Таза қазақ командасын жасақтап жүргенін айт

talgat«Футболдан Қазақстан ұлттық құрама командасы 2018 жылы өтетін әлем чемпионатының биылғы жылғы іріктеу ойындарын соңғы орынмен аяқтады!».  Орыс тілді бір сайт осындай «қуанышты» хабарды жеткізуге тырысыпты. Біреулер ұлттық құрамаға Талғат Байсопыновтың келгеніне о бастан разы бола қойған жоқ. Жалпы жергілікті маманның, оның ішінде қазақтың бас бапкер болуын қалаған өзге жұртты көрмеппін. Сол баяғы аңсау. Өткенді сағыну. «Анау Красножан жүре бергенде ғой. Кумыков кетпегенде ме, бәлем…», міне, осындай сарыуайым.  Красножан не істеп еді?

 Ресей маманы Қазақстан құрамасын 2014 жылғы 7 ақпаннан 2015 жылғы 19 желоқсанға дейін басқарған екен. Оның басшылығымен ұлттық құрама 18 ойын өткізіп, 3 кездесуде ұтып, 7 матчта ұтылған екен, 8-і тең, әрине. Футболшыларымыз осы аралықта қарсыластар қақпасына 18 доп соғып, 25 доп жіберіп алыппыз. Жалпы 17,65 пайыз мүмкіндік.

  Ал Талғат Маруанұлы басшылық жасаған кезде ше?

 2016 ылдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері. Біз Байсопынов бапкер болып тұрған (бас бапкердің міндетін атқарушылықты қоса алғанда) кезден, яғни 2016 жылғы 26 марттан бастап кешегі күнге дейін 7 кездесу өткізіп, екі ойында жеңіске жетіп, үш ойында ұтылып, осыншама тең түсіппіз. Қарсыластарымызға 6 доп соғып, өз қақпамызға 14 доп жіберіппіз. 30 пайыз мүмкіндік.

 Әрине, Красножан керемет болды деп айта алмаймыз. Байсопыновтың да жетістігі мықты деуге келмейді. Бірақ жерлесіміздің артықтығы, жасыл алаңға қазақ балаларын шығарып, біздің қарадомалақтардың еуропалықтармен бірдей доп тебе алатынын дәлелдеуі болып тұр.

Польшамен қалай ойнады, Румындарды қалай састырды. Черногория мен Даниядан ірі есеппен ұтылды демесеңіз, жігіттеріміздің өз қақпасы маңында жатып алмай, қарсыластар алаңында атой салғанын көрдік. Әсіресе, даттардың есін шығарған алғашқы минуттар ел жадынан қалай шықсын.

 Красножанның да, Байсопыновтың да қол жеткізе алмай жатқан бір «әттеген-айы» болды. Ол – шабуылшы мәселесі. Қарсылас қақпасы алдында бұзып-жарып еркін ойнайтын шабуылшының жоқтығы. Баяғы Гридин де, Қазіргі Хижниченко да көңіл-күйдің, тосын сәттің ойыншылары. Соңғы ойында ұлттық құраманың қаншама белді ойыншылары алаңға шықпады: Қуат, Нөсербаев, Қонысбаев, Нұрғалиев, Жолшиевтер жоқ. Біз тек қазақ , жалпы Еуропаның кез келген командасында, осынша негізгі ойыншы матчқа қатыспай қалсыншы, аспанды жерге төндірер еді. Байсопынов өйткен жоқ. Талғат бауыр жоқтан бар жасап жүр. Ол үшін талай эксперименттер керек. Қырғыздан ұтылғанымыз да сондықтан. Енді-енді ұлттық команданың құрамы анықталып келе жатқанда базбіреулер «Байсопынов керек пе?» деп сұрақ қояды. «Апырау, ана бір Шторкты да, кешегі Беранекті де жылдап ұстадыңдар ғой. Өз ұлымыз тізгінді қолына алған екен, әзірге тимей қоя тұрсаңдар қайтеді» дегің келеді. Жылдам нәтиже қайдан болсын. Ең бастысы, қазақтар алаңда ойқастап жүр ғой. Бұрын өзге елдің екінші құрамасы деп келеке етуші еді. Біздің балалар бүгін ойнамағанда енді қашан ойнайды? 2018 жылғы әлем чемпионатына бармайтынымызды осы топқа түскенде сездік емес пе? Еуропаның Румыния, Польша секілді марқасқалары мен кезінде кәрі құрлықты таңқалдырып чемпион атанған Даниядан Красножан түгілі Жозе Моуринью келсе де басып оза алмайтынымызды біле-тұра жалған намысты қайтеміз.

