағы додаға қатысқанымда болды. 1971 жылы Нигерияда Қазақстан-Нигерия матчтық кездесуі өтті. Аспан айналып жерге түсердей аптап ыстық. Көлеңкенің өзінде 45°С. Оның үстіне, сол кездері біздің елде «Лимонадтан» басқа сусын жоқ. Олардың дүкендерінің сөрелері кока-коладан бастап, фанта дейсің бе, неше түрліге толып тұр. Көзімізге көрінген сусынның барлығының дәмін татып көрдік. Барлығымыз салмақ қосып алыппыз. Ең жеңіл деген менің салмағым 48-ден 50-ге бір-ақ шықты.

– Ол жарыста салмағыңыздың көбейіп кеткені жеңісіңізге кедергі келтірген жоқ па?

– Есімін ұмытып тұрмын, менімен салмағы 52 келі қолы тізесінен түсетін денелі қара нәсілді шықты. Бірінші раундта қарсыласыма соққы жұмсаймын деп, қолым ауырып қалды. Төрешілер менің тарапымнан болған нокдаунды санамады. Өз бұрышыма көзім қарауытып әрең жеттім. Екінші раундта өзімнің айлама басып, үш рет құлаттым. Әрең жеңдім. Қазіргі жаттығу бөлмемде менің сол жігітті ұрып құлатқаным иллюстрациялық сурет ретінде ілініп тұр.

Сіз КСРО құрамасында өнер көрсеткен санаулы қазақ боксшыларының бірісіз. Біздің спортшыларға қырын қарайтын уақытта бапкерлердің көзіне қалай түсіп жүрсіз?

– Алғаш рет институт біріншілігіне қатысып, бас жүлдені жеңіп алдым. Институттың құрама командасындағы боксшыны ұтқаннан кейін бапкерім Александр Карповтың маған сенімі ояна бастады. 1966 жылы ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындары арасында өткізілген республика біріншілігінде бақ сынадым. Бірінші кездесуде КСРО чемпионатында екінші орын иеленген Шоринді бірінші раундта құлаттым. Жеті жыл қатарынан ауыл шаруашылығы институтының студенттері арасында өтетін бүкілодақтық біріншілікте жүлдені ешкімге бермедім.1968 жылы ең жеңіл салмақ дәрежесі болып 48 келі белгіленген еді. 1969 жылы Ақтөбеде Қазақстан чемпионаты өтті. Сол жолы бас жүлдені иелендім. Осылайша, КСРО чемпионатына өттім. Саратов қаласында өткен жарысқа шықтым. Бес жекпе-жекте Одақ бойынша жастар арасындағы чемпион Покидаев пен бүкілодақтық «Еңбек резервтері» қоғамы біріншілігінің жеңімпазы Әсет Бейсенбековті ұттым. Беларусь чемпионы Шихмамедов пен мәскеулік чемпион Антоновты құлаттым. КСРО-ның бірнеше дүркін чемпионы Анатолий Семеновті жеңіп тұрсам да, төрешілер тарапынан кеткен бұрмалаушылықтан күміс медальді иелендім. Сөйтіп мамандардың назарына іліктім. Өз салмағымда маған жетер нокаутшы болмадым. Соққыларым өте күшті, айламды асырып, іштен ұрамын, оның үстіне солақаймын. Кейіннен оң қолмен ұруға да машықтанып алдым.

– Дегенмен әділетсіздіктің кесірінен біраз халықаралық жарыстардан шет қалдыңыз…

– Әділетсіздікті көп көрдік. Екі рет Еуропа чемпионатынан тыс қалдым. Саратовта өткен жарыстан кейін Еуропа чемпионатына менің орныма Семенов кетті. Ол жарыс жолына шыға салысымен польшалық спортшыдан ұтылып қалды. Сол жолғы чемпионатта бас жүлдені венгриялық Георгий Гедо жеңді. Арада екі ай өткенде Будапешттегі халықаралық турнирге менің жолым түсіп, Гедомен қолғап түйістірдім. Қуалап жүріп сабасам да, жеңісті төрешілер маған бермеді. 1971 жылы КСРО халықтарының спартакиадасында Семеновпен тағы жұдырықтастым. Төрешілердің бүйрегі тағы  Семеновке бұрды. Сөйтіп Еуропа чемпионатына қатыса алмадым.

