Аманхан Әлімұлы. Марат Мадалимовтың «100 қызы» туралы

marat-madalimovОЙТОҒЫС

Жақында қолыма ақынға тән, жастыққа жарасымды жыр жинағы тиді. Ақынға тәндігі авторы ақын — Марат Мадалимов, жастыққа жарасымдылығы ақын жас, сосын, жинақ қазақ қыздарының галлериясы, оған кітаптың атының — «Жүрегімде жүз қыз бар» деген жариялылығын қосыңыз. Сонымен, ол жинақ неге тартымды, оқырманды несімен тартады. Бірінші, кітаптың жырға арқау еткен тақырыбы өтімді. Екінші, ондағы өлеңдер талантты жас ақынның жүрек қылын шертер шабытынан туған. Лирикалық көңіл-күйдің көрінісі — лиризмге толы. Үшінші, жинақтың құрастырылуы мен құрылымы логикалық жағынан жетілген, орнықты. Ондағы жырлар арасына ши жүгірте алмайсың. Тұтас. Тұтастығы сол, онда қазақ қыздарының бейнесі әр қырынан, алуан-алуан сыры жағынан тұтастырылған. Төртінші, жинақтағы жырлар, көпсөзділік пен босөзділікке берілмей, сезім, ой, мазмұн-мән шашыраңқылығына ұрынбай шымыр да жинақы қыр-сырымен көрінуі. Бесінші, жалықтырмай, біркелік, бірсыдырғылық танытпай оқырманды өзінің құрылым-желісімен тартып отыратындығы. Мұндай жақсы қасиеттің бірлі-екілі-ақ үлгісін айтқанда, орыста Блок, қазақта Қадыр аға Мырзалиев. Аталған екі ақынның жыр жинақтарының құрылымы соның айғағы. Сосын, тағы бір-екі ақын есіме түсіп отыр, ол Жарасқан Әбдірашев пен Тынышбай Рахимов еді. Бұлар өз жыр жинақтарын құрастырғанда, яғни, өлеңдерін кітапқа орналастырғанда сұмдық шеберліктің үлгісін көрсеткен. Марат, сол дәстүрді жалғастырушы. Тек, әттеген-айы, соңғы бөлімді қоспай-ақ қою керек еді. Ендігі, дайындар жинағында соны ескерсе жас ақын-автор ештеңеден ұтылмайды. Қайта жинақ шымырлана түседі. Ал, жинақтағы өлеңдер шынайлығы, шыншылдығы, ақын сезімінің сергектіктен туғандығы Мараттың жақсы ақын екендігінің көрінісі. Жинақ қолдарыңызға тисе, оқыңыздар! Өкінбейсіздер. Онда атақты әнші спортшы қыз-келіншектерден бастап, қарапайым қазақ қыздарының тамаша бейнесі жасалып, образдары ашылған! Жинақтағы өлеңдердің шабыттан туғанын былай қойғанда, жас ақынның қаламгерлік шеберлікті жан-жақты меңгергенін байқайсың. Оның айғағы, жинақтағы өлеңдердің формасы мен мазмұн-мәніндегі байланыс әрі тұтастық. Өлеңнің техникалық орындалуының мүлтіксіздігі. Ұйқастар шымыр, ырғақ, саз еркін, буын саны мірдің оғындай түзу де түгел. Сонымен, достарым, жас әрі жақсы ақын інімнің тұшымды жинағына деген ағалық-әріптестік тілегім осымен тәмат-тәмам! Өмірдегі, өлеңдегі жолың ашылсын, жас досым, Марат!

madalimov

Фейсбуктегі парақшасынан.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!