Сары баланың бұл қай сасқаны?

arshavБіз қызықпыз. Келімсектердің келекесін де, берекесіздігін де кешіре саламыз. Кешірімшіл болған жақсы ғой, әрине. Егер ол кешіруге жараса.

 Мәселе мынада. Футболдан Қазақстан кубогы жолындағы жарыстың финалында «Астана» командасын өз алаңында қабылдаған Алматының «Қайраты» 0:1 есебімен ұтылып, қолындағы жүлдеден айырылып қалды. Қолда мәңгі қалайын деп тұрған кубоктан айырылып қалу кімге оңай дейсің, көңіл күйлері нашарлап, ұнжырғалары түскен алматылық футболшыларды да түсінуге болады. Бірақ осы команданың белді ойыншысы, ресейлік Андрей Аршавин екінші орын үшін өзіне тапсырылған естелік медалін жанкүйерлерге лақтырып кеп жіберді.

 Легионердің бұл қылығын «Қайраттың» бас директоры Мәлік Көшәлиев былай деп түсіндіріпті: «Андрей жеңіп алған медалін не істесе де өзі біледі: сақтай ма, біреуге бере ме, болмаса, аукционға қоя ма, одан түскен ақшаны қайырымдылық ретінде басқаларға ұсына ма?».

Көшәлиев мырза бүгінде осы футболшы үшін стадионға ағыла бастаған жанкүйердің санына қуанады. Аршавин келгелі Алматы футболмен кең тыныстап жүргенін де мақтана жеткізеді. Бірақ бас директор айтпаған бір анық бар, ол – Аршавиннің екінші орынды місе тұтпағаны, бұл медальдің оған түкке де қажет еместігі. Мұны сырт елден жасыруға болар еді ғой, екінші орынға жеткен де бар, жетпеген де бар дегендей.

Аршавинде бәрі бар екенін білеміз. «Зениттің» (Санкт-Петербург) құрамында Ресейдің үш дүркін чемпионы; екі дүркін күміс және бір мәрте қола жүлдегері. Ресей Премьер-лига кубогының, Суперкубогының иегері. УЕФА кубогының және УЕФА Суперкубогының иесі. Мұнда атақ-даңқпен Қазақстан кубогының күміс жүлдегері болу оның тақиясына тар келіп тұр-ау.

Ел кубогын, Алматы жанкүйерлерін сыйлау керек еді. Қанша мықты ойыншы болса да сәл-пәл көргендік жетіспей тұр. Жазалау керек пе еді, өйтейін десе Көшәлиевтің сөзі анау. Ал Ресейді қараңызшы, Голландиядан бекер кеткенін айтып, өзін мына Ебугада (Екатеринбург дегені ғой) қайдағы бір балалар бақшасында жүргендей сезінгенін айтқаны үшін Г.Жуковпен қоштаспақ. Ал біз осы жігіттің аузына ақ ит кіріп, көк ит шықса да түк демедік. Тастады да кетті. «Урал» командасында намыс бар екен, басынан сөз асырмай тұр.

Біз жалпақшешей шығармыз, Аршавинге бір ауыз сөз айту былай тұрсын, қорғап әлекпіз.

Намыс болмаса, табыс болмайды. Медаліміздің қай түрі де біз үшін қасиетті. Қасиетсіздік абыройсыздыққа апарады.

Ресейдің әнұраны орындалғанда қуаныпты…

bibisaraӨз ертеңімізден өзіміз қашамыз. Неге?

         Қазақстанда жүріп шахматтан әлемнің төрт дүркін чемпионы болған Бибісара Асаубаеваны Ресейге жіберіп алғанымыз кеше секілді еді. Көрші елге табан тірей салып, бесінші рет әлем чемпионы атанды. Жеңіс тұғырында тұрғанда Ресейдің әнұраны орындалып, бір-ақ күнде осы елдің топырағында туып, қанымен суыралғандай сезімге бөленіпті. Осы жеңістен кейін оған Химки қаласынан пәтер берілді. Спорттық шеберлігін жетілдіру үшін 12 жасар талантты шахматшы қызға барлық жағдай жасалды.

 «Маған Ресейдің спорттық формасы бала кезімнен-ақ ұнайтын. Сол форманы көргенде қатты қызығатынмын. Бразилияда Қазақстан құрамасында жүріп бірінші орын алғанды мұны ерекше сезіндім. Ал Батумиде өткен әлем біріншілігінде осы олқылықтың орны толғандай болды, әсіресе, Ресей әнұраны орындалғанда көңілім толқып тұрды. Ол маған керемет ұнайды» деді жас шахматшы.

Жалпы, біз кімді тәрбиелеп жүрміз? Жағымпаз, екіжүзді балаларды көріп отырмыз. Сәби ғой. Бірақ мына сөзіне қарап, басқа бір ықпалды байқаймыз. Ресейді мақтамаса, Ресеймен мақтанбаса өспейтінін бұл бала қайдан біліп алған. Анасы бойына сіңірді ме? Әлде бізде сондай бір қасиет бар ма?

