Әуесбайдың Қанаты: Ауыл жастары арасында «Болашақ» бағдарламасын насихаттағым келеді

kanat-auesbayӘуесбайдың Қанаты – журналист-публицист, Президенттің халықаралық «Болашақ» стипендиясы стипендиаттары қауымдастығының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты.

Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің доценті. БАҚ өкілдері арасынан «Болашақ» бағдарламасымен оқыған тұңғыш журналист. Шығыс Англия университетінің түлегі. Қазақстан журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан жастар одағы «Серпер» сыйлығының иегері, БАҚ өкілдері арасындағы республикалық «Нұр Сұңқар» байқауының жеңімпазы. Жаһанға аты мәшһүр Кэм­бридж баспасында журналист Әуесбайдың Қанатының Looking west. A kazakh’s view of Great Britain – «Батыс көрген. Ұлыбритания қазақтың көзімен» кітабы жарық көрді. Қазақ және ағылшын тіліндегі туынды өткен бейсенбіде Кэмбридж университетінің білім факультетінде таныстырылды. Таныстырылым аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында оқырмандармен онлайн трансляция орнатылды. Кітап ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығына арналып отыр. Ал 23 – желтоқсанда кітаптың Президент кітапханасында ресми тұсаукесері өтті.
– «Болашақпен» оқыған тұңғыш журналист екеніңіз өз алдына, енді міне, «Болашақ» стипендиатының тұңғыш кітабы Британ аралдарында жарық көрді. Тұңғыш болудың жауапкершілігін қалай сезінесіз?

– «Болашақ» бағдарламасымен оқыған тұңғыш журналист атану мен үшін зор құрмет әрі салмағы зілмауыр жауапкершілігі де бар екенін түсінемін. Ал кітап туралы айтқанда, ең алдымен өзімді Ұлыбританияда оқуға мүмкіндік берген «Болашақ» бағдарламасы туралы айтпай кетпеуге болмас. Президенттің «Болашақ» халық­аралық стипендиясы ел тәуелсіздігі арқасында Елбасымыздың жастарға жасаған зор сыйы деп білемін. Егемендіктің 25 жыл­дығы бедерінде 11 мыңнан аса жас маман әлемдегі ең рейтингі жоғары оқу орнында білім алуға мүмкіндік алды. Олардың арасында БАҚ өкілдері де бар екені мол қуаныш. Мемлекет басшысы айтқанындай-ақ, «бұл – нағыз адами капитал». Кітапта «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияда оқыған жылдары ағылшын қоғамының әр саласынан білген-түйгенімді публицистика тілімен, журналистік көзқараспен әсерлі жеткізуге тырыстым. Нақ­ты айтқанда, британ арал­дары тұрғындарының тұрмыс салты, өмірлік құндылықтары, ағылшын тілінің жаһандану жағдайындағы маңызы, білім беру мен жастар мәселесі, БАҚ саласы – барлығы да дамыған мемлекеттердің отыздығына бағыт алған Қазақстанмен салыстырыла-салғастырыла қалам арқауына айналған. Кітапта британ қоғамы­ның жақсысынан үйреніп, жаманынан жиренуге үндедім.

 – Кітаптың атауы бірден көзге түседі екен. Үлкен кісілер баяғыда «Мәскеу көрген», «Тәшкент көр­ген» дегенді жиі айтатын. Батыс көргендердің олардан айырмашылығы қандай? 

%d0%ba%d0%b8%d1%82%d0%b0%d0%bf– Расында да, Кеңес Одағы тұсында елгезек ел жастарының арасында қолы жеткендері тек көрші Ресейде оқуға мүмкіндік алғаны есте. «Мәскеу көрген» зиялы, білімді, орта көрген жастардың синониміне айналғаны да сол тұс еді. Бұл қазақи идио­маның екіншісі «Тәшкент көрген». Пысық, қағілез, епті, тез тіл табысқыш, орташыл адамдарға қатысты әңгіме бола қалса, «Е, ол Тәшкен көрген жігіт қой» деп айтылатыны белгілі. Меніңше, бүгінде бұл қазақи идиоманың мәні өзгерген. Кезінде өркениеттің дені шығыстан шыққан. Заманында шығыс батыстың көзін ашқаны белгілі. Қазіргімізге келсек, өр­кениеттің көп игілігі батыстан. Бүгінгі басымдық батыс десем, артық айтқаным болмас. Елбасы тұғырын нық қалаған тәуелсіздік арқасында зейінді қазақ жастары Еуропаның, Американың ең үздік университеттерінің төріне нық жайғасты. Бүгінде Алаш баласы әлемдік ең озық оқу орындары Гарвард, Кэмбридж, Оксфорд, Колумбия университеттерінде еркін білім алып жүр. Бейнелей айтсақ, «бабасының табаны тимеген жерге, баласының қаламы тиіп жүр». Алаштың баласы әлемдік білім мен ілімнің қазанынан айызы қанғанша азығын теріп, зердесін толықтырып жүр. 25 жылдық бедеріндегі тәуелсіздіктің басты жетістігінің бірі осы емей немене? Ендеше, «Батыс көрген» дегеніміз – кегежені кейін тартатын кертартпа стереотиптерден ада, жаңаша ойлайтын, орта көрген, алғыр өскелең ұрпақтың бітімі бөлек философиясы деп ойлаймын.