        Красножанның кезінде көмекшісі Кумыков    стандартты жағдайда ойнауды үйретті ойыншыларға. Стандартты жағдайда қазақтардан қарсыластардың қорқып жүргені де сол кез. Енді осы жағын да және шабуылда ойнайтын футболшыларды қарсыластар қақпасы алдында қорғаушыларды емін-еркін алдап өтіп, гол соғуды үйрететін де бапкер керек. Стандартты мәселеге Кумыковты шақыр, ал дриблинг, допты қақпақыл етіп, топ жарып шығатын шабуылшы әзірлеу үшін Бердыев немесе Масудовты шақыр. Бірақ бас бапкер Байсопынов секілді ұлтын сүйетін, қазағын сүйетін жанашыр бапкер болсын. Ал қалғаны бізде бар. Рух та, мінез де.

Қазақтың әр баласы осындай-ақ болса…

aibatyrОсы бір бейнежазбаны өз көзіммен көрдім. Көрдім де таңқалдым. Таңқалғаным, қаршадай баланың арқанның ұшынан ұстап, қарсы жақ қаншама жұлқыласа да айырылмай қойғаны. Тіпті, командалас серіктері сызықтың арғы жағына өтіп кеткенде де сол сызық құрғырдан ары өтіп кетпеудің түрлі амалдарын іздестіріп, жатып алып та тартысқаны. Көрдім де сүйсіндім. Сүйсінгенім, көзіндегі жалындаған оттың жарқылы. «Өлсем де бірілмеймін!». Осындай бір мақсат жатты бала қыранның жанарында от боп ойнап. Көрдім де желпіндім. Өзім де тура осы Айтбатыр секілді арқанға жабысып, бір қадам да берілмес едім-ау деп.

 Кезінде мен де арқан тартқанмын. Бірақ мынандай жанкештілік ойыма да келмепті. Тіпті, түсіме де кірмес еді-ау… Командалас серіктеріммен бірге тартылып, бірге жеңіліп, бірге жеңіп жүрер едік. Ал мына бала енді сұмдық. Бәрі қарсыластарының уысына түсіп, сызықтан өтіп кетсе де бұл берілмейді. Ойынның шарты да сол ғой, арқанның соңындағысы да берілмей, жеңіс қарсыласқа жазылмайды. Ақыры берілмеді. Жатып алды, тұрып күресті, әйтеуір, бірақ берілмеді. Осы жігіттің жанкештілігі ғана қазылардың жүрегін жылытты. Тұңғыш рет арқан тартыс жарысы тең аяқталды.

 Сіз мұндай нәтижені бұрын-оңды естіп пе едіңіз. Әлде көрдіңіз бе?

 Көрген де, естіген де жоқсыз. Тек осы бейнежазбадан ғана көріп, біліп отырсыз. Миллиондардың көзіне түскен Eurosport сайтындағы осы бейнежазба талайлардың таңдайын қаққызды. Түрік деген ұлы елдің Айбатыр деген мықты ұрпағы бар екенін бүкіл әлемге паш етті.

