Досай КЕНЖЕТАЙ, дінтанушы: Уахабилердің Қазақстанда дамуын Ресей қолдап отыр

d– Қайбір жылдары біздің қоғамда «сопылар» деген атпен белгілі діндар адамдар тобының атағы жер жарып тұрды. Мемлекеттік арнадан солар туралы арнайы деректі фильм көрсетіп еді. Сол сопылар мен кезіндегі Қожа Ахмет Яссауи қалыптастырған ілімнің арасында айырмашылық пен ұқсастық бар ма?

– Қазіргі таңда қоғамымызда сопы, сопылық, дәруіш, зікір және зікіршілер немесе тариқатшыларды исламға жат дүниетанымдағы жеке ағым ретінде көрсету шыңына жетті. Бұл қоғамда сопылар бүгін пайда болған жоқ. Сопылар кеше де болған, ертең де болады. Себебі, қазақтың басқа түркі халықтары сияқты діни танымы, мұсылмандық түсінігі сопылық арқылы қалыптасқан. Ал сіз айтып отырған «Хабар» арнасынан көрсетілген фильм, негізінен діннің саясиланғандығының көрінісі. Суфизмофобияның жарнамасы. Сопылықты құбыжық қылып көрсету әрекеті. Міне бұл, Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарының дін мен саясат арақатынасына немқұрайлы қарауы және діннің саяси топтардың құралына айналуына көмекші болып отыр. Суфизмофобияның артында сыртқы саяси күштер бар. Мысалы Ресей Қазақстандағы сопылықтың дамуына қарсы. Себебі, мұнда дәстүрлі діни таным дамып, ұлтшылдықтың жанданып кетуінен қауіптенеді.

Ал енді бүгінгі сопылар мен Иасауи ілімі арасында ұстанымдық, уақыттық тұрғыдан айырмашылық бар. Иасауи ілімі тереңдікті қажет етеді. Ол хәл ілімі. Сырға толы. Оны игеру, меңгеру уақыттың ісі. Бірінші бұл ілімде «мәжбүрлеу жоқ», исламның негізгі қағидасы «ла икраха фид-дин», яғни, дінде «зорлық жоқ». Басқа-басқа, тариқат жолына адам өз еркімен, саналы түрде келу керек. Себебі бұл ілім жалпыға бірдей емес, «дидар талаптарға», яғни, Алланың нұрына ғашықтарға арналған. Ал бүгінгі сопылар, наркомандарды салауатты өмір салтына қайтару үшін еріксіз сопылық психотехника арқылы тәрбиелеуге тырысты. Бұл түбірмен қате еді. Себебі бұл жолдағы басты ұстаным мурид, яғни, адамның ерікті болуы, өз қалауы шарт.

– «Сопылардың» көсемі Исматулланы ұстап соттады, Саят Ыбырай секілді ғалымды да түрмеге отырғызды. Бұлар расымен-ақ қоғамға қауіпті адамдар ма?

– Жалпы, сопылықтан біздің қоғамға ешқандай қауіп жоқ. Бүгін бұлар сотқа тартылып жатса, оның екі себебі болуы мүмкін. Біріншісі, дін әбден саясилануы мүмкін. Екіншісі, сопылық өкілдері өздерінің ілімінің негізгі ұстанымы мен түпкілікті мәнін білмеуі ықтимал. Осы екі себеп те көзге ұрып тұр. Исламда «иннама ағмал би’н ниат» яғни, амалдар ниеттерге байланысты. Сопылардың ниеттері дұрыс, исламға сай, бірақ, «илм сияса» яғни, қоғаммен қалай жұмыс істеу, бұл қандай қоғам, не істеу керектігіне терең ғылыми талдау жасай алмаған. Негізінен, сопылар қоғамға қауіпті емес. Бүгінгі үдеріс сопылардың келешекте терең білімді болуға итермелесе игі еді. Сопылыққа, зікірге, әулие түсінігіне қарсы шығу деген Иасауиге, бүкіл тарихымызға, мәдениетімізге, сайып келгенде, қазақ халқына қарсы шығу деген сөз. Өйткені Иасауиден бастап, Мәшһүр Жүсіпке дейінгі қазақ даналары сопылық мәдениет негізінде ой толғады. Бұл – қазақтың дәстүрлі мұсылмандық түсінігінің айнасы – сопылық мәдениет деген сөз.

