Әлиханға ескерткіш жоқ деудің өзі ұят – Мәжіліс депутаты

01-124Биыл қазақтың көрнекті қоғамдық-саяси қайраткері, «Алаш» қозғалысының көшбасшысы, «Алаш-Орда» қазақ автономиясы үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өту жөнінде шешім қабылданғаны белгілі. Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен тұспа-тұс келген Алаш арысының мерейтойына орай  Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Әлихан Бөкейхан: Алаш мұраты және Тәуелсіздік құндылығы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. 

Конференцияға қатысушылар Әлихан Бөкейханның тәуелсіздікке бастау болған идеяларын, Алаш қозғалысын, Ә.Бөкейханның шығармашылығын, аударма ісіне қосқан үлесін тақырып етіп алып, жан-жақты баяндамалар жасады.  Ал Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсенбинов Әлихан тойына қатысты кейбір «әттеген-айларға» да тоқталып өтті.

«Біз Әлихан тойының атаусыз қалғанын тере бермейік деп қолдан келген, көңілге медеу боларлық ілкімді істерді атап өттік. Ал енді жүрек түкпіріндегі назымызды шығаратын болсақ, көп істерімізде іркілістер бар. Отанымыздың жүрегі, Қазақстанның ең үлкен мегополисі Алматы қаласындағы үлкен көшелердің бірін Алаш көсемінің атымен атау әлі іске асқан жоқ. Екі ірі қаламыздағы Ұлттық мәртебесі бар жоғарғы оқу орындарына Әлекеңнің есімін бере алмадық. Қазақ елі үшін қанын да, жанын да аямаған өзінің басын қатерге тіккен Ұлы тұлғаға арнап не Астанада, не Алматыда бір ескерткіш қоя алмадық. Қазақстанның кейбір қалаларында әлі күнге дейін қолын бұлғап күн көсем – Лениннің ескерткіші қасқайып тұр. Ал шын мәнінде қазақтың атын әлемге танытқан Әлиханға арналған ескерткіш жоқ деген сөзді айтудың өзі ұят» деді депутат.

01-267Филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы: «Әлиханның әрбір сөзі, әрбір ойы ұлтқа, қазақтың тәуелсіздігіне арналған. Бұл бекер емес. Себебі, Алаш арыстарының барлығы намыстың қайнауынан шыққан, елдің жоғын жоқтап шыққан, әрбір сөзінде ұлттық жауапкершілік болған. Сонымен қатар жоғарыда аталғандардың барлығы олардың көкейінде тұрған. Нәтижесінде қағазға да солай түсті. Сондықтан біз Әлиханның еңбегін оқығанда таң қаламыз. Осыншама елге деген, ұлтқа деген адалдық болады екен ғой деген ой келеді», – деп, Әлихан Бөкейханның ұлтжандылығын тілге тиек етті.

Ал Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлы қазір Әлихан Бөкейханның тойына мемлекеттік деңгейдегі ешбір орган жауаптанып отырмағанын, тек кейбір мекемелер мен жекелеген азаматтар өз ықтиярымен түрлі іс-шараларды ұйымдастырып отырғанын айтып, оларға алғысын білдірді.

«Осы орайда бүгінгі шараны ұйымдастырып жатқан Астана қаласының әкімдігіне алғыс білдіргім келеді. Бұдан бөлек Астанадағы Еңбекшілек көшесіне Ә.Бөкейхановтың есімі беріліп, оған да көңіл қуанып жатыр. Тағы бір қуаныштысы, сол жағалаудағы № 76 мектеп-лицейге Әлекеңнің есімі беріліп жатыр» деді әлихантанушы.

01-297Конференция барысында, сонымен қатар, Сұлтан Хан Аққұлының авторлығымен шыққан Әлиханның өмірі мен сан қырлы қызметі туралы қазақ және орыс тілдеріндегі 2 томнан тұратын ең алғашқы 2 кітап – қазақша «Әлихан Бөкейхан. Қазақ жерінің жоқшысы», «Әлихан Бөкейхан. Аманат», орысша «Алихан Букейхан. Творец истории» және «Алихан Букейхан. Завещание» атты қос монографияның тұсауы кесілді.

 Айта кетейік, конференцияның мақсатыкөрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық қозғалысының негізін салушы және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғұлама ғалым әрі шебер аудармашы – Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның өмірі мен қоғамдағы рөлін, қызметін жан-жақты терең зерттеу, тану, таныту, келешек жас ұрпаққа насихаттау. «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысы мен еліміздің тәуелсіздік алуына өлшеусіз үлес қосқан, туған елін тәуелсіздік мұратына ұйыстыра білген қозғалыс көшбасшыларының мұрасын тарату мен қалың көпшілікке дәріптеу. Азаттықты аңсаған, сол жолда қызмет атқарған күрескер бабаларымыздың ұлы мұраты ел Президенті Н.Ә. Назарбаев тұсында жүзеге асқанын, Елбасы алға тартқан «Мәңгiлiк Ел» идеясы «Алаштың» негізгі ұстанымы – қазақ бостандығымен тығыз үндесіп жатқанын көпшілікке жеткізу болатын.

01-128

Суреттерді түсірген Қанат Мусин.

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!