Жақсылық Үшкемпіров: Өзімшілдігімізді қойып, елдік деңгейде ойлауымыз керек

zhaksylykЖақсылық Үшкемпіров, Мәскеу Олимпиадасының чемпионы.

«Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі, қайдан алсын кемеңгерді», — дейді Ілияс Жансүгіров. Қазақтың нар тұлғалы азаматы, палуаны – Жақсылық Үшкемпіровті танымайтын қазақ кемде-кем. Жақсылық Үшкемпіров өз ұлтының спорты ғана емес, мәдениетінің де жанашыры. 2015 жылы алғаш рет «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы ұйымдастырылғанда біріншілердің бірі болып медальдары мен спорттық киімдерін музейге сыйға тартты. Яғни, болашақ ұрпаққа сыйға тартқан болатын. Біздің ол кісімен әңгімеміз де осы «Ұлттық музейге сый тарту акциясы» аясында өрбіген еді.

– Жақсылық аға, қазір еліміз бойынша «Ұлттық музейге сый тарту» атты ауқымды акция ұйымдастырылып жатқанынан хабардарсыз. Осы акцияға алғашқылардың бірі болып атсалысып, үн қатқандардың бірісіз. Қандай бұйымдарыңызды табыстадыңыз?

– 2015 жылы осы акция ұйымдастырылғанда Ұлттық музейге барып,  спорттық киімдерім, өзім жайлы жазылған кітап пен медальдарымды сыйға тарттым. Ұмытпасам алты медаль болатын. Олардың ішінде КСРО біріншілігінің, Иван Поддубный атындағы біріншіліктің және 1981 жылғы әлем чемпионатының медальдары бар. Ал, ең бастысы 1980 жылы Мәскеуде өткен олимпиаданың алтын медалін табыстадым.

%d0%b6%d0%b0%d2%9b%d1%81%d1%8b%d0%bb%d1%8b%d2%9b-%d0%bc%d0%b5%d0%b4%d0%b0%d0%bb%d1%8c

– Сіздің медальдарыңыз өткеніңіздің ең бағалы естеліктері мен табаныңыздың ізі қалған жерлердің айғағы, өмір бойы талпынып, еңбектенген дүниеңіздің тәтті жемісі десек те болады. Ал осындай бағалы бұйымдарыңызды музейге тапсыру сіз үшін қиынға түспеді ме?

– Мүлдем қиынға түскен жоқ. Мен шынымды айтсам, өзімнің спорттық карьерамдағы пайдаланған көптеген заттарым өзімде емес. Олардың барлығын әр өңірлердегі музейлерге тапсырғанмын. Алматы қаласындағы Орталық музейде, Қазақстанның спорт музейінде, оқыған жерім Семейдегі музейде менің көптеген грамоталарым мен пайдаланған бұйымдарым сақтаулы. Біз ендігі жерде өзімшілдігімізді тастап, елдік деңгейде ойлауымыз керек. Менің медальдарым жанымның жартысы десем де, олардың үйде шаң басып жатқанынан ешкімге пайда жоқ. Және олар менің емес, халықтың медальдары, елдің игілігі. Мені тудырған халықтың жеңісі. Олай болса, бұқара халық өз жеңісін қалаған уақытында көре алуы тиіс. Жастар музейге келіп өз ұлтының спорттағы тарихын түсініп, халқына аянбай қызмет етсе ел есінде қалатынын ұғынуы шарт.

– Өте орынды айттыңыз, аға. Әлі де жұрттың сандығы мен шкафында, шатыры мен жертөлесінде ашылмаған, ғылыми айналымға түспеген небір құнды жәдігерлер тұр.  Оны «бабамның бабасының көзі» деп, ешкімге айтпай, көрсетпей ұстау арқылы сақтаймыз деп ойлайды. Сіз бұған не дейсіз? Жалпы, «Ұлттық музейге сый тарту» акциясының мән-маңызы жайлы ойыңызды айтсаңыз.  

– Өз басым Ұлттық музей ұжымына разымын. Ұлттық музей ашылғаннан бергі аз уақыт ішінде халық үшін қажетті дүниелерді көптеп ұйымдастыруда. Ал сол іс-шаралардың ішіндегі ең ауқымдысы да, ең қажеттісі де «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы деп білемін. Өйткені, осы акция арқылы музей жастарды тәрбиелеудің құралына айналып келе жатыр. Тіпті белгілі бір дәрежеде жастардың жанына жігер құяды десек те қателеспейміз. Мысалы, қазақтан шыққан нар тұлғалы азаматтардың өмірде қолданған заттары, алған дәрежелері музей қабырғаларында ілініп тұрғанын көріп, оны таныған баланың да санасында отаншылдық сезім оянуы кәдік. Жоғарыда «жеңіс – халықтыкі» дегенімдей, Ұлттық музей де халықтың ортақ қазынасы. Сол үшін әрбір азамат, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» атсалысар болсақ, сәні де кіре берері сөзсіз. Ұлттық музей осы ұйымдастырып жатқан акция арқылы ат төбеліндей адамдардың емес, рухани байлық іздеген, ұлт тарихы мен айтулы тұлғаларын іздеген барша бұқара халықтың бетке алар құбыласына айналады деп ойлаймын.

Сұхбаттасқан – Досхан Жылқыбай.

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!