Қазақтың қарапайым жігіті – Жасұлан Қали

zhasylan-kaliЖасұлан ҚАЛИ, «Жұлдыз FM» радиосы «Таңғы шоу» бағдарламасының жүргізушісі əрі бағдарлама директоры.

Таңғы ұйқыны қимай, ерініп тұрып, жұмысқа немесе сабаққа асығып бара жатсаңызрадио тыңдаңыз. Күн сайын таңғы 8 бен 11 аралығында «Жұлдыз FM» радиосында «Таңғы шоу» бағдарламасы жүреді. Түрлі тақырыптар, жүргізуші Жасұлан Қалидың орынды әзілдері, әсем әуен, тыңдарманның пікірі мен ықыласы таңғы көңілкүйіңізді көтеріпақ тастайды. Үш сағат бойы тікелей эфирде тыңдарманды жалықтырмай ұстап отыру – диктордың шеберлігі мен еңбегінің жемісі. Өзін «қазақтың қарапайым жігіті Жасұлан Қали» деп таныстыратын диктордың дауысы радиосүйер қауым үшін таныс. Әсіресе, қоғамдық көліктерде «Жұлдыз FM»-ді тыңдаған жолаушылардың Жасұлан ағаның әзілдеріне сүйсініп, езулеріне күлкі үйіріліп тұрғанын жиі байқаймыз. Күн өткен сайын Жасұлан Қалидың тыңдарманы көбеюде. Тіпті, хаттарды оқып үлгермей жатады. Он үш жыл бойы радиода еңбек етіп жүрген ерекше дауыс иесі, әзілдің майталманы Жасұлан Қали мен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Радиода жұмыс істеген 13 жылдық ғұмырында Жасұлан алғаш рет сұхбат беріп отырса, мен алғаш рет журналистен сұхбат алып отырғанымды айтып, мәз-мейрам болдық.

Футболшы  болуды армандап, философияны тәмамдағанмын

 – Білім күнінде, яғни 1қыркүйек күні жеті айлық болып дүниеге келіппін. Салмағым 1200 грамм болыпты. «Анамның құрсағында жатқаныма жеті ай болды, ертерек жарық дүниеге шығып, тірліктерімді бітіре берейін» деп асығып шығып кеткенмін ғой (күлді). Содан мен дүниеге келген соң анам екеуміз Беріктас дейтін ауылдағы үйімізге қайттық. Осы ауылда 3-сыныпқа дейін оқыдым. 4-сыныптан бастап Алматы қаласында дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта, қазіргі Алматы облыстық академик Шалтай Смағұлов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған физика-математика мектеп-интернатында оқыдым. «Ақ желкеннен» осы сұхбатымды оқып отырса, барша ұстаздарыма рахмет айтқым келеді. Сынып жетекшім Роза апай, Клара апай, Жарас ағай, Бақытнұр ағай, бұрынғы директорымыз Нұрғиса апай, қазіргі директор Əділ ағай, ұзақ жасаңыздар, білімді шəкірттеріңіз көп болсын дегім келеді.

– Балалық шағыңыз қалай өтті? Бала күнінде футболшы болуды армандамаған бала жоқ шығар. Сіз де футболшы болуды армандадым деп қалдыңыз.

– Оқушы кезімде спортқа жақын болдым. Күреске де, каратэге де қатыстым, баскетбол, волейбол, футбол, бəрін жақсы ойнадым, жүгіруден, тіпті, «Құлагер» сияқты шабатын едім ғой, шіркін (күлді). Футбол ойнап жүргенімде анам: «Балам, доп қуалап жүре бересің бе? Сен үйдің үлкенісің, ақша табуың керек», – деп айтатын. Сонда да сахнада əн айтып, мəдени шараларды білек сыбана ұйымдастырып жүретінмін.

– Білуімізше, ҚазҰУ-дың түлегісіз. Қандай мамандықты тəмамдадыңыз?

