Қазақстанда баспаналы болу үшін қанша жыл ақша жинау керек? (біздің есеп)

17Баға күйіп тұр. Әсіресе, үйдің бағасы. Қалаға тоқтаусыз ағылып жатқан қарапайым халық, қанша тыраштанса да сол қаладан баспаналы болуға үміті кем. Қазақстанда адал еңбекпен ақша жинап, баспаналы болу шынында да мүмкін емес пе? Бәлкім, ас-судан тыйылып, бір-екі көйлекті кем кисем, үй алуға шамам жетер ме еді деп, кез келген қаңғып жүрген қазақ ойланады ғой. Біраз есептеулер жүргізіп, расында қалай екенін анықтамақ болдық.

         Қалайша дейсіз. Статистиктер «орташа» көрсеткіштерді жариялағыш қой. Біз де оларға өз әдісімен жауап берейік. «Bloomberg» агенттігі бүкіл әлем бойынша провинциядан келген адамның үлкен шаһардан үй алуы үшін (анау-мынау емес, 100 шаршы метр пәтер) қанша жыл қажеттігін зерттеп, елді бір шошытып алған. Сондағы шыққан нәтиже: Мумбайда – 308, Шанхайда – 233, Мәскеуде – 144, Лондонда – 136 және Гонконг – 96 жыл екен. Қазақстандағы даңғарадай 2-3 бөлмені есептеуге жүрегіміз дауаламай, 36 шаршы метрлік қуықтай бір бөлменің құнын шотқа салдық. Өйткені шындық солай, қазақ көсіліп отыратын кең сарай түгілі иық тіресіп отырар шағын күркеге де зәру қазір. 

Статистика агенттігінің таратқан мәліметінше (Ескерту: бұл мақалада тек 2012 жылы жарияланған көрсеткіштер негізге алынды), Қазақстан бойынша үйдің орташа бағасы шаршы метрге 154,1 мың теңге. Сонда біз меңзеген шағын ғана пәтердің құны 38 мың АҚШ долларына тең болады. Бұл жерде, әрине, Қазақстанның әр аймағында үйдің құны әр түрлі екенін ескертуіміз керек.

Біздің елде орташа жалақы деген ұғым бар. Бірақ неге екенін, біз көрген адамдардың айлық нәпақасы оған жетпейді. Неге? Біріншіден, «орташа» жалақы мөлшері алым-салықсыз есептеледі. Екіншіден, оның өзі ең көп жалақы алатындардың үлес салмағына, басқаша айтқанда бай мен кедейдің арасы қаншалықты алшақтағанына байланысты. Мысалы, Атырауда орташа еңбекақы 155 мың теңге. Шын мәнінде халықтың неше пайызы 155 мың теңге алатыны – өз алдына бөлек әңгіме. Ресми деректерге сенсек,  Елордада орташа жалақы 124 мың теңге екен. Алматыда да солай. Қазіргі пәтер бағаларының «орташа» көрсеткішімен 124 мың теңгеңізді ай сайын аударып отырған күннің өзінде бір бөлмелі пәтерге 6 жылда қол жетпек. Бірақ. Үй сатып алуға мүдделілердің көбі кімдер? Кім қаладағы баспанаға зәру? Ең алдымен, үйі жоқ адам. Ал үйі жоқ адам не істейді? Дұрыс айтасыз, пәтер жалдап тұрады. Пәтер жалдау құнының да әр қала бойынша орташа көрсеткіштері белгілі. Тепе-теңдік болу үшін оны да 36 шаршы метр бір бөлме дейік. Мысалы, «орташа» көрсеткіш бойынша Астанадағы жалға берілетін пәтердің шаршы метрі 1 865 теңге-мыс. Осы жолдардың авторы бір бөлмелі пәтерді 80 мың теңгеден жалдайды делік. Астананың ең қымбат ауданынан емес, ең керемет жабдықталған пәтері де емес. Оң жағалаудың орташа ғана пәтері. Бізге оның шаршы метрі 2 051 теңгеден айналып тұр. Орташа көрсеткіштен артық па? Артық. Бірақ біз өзімізді «орташадан жоғары» тұратын адамша сезінбейміз. Және «орташа көрсеткішке» сай келетін (70 мың теңге), яғни өзіміздікінен арзан пәтер тапсақ, көшіп кетер едік қой. Басқа сөзбен, бұл «орташа» көрсеткіш те шындыққа сай келмейді. Шындығында үй одан қымбат тұрады.