– Орта көрген дегеніңізді қалай түсінуге болады? 

– Қазір жер-жаһанның әр қиырында Қа­зақстанның 60 мыңнан аса студенті оқиды. Оның дені өздері сияқты әлемнің әр түкпірінен келген зор амбиция­лы, тау қопаруға дайын жігерлі жас­тарымен қатаң бәсекеге түседі. Бәсекеден сырт қалғандар салы суға кетіп, үйіне оралады. Тиісінше, дес бермегендері оқуда озат, қоғамдық жұмысқа белсенді, түрлі діл мен мәдениеттің өкілдерімен араласып, өмір тәжірибесінде әбден ысылады. Орта көргеннің астарында осы ойым жатыр. Осы тұрғыдан алғанда, шетелге оқуға барғанда ең маңыздысы, білім де емес, сенің айналаң, қоршаған ортаңның мектебі деп білемін. Өйткені бүгінгі ақпараттық тех­нологиялар заманында білім тез бұзылатын өнім екені белгілі. Соның салдарынан бүгін өзекті болған білім ағымы ертең маңыз­дылығын жоғалтып жатады. Сондықтан өмір бойы үйренуге, оқып-білуге, ізденуге тура келеді. Ал шетелден тапқан достарың, курстастарыңның тәжірибесі өте құнды. Бұл тіпті, кейде сенің келешегіңе салынған инвестиция да болуы мүмкін.

– Инвестиция деп қалдыңыз? Ал жатжұрттағы айналаң, таныстарың қалайша инвестиция бола алады?

– Мәселенки, Данат есімді досым қазір жер жүзінің жасампаз жастары оқитын маңдайалды Harvard Business School оқу орнында білімін шыңдап жүр. Ол университетте дүниежүзінің әрқилы тұсынан келген түрлі алпауыт компанияның қожайын­дары, өз елінің белді бизнесмендері оқып, тәжірибе алмасып жатыр. Сондағысы олар білім алу өз алдына, ең бастысы, өздері сияқты іс адамдарымен, кәсіпкерлермен танысады, араласады, байланыс орнатады. Кейін сол курстасының көмегімен соның еліне барып, өз бизнесін ашады, инвестиция салады. Осы тұрғыдан алғанда қазіргінің дәулетті кәсіпкерлері арасында өз елінің ауқымы аясынан шығып, шетелге инвестиция салуға ынтық. Ол үшін әлгі курстасың кәсібіңді шетелде өрге сүйреуге көмектесер жәрдемшің бола алады. Бәсекелестік белең алған заманда табысты болудың алғышарты – білім, адами коммуникация жә­не ақпарат. Білімді адамның маңайы­на озық ойлы адамдар жиналады. Бұл адамдар – сіздің іскерлік байланыстарыңыз, алға сүйреуші байланыстарыңыз. Ал ақпаратпен қаруланған адам өзгелерден оқ бойы озық, қадам алда жүретіні бесенеден белгілі. Ендеше, осы үшеуін теңдей ұстаған адам табысты дегенімнің мәнісі осында.

– Ал кітапты елімізде емес, өзіңіз оқыған Тұманды Альбионда шығарудың сыры неде?

