Жақсылық ДОСҚАЛИЕВ, дәрігер, экс-министр: «Ана жақта» жатсам, осы күнге дейін өліп те кетер ме едім

doskaliev2013 жылғы 24 қаңтар павлодарлық Гауһар (фамилиясын атамауымызды өтінді — ред.) үшін ерекше есте қалды. 39 жастағы келіншекке бауыр ұластыру операциясы жасалды. «Біраз жылдан бері бауыр циррозынан қиналып жүр едім. «Саған донор керек» дегенде абдырап қалғаным рас, — дейді ол. — Мұны естігенде төрт бауырым да ұшып келді. Дәрігерлер донорды өздері таңдады. Шынымды айтайын, өзім үшін емес, ағам үшін қорықтым. Өзімді дүниеге екінші рет келгендей сезініп жүрмін. Өлімнен арашалап алған Жақсылық Досқалиевке бас иемін».

Жақсылық Досқалиев қазір күн сайын осылай, кісі жанына араша түсумен жүр. Бірнеше жыл бұрын 7 жылға сотталған экс-министр көп ұзамай Мемлекет басшысының пәрменімен қайта босатылып, хирургия үстеліне оралғанына да біраз болды. Жақсылық Ақмырзаұлының «Халық сөзіне» берген сұхбатын  жариялап отырмыз.

—  Маған адамдар келіп, «Марқұм болғаннан кейін донор болуға дайынмын, ол туралы қазір де қолхат жазып бере алам» деп жатады. Қайтыс болған адамға жүрек те, бүйрек те керек емес. Сіз, біз болып халыққа осы мәселені түсіндіруіміз керек. Бірақ ол бес адамның өмірін сақтап қала алады. Жыл сайын бізде трансплантацияны қажет ететін 5000-нан аса адам бар. Осы күнге дейін Қазақстан бойынша 10 бүйрек, 4 бауыр, 1 жүрек трансплантациясы жасалған. Біз құрған Трансплантация орталығында бауыр, бүйрек, ұйқы безі ауыстырылады. Болашақта облыс-облыста осындай орталықтар құрамыз. Қазір трансплантация жасауға барлық мүмкіншілік бар: маман да, база да жеткілікті. Тек қана донордан тапшылық сезіледі.

— «Заң бойынша бізде адам ағзасын сата алмайды» дейсіз. Бірақ бізде бәрі заң бойынша жасала бермейді ғой…

— Сіз бір адамның ағзасын екіншіге қондыру оңай деп ойлайсыз ба? Сәйкес келетін донорды табу оңай емес. Менің немерем алты айлығында шетінеп кетті: ұлым донор болды, операцияны Жапонияда жасады, бірақ нәрестені сақтап қала алмадық. Бұл жерде ақшаның күші емес, адамгершілік нормалары бірінші орында болу керек деп ойлаймын. Қазақта туысқан көп қой, туысқандарының арасында донор болатын адам табылуға тиісті. Ал өлген адамның ағзасын ұластыру өте қиын. Былтыр Қазақстанда бірінші рет Жәнібек Оспанов деген азаматқа жүрек ауыстыру операциясы жасалды. Анасының миы өліп қалғанда, Игорь Воротников деген жігіт анасының жүрегін алуға рұқсатын берді. Анасының бүйрегін де бір жігітке беріп, екі адамның жанын сақтап қалды. Қазақстан заңына сәйкес, адамның миы өліп қалса, ол өлгенмен тең. Кей елдерде адам сау кезінде жазып қояды: «Мен өлсем, ағзамды алуға рұқсат» деп. Ал кейбір елдерде, мысалы, Қазақстандағы секілді, марқұмның «Мен ағзамды алдыруға қарсымын» деген қолхаты болмаса, онда автоматты түрде оның ағзасын донор ретінде пайдалануға болады.

— Туған-туыстарының рұқсаты да керек емес пе?

