«КАЗИНОДАН» ШЫҚҚАН «ТУАЖАТ»

1Қазір нені де болса тәуелсіздікпен өлшейтін болдық. Осы тәуелсіздік алған жылдарымыздың алды-артында соцреализмнен арылған, әлемдік әдебиеттің бұрынды-соңды ағымдарынан көп-көрім хабары бар, таным өрісі кеңейген, экспериментке де құмарлау екпінді бір буынның топшысы бекіді.  Осы буынның белін бекем буған бір өкілі бүгінде жасы елуді еңсерген жазушы Асқар Алтай деуге болады. Келген жасын осылай анықтап айтпасақ, оны әлі күнге жас жазушы деп қалатындар да бар. Шындығында осы уақытқа дейін 3 роман,  3 повесть, 35 әңгіме жазған Асқар Алтайды қатарының алды десек, қателесе қоймаспыз. Асқардың шығармашылығын талдауға белгілі жазушымыз Кәдірбек Сегізбайұлы мен әдебиеттанушы ғалым Айман Ментебаеваны шақырдық. Сұхбат «Мәдениет» телеарнасында түсіріліп, қағазға түскен нұсқасы «Халық сөзіне» ұсынылды.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Кәдірбек аға, несін жасырайық, осы Асқардың қатары – біздің буын, өлара кезеңнің өгей ұлдарындай болдық. Нағыз шығармашылықпен айналысатын жасымыз ненің не екенін біліп болмайтын нарықтың топалаң жылдарына тап келді. Олар әдебиеттің есігін нарықтың қарсаңында ашты, сосын көпшілігі заманға қарай жазуын басқа кәсіпке айырбастап кетті, тіпті кітап жазып, әдебиеттің, журналистиканың төңірегінде жүргендердің өзі мандытып еңбектене алмай қалды.  Бірақ Асқар Алтай секілді жанкештілік танытқандары да бар.  Кәдеке, Асқардың шығармашылығымен қаншалықты таныссыз?

Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ: Асқардың шығармашылығымен алғашқы қадамынан таныспын деуге болады. Оның себебі менің Ертістің сол жағалауы Сауыр бетінде, Асқардың оң жағалауы – Алтай бетінде туғандығымыздан емес, жалпы өзінің замандастарының ішінен оза шапқан жүйрік қаламгер болғандықтан да назар аударған шығармыз деп ойлаймын. Асқар алғашқы әңгімелерінен бастап-ақ шығармашылық ерекшелігі, өзіндік стилі бар екенін бірден танытқан азамат. Асқармен «Атамұра» дейтін баспада біраз жыл қызметтес болдым. Сол кезде тынымсыз еңбек етіп жүрді. Менің бір сүйсінетінім, басқасын айтпағанда, біз жазатын уақыт алда деп жүрдік қой, сөйтіп жүріп 70 деген шіркіннің жетіп қалғанын да байқамай қалыппыз. Ал Асқар жуықта ғана елуге толған азамат. Бірақ қарап отырсам, Асқардың бүгінге дейін игерген жұмысы жетпіске, сексенге келген азаматтардың біразынан алда екен. Бұл сан жағынан айтқандағым. Екі-үш романы бар. Қырыққа жуық бір кітапқа сыйған әңгімелері бар. Қай еңбегіне қарасаңыз да Асқардың еңбекқорлығын көріп тұрасың. Қазір Асқар Алтай болып жарияланып жүр. Жақсы таңдап алған болуы керек, әдебиетшілерде бола беретін нәрсе. Әкесінің есімінде Алтай деген сөз жоқ болуы керек. Бірақ Асқар Алтай деген ат әдеби тұлғасын көрсететін атау болып қалды-ау деп ойлаймын. Бір кездері «Атамұра» баспасында қызмет істеп жүрген кезінде «Алтайдың алқызыл модағайы» дейтін романы жарияланды. Бұл романына мен інім ретінде сын айттым. Адами және хайуани нәрселер орынсыз араластырылған сияқты