– Сонымен қатар қазір біздің біраз ағайын сақалын қаптай қылып өсіріп, тіпті кейбірі балағын толарсақтан кесіп тастап жүр. Бұларды жұрт «бахабистер» (Уахабизм) немесе сақалдылар деп те атап кетіпті. Осы уахабизм деген не? Жаңағы азаматтар расымен-ақ сол тармақты ұстана ма? Олардан бізге келіп-кетер залал немесе пайда бар ма?

– Уаххаби өкілдерінің алдына қойған мақсаты, көзқарастары және қозғалыс-әрекеттері арқылы діни, қоғамдық және саяси мәнге ие ағым екендігін көруге болады. Бұл ағымның қалыптасуына сол дәуірдің қоғамдық, экономикалық, діни және саяси жағдайлары себеп болды. Уахабистердің танымы, ілімі, жолы туралы ғылыми негізді талай БАҚ беттерінде айтып жүрмін. Уахабилер біздің дәстүрлі діни танымға, ханафи мазхабына қарама-қайшы ағым. Қазақша айтсақ, «исламдағы революционерлер». Ал исламның рухына революция емес, эволюция тән. Себебі, революция алдымен теория, ал эволюция мазмұнды өзгертуге ден қояды. Біздің қоғамдағы «сақалды сәбилер» – бұл ағымның қандай танымға негізделетінінен де хабарсыз. Олар үшін сақал, шапан, сәлде – форма емес, мұсылмандықтың өзі. Кезінде рухани, діни хаос белең алған тұста осы уахабилік тенденция сол бостықты толтырды. Демек, олардың да бұл қоғамда орны бар деген сөз. Яғни, уахабилік Қазақстанда құбылыс деген сөз. Олардың пайдасы мен залалы бірдей. Пайдасы жергілікті дәстүрлі діни таным өкілдерінің өз дінін тереңірек оқып, үйренуге ықпал етеді. Оларды табиғи диалектика арқылы өзара сұхбатқа итермелейді. Дәлел, салыстыру, тану үдерісі тереңдейді. Олар өздерінің, бұлар өздерінің жолдарының ақиқатқа сай екендігін дәлелдеуге тырысып бағады. Нәтижеде дін ғылымы жанданады. Бірақ оған дейін уахабилер дәстүр, салт сияқты мәдени құндылықтарымыздың тамырына балта шабуы мүмкін. Екіншіден, уахабилердің Қазақстанда дамуын Ресей қолдап отыр. Себебі Ресейге орыс халқын мәңгі ояу ұстау үшін исламофобия, уахабизм таптырмайтын құбылыс. Сондықтан Ресей өз ішінде уахабилер атынан дүмпу, жарылыс ұйымдастырып отыруы ықтимал. Бұл бүгінгі таңда оқта-текте көрініс беретін қалыпты жағдайға айналды. Егер уахабистер Қазақстанда етек алатын болса, ішінен жихадшілер, такфиршілер шығады. Христиандарға соғыс ашады. Бұл жағдай Ресейдің бізге саяси экспанция жасауына сылтау болатындығы белгілі. Құдай бетін аулақ қылсын, сақтансақ, сақ боламыз.

– Қазақстан қоғамы неліктен исламның көп тармағына бөлініп отыр? Бұлардың басын қосып біріктіретін амал бола ма?