— Заңда көрсетілген: кәмелетке толған адам миы тоқтаса, оның органын алуға ешкімнің де рұқсаты қажет емес. Бірақ біз түсінбестік болмасын деп туыстарының рұқсатын алуға келістік. Православ шіркеуі де, ислам діні де оған қарсы емес. Адамның денесі қалады, көкке ұшатын — адамның жаны. Ғылыми жағынан қарасақ, жан деген электромагниттік өріс қой, сол бөлініп шығып, ұшып кететін болар. Қайтыс болған адамның он екі мүшесі жердің астында жұмыс істемейді, билогиялық ыдырауға ұшырайды. Қайтыс болған адам тіріліп, қайта келді дегенді естіген жоқпын өз басым.

— Заңда «жан-жануарлардан органдар алу» деген тарау бар…

— Осыдан 10-15 жыл бұрын ауырып жатқан адамның қанын тазарту үшін шошқаның көк бауырын алған жағдай болды. Қазір ол әдісті ешкім қолданбайды.

— Денсаулықтың қадірін бір кісідей-ақ түсінетін адамсыз. Өзіңіз инсульт алдыңыз, сол жағдайдан кейін не өзгерді?

— Хирургия — менің мамандығым ғана емес, сүйікті ісім. Біз соғыстан кейінгі қоғамда өстік. Әкем мүгедек болып келді, әкемнің ағалары да, інілері де — айналаның бәрі мүгедек болатын. Бірақ олардың бірі де: «мен мүгедекпін, мені өкімет асырасын» деп қол қусырып жатқан жоқ. Бір қолынан айырылған әкем ел қатарлы еңбек етіп, алты баланы тәрбиелеп өсірді. Мен де қазір екінші топтағы мүгедек саналамын. Бірақ мүгедекпін деп өзімді аяп отыра алмаймын. Әрине, әріптестеріме алғыс айтамын, менің аяққа тұрып кетуім үшін күш-қажырларын аямады. Қазір екі саусағым нашарлау, бірақ 8 саусақтың өзі операцияға жетіп жатыр. Сол аяғымды сылтып басамын. Спринтерлік жүгіріске бармаймын, үлкен спортқа дайындалып жатқан жоқпын. Бірақ күнбе-күн әріптестерімді үйретуге және нан тауып жеуге денсаулығым жетеді.

— Сізді емдеу үшін өзіңіз ойлап тапқан резервті жасушаларды ояту әдісі пайдаланылыпты…

— Мысалы, инсульт болғанда мидың белгілі бір бөлігіне қан бармайды да, ол іріп кетеді. Ал нейроцит тура сол жерге барып, көбейіп, жарамсыз тканьді ауыстырады. Одан бөлек нейромедиатор деген бар. Кез келген ағзада  резервті мүмкіндіктері бар жасушалар болады. Егер қандай да бір жасуша өліп қалса, оның орнына резервті жасуша жұмыс істей алады. Нейромедиатор сол резервті жасушаларды оятады.  Соның арқасында болар, мен қазір тфә-тфә, осындай жағдайға жетіп отырмын.

— Сіз айтып отырған әдіс Қазақстанда қолданылады ма?

— Әрине, Қазақстанда 5-6 мың адам сол әдіспен емделді. Бауырдың, жүйкенің, жұлынның, алқа бездің, тіпті шеміршектің жасушасын солай «тірілттік». Тек Қазақстан емес, Сауд Арабиясынан, Америкадан келіп емделіп жатқандар бар.

— Бұл сіздің өзіңізге тиесілі жаңалық па?

— Өзімдікі демеймін, бұл — бүкіл ұжымның еңбегі. Есіңізде болсын, медицинада бір адам ештеңе істей алмайды.

— Қазір сіз сүйікті жұмысыңызды істеп жүрсіз. Бұрынғы, лауазымды қызметте жолыңыз түйіскен атқамінер ағаларымызбен әлі де араласасыз ба?

— Барлығымен. Депуттармен де, Үкіметтің мүшелерімен де, барлығымен араласамын. Мен олармен неге араласпауым керек? Біреудің әкесін, біреудің шешесін өлтірген жоқпын. Мен ештеңе ұрлаған жоқпын. Мен өзімді қылмыскермін деп санамаймын. Өйткені оны жасаған жоқпын. Бәлкім мен «ана жақта» жатсам, осы күнге дейін өліп те кетер ме едім. Қазір күні-түні Елбасыға алғыс айтамын іштей. Менің өтінішімді қарауға уақыт тауып, үлкен жүрекпен келді. Тек қана мен емес, бесіктегі баламыздан бастап бүкіл туған-туыстарым, жақындарым, бәріміз қазір сол кісінің тілеуін тілейміз.