көрінді. Мен де аю жөнінде жазғанмын. Жалпы аюлы жердің азаматтарымыз. Аюдың тіршілігін жақсы білеміз дегендей… жалпы хайуани көзқараспен, хайуани мінезбен болса да аюдың, маймылдың адамға ынтығатын кездері болатын шығар. Соқыр сезім. Оны естіп жүрміз. Елдің арасында ондай аңыз да көп. Ондайдың әдебиетте көрініс табуы басқашалау болуы керек. Асқар 1984 жылы «Қыз бейіт» деген әңгіме жазыпты. Онысы кейін жарияланды. Сол әңгіме менің ойымша «Алтайдың алқызыл модағайына» арқау болған сияқты.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Сәкен Иманасов осы «Алтайдың алқызыл модағайына» пікір жазды. Сол жерде бір сөз есімде қалыпты. «Жұрттың аюы кейбір әрекеттерді істетіп қойғанда адамға ұқсап кетеді, ал сенің аюың адам құсап ойласа да аю қалпында қалады» деген…

Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ: Нұсқасы солай енді. «Қыз бейіт» алғашқы жазған әңгімем» дейді өзі. Ал мына романы бертініректе, әбден толысқан кезінде жазғаны. Оны қойып, кейбір әңгімелерімен салыстыра қарасаң, екеуінің арасы жер мен көктей. Алғашқы кезде балалық сезім байқалған. Тілі жұтаңдау. Ал қазір «Казино» деген кітапқа енген отыздай әңгімесі бар. Осының қай-қайсысын алып қарасаң да, тілі сорғалап тұр. Қай шығарма болсын, басталғаннан-ақ оқушыны өзіне тартып әкетуі керек. «Казино» дейтін әңгімесі маған қатты ұнады. «Құдайсыз қоғамға, имансыз адамға бәрі рұқсат. Ештеңе жат емес екен. Ал мұндай мұндар дүниеден өртті жүрек, дертті сана ақылға қонақ бермей, асау сезімге ғана бой алдырмақ». Бұл жерде кәдімгі пәлсапалық ұғым. Енді тағы бір ерекшелігі – жалпы жазушының стилі ең алдымен тілден көрінуі керек қой. Жатық, жұртқа түсінікті болғаны жөн. Сосын оқиғаның барысы оқырманды тарта алуы керек. Жазушы жай ғана қызықтаушы ғана емес, қоғамдық пікір айтушы болуы керек. «Бәрі жақсы» деп айта салу кез келгеннің қолынан келеді. Ал қай жеріміз кемшін түсіп жатыр, неміз жетіспей жатыр, мүмкін адамның жан дүниесінде бір олқылықтар бар шығар. Осындай дүниелерді қазбалап, әдбиетте пайдалана алады Асқар.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: «Көркем шығармаларында қоғамдық ой айта алған» деп жақсы айтып отырсыз. «Казино», «Туажат» секілді туындыларына қарап отырсақ, бұл Асқар Алтайдың қолтаңбасы екенін жазбай танитын кезге жетіп қалдық. Асқар Алтайдың бір ерекшелігі, шығармалырынан байқадым, тәмсілдік, мифтік оқиғаларды, сюжеттерді бүгінгі өмірмен шебер шендестіре алады екен. Сосын оның қаламында өн бойыңды дір еткізетін бір қатал реализм бар. Шығармаларында қаталдық бар. Кейіпкерлерін онша аяй қоймайды. Адамның жанын, жүрегін ауыртатын тұстары бар. Мысалы, «Көзжендет» деген әңгімесіне құсқа аңның көзін шоқытатын тосындау бір құбылысты арқау етіп алған. Содан кейін «Туажат» хикаясында да қақаған қыста қасқырды тірідей сойғызатын эпизод бар. Осындай адам денесін түршіктіретін, қатал реализмге құрылған эпизодтарды жазушы әдейі таңдап ала ма, әлде қолтаңбасының ыңғайындағы, өзінің ойын жеткізудегі тәсілі ме? 

