Аршавинды қазақ қыла аламыз ба?

arshavinҚазір Қазақстанда орыстарды – қазақ, қазақтарды «мазақ» қылып жүрген ОрыStar – Сергей Закора, Семен Махов және Евгений Шворнев деген мықты азаматтар бар. Олардың Instagram-жобадағы бейнебаяндары қазақ тілін тез әрі еркін, күліп жүріп меңгеруге мүмкіндік жасайды дейді білетіндер. Құптарлық па, құптарлық.

  Міне, осы ОрыStar «Қайраттың» шабуылшысы Андрей Аршавинге қазақ тіліндегі ең ұзақ сөзді шатаспай-бытыспай айтып шығуды ұсыныпты. Өздеріңіз де байқап отырған шығарсыздар, бұл «қанағаттандырылмағандықтарыңыздан» деген сөз. Енді оның лингвистік тұрғыда қалай берілгеніне тоқталмай-ақ қоялық, оны өзге ұлт өкілдері таңдап алып отыр ғой.

 Қош, сонымен Аршавинді қазақ ете аламыз ба? Әй, қайдам… Бірақ осы азаматтың ниеті жақсы. «Қазақша сөйлеймін» деп қояды кейде. Бірақ Андрей мырзаны қазақ қыламыз дегеннен гөрі әлі бірде-бір сөзді қазақша айтып көрмеген Самат Смақов пен өз атасының атын әлі дұрыс айта алмайтын Серікжан Мұжықовтарды қазақ етіп алайықшы. ОрыStar, Сергей Закора, Семен Махов және Евгений Шворнев мырзалар, бізге осы жағынан көмектесіңдерші! Өтінеміз! Сіздер болмасаңыздар, біз айта-айта жалықтық. Анау екі түрлі айтылатын командалар туралы да бейнежазбаларыңа салып кеп жіберіңдерші. Билік бізді оқығаннан гөрі сендердің салдыр-шатпақтарыңа ерекше мән береді. Кеттік ендеше!..

Олимпиадада айды аспанға бір-ақ шығарғандай, неге үнсіз отырмыз?..

olimpРио Олимпиадасы аяқталғалы үш айдың жүзі болды. Бірақ әлі күнге дейін осы төрт жылдың ең ірі жарысы туралы бірде-бір сараптама материалдары, пікірталас жариялана қойған жоқ. Неге? Біз осы додада тамаша табыстарға жеттік пе, жетсек неге мақтанбаймыз?

Өз-өзімізді жамандағымыз келмейді, мақтана да алмаймыз. Мақтанатын түгіміз де жоқ. Немізбен мақтанамыз. Токио алдындағы жаңа цикл басталып та кетті. Біз енді неден ұтылдық, неден алға шықтық, айтпаймыз ба. Жоқ, үн-түнсіз, түк болмағандай қалғып отырмыз. Осыған орай шыдамы таусылған алыптарымыз Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына, Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаевқа және Қазақстан Күрес федерациясының басшысы Сауат Мыңбаевқа хат жазыпты. Олар кімдер? Талай сында ел үмітін ақтаған бұл балуандар – Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, олимпиялық ойындардың жүлдегерлері Дәулет Тұрлыханов, Ислам Байрамуков, Әсет Мәмбетов пен Даниял Гаджиев.«Біз, еліміздің күресінің дамуына талай жылын арнаған адамдар, осы хатты жазуды жөн көрдік. Өйткені сілікпеңді шығаратын жаттығулар мен көптеген жарыстардағы аса ауыр белдесулер кезінде жинаған кәсіби біліміміз бен тәжірибемізді бөліскіміз келеді» деп бастап, кеше ғана жалауын түсірген Рио Олимпиадасының нәтижелерін саралайтын, кәсіби спортшылардың, жаттықтырушылар мен мамандардың пікірін ескере отырып, жас спортшыларды дайындау, іріктеу және тәрбиелеу жүйесіне өзгеріс енгізетін, федерецияны да өзгертетін, алдағы Олимпиадаға стратегия мен әдістер әзірлейтін кез келгенін айтады. Олар күрес саласын басқарып отырғандардан спорттың осы түрінде қалыптасқан түйткілдерді БАҚ-та талқылайтын ашық диалог ұйымдастыру керектігін еске салыпты.

Бұл хатты не үшін жазғандарын Caravan.kz тілшісіне берген сұхбатында И.Байрамуков былай түсіндіріпті: «Біздің күрес саласында бар түйткілдерді алаңсыз отырып, кәсіби тұрғыда талқылап, соларды бар күшімізді салып шешкіміз келеді. Біздің бар қалауымыз – қазақ күресін жетістіктерге жеткізіп, жандандыра түсу».

Есімізде болса, тура осы Олимпиада алдында шыр-пыр болған да осы Байрамуков еді. Белоглазов секілді сырттан келген бапкердің ала-құла тірлігіне өкпесін білдірген. Айтқаны айдай келді. Енді, міне, Олимпиада аяқталды, асықпай отырып, сала-сала бойынша сыр шертісетін, кемшілігімізді айтып, жетістігімізді жетілдіретін кез келді. Бірақ БАҚ та, спорт функционерлері мен мамандары да, тіпті, спортшылар да үнсіз, неге? Осыған шыдамаған атақты сайыпқырандарымыз шыдамай үн қатқан екен.