 Осыдан оншақты жыл бұрынғы бір сұхбатында осы Бибісараның жерлесі атақты футболшы Ваит Талғаев «Қаным шешен болғанымен, рухым –

қазақ» деп айтқан сөзінен таяуда бас тартты. «Ол журналисті мен соншама жақсы танымаймын да және мен дәл бұлай деуге қақым жоқ. Қызық, қаным шешен болса, рухым қалай қазақ болады?» деп тайқып шықты. Міне, екіжүзділіктің классикалық түрі.

 Егер Асаубаева алда-жалда Қазақстанға қайта оралса, жеңіс тұғырында тұрып, әнұранымыз орындалғанда өзін қалай сезінер еді. Ол сезімін қалай жеткізер екен?

  Қазақ спортшыларының киімі орыс әріптестернінен бірде-бір кем емес. Оны кигенде қандай күйде болар екен?

Міне, бұл – дұрыс шешім…

talgatСонымен ретін тауып, Байсопыновты тақтан түсіруге тырысқан біреулердің жоспары быт-шыт болды.Ұлттық құраманың бас бапкері орнында қалды. Өзіміз де солай болжағанбыз. Салыстыра қарағанда керемет нәтиже көрсете қоймаса да қазақылана бастаған Қазақстан құрамасы Байсопыновтан артық ұлттық кадрды көріп тұрған жоқ. Жетіспей жатқан кейбір тұстарды, бұрын айтып кеткеніміздей, Красножан да, Беранек те, Вайсс та, тіпті, Моуринью де түзете алмайды. Оны түзету үшін алдымен ұлттық құрама құрып алу керек еді. Ол енді бар. Екіншісі, ұлттық рух қажет еді. Ол да бар. Мінез керек еді, ол да пайда болған секілді, соңғы минутқа дейін ойнауға көштік.

Енді не керек? Шеберлік. Футболшыларымыздың жеке шеберлігін жетілдіру. Бұл бір ғана Байсопыновтың жұмысы емес, осы шаруашылықтың маңайында жүрген барлық маманның тірлігі болуы тиіс. Осыдан бірнеше жыл бұрын айтқан ойымызды тағы да тірілтіп кетейік. Ұлттық құрама бапкерлер штабы арасында қарсыластардың қақпасы алдында ойнақ салып, қорғанысты бұзып-жарып өтетін шабуылшыларды тәрбиелейтін, шеберлігін шыңдайтын арнайы маман қарастыру керек. Ал қақпашылардың арнайы бапкері бар әр командада. Енді шебер шабуылшыларды ширықтыратын осындай лауазым ендіру керек деп білеміз.

Талғат Маруанұлының қасында сондай шебер маман болса, құба-құп. Байсопыновты қалдырдық. Бұл – бір әділ шешім, футболымыздың ұлттық болмысын сезген көрегендік болды.

Көрінгеннің сөзіне сенгеннен гөрі өзіміздің жүрек көзімізге сенейікші. Алданбаймыз.

Дұрыс тамақтанбағанбыз ба сонда?

dopingМына түрімен допинг дауы бітпейтін шығар. Ақыр аяғы Ильиннің де алтынын алып тынды. Бір емес, екі алтынын: Бейжіңдегі және Лондондағы. Еңбегімен келген, төгілген терімен жеткен.

   БАДА-ны қанша жазғырып, жамандағанымызбен, өзімізден де бар. Елдің балаларындай тыныш жүрсек қайтер еді. Өзге елдің ауыратлеттерінен түк те шыққан жоқ қой. Біздің 2008 және 2012 жылғы олимпиадаларға қатысқан зілтеміршілеріміздің бәрі тоңқалаң асты. Неге?

  Осыған қатысты талай болжам жасалды. Бірінші, саясатқа баладық. Екіншіден, біздің жетістіктерімізді көре алмады дедік. Тағысын тағылар. Ал Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков мұны спортшыларымызға арналған тағамдар мен БАД-тардан көріп отыр.

 «Бізді Ильин ғана қызықтырады. Ол – біздің ұлы қаһарманымыз, одан басқа да біраз спортшыларымыз зардап шекті. 2008 жылы Бейжіңде берілген допинг-сынамада зілтеміршілеріміз таза шықты, Лондонда да кінә таба алмады. 2013 жылы адам ағзасындағы тыйым салынған препаратты анықтайтын жаңа әдістеме пайда болды. Қанға бұл препараттардың қалай түскенін түсінбей отырмын, бірақ менің пайымым бойынша бұл спорттық тамақтану немесе спорттық қосымшалар» дейді вице-министр.

Осы препаратты жеткізушілермен күресу керектігін айтты С.Мұсайбеков. «Италияда мұндай қылмысқа жауапкершілік қарастырылған. Спортшыларға осы препаратты беретіндер 5 жыл, ал оны біле тұра қасақана пайдаланатындар 2 жыл бас бостандығынан айырылып, 50 мың еуро айыппұл төлейді» дейді вице-министр.

Біз енді шындыққа жақындаған сыңайлымыз. Айта-айта әбден жауыр еткеннен гөрі, жазалауға көшкеніміз жөн. Өз заңымыз, өз қолымызбен. Әйтпесе, елді де, өздерін де абыройдан жұрдай етіп болды.

Д.ӘЛІ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!