  Сонымен, бұл қай батыр десек, Айбатыр екен. Он екі жастағы Айбатыр Мырзабеков, Орал қаласында өткен «Мен – чемпион!» деген БҚО-ға танымал ойын үстінде бір-ақ күнде атақты болып шыға келді. Айбатыр нағыз батыр екен. Қазақтың барлық баласы бойын намыс билеген, кеудесін жалын кеулеген, көзінде оты ойнаған осы Айбатырдай болып өссе, жаман болмас едік-ау.

Қазақстан құрамасында ойнағысы келгендер шыға бастады

photo_43174Осындайда ой туып жатады. Қазақстан ұлттық құрамасына осы кезге дейін тартпаған адамымыз жоқ. Әсіресе, солтүстік көршілерімізден көп келді. Сидельников, Хайруллин, Балтиев, Гетербиев секілді ойыншылар Ресейден келді. Атай берсең, таусылмайды. Бапкерлер де сол жақтан.

Кейінгі кездері кезінде Қазақстанда туып, түрлі жағдайлармен өздерінің тарихи отандарына оралған азаматтарға да көзіміз түсе бастады. Генрих Шмидтгаль, Александр Меркель, Константин Энгель (Германия), Георгий Жуков (Бельгия) сияқты Еуропада футболы қарыштап дамыған Германия мен Бельгияданда футболшылар тартуды тәжірибеге енгіздік. Бірақ олар қайда? Қазіргі құрамада бұлардың біреуі де жоқ. Бірі жарақат алса, бірі бізден гөрі футболы тартымды басқа елдерге кеткен. Сонда біз мықты футболшыларды қайдан аламыз?

 Өзіміздікі өсу: үйрену, яғни еліктеу, солықтау үстінде. Қарымды да шебер ойыншылар өзімізде де бар. Бірақ көбісі жас, буындары беки қоймаған. Оның үстіне жастар құрамалары соңғы кездері сәтсіз өнер көрсетіп жүр. Сырттан алсақ нағыз бабындағы немесе болашағы зор мықты ойыншыларды алуымыз керек шығар. Алғанда да Қазақстанға қатысы бар. бұл елді туған жерім деп санайтын, осы елі үшін отқа өртеніп, суға түсуге де бар болса, тіпті, жақсы. Сонда олар кімдер?

 Қазір Ресейде ойнап жүрген этникалық қазақтар бар. Мұрат Оңал секілді Голландияда доп тепкен футболшылар да болды, алмай қойдық. Алмау былай тұрсын, жақындатпай қойдық. Бірінші лигадан асырмадық. Өз кезегін күтіп-күтіп еліне аттанды. Өкпелеп кетті, бірінші лигада екі жыл қатарынан сұрмерген атанса да, құрамаға алынбады, жоғары топқа шақырылмады. Өкпелемей қайтсін.

Жақында Олег Чепрасов деген жігіт «Қазақстан құрамасында ойнағым келеді» депті. Он тоғыз жастағы орталық шабуылшы өзіміз кәдімгідей әспеттеген Жуковтың жерлесі екен, Бельгияның «Гел» деген командасында ойнайтын көрінеді. Бойы да сұмдық – 188 см. Бізде онсыз да ылдым-жылдым шабуылшы жоқтың қасы, бойы ұзын болса, тіпті, тамаша емес пе?! Өзі Алматы қаласында туған, Олег екі жасқа толғанда әке-шешесі Бельгияға өшкен.  Бұған дейін Голландияның «Роде», «МВВ Маастрихт» және Бельгияның «Льерсе» командаларында доп тепкен. Ата, әжесі әлі де Алматыда тұрады екен… Мұндайлар көп, мүмкіндік болып жатса Еуропада көп ойнаған, футболдың ұңғыл-шұңғылына қанып өскен футболшыларды тарту керек шығар.

Ойланыңыз, Талғат Маруанұлы, егер кетіп қалмасаңыз, әрине… Бұлар да ертең қазақ болып кетеді.

Ерғожин шаңғы спортын көтере ме?

ergojinҚысқы спорт түрлерінен қиындық көріп жүрміз. Сонау бір жылдары қысқы спорт түрлерінен әлемді аузына қаратқан ел едік.