Айман МЕНТЕБАЕВА: «Туажат» – Асқар Алтайдың ең соңғы жазған шығармасы. Автордың өзінен сұрағанымызда: «Ойымда көп жүріп, пісіп-жетіліп, бір отырғанда бірдемде жазылған шығарма», – деген. Сіздің сұрағыңызға келетін болсақ, бұл көркемдік тәсіл. Қоғамдағы қаталдықты, қатыгездікті жеткізудің стилі деп ойлаймын. Қазір қоғамдағы шындықты әркім әртүрлі айтып жүр. Бірақ жетпей жатқан тұстары бар.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: «Көзжендетте» жоғарыда айтқанымдай, сауысқанға малдан бастап, аңдардың көзін шұқытып үйретеді. Соқыр боп қалған түз тағылары қалай қолға түскенін білмей қалады. Одан кейін «Туажаттағы» қасқырды тірідей соятын тұс тәптіштеліп, бірнеше бетке созылып жазылған. Сол тірідей сойылған қасқырдың кие болып, өзіне қайта оралып келетін тұстары бар. Жазушы оқырманды да қинап тұрып жазады. Адамның көз алдына қатал сурет келіп отырады. Қақаған қыс, суық, айдала, жалғыз адам. Ауғанстанда болып келген, Желтоқсан оқиғасын бастан өткерген адам, айдалада аң аулап жүріп, қасқырды ұстап алып, қасқырмен егеске түскен. Содан қақаған қыста қасқырды тірідей сойып алған. Осындай қатыгездіктерді айтып отырмын.
Айман МЕНТЕБАЕВА:
 «Көзжендетке» келетін болсақ, ол шын мәнісіндегі соқырлық емес, қоғамдағы сана соқырлығын айтқысы келген шығар деп ойладым. Өйткені, Төлен Әбдіктің «Оң қолы» да адамның ішкі қайшылықтарының материалдық көрінісі деп бағаланып жүрді ғой. «Көзжендеттегі» соқыр бала – аңшының күнәсі. Сол сияқты мұны да өткенін білмейтін, ұлттық дүниетанымнан, құндылықтарынан айырылып қалған рухани соқырлықты көрсетудің материалдық көрінісі ретінде қабылдадым. Ал шын мәнісінде ондай балалар дүниеге келіп жатқаны рас. Бірақ бұл жерде Асқар Алтайдың айтып отырғаны ол емес. Соқыр бала – ертеңгі соқыр адам. Ол біздің қоғамды құрайды. Соқыр қоғам ертең неге ұрынады дегенді айтады.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: «Туажат» туралы біраз әңгіме айтқызғым келіп отыр. Бірақ «Туажатқа» келер жолдың өзін бір қарап алған дұрыс сияқты. Себебі, жазушы «Туажатты» бекерден бекер жазбағанын өзің де айттың, Айман. Бұған белгілі бір дәрежеде дайындықпен келген. Қоғамның әртүрлі әлеуметтік топтарын зерттеп барып жазған шығарма. Сол шығармаға келер жол мына «Казинода» бар екен. «Қазір жазушыларымыз бүгінгі өмірді жазбай жатыр, бүгінгі өмірді жазуға дайын емеспіз» деп жатамыз. Ал жазушыларымыз «бүгінгі өмірді жазу үшін оны бастан өткеруіміз керек» деседі. Сөйтіп бүгінгі өмір әдебиетте жақсы көрініс таппай жатыр. Ал бірақ Асқар Алтай шығармасының барлығын бүгінгі күнге алып келеді. Кешегі күнді жазса да, мифология, тәмсілдің өзін бүгінгі күннің сипаттарымен көмкереді. 

Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ: Өзің айтып отырған қаталдық, оқырманды қинап, әбден жеріне жеткізіп жазу дегенді тірілте түсейін. Біздің ұстазымыз Темірғали Нұртазин марқұм: «Шырақтарым, көркем шығарма жазсаңдар, оқырманды аямаңдар. Қолдан келсе оқырманның жанын қинап отыру керек. Сонда сен жақсы жазушы боласың», – деп айтатын. Асқарда осы тәсіл бар.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Сосын кейінгі уақытта «Нобель» сыйлығынан бастап, халықаралық дәрежеде мойындалып жатқан шығармаларды оқып отырсақ, барлығында осындай ащы шындықтар, жаңағындай қатыгездіктер көрініс табады. Міне, Асқар Алтай осы лекке ілескен сияқты.
Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ:
 Мысалы, көлікте келе жатқан адам – ол да қоғамның бір мүшесі. Бірақ басқалардан еректеу, әкесі генерал. Алатаудың етегінен кереметтей котедж салып тастаған. Шешесі мен әкесінің арасы жақсы емес өзі. Одан туған бала ай сайын әкесінің жіберіп тұрған ақшасымен өзін бұзған адам. Ойына келгенін істеп жүрген адам ғой. Брақ мына өмірге ырза емес, қалайда өлгісі келеді. Себебі, жас кезінде сондай бір оқиға болған. Соның әсері де бар. Бұл көлікте келе жатқанда көзіне бір елес келеді. Баланың қасына отырып алып, әңгімелесетін кезі болады тіпті. Өмірде мұндай нәрсе болмауы мүмкін. Бірақ адамның өзінің жан дүниесімен арпалысуынан туған елес. Осы кейіпкерді Асқар ақтап алмайды. Ақыры өзін-өзі осы дүниеден көшуге мәжбүрлейді. Осындай адамдармен «біз қайда бара жатырмыз?» деген сұраққа жауап іздейді. Тағы бір әңгімесінде қарапайым азамат өмірдің қиыншылығына шыдай алмай, қаңғыбас болып кетеді. Онда да иттің киесі жүреді. Иттің аузына кергішті салып отырып, қой сияқты бауыздап союы сияқты эпизодтардың барлығы айналып келген кезде оқушыны аямау. Бірақ өмірдің шындығы. «Қоғам қайда бара жатыр?» деген әңгімені жақсы берген. Қай әңгімесін алып қарасаңыз да қоғамның ащы шындығын көрсетіп береді. Қазір заманға сай шығармалар жазылмай жатыр деген әңгіме жиі айтылады ғой. Асқардың қай әңгімесін алсаңыз да бүгінгінің ащы шындығын жазған. «Бәрі жақсы, бәрі керемет» деп отыратын болса, жазушы жазушы емес. Жазушы өмірдің ақиқатын айта отырып, өмірдің көлеңкелі жақтарымен күресуі керек. Оған жұрттың көзін жеткізе білуі керек және. Осы міндетті қай шығармасында болсын Асқар атқара білген қаламгер.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Айман, «Туажатқа» қайта оралайық. Себебі, «Туажат» деген Асқар Алтайдың қазіргі қолы жетіп отырған жетістігі ретінде бағаланып жүр. Сондай пікір айтушылардың бірі өзіңсің. Бұл шығарманың ерекшелігі неде?  

