Рыскүл Бекталиева, Ұлттық музейдің бас қор сақтаушысы: Жұмекен ақын екпеттеп жатып өлең жазған сырмақ та біздің музейде

_nik6753-2-1Сіз көп жылдан бері музей саласында қызмет атқарып келесіз. Өзіңіздің жұмыс тәжірибеңіз барысында «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы сияқты іс-шаралар есіңізде ме? Немесе бұл акцияның басқалардан қандай айырмашылығы бар?

– Ұлттық музейге сый тарту акциясының ерекшелігі – елге танымал тұлғаларға қатысты мұраларды іріктеп, сұрыптап жинайды. Ал мен өзім қалалық, облыстық музейлерде жұмыс істей  жүріп осы сияқты акцияларды көргенмін. Бірақ олар «есімін тарихта қалсын десең» деген мағынада жүргізіледі. Бұл акциялар халықты музейге зат тапсыруға ынталандыру мақсатында ұйымдастырылады.  Бірақ ол акциялар жылдан-жылға жалғасып, тұрақты түрде өткізілген жоқ. Себебі халық үйінде тұтынуға жарамсыз заттарын тапсырады. Музей өзі қабылдаймыз деп жариялаған соң, керексіз болса да ол заттарды қабылдайды. Бірақ оның бәрі бағалы жәдігер емес қой. Ал музейдің міндеті – қандай да бір мұраны алғанда ол заттың белгілі бір оқиғамен, тұлғамен байланыстылығын ескеру керек. Сол сияқты ол заттың тартымдылығы мен әсерлілігі және ақпараттылығына да аса мән беру қажет. Ал үйде керексіз жатқан, ескі затты музейге тапсырса, одан ешқандай да бағалы мұраға тән қасиет болмайды.

         Ал «Ұлттық музейге сый тарту» акциясының ерекшелігі – жоспарлы түрде, кімнен не алатынымызды алдын ала зерттеп, тектеп алып іске кірісеміз. Музейге келетін заттың құндылығы мен тарихи маңызына ерекше мән береміз. Жүздеген заттың ішінен бір бағалысын, әсерлісін, тарихи маңызы барын таңдай білу қажет. Мысалы қаламгер өз жеке кітапханасынан көптеген кітаптарды ұсынуы мүмкін. Бірақ соның ішінде қаламгердің өз қолтаңбасы қалған бір парақ қағаз бізге құнды болуы да мүмкін. Себебі сол жазушының тарихи құнды еңбек жазу барысындағы алғашқы қолжазбасы, түзетулері тарихи құны ерекше болып есептеледі. Себебі ол әйгілі шығарманың туу процесін көрсететін айғақтық құжат. Сол бір жапырақ қағаз баспадан шыққан 10-15 томдық кітаптан құнды болуы да ғажап емес. Әрине, біз бірақ кітаптарды да жоққа шығарып отырған жоқпыз.

  • Осы акция барысында ерекше есте қалған, сіз күтпеген жәдігерлер болды ма?

– Бізге келіп жатқан дүниелердің барлығы маңызды. Егер ол ондай бағалы болмаса, біз оны сонша заттың ішінен таңдап алып келмес едік.  Әрбір затта тарихи тұлғаның қолының табы қалған. Мәселен Қадыр Мырза Әлінің ұшталып-ұшталып таусылуға шақ қалған қарындашыда болашақ ұрпақ үшін тәбәрек. Ол сол кішкентай қарындаш арқылы өмірге талай құнды, мағыналы, жалынды жырлар қалдырды. Сол сияқты Жұмекен Нәжімеденовтің анасының сырмағы. Жұмекен ақын шығармаларын сол сырмақтың үстінде екпетінен жатып жазған көрінеді.

Менің сондай әсер алған дүнием ол – Ыбырай Жақаевтың кетпені мен терінің исі сіңген тақиясы болды.

Акцияға халқымыз қай деңгейде атсалысуда? Жалпы қазақстандықтардың музейге деген қарым-қатынасы жайлы айтсаңыз.