– Бүгін дін неліктен басты назарда тұр? Жауабы қарапайым: егер дін өз функциясын жүзеге асырса, ең болмағанда негізгі жораларын орындай білсе, қоғамда дін басты назарға алынбас та еді. Ал егер дін өз функциясын жүзеге асыра алмаса, сонда ғана өзекті мәселе ретінде басты назарда болады. Бұл ахуал екі себептен туындауы мүмкін. Біріншісі діни тіршілік, яғни, діни сана өзін жаңғырта алмаса, онда дін өз тіршілігінің маңызды бөлігін жоғалтады. Екіншісі, дін өте жанды, белсенді болғанымен, оның өркен жаюына және дамуына қандай да бір себептер кедергі болғандықтан, дін шектеліп, өз қызметін орындай алмайды. Міне осы екі жағдайдың да Қазақстанда көріністері мен іздері бар. Дін – мәдениетімізді, салт-санамызды қалыптастыратын өркениеттің негізі. Енді қараңыз діннің өзі мәселені шешу үшін жіберілген құдайлық институт болса, онда дін қалай мәселе болады? Діннің өзі әрине ешқашан мәселе болмайды. Бірақ дін қоғамда танымдық, ғылыми, идеялық және рухани тәжірибелік тұрғыдан функционалдық тепе теңдікті қамтамасыз ете алмаса, басқа келеңсіз жағдайларға себеп болып, әртүрлі топтардың, қанаушылықтың, өшпенділік пен дұшпандықтың объектісіне айналудан ада бола алмайды. Негізінен, қоғамымызда дінге қатысты мәселелердің дені психологиялық және танымдық себептерден туындап отыр. Сондықтан басты мәселе еліміздегі мұсылмандардың діни танымында жатыр. Осыны ескере отырып, мемлекет дін құбылысына, әсіресе исламға онтологиялық және тарихи тұрғыдан қайтадан баға бергені жөн деп есептеймін. Жалпы діндегі бөлінушілік діни танымға негізделеді.

– Біздің заңдарымызда дін мемлекеттен бөлек екендігі жазылғанымен, қазір дін ақырындап саясатқа араласа бастаған сияқты. Зайырлылық туралы сіздің пікіріңіз қалай?

– Ең алдымен мемлекет пен дін арасындағы қатынас нақтылану тиіс. Бұл қатынас зайырлылық арқылы нақтыланған. Бірақ бұл жерде мемлекеттің дінге деген тарапсыздығы, дін ісіне араласпайтындығы ғана паш етілген. Ал дін феномені мен мемлекет арасында ешқандай байланыс көрсетілмеген. Кез келген демократиялық елдің заңнамасына назар аударсаңыз, дін бабы өз алдына бөлек қаралады. Содан кейін барып, діни бірлестіктер, тіркеу және бақылау принциптері және олардың түсіндірмелері орын алады. Секуляризм ұстанымындағы, ғылыми атеизмді негізге алған кешегі кеңестік жүйе заңы үшін дін жеке феномен ретінде қабылданбағандықтан, жеке дін бабының қажеті болмады. Олар тек қоғамдағы діни көріністерді, мінез құлықты ғана есепке алды. Біздің бүгінге дейін қолданып келген заңымыз да кешегі кеңестік жүйеден қалған мирас болатын.

Қазақстан мемлекеттілігінің негізінде қазақ мәдениеті жатыр, тілі қазақ тілі дейтін болсақ, онда, Қазақстан, тарихи онтологиялық тұрғыдан ислам дініндегі мемлекет деп көрсетіп, басқа әлемдік діндерді де құрметтейтіндігін енгізуіміз керек. Бұл зайырлылық ұстанымының реттеушілік қызметінің жандануы деген сөз. Зайырлылықтың реттеушілік қызметі қазақ елінің мемлекеттілігінің баяндылығының кепілі болады. Сонда қаптаған миссионерлер мен конфессиялардың қарқыны азаяды. Тіркеу ісінде де заң негізінде жаңа түсіндірулер мен талаптар пайда болады.

