Жәркен БӨДЕШҰЛЫ, ақын: Алпысқа келсем де, әйеліме күнде ғашықпын

zharken-bodesh– Жәркен аға, сіздің Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Түркі тілдер елдері поэзиясы ІІ фестивалінің лауреаты екеніңізді білеміз. Осы кезге дейін алған марапат, сыйлықтарыңызды, атағыңызды тізбелеп біріңізші…

– Атақтан кенде емеспін. Ірілі-ұсақты сыйлықтың бәрін алдым.

– Осы сіз елге қай жылы келдіңіз?

– Елге келгеніме 40 жылдан асты болды.

– Бұлай сұрап отырғаным, арғы беттен келген ақын-жазушылардың шығармаларында міндетті түрде «көш» жүреді. «Мен пәлен жылы, пәлен көшпен келіп едім» – деп, тағдырын шығармашылығына арқау етіп жатады. Байқаймын, сіздің өлеңдеріңізде «көш» тақырыбы көп емес сияқты…

– Көшті жырлап, шығармашылығыма оралман екенімді арқау етпеймін. Өйткені, ата-жұртымды адаспай таптым. Мен оралман емеспін. Ата-жұртымды аңсап келген қазақпын. Ата-жұртын аңсап келген күрескер ақынмын.

– Арғы беттен келген ақындарымызда тіл тазалығы бар. Өлеңдерінен тұнып тұрған тілді көреміз. Елге оралған ақындардың ішінен тілі тұнып тұр деп кімдерді даралайсыз?

– Марқұм Ермұрат Зейіпханның тілі керемет еді. Сөйте тұра, ол өзін ақынмын деп айтпайтын.  Тірі жүргендер туралы тірі жүріп ештеңе айтпай-ақ қояйын.

– Неге айтпайсыз? Сізге сынап беріңіз деп жатқан жоқпын ғой. Кейінгі жастардың арасында жақсы ақындар болса, жақсы демейсіз бе…

– Пәлен мықты, түген төмен дегенді ұнатпайтын едім, түге… Табандап қоймадың  ғой, кейінгі жастардан Ерғали Бақаш пен Тоқтарәлі Таңжарықта тіл бар. Өлеңдері жұтаң емес. Ерлан Жүніс – сұмдық ақын. Үлкен талант, білімі терең. Жап-жас боп тұрып, біз білмейтін дүниелерді біледі. Ерланның онысын қызғанып қаламын кейде. Екі Ұларбектен де жақсы ақын шығады.

– Енді сіздің буын туралы айтайықшы. Сіздің қатарластарыңыз Темірхан Медетбектер, өзіңізбен бірге сыйлыққа бәйгеге түсіп жатқан Жүрсін Ерман да сіздің буын. Қаламдас қатарластарыңызды бір түгендеп беріңізші…

– Біздің қатар дегенде ауызға бірден ілігетін Темірхан Медетбек. Жүрсін Ерман да біздің буын. Одан кейінгілердің бәрі менің інім. Алпысқа келген Аманхан бар.  Аманхан екеуміз әдебиетке құрылысшы болып келгенбіз. Алматыға алғаш келгенде құрылыста бірге істедік, бір жатақханада тұрдық. Аманхан өте білімді жігіт, білмейтіні жоқ.

– Әдебиетке соғыстан кейінгі келген буынды «жетімдер» деп атады. «Әй, сол жетімдер поэзияны жылаңқылыққа айналдырғаннан басқа әдебиетке не әкеледі ғой дейсің?», – деген сынды пікірлер де айтылды кезінде. Сіздердің буын жайлы осы пікір қаншалықты бұрыс немесе дұрыс айтылды деп ойлайсыз?

– Соғыс – біздің қасіретіміз. Қасірет шығармада көрініс беруі керек. Прозада болсын, поэзияда болсын.  1937 жылғы ашаршылықтың қасіретін кейінгі ұрпақ қаламгерлердің шығармаларынан көрді. Біз де өз қасіретімізді хал-қадірімізше жеткізсек дедік. «Жетімдер поэзияны жылаңқылыққа айналдырғаннан басқа әдебиетке не қосады ғой дейсің?»,  – деген пікір бұрыс айтылған, меніңше. Әйтпесе біздің қатарымызда сұмдық ақындар бар. Темірхан, Жүрсіндер, Несіпбектер қандай жақсы ақындар, мысалы.  Біреулер оларды сынап жатады. Сынаса да, жаманды-жақсылы пікірдің жүргені жақсы.

– Аға, өзіңіз көп сыналдыңыз ба әлде көп мақталдыңыз ба?

– Мұны айта алмаймын. «Қыздың жасын сұрама, қысылады» деген бар ғой. Бұл сұрағыңа жауап беруге мен де солай қысыламын.