Бұған құзырлы орындар не дер екен?

Бибісараға үй беріпті дейді…

bibiТалантын бағаламаған елге не дейсің? Онсыз да талантқа кенде емес қазақ елі үшін бәрібір ме? «Біреуі кетсе екіншісі бар, екіншісі кетсе, үшіншісі тұр» деген секілді кемақыл ой ма бізді дендеген. Кеше ғана өз жасында төрт дүркін әлем чемпионы болған біртуар шахматшы қызымыз Бибісар Асаубаева бүгінде Ресейде жүр. Жетіскеннен дейсіз бе? Алақандай қыз өз еліне, өз жеріне сыймай кетті.

 Енді осы 12 жасар қызымыз Ресейге бара салып,  жағдайын түзей бастады. Солтүстік көршіміз мұндайдың талайын көрген ғой. Бибісараның болашағын біледі, енді осы балаға ептеп жағдай жасап кеп жіберсе, елінің атын жарқ еткізіп әлемге таныта қоярына бек сенімді. Алдымен Мәскеудің дәл түбіне орналасқан Химки қаласының қақ ортасынан ойып тұрып үй берді. Бұған бүкіл Ресей аң-таң. Украинадан келген ересектер арасындағы әлем чемпиондары Анна Ушенина мен Мария Музычук әлі күнге дейін уәделі үйін ала алмай жүр екен. Қаршадай қызға пәтер кілтін бірден ұстатты. Орыс халқы бекер шашылмайды, болашаққа терең үңіліп отырған сыңайлы. Оның болашағына неге сенбесін, Ресейге ауысар-ауыспаста Бибісара бесінші рет әлем чемпионы атанып үлгерді. Көрші ел туы астындағы тұңғыш алтын медаль. Осы медаль біздікі емес пе еді… Таразда туған бұл қыз жеті жасында ФИДЕ-нің әйелдер арасындағы шебері атағына ие болып, жаңа рекорд жасаған еді.

Қазақстан шахмат федерациясы (ҚШФ) талантты жас шахматшының Ресейге ауысуы оның өзі мен анасы әрі бапкері Лиана Таңжарықованың жеке таңдауы дейді. Біз бұл туралы газетімізде бірнеше рет жазғанбыз. Жай ғана ерік емес, бізде таланттарға немқұрайды көзқарастың барын байқайғанбыз сонда. Болары болды, бояуы сіңді. Енді біраз уақыт Ресейдің намысын жыртатыны анық. Бірақ, өздері айтқандай, түбі елге оралар. Сонда біз не дер екенбіз?

Щеткин бұл ақшаны қожайынмен бөліспеді ме, әлде…

alekseiТаяуда «Ақтөбе» футбол клубы ойыншылардың бір айда алатын жалақысын жариялапты. Ақтөбелік футболшылардың арасында ең көп табыс табатын Алексей Щеткин екен. Қандай қызметі, қандай ерекше тірлігі бағаланды екен, бұл жігіттің айлық жалақысы 9 млн теңге болып шықты!..

Әркім өз деңгейінде бағалайды ғой. Мына NUR.KZ. өз ыңғайымен «бұған футболшы не ала алады?» дейді де, былай бөліпті бұл ақшаны:

56 мың 250 күнге (154 жылға) метроға талон алып қойып, ары-бері тегін жүру;

Астанадан бір бөлмелік пәтер сатып алу;

жол талғамайтын керемет жеңіл көлікке қол жеткізу;

Қазақстанның 348 зейнеткерін ай сайын зейнетақымен қамтамасыз ету;

бұл 174 мұғалімнің немесе 18 депутаттың орташа айлығымен бара-бар;

2006 жылғы Dom Perignon Brut Vintage шампанының 109 шынысы;

бұл ақшаға 18 мың донер сатып алу;

8181 келі сиыр етінің бағасы;

сүйіктіңізге 15789 голланд раушан гүлін сыйлауға болатын қаржы.

Щеткинге не, бір айлығына осылардың бірін алса да түгі кетпейді, келесі айлығы тағы да алдынан шыға келеді.

Бұл, енді, қалжың, ал мынау сұмдық ақша!.. Ел онсыз да дағдарыстан шыға алмай жатқанда «Ақтөбе» футбол клубы басшыларының мынасы қай сасқаны! Жаңашыл да талапшыл әкім Бердібек Сапарбаевтың сынынан еш нәтиже шықпағаны ма?

Мені қызықтырғаны, Щеткиннің немесе Смақовтың қанша алатыны емес, соларға айлық деп жазылған ақшаның қайда кетіп жатқаны. Егер Самат шынымен-ақ 6 млн теңге алатын болса, «Ордабасыға» неге кетіп қалды? Онсыз да спорттағы ғұмыры аяқталып келе жатқан Самат ай сайын соншама ақшаны алып, жамбасына басып жатпай ма? Мұртын балта кеспес еді-ау…

Щеткин де басқа клубқа ауысып кетті. Тоғыз млн теңге шекесін тесіп кетер ме еді?

Қойшы, бәрібір сенгім келмейді. Осы жалақының үштен бірі футболшылардың қолдарына тисе де, жаман болмас еді. Сонда қалған ақша қайда кетеді?

Д.ӘЛІ

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!