– Мәселен Хан Кененің тұқымы, Тайшық сұлтан, Сыздық сұлтандардың ұрпақтары бар. Сол Сыздық сұлтанның ұрпағы Файзолло Румызов деген болды. Румызов Сәкен Сейфуллиннің әкесі Сейфолломен дос болған, бір-бірінен күй үйреніп өскен. Сол Файзолла атамыздың үйіндегі немере келіні Амангүлден атаның осындай-осындай дүниелері бар еді деп сұрастырсақ, олар сұрап келген адамдарға таратып жіберіпті. Сондай өкінішті жағдайлар да болды.

Ал Муса Жарқынбеков деген ағамыздың жинаған 100-ге жуық музыкалық аспаптарын артында қалған зайыбы сол мұраларды шын пейілімен  Ұлттық музейге тапсырды. Бекзат Саттархановтың алтын медалінің көшірмесін Ермахан Ыбрайымов бастаған жігіттер жасатқан екен, оны да біздіңмузейге сертификатымен сыйға тартты. Мұндай мысалдар өте көп. Демек халқымыз музейдің маңызын, оның қоғамдағы ролін түсінді деген сөз. Музейдегі зат қана мәңгілікке сақталады. Соны түсінген адамдар өздері алып келіп тапсырып жатыр. Мәселен мына Екібастұз қаласында өмір сүрген қолөнерші көзі тірісінде осы заттарды музейге тапсырсам деп айтып отыратын көрінеді. Сол шебердің қолынан өткен ғасырдың 50-жылдары шыққан сырмақты қыздары Ұлттық музейге тапсырды. Ол сырмақ ерекше шеберлікпен, керемет үйлесіммен тігілгендігі көрініп-ақ тұр. 50-жылдары тігілді деген сөз, ол апамыз оның алдындағы 19 ғасырдағы шеберлерден тәлім алды деген сөз. Демек бізге сол ғасырлардағы қазақ әйелдерінің ерекше шеберлікпен жасаған дүниелері келіп жатыр. Мәселен Шәмші Қалдаяқов өмірінің соңғы сәттерінде ел есінде қаракөл бөркімен қалды. Сол қаракөл бөрік те бізде. Мұндай құнды дүниелер көп. Халқымыз құнды жәдігерлерді беруге өте белсенді араласты, әттең, анау халқымыздың ескіден қалған дүниелерді тәбәрік ретінде жыртып алып кететін әдеті, ұнаған нәрсені қалап сұрап алатыны, ақыр соңында одан із-түзсіз жоғалып кететіні көптеген мұраның болашаққа жетуіне қолбайлау болды.

  • Акция әрі қарай жалғаса ма?

– Иә, жалғасады. Біз бастабында бұл акцияны бұрын қазақ елінің астанасы болған қалаларда ұйымдастырдық. Енді алдағы уақытта солтүстік, батыс өңірлерде, орталықта және шығыс өңірде өткізетін боламыз.  Осы желтоқсан айында биылғы жылғы қорытынды акцияны ұйымдастырамыз деп отырмыз. Оған Бибігүл Төлегенова, Нұржамал Үсенбаева бастаған 17 адам қатысайын деп отыр.

  • Алда қандай жоспарларыңыз бар?

– Біз бұл акцияны жүргізе жүріп, мұра жинау бағытында көптеген тәжірибе игеріп те отырмыз. Мәселен Сұлтан Баймағамбет атамыз бар. Ол кісінің марапаттарының барлығы Мәскеу мұрағаттарында екен. Оны біз болашақта ол кісінің ұрпақтарымен бірлесе отырып алдырсақ деген ниеттеміз. Сондай-ақ Жабағылы батыр, Төле би бабамыз сияқты тұлғалардың артында қалған жоқтаушылары және ұрпақтарымен тығыз жұмыс істесек деген ниеттеміз. «Ұлы тұлға ұрпақтары» деген жобаны да қолға алып жатырмыз. Бұл жоба арқылы біз елге еңбегі сіңген, танымал, ұлы тұлғалардың ұрпақтары жайлы деректерді жинақтап, халық назарына ұсынатын боламыз.

Сұхбаттасқан – Б.Тоқтарбай.

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!