«Рекордтар фабрикасы» атанған «Медеу» мұз айдыны тұрғанда қазақ мықты еді. Осы мұз айдынында 200-ден астам рекорд жаңартылғанын біреу білсе, біреу білмес.

 Шаңғыдан да қазақ елінің аты да, заты да дардай еді. В.Смирнов, В.Сахнов секілді әлемді таңдандырған спортшыларды өсірген ел. Ноғамбаев секілді жастар арасындағы әлем чемпионын дүниеге әкелген де Қазақстан.

  Шаңғы спортынан әлемдік жарыстардан, Олимпиада ойындарынан құр қалмаған едік, медальдың небір түрін тағынып қайтатынбыз. Соңғы бірнеше жыл қатарынан қоржынымыз бос қайтып жүр. Полтаранин, Николай Чеботько, Евгений Величко, Анна Мельник және Дмитрий Коломеец секілді дарынды шаңғышылрымыз болғанның өзінде. Алексей Полтораниннің орны бөлек бұлардың арасында. Бірақ ол да талай жарыстан шет қалып, атой сала алмай жүр. Таяуда Қазақстан шаңғы спорты түрлері ассоциациясының кезектен тыс конференциясында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мемлекеттік кіріс комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин Шаңғы спорты түрлері ассоциациасының басшысы болып тағайындалды. Бұрынғы басшы Өмірзақ Шөкеев аталған дөйге орнын босатып, өзі оның орынбасары болып тағайындалды. Қалған орынбасарлары да тегін емес: Есет Ешпанов, Жеңіс Қасымбек, Ерболат Досаев. Бас хатшысы –  Асқар Уәлиев. Бәрі атынан ат үркетін азаматтар.

Жалпы, Ерғожин шаңғы спортын сонау кеңес өкіметі кезіндегі биіктікке көтере ала ма? Оны енді алда – 2017 жылы ақпан айында Саппорода өтетін қысқы Азия ойындары мен 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пьёнчен қаласында жалауын көтеретін қысқы Олимпиада ойындарында көреміз.

Жігіттеріміз сымбатты, боксымыз өркендеп тұр ғой…

danБокстан Рио Олимпиадасының чемпионы және 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатының жеңімпазы, Қазақстан ұлттық құрама командасының капитаны Данияр Елеусінов жарнамаға түсіпті. Бірінші рет емес, әрине. Өзі үшін де емес, өзіне ақша жасау үшін болса бір сәрі. Өзі де алады ғой, бірақ жалғыз өз мақсатын қанағаттандыру мақсатында түспеген.

Қазақстан бокс федерациясы шашты күтуге арналған өнімдер шығаратын трансұлттық компания өкілділігімен серіктестік келісімшартты ұзартыпты. Өткен жылы Данияр су сабын шығаратын компанияның бет-пішіні ретінде телевидениеде, Интернетте және сыртқы жарнамаға түскен еді. Өте табысты болды. Енді компания оны таға бір жылға созу туралы шешім шығарыпты. Олимпиада чемпионы алда фотосессия мен жаңа бейнежазбаға түспек, сондай-ақ PR акцияға қатысатын болды.

 «Біз спортты қолдаап жүретін мұндай аса ірі компаниямен істес болғанымызға қуаныштымыз, – дейді ҚБФ-ның атқарушы директоры Бекжан Бектенов. – Келесі жылы да бірлесе отырып, табыстарға жетуге тиіспіз, ол екі жаққа да оңтайлы болмақ».

Аталған брендтің қазақ боксын, оның ішінде қазақ былғары қолғап шеберін таңдап алуы тегін емес. Қазақстан – әлемдік бокс державасы, ал Елеусінов – әлемдегі ең үздік боксшы. Сымбаты бір бөлек.

  Қазақстанды неге таңдамасын, бұл – тек ақша табу жолы ғана емес, танымалдылықта арттыра түсудің де жолы ғой.

Д.ӘЛІ

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!