– Кітапты ағылшын елінде шығарудың бір ғана айқын себебі бар. Шығыс Англия университетінде оқып жүргенімде оқу орнының кітапханасында бірде-бір қазақстандық автордың кітабын таппай дал болдым. Ізінше «өзім журналист болсам, неге қаламгерлік мүмкіндігімді пайдаланып, кітап жазбасқа» деген ой санама маза бермеді. Біздің қазақ авторының бір кітабы болсын, британияның білім шаңырақтарының сөресінде тұрса екен деп армандадым. Кітаптың ағылшын тілінде, ағылшын елінде жарық көруінің бір себебі сол. Тағы бір мақсатым, осы кітапты елге келгесін ауылдық мектептердің кітапханаларына жеткенінше таратуды көздеп отырмын. Неге ауыл? Өйткені әсіресе, ауыл жастары арасында «Болашақ» бағдарламасын насихаттағым келеді. Қарапайым ауыл баласы батыстың ең үздік оқу орындарында оқу түгесу қиял емес, қол жеткізерлік мақсат екенін аңғарса деймін. Содан бір күні орыстың Всеволод Овчинников есімді журналист-публицистінің «Корни дуба: впечатления и размышления об Англии» атты кітабы қолға түсті. Ол кітап Кеңес Одағы тұсында жазылған. Тиісінше, Британия туралы Кеңес Одағы азаматы көзқарасымен беріліпті. Соны бас алмай оқып шықтым. Осы кітаптың әсерінде жүргенде Ұлыбританияны ендігіде тәуелсіз Ұлы даланың бел баласының көзқарасы тұрғысынан неге жазып көрмеске деген ой келді. Кітап сол ойымның нәтижесі.

kembrigКітаптың Кэмбридж университетінде өткен таныстырымы. 15.12.2016 ж. 

– Кітапта «Ұлыбритания мен Ұлы дала – аңыз бен әпсана мекені» атты бөлім бар екен. Шежірелі екі елдің тарихи жерлеріне үңілгенде нені байқадыңыз?
– Мәселен, өзім туып-өскен Тараз туралы осы бөлімде егжей-тегжейлі мағлұмат бе­руге тырыстым. Білесіз бе, Ұлы­британияда оқыған жылдары осы елдің аңыз бен әпсанаға деген асқан құрметіне және онысын PR тұрғысында шебер пайдалана білетін қасиетіне тәнті болдым.

– Аңыз бен әпсананы PR тұрғысында ендеше қалай пай­далануға болады?
– Британиядағы әйгілі Стоунхендж аспалы тастарын білесіз ғой. Соның төңірегінде не көп, аңыз көп. Ол аңыздарды аспалы тастарды өз көзіңмен көрмей тұрып, түрлі әдебиеттерден, интернеттен, теледидардан қанық боласыз да көруге ынтық боласыз. Аңыз бен әпсана ендеше тарихи мекенді PR тұрғысында насихаттаудың тиімді тәсілі. Сол ұқсаған Таразымда Ақыртас бар. Ақыртастың да төңірегінде түрлі аңыздар мен біздің заманға жеткен сырлы деректер молынан. Тек соларды насихаттау жағы кемшін. Ақыртас туралы тек қазақ тілінде емес, ағылшын, қытай, француз, орыс, испан тілдерінде түрлі деректі фильм, интернетте мәліметтер кеңінен берілсе, көненің көзіндей бұл тарихи мекенді көруге құлшынған әлем туристерінің қатары артар еді деп ойлаймын. Осы ойдың жетегінде кітабымда ағылшын тілінде біраз мәлімет беруге тырыстым.

%d0%ba%d0%b8%d1%82%d0%b0%d0%bf-%d1%82%d1%83%d1%81%d0%b0%d1%83%d0%ba%d0%b5%d1%81%d0%b5%d1%80Кітаптың Қазақстандағы таныстырылымы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында өтті. 23.12.2016 ж.

– Кітабыңыздың Кэмбридждегі таныстырылымына кімдер қатысты? 
– Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған кітап­тың таныстырылымына Кэм­бридж университетінің про­фессорлары, шетелдік және қазақстандық студенттер қатысты. Олардың арасында шетелдегі қазақстандықтардың «КазАльянс» ұйымының мүшелері, «Болашақ» стипендиаттары бар. Мүмкіндікті пайдаланып, тұсаукесерге жан-жақты қолдау білдірген «Болашақ» қауымдастығына, Кэмбридж университетінің қазақстандық студенттер қоғамдастығына және Ұлыбританиядағы қазақ елшілігіне, жекелей осы идеяның авторы, кітабымның менеджері, Білім және ғылым министрлігі құқықтық қызмет және халық­аралық ынтымақтастық де­партаменті директорының орын­басары Ақерке Абылайханға және Кэмбридж университетінің докторанты, Назарбаев зияткерлік мектептері АҚ басқарма төра­ғасының орынбасары Назипа Аюбаеваға алғыс айтқым келеді.

– Әңгімеңізге рақмет! 

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ, «Айқын» газеті.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!