Содан кейін… адам болған соң, өкінішке қарай ауамен қоректенбейсіз. Мейрамханадан ас ішпей-ақ қойыңыз. Бірақ әйтеуір, үзіліп кетпес үшін қара нанмен де өзек жалғап тұру керек қой. «Тұтыну қоржыны», «күнкөріс минимумы» деген ұғымдар бар. Республика бойынша оның көрсеткіші 17 439 теңге. Бір айда 17 мың жұмсаған адам аштан өлмеуі керек дейді Халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. Қайдан білейік. 17 мың теңгеге ай бойы кекірік атып жүрген кісіні көргеміз жоқ. Әрине, әр қаладағы базардың бағасы әр түрлі. Соған орай тұтыну қоржыны да әр өңірге өзінше есептеледі. Ал бір жалақы бір емес, бірнеше кісіні қалт-құлт еткізіп асырауы мүмкін ғой. Біз ондай, үйге жетер жолды ұзарта түсер факторлар туралы ойлағымыз келмеді.  Қалада пәтер жалдап, өз басын ғана алып жүрген қазақтың, кедейлік шегінде өмір сүре тұра, қанша жылда пәтер ала алатындығын шотқа салдық.

Сонымен, біздің есебіміз: жекелеген қаладағы орташа жалақы мөлшерінен ұсталып қалатын міндетті салықты, осы қаладағы пәтердің орташа жалдау ақысын және осы қаланың күнкөріс минимумын шегереміз. Содан қалған қаражатқа жаңағы қалада 36 ш/м пәтерді орташа бағамен сатып алу үшін неше жыл қажет екенін есептейміз. Яғни, біздің есептеулеріміз ең оптимистік есептеу деп қабылдауға болады. Соның өзінде…

Астанада жалға берілетін пәтердің шаршы метрі 1 865 теңге (36 шаршы метрі 67 140 теңге (расында ондай баға жоқ қазір). 124 мың теңге жалақыңыздың салығын, одан үйдің жалдау ақысын және күнкөріс минимумын (18 143) алып тастағанда 13 917 теңге ғана қалады. Дәл осы жылдың басында Астанадағы үйдің орташа бағасы 182 300 теңгені ұстап тұрған. Бір шаршы метрі. Сонда 36 шаршы метріңіз 6 562 800 теңге (44 645 доллар). Бұл соманы жинау үшін 39 жыл ішпей-жемей еңбектенуіңіз керек екен. Ішіміз мұздап кетті.

Алматыда пәтер жалдаудың орташа бағасы шаршы метріне 1 909 (немесе 68 724) теңге. 124 мың теңге «орташа» жалақыдан қолыңызға тиетіні (салық пен міндетті зейнетақы салымын ұстап қалғанда) 99 200 теңге. Одан пәтер ақысын алып тастайсыз. 30 476 теңге. Қара нан мен қара суға кеткен күнкөріс минимумын (18 537) сызып тастайсыз. 11 939 теңге қалады. Осы ақшаның бір тиынын жұмсамай шөлкиге тығып жинағанның өзінде…  58 555 доллар тұратын 36 ш/м-ге 60 жылда бір-ақ кіресіз. Осы 60 жылда сіз: тойып тамақ ішпеуіңіз керек, бүтін киім кимеңіз, үшіншіден, жұмысқа жаяу барғаныңыз дұрыс, төртіншіден, достарыңыз бен туысыңыз болмауы керек. Әріптестеріңізбен де араласпаңыз (жиын-той, кездесудің бәрі шығын ғой). Және ең бастысы 60 жыл бойы күнкөріс минимумы (базар бағасы) мен жалдап тұратын пәтер бағасы өспеуі керек. Сіз тапқан-таянғаныңызды тірнектеп жинап, көздеп жүрген үйдің де бағасы дәл биылғы жылдағы деңгейінде тұрақтап тұрса құба-құп. Ұмытып барады екенбіз, басы артық шығынды қалтаңыз көтере алмай ма, алдағы 60 жылда сізде бала болмағаны да ләзім (құдай кешірсін). Өйткені әр баланың күнкөріс минимумы 12 мың теңгеден басталады… Бұл қалалардан түңіліп кетіп, облыс орталықтарына назар салдық.