— Сіз кінәлі болмасаңыз, сол инцидентті ұйымдастырған, кінәлі адамдар бар ғой?

— Қазір біреудің артынан әңгіме айтып, шам алып түсетін уақыт емес.

— Ешкімге ренішіңіз жоқ па сонда?

— «Анаған ренжідім, мынаған ренжідім» деп бұртиып отыратын заман емес қазір. Ашу, өкпе-реніштен ештеңе де өзгермейді. Алға жылжимын десең, ондайдың бәрін ысырып қою керек. Сыпсың сөзге құлақ аспау керек. Адал еңбек қана адамды арашалай алады. Сен жақсылыққа қарай жүрсең, жақсылық та саған қарай жүреді.

— Мысалы, жаңа өзіңіз сөз еткен нейромедиатор әдісі басқа елде жоқ дедіңіз. Сізді шет елге жұмыс істеуге шақырған жоқ па?

— Шәкірттерімді шақырған болар, мен оны білмеймін. Өзімді шақырса да бармаймын. Өйткені елім осы, туған жерім осы, туған-туысым, жақындарым осында. Осы жерге еңбегімді сіңіремін.

— Балаларыңыз да осында ма?

— Балаларым осында. Ұлым нейрохирург, Жапонияда бес жыл оқып келіп, Нейрохирургия орталығында жұмыс істеп жатыр. Қызым нотариус. Төрт немерем бар. Тфәй-тфәй, бәрі жақсы.

— Біздің атқамінерлеріміздің көбі балаларын шет елде оқытып, шет елде қалдырып, шет елге қарай аңсары ауып тұрады ғой?

— Ол неге керек?

— Бәлкім, шет елде жағдай жақсы, ақша көп деп ойлайтын шығар…

— Әңгіменің бәрі ақшада емес, айналайын. Ақша деген қолдың кірі. Әйтеке бидің сөзі бар: «Бақыт деген құс, тақ деген түс, байлық деген мұз. Мәңгілік қалатын адал іс» дейді. Қоғам болған соң түрлі адамдар болады, мен басқалар үшін жауап бере алмаймын. Өзім осы ұстанымдағы адаммын.

— «Тақ деген түс» деп отырсыз, министр болған кезіңіз өзіңізге пайдалы болды ма?

— Мен ешқашан да өз пайдамды ойлап, қызметке қызыққан адам емеспін. Елбасының тапсырмасын орындадым. Еліме адал қызмет еттім деп санаймын. Ал хирург ретінде маған министр болған кездерім пайда келтірді деп айта алмаймын. Бірақ бүкіл Қазақстан медицинасының деңгейін көтеруге әрине, пайдасы болды.

— Сол қызметте тып-тыныш отырсам, әлі де көп атқаратын жұмыстар бар еді деп өкінбейсіз бе?

— Жоқ. Былайғы халық министр болған рахат деп ойлайтын шығар. Ешқандай да рахатын көрмедім. Ашығын айтқанда, министрдің қызметінде жүйке тоздырудан басқа ештеңе жоқ. Өйткені министр болсаң, бәріне сен кінәлісің,  айдаладағы бір медбике науқасты қабақ шытып қарсы алса, таяқ саған тиеді. Күнде «таяқтың астында» болған оңай емес.

— Иә, бізде министрлерді жақсы көрмейді. Қазір айтыңызшы, сол сын сізге қалай әсер етті?

— Министрдің лауазымы солай, біреу сынау керек. Сынамаса, ол жұмыс істемейді деген сөз. Жұмыс істейтін адамды бәрі сынайтынын жақсы түсінемін.

dos— Мәскеуде оқыдыңыз, аспирантурада оқыдыңыз, ғылыми жұмысыңыз болды. Ғылыми бағыттағы ізденістеріңізді жалғастырмағаныңызға өкінбейсіз бе?