– Ұят та болса, бір қызық айтайын. Мектеп бітірген соң досым екеуміз ҚазҰУ-ге құжат тапсыруға бардық. Халықаралық құқық мамандығына түспек болдық. Қабылдау бөліміндегі апай: «Балаларым, мен сендерге бір сыр айтайын. Сендер бұл оқуға түсе алмайсыңдар-ау. Себебі түсетін адам түсіп қойған. Өздерің жақсы оқыған көрінесіңдер, барып басқа мамандықта бақтарыңды сынап көріңдер», – деп ақылын айтып, шығарып салды. Негізі заңгер боламын деп армандаған жоқпын. Осы мамандықты бітірсең «крутой» боласың дегенді естіген соң келген бетіміз ғой. Бірақ, менен жақсы адвокат шығатын сияқты көрінді. Сөйтіп, қабылдау бөлімдерін аралап жүріп, «Философия» деген жазуға көзім түсті. Құжат қабылдаушыдан «Философия деген қандай оқу?» деп сұрадым. «Филология дегенді білесің бе? Соның екінші түрі», – деді ол. «О-о, филология деген жақсы ғой!» деп құжаттарымды тапсырып, грантқа оқуға түстім.

Мектеп-интернатта филология сыныбында, яғни қазақ тілі мен əдебиетін тереңдетіп оқытатын сыныпта оқығанмын. Содан университеттегі алғашқы лекцияларға барсам, профессор өмір мен өлім, дін мен жан туралы айтып, талқылап жатыр. «Мынау өзі біртүрлі ғой. Мен қайда тап болдым?» деп қатты састым. Ұстазымыздан: «Философия деген не?» деп сұрасам, «Философия деген – өмір» деп жауап берді. Филология мен философияның арасы жер мен көктей екенін кейін білдім (күліп). Бірақ, Аллаға шүкір, жақсы оқып бітірдім. Қызыл диплом алған жоқпын. Қызылды қыздар алсын дедім де, патриотпын ғой, туымызбен түстес көк диплом алдым. Ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы Ғарифолла Есім ағай деканымыз болды. Əлі есімде, бейсенбі күні бірінші, екінші сабақта сол кісі лекция оқитын.

Студент кезімде  КВН-ға қатысқанмын

– Футболшы болуды армандап, философияны тəмамдап, қалайша журналист болдыңыз? Бұл салаға келуіңізге не себеп болды?

– Университет қабырғасында белсенді болдым. Əртүрлі мəдени шаралар мен кездесулерді ұйымдастыратынмын. КВН (КТК) ойындарына қатыстым. Философия жəне саясаттану факультетінің тарихында болмаған алғашқы КВН командасын құрдым. Университетаралық лигада жүлделі орындардан көрініп жүрдік. ҚазҰУ құрама командасында да ойнауға шақырды. Бірақ, əзіл айтқаның үшін ол кезде ақша төлемейді. Үйдің үлкені болғандықтан, жұмыс істеп, ақша табуым керек болды. Сөйтіп, той-бизнес əлеміне қадам жасап, достарыммен бірге «Əлем» дейтін топ құрдық. Тойда əн айтып жүрдік. Бір тойда Нұрлан Албан ағамыз асаба болды. «Бауырым, сенің дауысың радиоға келетін сияқты. Мен «Ретро FM» радиосында жұмыс істеймін. Бағыңды сынап көргің келмей ме?» – деген ұсыныс айтты. Журналистикадан хабарым жоқ, еш нəрсе білмеймін ғой деп қатты қорықтым. Мысалы, қазір əншілердің тележүргізуші немесе актер болып кетуі оп-оңай ғой. Менің ойымша, білмейтін салаға тұмсығыңды сұға берген жақсы əдет емес. Алайда, егер халық қолдау білдірсе, қолыңнан келеді десе, байқап көруге болады екен. Нұрлан аға ертіп барып, дауысымды жаздырды, бастықтардың көңілінен шықтым. Біраз уақыт Нұрлан Албанның жанында жүріп көп нəрсені үйрендім. Осылайша, радиодағы еңбек жолым басталды.

«Ретро FM», «Қазақ радиосы», «Радио 31», «Хабар радиосы», «NS радиосы», «Русское радио», «Авторадио», «Nostalgia» радиоларында бас-аяғы 13 жыл еңбек етіппін. «КТК» арнасының дубляж бөлімінде аудармашы болып 7-8 жылдай жүрдім. Қазір, өздеріңіз білетіндей, «Жұлдыз FM» радиосында жұмыс істеймін.

– Қазіргі таңда əуе толқынындағы ең танымал бағдарлама – «Таңғы шоу». «Таңғы шоуға» қосылған кез келген тыңдарман басқа толқынға ауыса алмайды. Тыңдарманды елітіп əкетіп, үш сағат ұйытып тыңдата білудің сыры неде?