Павлодар. Орташа жалақы 53 мың теңге. Салық-малығын ұстағанда 42 400. Жалға берілетін шаршы метр айына 723 теңге (26 028 теңге).  Қалған 16 372 теңгеден күнкөріс минимумын (13 763) қысқартамыз.  2 609 теңге қалады. Төбе шашымыз тік тұрды. Ал үйдің шаршы метрі бұл қалада 143 мың теңге тұрады (5 млн. 148 мың теңге). Сонда бір бөлмелі пәтерді жалдап тұрып, бір бөлмелі пәтерге ие болу үшін 164 жыл кетеді екен… Солтүстікте үмітімізді жерлеп, шығысқа қарай тарттық.

Өскеменде орташа жалақы 63 386 теңге. Оның 10 пайызы ұсталынғанда қолға алатыныңыз 50 786 теңге. Күнкөріс шегін (15 810) шегеріп тастағанда 34 976 теңге қалады.  Жалға берілетін пәтердің шаршы метрі 752 (немесе 27072) теңге. Оны да есептен шығарсаңыз, 7 904 теңге ғана қалады. Шаршы метрі 110,3 мың теңге (3,97 млн. теңге) су-тегін үйге кездескеннің өзінде… Оны алу үшін 53 жыл керек екен. Жарты ғасыр да аз емес. Орталыққа ойыстық.

Қарағанды. 68 648 теңге жалақы. Қолға тиетіні 54 918 теңге. Күнкөріс минимумын (15 959) шегергенде 38 959 теңге. Жалға берілетін пәтердің шаршы метрі  807 теңге тұрады (немесе 29 052 теңге). Оны да шегерсек 9 907 теңге қалады. Сатылып жатқан пәтердің шаршы метрі 109,7 мың теңге (3,9 млн. теңге). Оны жинаймын дегенше 42 жыл зу етіп өте шығады… Оңтүстікте бәрі арзан дейді ғой осы жұрт. Салыстырып көрелік.

Таразда орташа жалақы 65,4 мың теңге. Санап алатыныңыз 52 320 делік. Одан минимумды шегересіз 36 361 теңге қалады. Жалға берілетін ең арзан пәтерлердің бірі осы қалада. Айына шаршы метрі 614 (22 104) теңге. 14 257 теңге әмияныңызда. Мұнда сатып алғыңыз келетін пәтердің бағасы: (82,3 мың теңге) 2 962 800 теңге. 17,3 жыл. Бәлкім, шымқалада одан да жылдам үйлі болып қалармыз?

Шымкентте пәтерді жалға алам десең, айына шаршы метрі 647 теңге (немесе бір бөлмелі пәтерің 23 292 теңге). Расында су тегін сияқты. Алайда мұндағы «орташа» жалақының өзі жетісіп тұрған жоқ: 59 121 теңге. Қолға тиетіні 47 121. Шегересіз күнкөріс минимумы (шымқалада 15 817 теңге) және пәтерақы, тең болады 8012 теңге. Сатылымдағы пәтердің бір шаршы метрі 154 мың теңге тұрады (5 544 000). 5,5 млн. теңгені жинаймын дегеніңізше 57 жыл өтеді екен. 57 жылда кім бар, кім жоқ… Батыс өңірлерде жалақы көп дейді ғой…

Ақтөбе. Орташа жалақы 73 249 теңге. Салықтан адасы 58 601. Күнкөріс минимумын (16 064)  шегергенде 42 537 теңге. Мұнда пәтер жалдау айына 734 теңге (26 424). Оны шегерсеңіз 16 113 теңге қалады. Енді сатылымдағы пәтер бағасына келейік. Қазақстан бойынша ең орташа баға осы қалада: 154,1 мың теңге (5 547 600). Қорытынды: 28,6 жыл.

