Оспановтан басқа қазақта қайырымды адам жоқ па?

ospanovҚайда барсаң Оспанов… Қанат Исламды қаржыландырып жатқан Оспанов, Жәнібек Әлімханұлына да ақша тауып беріп, ел қатарына қосқан да Оспанов, көптеген жарыстарды ұйымдастырып, қаржымен қамтамасыз етіп жүрген де Оспанов!.. Жалпы Оспановсыз жарыс өтпейтін, таланттың көзі ашылмайтын секілді көрініп тұрады… Неге?

Бауыржан Оспановта ақша шашылып жатыр ма екен? Сол ақшаны игере алмағандықтан жан-жаққа шашып жатқан шығар. Әйтпесе, ертеңгі ұрпағының қамын ойлап, қалтасына басып жатпай ма? Жоқ, ол өйте алмайды екен. Елін, жерін ойлаған, келер ұрпақтың болашағын ойлаған азамат босқа қарап жата алмайды екен.

Қыздар арасында бокстан әлемнің екі дүркін чемпионы Назым Қызайбай өзінің Instagram-дағы парақшасында осы белгілі меценат туралы жылы лебізін білдіріпті. Назымға осы ағасы жеңіл көлік әперіп, үй салып беріпті. Ақшасының көптігінен бе әлде атақ-даңқ үшін бе?

Жоқ. Онда атақ-даңқ та, абырой да жетеді. Бір Жәнібекті тауып, тәрбиелегені үшін де. Қанатты әлемдік аренаға шығарғаны үшін де. Ақшасы да шашылып жатқан жоқ. Бизнесте ақшаны босқа шашпайды, я пайда табады, я ләззат алады.

Назымға жағдай жасамаса да Бауыржан мырза елге елеулі еді ғой. Өзінде бар болған соң өзгені ойлағаны, бұлақтың көзін ашқаны.

Бізде Бауыржан Оспановтан басқа ешкім жоқ па? Анау Forbes рейтингі бойынша пәленшешінші орында тұрған ағайындар қайда? Олар неге ел несібесіне өз үлесін қоспайды? Қазақстанның атын шығаратын тұста неге жарқ етпейді? Халқын, оның болашағын ойлаған кез келген қалталы азаматтың парызы елге қызмет ету болуға тиіс. Топырлатып тоқал алып, бақырайтып банк ашып атын шығаруға тырысатындарды көргенде Баукең ерлік жасап жүргендей көрінеді.

Өркенің өссін, Оспанов!

Д.ӘЛІ

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!