Айман МЕНТЕБАЕВА: «Туажат» романының атының өзі біраз нәрсені айтып тұр. Оны автордың өзі де ішінде айтып өтеді. Құндылығынан, бағалысынан айырылған, қоғамға жат болып кеткен адам жайлы. «Туажат» деген әдебиетте жаттанып кету деген ұғымды береді. Бұл 17 жасар жас жігіттің бөрі қуғынға түсуімен басталады да, осы жер, осы арынмен шығарма аяқталады. Шығарманың басталуынан аяқталуына дейін жинақылық бар. «Шығарма шағын болмаса оқылмайды» деген пікірдің айтылып жүргеніне біраз болды ғой. Автор осыны да ескерген болуы керек, көлемі өте шағын. Өте жинақы. Бір оқиғадан келесі оқиғаға автор жеңіл өтіп кетіп отырады. Айдалада аң қуып жүрген жігіт шегініс арқылы әлденені ойына алуы немесе түсі арқылы бұрынғы өміріне өтіп кетуі түрлі көріністер беріледі. Сөйтіп кейіпкердің бүкіл өмірі алақандағыдай ашылады. Сосын автор оның психологиясын ашуға аса мән берген. Жалпы Асқар Алтайдың ерекшелігі, ол психологиялық тұрғыдан суреттеуге қатты мән береді. Аңның да, адамның да ішкі жан дүниесіндегі қарама-қайшылықты, қақтығысты ашып көрсетуге ұмтылады. Бұл шығармада Байбура басты кейіпкер. Автордың позициясы анық көрінеді. Өйткені, ол үнемі Байбураның жағында. Мен бұл шығарманы оқып шыққаннан кейін Асқардың өзіне «бұл кейіпкер әлсіз сияқты болып көрінді» деп айтқанмын. Өйткені, ол Ауған соғысын көргеннен кейін мына қоғамды қабылдай алмайды. Оған бәрі жат болып көрінеді. Соған іштей күйзеледі. «Неге мына өмірге бейімделмейді?» деген сұрақ туды менде. Кейін шығарманы қайталап оқығанда басқаша ой түйдім. Ол адам мына қоғамға бейімделуге міндетті емес. Себебі, бұл адамның санасы, түсінігі еркін. Ол біреуге жалынып, жалбарынып өмір сүргісі келмейді. Өзінің «менін», еркін болмысын сақтап қалғысы келеді. Өзіне өзі сенетін кейіпкер. Сондықтан ол бұл өмірді қабылдамайды, басқаша түсінеді. Ал басқа кейіпкерлердің барлығы осы Байбураны ашуға қызмет етіп тұр. Мұны автор мақсатты түрде қалап алып отыр. Осы тұрғыдан келгенде шығарма өте ауыр. Жалпы кез келген шығармасының тілі жеңіл емес. Кейбір оқиғаларын қайта оқуға, кейбір сөздерін контекст бойынша түсінуге тура келеді. Өйткені сөздік қоры нағыз қазақы, көне сөздерді пайдаланады. Атауларды көне атауымен беруге тырысады. Жалпы, Асқар Алтайдың шығармашылығын әдебиетші ретінде үшке бөліп қараймын. Біріншісі, табиғи тақырыпқа баруға тырысады. Мысалы, «Қайың сауған, ел ауған» шығармасы тарихи тақырып. Өмірде болған адамдардың басынан кешкен оқиғалары негізінде жазылған. Екіншіден, шығармалары мифтік сюжетке негізделеді. «Алтайдың алқызыл модағайын» роман-миф деп көрсеткен. Үшіншісі, қазіргі қоғамға арнап жазып жүр. «Туажат», «Көзжендет» деген сияқты. Осында үш салаға бөліп қарастыруға болады. Бұлар жеке-жеке емес, бір-бірімен байланысып, бір-бірімен кірігіп тұрады. «Туажат» хикаясында да миф бар. Мен осыны оқып болғаннан кейін автордан: «Тірідей сойып жіберген ұрғашы қасқыр қалайша өзіне кие болып қонады? Не үшін?» деп сұрадым. Сөйтсем бұл жерде автордың айтпағы түркілік таным екен.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Адасқан ұрпақтың өзіне ата-тегі қамқор болып отырады. Рухы қорғап отырады дейді ғой. 

Айман МЕНТЕБАЕВА: Қаншама қателігін кешіріп, қаншама жерде Байбураны ажалдан алып қалады, мысалы?!