Ең қымбат қалалардың бірі Атырауда орташа жалақы мөлшері 154 914 теңге. Мұнда жалға берілетін пәтердің бір шаршы метрі 1 255 (36 шаршы метрі 45 180) теңге. 155 мың теңге жалақыдан қолға тиетіні  124 814. Пәтерге төлесеңіз, 79 634 теңге қалады. Күнкөріс минимумын (17 751) алғанда 61 883 теңге. 6,4 млн. теңгеге үй сатып алғыңыз келсе, бар-жоғы 8,6 жыл күтесіз.

Ақтауда пәтердің шаршы метрі 158,5 мың (немесе 36 шаршы метріңіз 5 706 000) теңге. Жалға алсаң айына 840 (немесе 30 240) теңге. Орташа жалақы Т140 913.  112 713 теңге қолға тиеді. Күнкөріс минимумын (15 999), пәтерқысын алғанда 66 474 теңгені банкке сала аласыз. Бар болғаны 7,1 жыл.

Не деген батпан құйрық деп отырған шығарсыз. Бірақ еңбекақы мөлшерін есептеудің құйтырқылықтары бар. Мәселен, бір адам 50 мың теңге, бір адам 300 мың теңге жалақы алса, олардың «орташа» жалақысы 175 мың теңге болып шығады. Республика бойынша 330 мың теңгеден артық жалақы алатындардың үлес салмағы батыста 8,4%. Бүкіл банкирлер мен шенеуніктерді жинаған Алматы мен Астананың өзінде бұл көрсеткіш сәйкесінше 4,2% және 4,1% ғана. Ал Тараз, Қостанай, Қарағанды сияқты қалаларда тұрғындардың 0,4% ғана осындай жалақы алады. Басқа сөзбен, мұнайлы өңірде байлардың шағын тобы «ауа-райын» өзгертіп отыр. Ең өкініштісі, сіз олардың қатарына жатпайсыз ғой…

Есептеуін есептеп алып, қисабымыздан өзіміз шошыдық. Бар ақшаңызды арып-ашып, тыр жалаңаш тыр-тыр қасынып жүріп, өмірден сәуле көрмей, той жасамай, туған күнге бармай, мерекелерді елемей-ақ аударып отырсаңыз да, бір бөлмелі пәтер – бүкіл ғұмырлық мақсатқа айналады екен. Сонда бұл қазаққа өмір бойы қаңғып жүру маңдайға жазылып па?.. Ат басындай алтын тауып алмасаңыз, я ғайыптан тайып әкім шақырып кілт тапсырмаса, бәріміздің басымызда бар жағдай ғой. Бұл цифрларды біз ойлап тапқан жоқпыз. Жоғарыда айтылғандай, Статистика агенттігі жариялаған сан-цифрлар. Атырауда – 155 мың, Астана мен Алматыда 124 мың теңге жалақы алмайтын қазақ қайтеді? Жанармай, жарық, азық-түлік, киім-кешектің бағасы әлі де өсе беретіні шүбәсіз. Аскеттік өмір салтына көшіп, тыраштанып жиған ақшаңыз 40-50 жылда бопыр болып қалмай ма? Ол дәуірлерде пәтер бағасы қандай болатыны туралы (сіз бен бізде жүрек талмасы ұстап қалмас үшін) жұмған аузымызды ашпай-ақ қоялық.

Айтпақшы, бұрындары «орта тап, орта тап» деген сөз жиі айтылатын еді. «Орта таптың» өкілінде өлтірмейтін жұмыс орнынан бөлек баспанасы мен жеке көлігі болу керектігі белгілі болып қалды. Ал уақыт шіркін көліктің қайдам (соңғы кездегі бағаның қарқыны оны да қолжетімді қыла қоймас), баспананың ұстатпайтын «роскошь» екенін аңғартты. Әлемдік стандарт бойынша, бір шаршы метр үйдің бағасы айлық жалақымен тең болуы керек дейді білгіштер. «Әлемдік стандарт» деп тамсанып өткен дәурен-ай.

Д.Мәкежан

 Тақырыпқа орай (зілді әзіл)

Балгер жас жігітке:

– 40 жасыңызға дейін баспанаға зар болып өтеді екенсіз.

– Одан кейін ше? Одан кейін баспанам бола ма?

– Одан кейін үйреніп кетесіз. Ештеңе етпейді…

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!