20161028_134332

Мюнхен Олимпиадасына қатыса алмауыңызға да сол солақай саясат кедергі екендігін айтып едіңіз. Нақтырағы Ригадағы маңызды сында сізді әдейі улап, төртжылдықтың бас додасынан тыс қалдыңыз. Бұл кімнің ісі еді? Өзіңіз іштей сезген боларсыз.

– Ригада өткен КСРО чемпионатында бабымда едім. Жеңіске жететініме іштей сенімді болдым. Алайда Мюнхен Олимпиадасына жолдама алатын жартылай финалдық бәсеке өтетін күні даңқты боксшы Марат Жақсыбаев екеуміз асханада уланып қалдық. Басқаларына ештеңе болмаған. Бізді бәзбіреулер жарыс жолынан шеттету үшін әдейі қастандық жасалғанын түсіндік. Қола медальді қанағат тұттым. Мюнхен Олимпиадасына жолдамадан осылайша шет қалдым. Мюнхенге бару арманым еді.

Олимпиаданы теледидардан тамашалау ғана бұйырыпты. Қатты қынжылдым. «Менен жеңілген спортшылар Олимпиадада жүр, әділдік қайда?» деген ойлар маза бермеді. Одақтың үкілі үміті Владимир Иванов ширек финалдан әрі аса алмады. Будапештегі халықаралық турнирдегі қарсыласым Георгий Гедо Олимпиада чемпионы болды. Мен нокаутқа жіберген Ю Гил Ким күміс жүлде алды. Өкініш өзегімді өртеді.

 – КСРО-АҚШ арасындағы кездесудің саяси маңызы зор еді. Дегенмен, сол жарыста матчтық кездесудің тұсауын кесу бақыты сізге бұйырды.

– Мақтанғаным емес, 48 келі салмақта КСРО бойынша маған бәсекелес боксшы жоқ болатын. АҚШ пен КСРО матчының саяси маңызы зор екендігі түсінікті. Сол уақыттағы әлемдегі бокстың көшбасшылары да осы екі алпауыт ел болды. Қазіргідей кубалық боксшылар жоқ. Партияның басшылары да додаға үлкен көңіл бөлді. Боксшылар екі ай бойы жаттықтық. Оқу-жаттығу барысына әр салмақ бойынша 2-3 үміткерден болса, 48 келіде бүкіл салмақ менің мойныма жүктелді. Басқа боксшылар бапкерлердің көңілінен шықпады. Лас-Вегаста өткен матчтық кездесуге америкалықтар да біздің жолымызды кесуге тырысып бағыпты. Мәселен, қонақүйде біздің тараптан барған 17 спортшыны бір кісілік бөлмелерге жеке-жеке орналастырды. Бұл психологиялық шабуыл болатын.

Жаттығудан шаршап келіп, бөлмеде жалғыз болғаның жүйкеге әсер ететіні анық. Алдағы жекпе-жекті ойлай бермес үшін көңіліңді бөліп, шүйіркелесетін адам керек. Жалғыз өзің болғанда, небір ойлар мазалайды. 11 салмақ дәрежесінде өткен жарыста құлап қалмаса болды, жеңісті америкалықтарға беріп отырды. Мен рингке панамерикалық ойындардың бірнеше дүркін жеңімпазы Уильямс Хаутхорм деген боксшыға қарсы шықтым. Алдында жарақаттанып қалсам да, намысқа тырысып бақты. Үш раунд бойы соққыларым өтсе де, жеңісті ринг иесіне берді. Десек те, сол жарыста 63,5 келі салмақ дәрежесіндегі Валерий Фролов қарсыласын нокаутқа жіберді. Осылайша, 6:5 есебімен Кеңес Одағының құрамасы жеңді. Одан кейін арада көп уақыт өтпей, АҚШ пен Канада құрамалары Монреальда КСРО командасымен кездесті. Бұл жолы да біз 9:2 есебімен жеңіске жеттік. Мен Клаудио Ривераны жеңдім.

