Гүлдария ҚАСТЕЕВА: Көшірмені Қастеевтің картинасы деп растауым үшін 5 мың доллар ұсынғандар да болды

guldaria-kasteevaГүлдария ҚАСТЕЕВА, Әбілхан Қастеевтің қызы.

Гүлдария  апай, сіз Әбілхан Қастеевтікі делінген 46 картинаның әкеңіздікі емес, жалған картина екенін баспасөзде айтып едіңіз. Одан бері де біраз уақыт өтті. Сол оқиғаның соңы не болды? Жалған картинаны жасағандар анықталды ма? 

– Баспасөзде әкемнің картиналарын сұрыптауға Мәскеуден арнайы мамандар шақырылатын болды деп жазды ғой. Мәскеудің сарапшыларын алдыруға немесе әкемнің суреттерін ол жаққа жіберуге көп қаражат керек. Мұның жай айтыла салған сөз екенін сол кезде-ақ сезгенмін. Біздің елде картинаның түпнұсқа я көшірме екенін зерттейтін арнайы зертханалар жоқ. Суретті рентген құралдары арқылы анықтауға болады, бірақ рентгеннен де пайда жоқ. Мен 46 картинаның әкеме түк қатысы жоқ екенін айттым. Одан кейін маған әкемнің Өнер мұражайынан ешкім хабарласпады. Өткен жылы да мұражайға қойылған 10 картинаның көшірме екендігін анықтап берген болатын. Осыдан біраз бұрын бұрын Алматыдағы Фурманов пен Щевченко көшелерінің қиылысындағы Көркемөнер салонынан бір кісілер әкемнің суретін сатып алмақшы болып, танып беруге мені шақырыпты. Сол жерде де тап сондай ыңғайсыз жағдай алдымнан шықты. Жаңағы кісілер алмақшы болған үш жұмыс та әкемдікі емес. Ал оған «Әбілхан Қастеевтің картинасы» деп өнертанушы Надежда Полонская шешім шығарып берген. Баяғы 46 картинаны жасаған қолдан шыққаны көрініп тұр.

– Әбілхан Қастеевтің жұмыстарын көшіретіндер мен салған суретіне Қастеевтікі деп қол қойып жіберетіндердің жиі кездесетін болғаны ғой, демек...

– Иә, бір биыл емес, 2004 жылдан бері мұндай оқиғалар жиілеп кетті. Әлдебіреулер пайда тапқысы келді ме, суреттерін Қастеевтікі деп жұртты алдады. Көркемсурет салондарына барсақ, әкемнің жұмыстарының көшірмелері тұрады. Кейбір картиналарға әкемнің атын жапсыра салған. Сатушыларға бұл қалай десек: «Бізге бәрібір, картинаның түпнұсқа не көшірме екендігін сатып алған адам өзі тиісті орындарға барып анықтап алады», – дейді. Әкемнің атындағы музейге жұмысқа орналасқалы бері жұмыстардың әкеңіздікі екенін не еместігін танып беріңізші деп келетіндердің қарасы көп. 2011 жылы Желтоқсан мен Жамбыл көшелерінің қиылысында Көрмелер дирекциясы әкемнің көрмесін ұйымдастырыпты. Сол көрмеге қойылған «Амангелді батыр» суреті әкемдікі емес. Бір ғана «Амангелді» емес, портреттері, тек қарындашпен салған жұмыстар бар 10 шақты еңбектің әкемдікі емес екенін анықтадым. Бірде атын айтпай-ақ қояйын, елге белгілі бір азамат жұмыстың әкемдікі екенін анықтап беруімді өтінді. Жалған жұмыс екенін бірден таныдым. Айтсам: «Сізге 5000 доллар берейін, Әбілхан Қастеевтің картинасы деп растап, қол қойып бере салыңызшы», – дейді. Мұндай сорақылықты да көреді екенсің.

– Өнертанушының өзі қате таныған деп жатырсыз. Әкеңіздің суретін сіз қандай басты белгілері арқылы танисыз сонда?

– Әкеміздің әрбір жұмысын жатқа білетіндіктен ағам Нұрхат та, сіңлім Гүлназия да жазбай тани аламыз. Әкеміз қайтыс болғанда ағаларым бір-бір үйдің егесі боларлық жаста, мен 20-да, сіңлім 17-де ес біліп, оң мен солды танитын кезде едік. Қолымызда әкемнің жұмыстары бар, керек десе салыстырып тұрып, дәлелдеп береміз. Әкемнің жұмыстарында кеңістік пен әуеге орын болады. Картинаға қарағанда кеңістік бірден көзге шалынып, суреттің шегі мен шетіне жете алмайтындай, жүре берсең жүре беретіндей әсер береді. Ал көшірме мен жалған картиналар бейне бір плакат сияқты бірден білінеді. Әкемнің суреттерінде әкемнің ауасы тұрады. Картинаға зер салып қарағанда әкемнің ауасымен тыныстауға болатындай сезіледі. Оның үстіне, әкемде қазақы бояу, қазақы нақыш бар.