– Шынайылықта шығар. Мен өзім сондай адаммын. Қалай бар, солай айтамын. Сырымды бүгіп, жасандылықпен жүргізе алмайды екенмін. Кейбір адамдар сияқты біраз бетперделерді киіп көрдім, бірақ, тұншығып қала жаздадым (күлді). Ешқашан «Таңғы шоуды» сценарий бойынша жүргізіп көрмеппін. Кейде тікелей эфир кезінде əріптесім Анар Мыңбаеваның аяғы тиіп кетсе:  «Анар, мен саған не істеп қойдым? Неге мені теуіп отырсың?» – деп айта салам. Тұрам да, билеп кетем. Бəрі шынайы. Эфирге келген қонақтар да, əншілер де «тек «Жұлдыз FM»-де ғана өзімізді үйде отырғандай еркін сезінеміз» деп айтып жатады. Бізге келген қонақтар алғашқы 10-15 минутта салмақты болып, сырын бүгіп отырады, кейін эфир барысында ашылып, соңында шашылып кетеді (күлді). Əзіл ғой, əрине.

– Əзіл демекші, эфир барысында жиі əзілдейсіз. Алайда, адамның бəрі бірдей емес. Студияға келген қонақтар немесе тыңдарман шамданып,  əзіліңізге ренжіп жатпай ма?

– Мен өзімді керемет əзілқоймын деп айта алмаймын. Көңілді жүру – табиғатым. Кез келген мəселеге күліп қарау керек. Осы күнге дейін ешкім əзілдерің дұрыс емес деп ренжіген емес. Керісінше, «Жасұлан мырзаның əзілдері көңіл-күйімізді көтереді» деген көп хаттар келіп жатады. Таяуда бір өзге ұлт өкілінен хат келді. «Таңғы шоудағы» əзілдерге «Казахские элитные шутки» деген баға беріпті. Əзілді де өз орнымен қолдана білген дұрыс деп ойлаймын. Əзілде мəдениет, этика, зиялылық элементтері болуы тиіс. Тағы бір апай хабарласып: «Балам мүгедек еді. Өмірден түңілетін сəттері көп болады. Бірақ, Аллаға шүкір, күнде 3 сағат бойы «Таңғы шоуды» тыңдап, өмірге деген махаббаты күшейе түседі. Рахмет, балам», – дегенде жылап жібергім келген. Аллаға шүкір, қаншама тыңдарманның алғысын алып жүрміз. Сол үшін бірінші Аллаға, екінші «Жұлдыз FM» радиосындағы басшыларыма рахмет айтам. Қазыбаев Батыр Кəкімжанұлы, Омарбекова Мадина Байтұрсынқызы, Қастеев Жан Ерғазыұлы, Майборода Сергей Валерьевичтер бізге үнемі қолдау білдіріп отырады.

Әрбір тыңдарманды туысымдай көремін

– Əр эфир сайын өзіңізді «қазақтың қарапайым жігіті Жасұлан Қали» деп таныстырасыз. Бұл тіркес қалай пайда болды?

– Бұл «Мен қарапайыммын!» деп жар салу мақсатында шығарылған тіркес емес. Тыңдармандарды жалықтырмас үшін ерекше бір нəрсе болсыншы деп, сөз арасында айта салғанмын. Ұмытпасам, «Ностальжи» радиосында істеп жүргенде айтқан болуым керек. Сол күннен бастап тыңдармандарға осы тіркес ұнап, хабарласып жатты.

Қазір менімен танысқан тыңдармандардың өздері «бекер айтпайды екенсіз, расымен қазақтың қарапайым жігіті екенсіз» деп айтып жатады. Студиямызға қонаққа келген тыңдарман болсын, қонақ болсын, бөліп-жармай, сыртқа шығып күтіп аламын. Əңгімемізді айтып, əзілдесіп, шəйімізді ішіп, шығарып саламын. «Əр қазақ – менің жалғызым» дегендей, барлығын бауыр, туыс, жақын көруге тырысамын.