– Сізді қолғабын шегеге ерте, нағыз бабында жүргенде ілді дейтіндер көп. Арада уақыт өткенде сол шешіміңізге өкінген жоқсыз ба?

– Спортпен қоштасқанымда 26 жаста едім. Келесі Олимпиаданы күткенше 30-ға келемін. Бокс үшін бұл үлкен жас. 26-да бермеген жеңісті, 30-да бере ме деп ойладым. Оның үстіне, Мюнхен Олимпиадасынан шеттетілгенім ауыр соққы болды. Әрі сол уақытта отбасын құрдым,әрі көзімнен жарақат алған едім. Денсаулығымды түзетейін деп шештім.

Сонда да Құдайға шүкір, әріптестерімнің арасында беделімнен айрылған жоқпын. 1972 жылы көлік апатына түсіп, ауруханаға төсегіне таңылдым. 1971 жылғы өткен менің салмағымдағы Спартакиада чемпионы Иванов халімді сұрап, арнайы ауруханаға келді. Фрунзеден (қазіргі Бішкек) келе жатып, жолшыбай әдейі ат басын бұрыпты. «Сенің күшіңді құрметтеймін. Бұрын сенен ғана қаймығатын едім» деп, сауығып кетуіме шынайы тілектестік білдірді. Оның өзі ауырып жатқан адамға үлкен күш береді ғой.

– Жаңа немере бағып отырмын деп қалдыңыз. Сіздің ізіңізбен келе жатқандары бар ма?

– Бокс қолғабын киюге олар әлі кішкентай. Немере ұлым әлі 2,5 жаста ғана. Екі қыз немеремді спортқа баулып жүрміз. Әжелері спорттық гимнастика, би үйірмелеріне апарады.

– Қазір қандай кәсіппен айналысасыз?

– Өзім 10 жыл оқып, білім алған мал дәрігерлік институты, қазіргі Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінде 38 жылдан бері ұстаздық қызметтемін. Жасым 70-тен асса да, жас ұрпаққа бар білерімді үйретсем деймін. Маман дайындаймыз.Былтыр «Еңбек ардагері» атандым. Қазақстанның түкпір-түкпірінде менің шәкірттерім бар. Қара шаңырағымыз студенттер арасындағы бокс Универсиадасынан жеңісті қолдан бермей келеді. Бұған біздің де қосқан үлесіміз бар деп ойлаймын.

– Кезінде Дінмұхамед Қонаев сіздің спорттағы жетістігіңізді бағалап, қамқорлығына алған деседі.

– Ол рас. Ол уақытта партияның адамдары спортшыларға олай көңіл бөлмейтін. Қазіргідей сыйақы, пәтер беру деген жоқ еді. Жеңіске жетсем, сол елдің азаматы ретінде міндетті едім. Дінмұхамед ағамыз мен үшінші курста оқып жүргенімді маған Алматының қақ ортасынан үй берді. Қатты қуанғаным әлі  есімнен кетпейді. Қазақтарға пәтер  алмақ түгілі,  тіркеуге тұра алмайтынбыз. Сол пәтерім қырық жылдан бері жылы ұяма айналды.

– Қазіргі боксқа қандай баға берер едіңіз?

– Қазір бізде талантты спортшылар көп. Оның үстіне, бокстан кеңестік  мектеп қалыптасқан. Бірақ қысым көрсетушілер әлі де бар. Мысалы, биылғы Рио олимпиадасында соның куәсі болдық. Боксшыларымыз бен ауыр атлеттерімізге қатты кедергі жасалды.

Бүгінгі бокстың тағы бір басымдылығы – әуесқой бокстан кәсіпқойға ауысып кету мүмкіндігі бар. Біздің уақытта әуесқойларды кәсіпқой боксқа жібермейтін. Соған қарағанда, кейде осы заманда тумағаныма өкінемін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Жібек ЕСІМ, Алматы,«Sport»

Суреттер youtube.com сайтынан алынды.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!