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Бұл шындап келгенде қазір қалам ұстап жүрген азаматтардың қорғайтын позициясы. Тіпті жас жазушылардың өздері дәстүрлі әдебиеттен ірге ажыратамыз деп, түрлі эксперименттерге кетіп жатыр. Қалам ұстап отырып, ұлтқа қалай қиянат жасап қойғандарын білмей қалады. Ал Асқар Алтай таихи тұрғыдан келсін, мифологиялық тұрғыдан келсін, бүгінгі күннің шындығы тұрғысынан келсін, барлығында түпкі нысана біреу. Ол – ұлттың сөзін сөйлеу. Ұлтты қорғау, тегін жоқтау. Осы тұрғыдан келген кезде Асқар Алтайдың қазіргі жастардан бір ерекшелігі – ұлттық менталитетке адалдығы деп айтуға болатындай, ұлттық ерекшеліктерімізге жанашырлығы. Қай шығармасында да кейіпкерлерінің кие іздеп жүретіні, арғы дүниедегі бір нысанның бұған кие болып қонатындығы, бәрі аңсаудан туған нәрселер болуы керек деп ойлаймын.

Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ: Соцреализм дейміз бе, модернизм, постмодернизм дейміз бе, әйтеуір қазір ағым көп қой. Менің түсінігімде өмірдің шындығы нағыз реализмде. Оны социалистік дейсің бе, капиталистік дейсің бе, қайсысында болсын замана шындығын айтатын нағыз реалистік шығарма деп тануға болады. «Туажат» дейтін тақырыптың өзі, меніңше, көп нәрсені меңзеп тұр: өмірге, қоғамға туажат болып жүрген адамдар өте көп. Қазіргі тілмен айтқанда «суицид» дейді оны. Өмірге өгейленіп, о дүниеге өз еркімен аттану. Осының барлығын қай шығармасында болсын дәлелдеп, әдемілеп келтіреді. Өмірден, барлықтан, байлықтан азғындау дейтін әңгіме Асқар шығармашылығының негізі. Бұл өмірдің жарқын тұстарын ғана айтып өтсе, шығарма жай ғана шығарма ретінде қалады. Ал өмірдің өзекті мәселелерін оқушы ойланатындай етіп жазса, ол автордың өзінің көздеген нысанасына жетті деген сөз. Елуге енді толар азаматтың жазары көп. Әлі де көп нәрсе беретін азамат. Сондықтан Асқарға мықты денсаулық тілейік, шығармашылық табыс тілейік.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Осы жасқа дейін бірнеше роман жазып үлгерді ғой.
Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ: Иә, бірнеше роман жазды. Сосын автор не жазарын ойлана біледі. Мысалы, сауысқанның тіршілігін қарап отырсаң, өмірге көрсоқырлықпен қарау дегенді айтып отыр ғой, айналып келгенде. «Туажатындағы» кейіпкерге қарап отырсаң, ол бұл дүниенің адамы емес. Бұған дейін, әлде бұдан кейінгі қоғамның азаматы болуы мүмкін. Ал қазіргі қоғамда өмірді қабылдай алмай жүрген адам қаншама?! Өмірден өз еркімен кетуге дайын тұрғандар да бар. Бұл қоғамның келелі мәселелері. Бомж болып жүргендер бізде де жетеді. Тәнін сатып жүрген қыз-қырқындардың бар екені шындық. Соны жазуға біздің қалам бармауы мүмкін.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Кәдірбек аға, Асқар Алтайдың сіздер айтып отырған өгейленген кейіпкерлері біздің арамыздан кетіп қалған жоқ. Біздің қоғамды, күнделікті тіршілігімізді сырттай да, іштей де бақылап жүр. Сосын осы кейіпкерлерді сомдаудағы жазушының дүниетанымын қарап отырсаңыз, оның арғы жағында, астарында өзімізге деген жанашырлықтың жатқанын байқаймыз. Ұлтқа, қоғамға, мемлекетке деген жанашырлықтың жатқанын байқаймыз. Міне, осындай кенеулі тақырыптарға батыл бара алған, батыл қалам тарта алған Асқар Алтайдың шығармашылығы бүгінгі оқырманды да қызықтырмай қоймауға тиіс. 

«Халық сөзіне» дайындаған – Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!