– Плагиаттық оқиғалар жиі қайталана берсе, сіздер Әбілхан Қастеевтің заңды мұрагері ретінде неге көшірмешілерді сотқа беріп, істі заңдық тұрғыдан шешпейсіздер?

– Сотқа беретін болсақ, жұмысты кімнің салғанын зерттеп, дәлелдеуіміз керек. Ал әкемнің музейінде ондай арнайы зертхана жоқ, өнертанушы мамандар да аз. Осы жағы қиындау. Бұдан кейін егер көшірмешілер әкемнің жұмыстарына тағы қол салатын болса, істі сотқа түсіремін деген шешімге келдім. Өзім де заңгермін. Мәселені заңдық тұрғыдан шешпесек, алаяқтардың аяқ тартатын түрі жоқ.

– Бұған дейін Әбілхан Қастеевтің еңбектерін сіздерден бөлек қандай өнертанушы мамандар сұрыптап, танып келді? 

– Музейдегі эксперттік комиссия танып, растаған соң ғана еңбекті Әбілхан Қастеевтікі деп шешім шығаратын. Кей кезде олардың шешімдері де дұрыс болмай қалады. Содан сіңлім екеуміз барып: «Қастеевтің картинасы әкелінсе, бізді шақыртып, біздің тануымыздан соң ғана көрмеге қабылдансын», – деп арыз жаздық. Әкемнің музейінің директоры туындыларды саралауға бізді шақыртып, мақұлдауымыздан өткізеді. Бірде бір жұмысқа Қастеевтікі деп шешім шығарыпты, ал мені шақырмаған. Сол жалған пейзаж Фурманов пен Щевченко көшелерінің қиылысындағы Көркемсурет салонында алдымнан шықты. Дүкеннің қожайынына айтсам: «Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайының шешімі бар» – деп, Полонскаяның қолын алға тартады. Шынымды айтсам, мұндай оқиғалардан шаршап кеттім. Бұл әрбірден соң әкемнің қолтаңбасын сыйламау.

 Ал суретші-реставраторлардан әкеңіздің жұмыстарын қалпына келтіріп, реставрация жасағандарға көңіліңіз толды ма осы уақытқа дейін?

– Сара Досходжаева деген реставратор әкемнің көп еңбектерін қалпына келтірді. Жасаған жұмыстары, өте сауатты, көңілден шықты.

– Көшірмелер, плагиат жұмыстар көбейсе, даңқты суретші Әбілхан Қастеевтің жұмысы қымбатқа бағаланатын болып тұр ғой демек…

– Суретшілердің арасында әкемнің жұмысы ең қымбатқа бағаланады, ол рас. Егер әкемнің салған суреттерінің көшірмесін жасаса, көшірме деп жазылуы керек. Ол былай тұрсын, қазір суреттеріне Қастеевтікі деп, әкемнің қолын қоя салатын шіркіндер көп. Әкемнің суреттерін ешкім қайталай алмайды. Туған немерелері Қастеев Дәурен мен Қастеев Сауран да суретші қазір. Олардың өздері де аталарының қолтаңбасын айнытпай қайталаған емес. Ағамыз Нұрхат та суретші-мүсінші мамандығын бітірді. Сіңлім Гүлназия да кәсіби суретші. Гүлназияның күйеуі суретші Ағымсалы Дүзелхановты да ел біледі. Кәсіби суретші бола тұра, әкеміздің картиналарын олар да айнытпай салған емес.

 Әкеңіздің ең қымбатқа бағаланған жұмысы есіңізде ме?

– Осыдан бірер жыл бұрын әкемнің 1965 жылы салған «Пейзаж» атты картинасына аукцион жарияланып, 413 мың долларға бағаланған.

– Ал өздеріңіз қолдан сатқан картиналардан ең қымбаты қанша болды? 

– Қаражат қажет болып, қысылғанда бірді-екілі картиналарын саттық. Бір картинасын 15 мың долларға өткізгенбіз.

– Қастеевтің картиналарына сұраныс қаншалықты қазір? Сатып алғысы келетіндер көп пе?