— Жоқ. Мен қай жерде қызмет жасасам да, ғылыми ізденістерім мен хирургия үстелінен қол үзген емеспін. Екі рет министр болдым, депутат болдым, ректор болдым, сол кездің бәрінде операция да жасадым, ғылыми жұмысымды да жүргізуге үлгеріп жүрдім.

— Қалай үлгеріп жүрдіңіз? Мемлекеттік қызметте сағат 9-дан 6-ға дейін кеңседе отыру керек қой…

— Сағат таңғы 6-да ауруханаға келіп, бір күрделі операция жасап, 9-да кабинетімде болатынмын. Немесе жұмыстан кейін. Сенбі бар, жексенбі бар, ешбірі мақсатсыз өтпейді. Әрине, таң атпай келіп операция жасау әріптестеріме қиын болған шығар, бірақ қабағын шытқан біреуін көрмедім. Ерте келдім деп қосымша жалақы да сұрамады, үлкен жүрекпен келді. Өйткені бәрі түсінді, ол мен үшін емес, науқастар үшін керек.

— Мысалы, сіздің мықты хирург екеніңізді білетін адам, «маған Досқалиев операция жасаса екен» деуі мүмкін бе?

— Қазір заң бойынша Қазақстанда тұрып жатқан азамат дәрігерді өзі таңдай алады. Ең шалғайда жатқан ауылдан келсе де жол ашық. Біз қараймыз, жатқызамыз, операциясын жасаймыз. Науқастың соңынан Үкімет ақшасын жібереді. Орысша айтқанда, «голосование ногами» дейді. Жаңа ғана сіздің көзіңізше маған телефон соғып, «маған сіз операция жасаңыз» деп жатыр. Мен оған ешқашан да қарсы болмаймын.

— Өз жақындарыңызға операция жасап көрдіңіз бе?

— Жоқ. Моральдық жағынан бұл дұрыс емес деп санаймын. Нағыз ешкім жоқ болса, бәлкім, жасармын, бірақ бізде жақсы хирургтар бар ғой.

Қазақстанда трансплантация жасай алатын неше адам бар?

— Жеткілікті. Дәрігер жеткіліксіз болса, мұндай орталық та ашылмас еді. Қазір орталықтың өзінде 15-ке жуық мықты дәрігер бар.

  — Бұрын «дәрігерді соттап жіберіпті» дегенді естімейтін едік. Қазір «емдеймін деп өлтіріп алыпты, операция жасаймын деп сау ағзасын кесіп тастапты» деген сұмдықтарды көп еститін болдық…

— Қазір Медициналық қызметтің сапасын бақылау комитеті деген бар. Бұрын да дәрігер қателігі болған шығар, бірақ ол зерттелінбейтін. Білесіз ғой, қазақтың жақсы сөзі бар. «Ауруын жасырған өледі» дейді. Егер қате кеткені рас болса, оны ашық мойындап, жетпеген жерін жеткізу керек. Егер сіз күмәндансаңыз, сотқа беріңіз. Сот шешеді. Бітті. Сот қарады деген — сотталып кетті деген сөз емес, оны дұрыс қабылдау керек.

— Соңғы кезде елімізде вакцинаға қарсы түрлі пікірлер айтылып жүр. Өзіңіз соған қалай қарайсыз?

— Біріншіден, Қазақстан транзиттік ел болғандықтан, неше түрлі вирустың бәрі келеді. Екіншіден, аурудың көбінің тек қана вакцинация арқылы алдын алуға болады. Сондықтан вакцинацияға қарсы адам өзіне өзі қарсы болған адам. Оның үстіне қазіргі вакциналар өте сапалы. Мен оған сенемін де, сізге де айтамын, халыққа солай жеткізіңіз.

— Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан — Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ

фото bnews.kz 

2 комментария

  1. Айнур Ответить

    Дұрыс айтылған. Осы кисини жақсы көремін. Менин де аяққа тұруыма септігі тиген адамның бірі еді. Денсаулық тілеймін.

  2. Кулшат Ответить

    Мен студент болганда бул киси ректор болган.Катты курметтеймин сыйлаймын.Дениниз сау болсын.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!