– Тақырып таңдауда неге сүйенесіздер? Аптасына бес тақырып табу, оның айналасында əңгіме құрып, іздену оңай шаруа емес қой…

– Бізде қатып қалған ереже мен тəртіп жоқ. Күнделікті тақырып күн сайын туындайды. Біздің тақырыптар да қарапайым, күнделікті тұрмыспен тығыз байланысты, халыққа жақын. Кейде студияға кіріп келе жатқанда «О, бүгін мынадай тақырыпты қозғасақ қайтеді, осы туралы əңгіме өрбітсек қызық болар еді» деп шеше саламыз. Сондықтан болар, тыңдармандарға да қызықты болады. Бірде əнші Ғаділбек Жанай қонаққа келіп, эфирге кіріп бара жатқанда: «Қандай тақырып алайық?» деп сұрап едім, «Пессимист жəне оптимист» деді. Жарайды дедік те, эфирге 1 минут қалғанда сол тақырыппен бастап кеттік.

– Тікелей эфирдің қиындығы мен қызығы туралы айтып берсеңіз.

– «Таңғы шоудың» əр күні қызық қой. Бір күнде бір емес, бірнеше қызықты оқиға басымыздан өтеді. Ал қиындығына келсек, кейде шақырған қонағың келмей қалады немесе кептелістің кесірінен кешігіп жатады. Осындай жағдайларда көңілің қалады, ренжисің. Бірақ, ешқашан «мені сыйламағандықтан келмей қалды» деп ренжіген емеспін. Менде əрқашан «халықты, көрермендері мен тыңдармандарын сыйламады» деген бір-ақ ой болады. Себебі, тыңдарман күн сайын менен көп нəрсе күтетінін сеземін. Қонақ келсе қуанады. Мен оларды қатты құрметтеймін, олар менің туыстарым секілді. Тіпті, WhatsApp желісінде «Жұлдыз ФМ отбасы» деген топ бар екен. Сол топтағы тыңдарман бір-бірімен араласып, концерттерге бірге барып, күн сайынғы эфирді талқылап отырады.

Менің басты мақсатым – қазақ халқын біріктіру, біз бір-бірімізді жақсы көріп, бір-бірімізді керек етпесек, басқа ешкімге де қажет емеспіз. Жамандығымызды жасырып, жақ-сылығымызды асырып жүрейікші. Тыңдарманыма осыны түсіндіргім келеді. Сосын дикторлар да адам баласы ғой. Кейде мен де ауырып, шаршап тұрамын. Жеке басымның мəселелері туындап жатады. Алайда, менің өз көңіл-күйімді тыңдарманға беруге хақым жоқ. Таңғы уақытта барша халыққа тамаша көңіл-күй, ойын-күлкі, мотивация, серпіліс, жағымды жаңалық керек. Сондықтан, еш нəрсеге қарамастан, халық үшін адал қызмет етуге тиіспін деп есептеймін.

– Сіз сияқты радиожүргізуші боламын дейтін жас толқынға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

– Ақыл-кеңес беретіндей мен өзімді білікті журналистпін деп айта алмаймын. Нағыз кəсіби журналистерді қатты сыйлаймын. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда өтірік журналистер аз емес. Алайда, 13 жылдық тəжірибеме сүйене отырып, болашақ дикторларға əрбір əріпті қадір тұтыңдар дегім келеді. Себебі, радиодағы тіл анықтығы мен тазалығы телевизия саласынан да қиын. Телевизияда адамның бет-əлпеті, түрі, іс-қимылына назар аударылады да, дыбыс екінші орында қалып қояды. Ал радиодағы тіл қателіктері бірден аңғарылады. Сондықтан, əртүрлі жаттығулар жасап, 42 əріпке құрметпен қарап, оларды анық айтуға, таза сөйлеуге тырысу керек. Дикцияң орныққан, қалыптасқан, дауысың ерекше жəне жағымды болуы шарт. Дейтұрғанмен, менің дауысым онша емес, сондықтан диктор бола алмаймын деу – қате пікір. Дауысқа арналған жаттығулар мен курстар бар. Арнайы мамандардың ақыл-кеңестері арқылы дауысты дұрыстауға болатынын ескерген жөн. Диктор болу оңай, дайын сценарийді оқып бересің дейтіндерге айтарым – сценарийсіз шығуға тура келетін жағдайлар жиі болады. Сондықтан, радиожурналист боламын десең, оқы дер едім. Тағы да оқы, оқи бер, оқи бер. Сонда кез келген тақырыпта əңгіме өрбіте алатын, дүниетанымың кең болады. Дегенмен, менің əлі де үйренерім көп.

– Сұхбатыңызға көп рахмет!

Дана МАРАТОВА

zhasorken.kz

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!