– Өте көп. Ақшадан қиналған кезде болмаса, сата бермейміз. Әкемнен қалған жәдігерлерді сата берсек, бір күні ол да таусылады. Мұраның мұра болып қалғаны жөн.

– Сатып алатындар шетелдіктер ме әлде өзіміздің азаматтар ма?

– Көбіне өзіміздің суретшілер, сурет өнеріне қызығатын жандар, ауқатты адамдар. Бір байқағаным, элиталы азаматтардың көпшілігі әкемнің картинасын үйіне іліп қойғанды ұнатады екен. Қайбір жылы Тәжікстан мен Өзбекстан елдерінің президенттері де әкемнің жұмыстарын арнайы алдырды.

– Әбілхан Қастеевтің 4000-ға жуық туындысы бар екенін білеміз. Сіздердің қолдарыңызда әкеңіздің қанша жұмысы бар?

– Отбасылық мұрағатта 400-ге жуық жұмысы бар. Портреттері, сызбалары, этюдтері де қолымызда. Әкемнің өмірінің соңына дейін тұрған үйін – мұражай үйге айналдырса, сол жұмыстарды қояр едік. Ол да арман болып тұр.

– Қастеевтің үйін суретшінің Мұражай үйіне айналдыру мәселесі «Халық сөзінде» көтеріліп еді. Бұл іс әлі шешілмегенімен, баспасөзде жарияланған материалдардан тиісті орындардан хабарласып, тым болмаса ниет білдіргендер болды ма?

– Тым-тырыс. Қаражаттың жоқтығы қолбайлау болып, әкемнің Мұражай үйін ашу туралы бастама аяқсыз қалды. Әр жерге өтініш, арыздар жазғаныммен нәтиже жоқ. Соңғы кезде шаршадым тіпті. Менің әкем қазақтың тұңғыш суретшісі. Анау-мынау емес, кәсіби суретші, ЮНЕСКО мойындаған адам. Сондай үлкен адамның үйі мұражайға айналмаса, еңбектері онда қойылмаса, картиналарын көшіріп сатып, әркім әр жерде әкемнің атын былғаса, болмай қалған жұмыстарын Қастеевтікі деп ұялмай саудаласа, шаршадым демегенде не деймін?! Қастеевтің тұрған үйін, шығармашылықпен айналысқан шаңырағын қазір қарапайым халық білмейді. Үйіміз әкеміздің мұрасын зерттеу орталығы ретінде Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайының бір филиалы болып қана тұр.

 Ал суретшінің туған жері Жаркент қаласындағы, туған ауылы Шежіндегі мұражайларының жағдайы қалай? Ондағы атқарылған шаруаларға көңіліңіз тола ма?

– Әкемнің туындыларының көп бөлігі Алматыдағы Өнер мұражайында. Онда әкемнің үлкен мемориалды залы бар. Павлодардағы музейде де 15 шақты жұмысы бар деп естиміз. Жаркенттегі Сурет галереясында әкемнің түгелдей дерлік болмаса да, біраз картиналары қойылған. Ондағы жұмыстарға көңілім толады, әрдайым шақырып, ақылдасып тұрады. Ал Шежіндегі музейін айтсам, әлі күнге жүрегім ауырады. Әкемнің 90 жылдығында үш бірдей жұмысының түпнұсқасын музейдің көрнекті жеріне қойсын деп сыйлағанбыз. Жүз жылдық мерейтойында музейді алдын ала көріп шығайық деп сіңлім екеуміз барғанымызда тағы бір келеңсіздіктің үстінен түстік. Әкемнің жұмыстарының көшірмесін жасап, түпнұсқасын ұрлап кетіпті. Бізді көшірме мен түпнұсқаны айыра алмайды деп ойлаған болуы керек. Учаскелік полиция шақырып, іс қозғап, екі жұмысын таптық. Біреуі сол күйі қолды болды. Шежіндегі музейінен картиналары ұрланғаннан кейін, ондағы еңбектерді Жаркенттегі әкемнің Сурет галереясына апарып табыстадық. Оны айтасыз, қазір аты белгілі бір суретшіміз ауылға барып, Қастеевтің альбомын жасаймыз деп туысқандарымыздың қолындағы картиналарды жинап әкетіпті. Ауылдағылар ол картиналардың қымбат тұратынын қайдан білсін, алған бес мың теңгесіне мәз болған ғой. Суретшінің ол картиналарды қаншаға сатып, пайдаға батқанын бір Құдай біледі.

Сұхбаттасқан – Қарлыға ИБРАГИМОВА 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!