– Әдебиеттегі соғыстан кейінгі буын туралы сұрап отырғаным, соғыстан кейінгі буында қанша дегенмен де тағдыр бар. Өз тағдырыңызды айтып беріңізші… 

– Өз тағдырымды  мына бір екі жолға сыйдырдым. «Бауырым көшіп, келгенмен, Ауылым көшіп келмеді». Болды, басқа айтпаймын…

– Ақындардың арасында мүшәйра бәйгесіне көп түсетіндердің бірісіз. Тіпті бір жылда үш мүшәйраға қатысып миллион теңгеге жуық табыс тапқан кезіңіз болды. Осы сіз мүшәйраға не мақсатпен қатысасыз? Өзіңізді мойындату үшін бе? Сізді біразы мойындап қойды ғой бірақ.  Мұны сұрап отырғаным, арамызда ақындығын бәйгеге де,  саудаға да салмайтын ақындар да бар. Есенғали Раушанов, мысалы, ешқашан мүшәйраға қатысқан емес. Бәйгеге түспесе де, ол кісіні көбі мойындайды емес пе?

– Әркімнің отбасылық жағдайы болады. Отбасыма үлкен қаржы керек болды. Материалдық жағынан қатты қысылдым, шынымды айтайын. Әйтпесе бәйгеге түсіп қажеті жоқ еді. Қатыстым, алдым, отбасымды қиындықтан құтқардым. Не істе дейсіңдер енді маған? Өлеңін бәйгеге салмайды деп, Есенғалиды айтып отырсың. Есенғали сияқты баспаның бастығы болсам, бәйгеге қатысып нем бар?

– Түсінікті. Бәйгеге отбасымды қаржылық қиындықтан құтқару үшін түстім деп жатырсыз ғой. Қазір жағдайыңыз қалай, жалпы?

– Әлеуметтік жағдайымды сұрап отырсың ба? 250 грамм ащы су алып ішетін жағдайым бар. Басқа жағдайым жоқ. Құдайға шүкір, аш емеспін, тоқ та емеспін. Ақындардың жарым құрсақ боп жүргені жақсы негізі. Аш құрсағын өлеңмен толтырады. Жарты құрсағының бір жағына қыздарды салып алып, жырын жазып жүре береді. Жағдайым нашар деп жыламаймын. Құдайға шүкір, кезінде Иманғали Тасмағамбетов берген үйім бар.

– Сіздің поэзияңызды біраз адам мойындайды. Ал өзіңіз кімді мойындайсыз?

– Жазушылардан Мұхтар Мағауинді, ақындардан Мұқағали мен Жұмекенді мойындаймын. Олар – ғасырда бір-ақ рет туатын адамдар.

– Сізді қазір не толғандырады? 

–  Мен өзіме алаңдаймын. Денсаулығым қинайды. Кезінде көп қиындық көрдім, соның кесірі денсаулыққа да, жүрекке де тиіп жүр. Үлкен ұлдан екі немерем бар. Қазір қолымда. Балаларыма менің поэзиям жүрмейді. Екінші ұлым Айдар жиырма бес жасында қайтыс болды. Сәкен Сейфуллин сияқты керемет сұлу жігіт еді. Үйлендіремін, енді қызығын көремін деп жүргенде кетіп қалды. Сөйлесіп жүрген қызы бар екен. Оның жылағанын көргенде, жаралы жүрегім одан сайын тілінді. Қасіретім көп. Барлық қасіреттен де ауыры маған ұлымнан айырылу болды. Сол жылдары қатты күйіндім, күйредім. Біраз уақыт өлеңді де қойып кеттім.

– Сіз өлеңді қалай және қайда жазасыз?

– Мына сенің ерніңнің астында әдемі мең бар екен. Біле, білсек мең де поэзия. Сенің меңіңді көріп, өлең «түртіп» отыр. Өлең келгенде кешкі сағат 8-бен таңғы тоғыздың арасында жазамын. Өлең қысса, балалар ұйықтағанда жазуға отырамын. Кейде автобуста отырғанымда өлең келеді. Он шумаққа дейін миыма сақтай аламын. Он шумақтан соң ұмытамын.

– Осы уақытқа дейін өзіңіздің шығармашылық мүмкіндігіңізді толық көрсете алдым деп ойлайсыз ба?

– Жоқ. Темірхан кезінде мен туралы мақала жазғанда: «Жәркен Бөдешұлының қырық қырының бірін ғана жаздым», – деді ғой. Дұрыс айтты деп ойлаймын. Шығармашылық потенциалымды толық көрсеттім демеймін. Гүлшат есімді әйелім бар. Өте әдемі, сұлудың сұлуы.  Өзі сұлулық салонында істейді. Керемет тиянақты адам. Менің бар жағдайымды жасайды, алдымнан кесіп өтпейді. Өмір бойы Гүлшатқа қайран қалумен келемін.  Алпысқа келсем де, әйеліме күнде ғашықпын. Ол да маған күнде ғашық. Шығармашылық потенциалыңызды көрсете алдың ба деп жатырсың ғой. Керек десең, әйелімнің сұлулығын осы күнге дейін ақынның тілімен суреттеп біте алмадым.

Әңгімелескен – Қарлыға ИБРАГИМОВА

Фото kazaitys.kz сайтынан.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!