Екінші, зайырлылық ұстанымы ұлттық құндылықтарды күшейтуге бағытталу керек. Ислам діні үшін дін, милләт және үммет категориялары біртұтас қаралады. Бұл оның әлемдік, адамгершілік, бауырмалдықты, бейбітшілікті паш ететін дін екендігінің көрінісі. Дегенмен, соңғы кездері умметшіліктің жасыл жалауын желбіреткісі келіп, біртұтас халифат құрғысы келетін діни топтардың саясаты мен ықпалы бізге де аз әсер етіп отырған жоқ. Сонымен қатар бұл қызмет демократиялық түсініктің үстем болуына да көмектеседі. Себебі, халифа, халифалық деген түсініктер «Алланың орынбасары, жердегі өкілі және солардың құрған мемлекеті» дегенге саяды.

Үшіншіден, негізінен демократиялық қоғамда, республикалық жүйедегі мемлекетте ғылыми таным мен діни таным басқа танымдық институттарға қарағанда басым болып, өзара параллель бәсекелестік жағдайында болады. Осы бәсекелестікті реттеп отыратын негізгі тетік зайырлылық принципінде жатыр. Бұл жерде діни сенім мен діни таным арасын ажыратып көрсету керек. Діни сенім догмаға, аянға ал, діни таным адамның білім алу мазмұнына, тәжірибеге, өмір сүрген ортасына, жамағат мүшелігіне қатысты қалыптасады және бүгінгі ғылым салалары арқылы дамиды. Міне, осы екі таным арасын реттеп отыратын да зайырлылық ұстанымы болуы тиіс. Сонда қоғамдағы бақсы, балгер, тіленші-дуанасы, дүмше молдасы, қаптаған тәуіп пен көріпкелдердің халықты алдауына жол бермей, ғылыми рационалды әдістердің өркендеуіне жол ашады. Әрі дін ғылымы да дамиды.

Төртіншіден, діни таным әр текті болады. Сондықтан әрбір діни таным діни ағымдардың қалыптасуына негіз болып, олардың арасындағы психологиялық қайшылықтарды тереңдете түседі. Әр топ өз жолын басқа ағымдағыларға қарағанда ақиқат деп біледі. Бұл құбылыс қордаланып екі топ арасындағы діни өшпенділікке апарып соғады. Бұдан да сорақысы, екі діни топ қоғамдағы екі саяси ағым немесе партияның құралына да айналып кетуі мүмкін. Бұл ислам тарихында жиі орын алған құбылыс. Мысалы Халифа Мамун кезінде мутазила ағымы сол биліктің идеологиясына айналды. Ал қалған каламдық ағымдар қуғынға ұшырады. Нәтижеде қоғам жікке бөлінді.Сондықтан осындай әртектілік пен танымдық қайшылықтарды реттеп отыратын зайырлылық ұстанымының қызметіне қажеттілік бар.

Бесіншіден, дін – ар, ождан, жүректің мәселесі. Бұл мәселе тікелей адам мен Алла арасында ғана таразыға тартылуы тиіс. Соңғы кезде кешегі жетпіс жылдық атеистік режимнің салдарын алға тартып, көптеген мазхабтар мен діни ағымдар өз қатарына қысыммен, зорлықпен қаратуды да әдетке айналдырғанын естіп қаламыз. Ал исламның мәнінде зорлық жоқ. Құранда «ла икраха фид дин» ұстанымы осының айғағы. Олай болмаған жағдайда дін саясат құралына айналды дей беріңіз. Адам еркі тапталады. Оның да жаратылған болмыс екендігі екінші кезекте қалып, жамағаттың, діни топтың ықпалында кете береді. Міне, осы құбылысты шектеп отыратын да зайырлылық ұстанымы.

Алтыншыдан, зайырлылық ұстанымы қоғамда білім берудің тұтастығын қамтамасыз етуі шарт. Жоғарыда айтып өткендей мемлекет пен дін арақатынасы реттелген кез келген мемлекеттерде діни білім беру мемлекеттің құзырындағы іс. Сонда ғана не ексең, соны орасың. Мемлекет дін істеріне араласпайды, не оқыса оқи берсін десеңіз, бұл мемлекеттік қауіпсіздігіңізге немқұрайлы қарау деген сөз. Одан да сорақысы, бұл мемлекеттің қолымен қоғамды бөлшектеу деген сөз. Сондықтан білім берудің кез келген түрі ол діни, саяси, кәсіптік, техникалық және т.б. болсын мемлекеттің қарауында болуы шарт.

Жетіншіден, осы зайырлылық ұстанымын сылтауратып, кейбір алпауыт елдер, біздегі көптеген дін өкілдерін сұқ саусағымен көрсетіп, мемлекеттігімізге, ұлттық тәуелсіздігімізге қол сұққылары келеді. Зайырлылық пен демократияны бір деп көрсеткілері келеді. Зайырлылық пен құқықтық мемлекетті бір деп көрсеткілері келеді. Бұл әрине саяси ойын. Әр мемлекеттің өзінің тарихи, мәдени болмысына байланысты қоғам қажетін қанағаттандыратын құқықтық нормаларын ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл табиғи құбылыс. Бірақ бұл нормалар осы қоғамға қатыстыы имманентті, ал халықаралық құқық стандарттарына трасцендентті болып тепе теңдік сақтап отырады. Себебі Қазақстан жабық қоғам бола алмайды. Сол сияқты әрбір мемлекет үшін зайырлылықтың да өзіндік комментариі болатынына дау жоқ. Бұл комментарий әрбір мемлекеттің тарихы, мәдениеті, діні, жалпы болмысы негізінде жасалады. Зайырлылық ұстанымын қайта қарап, мемлекеттік және қоғамдық қауіпсіздік тұрғысынан түсіндірер болсақ, онда қоғамымыздағы көптеген христиан дініне қатысты секталар сыртқы басқару орталықтарынан қол үзген болар еді.

– Уақыт алға жылжып, қоғам дамыған сайын, дін де уақытқа сай жаңаруы мүмкін бе? Әлде бұл мүлде мүмкін емес жағдай ма?

Әрине, діни таным мен діни сана уақытқа қарай өзгеріп отырады. Ал дін оның ақидалық сенімдік жүйесі өзгермейді. Сонда діннің өзгермейтін және өзгеретін қырлары бар. Өзгермейтіні сенімдік жүйесі, ал өзгеретіні танымдық, тарихи тәжірибелік қырлары. Бұлар қоғам дамуына қарай параллель үйлесім көрсетеді.

– Сіз автор ретінде ат салысқан «Дінтану» оқулығына байланысты біраз сын айтылғанын білеміз. Мұның соңы немен тынды?

– Бұл сындарға кезінде ашық жауап бергенмін. Ол сын емес, жала болатын. Сын айту мәдениеті де қалмаған ғой қазір. Оның соңы уақыттың еншісіндегі мәселе. Қоғамдық, ұлттық мүддеге сай оқулық жаздық деп есептеймін. Келешек ұрпақ бағасын берер.

– Қазір Қазақстанда намаз оқып жүргені бар, оқығысы келетіні бар адамдар арасында қай бағыт пен тармақты ұстанарын білмей адасатындар көп. Бұл әдеттегідей қалыпты жағдай ма, болмаса бір жүйеге келтіруіміз керек пе?

– Жоғарыда айтқан зайырлылық ұстанымына қайта тұжырымдама жасалғанда бұл мәселе де шешімін табады деген ойдамын. «Мұсылманшылық әсте-әсте» деген бар емес пе…

– Хиджабқа қатысты дау біраз жұртты үркітіп тастады. Тығырықтан шығар жол қайсы деп ойлайсыз? 

– Ұлттық келбетті сақтауға, мемлекеттік мекемелердегі киім киюдің қағидаттары нақтыланғанда, зайырлылық ұстанымы қайта тұжырымдалып, заңға өзгеріс енгізу арқылы қол жеткізуге болады.

Сұхбаттасқан – Бейбіт ТОҚТАРБАЙ

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!