Жұбатып бастап, жылатып тынар «Салтанат»…

saltanat

«Я ведь теперь автобиографий не пишу. И на анкеты не отвечаю. Пусть

лучше легенды ходят!»

С.Есенин в разговоре с В.Эрлихом

«Күн Қаратауға сіңіп бара жатты. Ойын баласы ғой, күннің қалай батқанын аңғармай қалып, алдындағы малын иіріп, ойдағы ауылға айдай бергенше, көз де байланды. Арқасына күнді жасырып Қаратау тіптен зорайып көрінетіндей. Артынан біреу төніп тұрғандай, арқасы мұздап сала берген. Бұрылып қарамайын десе де, намысы жібермеді. Ту биіктен ақ сақалды қария қарап тұр екен».

– Əкем домбыра ұстауы жайындағы əңгімесін осылай бастаушы еді. – Қасиетті қарт Қаратаудың теріскейіндегі Созақ өңірінің өзіндік күй мектебі бар. Сол мектептің дəулескер күйшісі Төлеген Момбековтың сүт кенжесі Салтанат Төлегенқызымен болған əңгіменің əлқиссасы осылай басталды. Иə, дəл сол Салтанат. Төлегеннің атақты күйі арналған Салтанат қызы. Бірақ бұл туралы əңгіме кейінірек. Мені дəл сол уақытта қатты ойландырған жоғарыдағы əңгіме һəм аңыз болатын. Осы неге аңыздар ұқсас келеді? Сөз етіп отырған аңыздағыдай, Жамбылға жолыққан ақсақал кім? Сүгірден: «Көген аласың ба, əлде домбыра аласың ба?» – деп айдалада, апақ-сапақта сұраған ақсақал ше? Төлегенге Қаратаудың биігінен төне қараған ақсақалды кімге жоримыз? Мүмкін, бұл біз аңыздарда айта беретін Қыдыр атаның өзі болды ма? Неге осы тектес аңыздың бəрі «далада жəне күн батып бара жатқан, апақ-сапақ шақта» деп басталады? Артынан осындай аңыз ерген барлық өнер қуған жандардың өмірбаяны осы тұсқа дейін бірдей болып келеді де, ары қарай əрқалай өрби береді. Аңыз ба, ақиқат па? Бірақ, тумысынан ақын көңіл қазақтың қалай дегенмен де аңызға сенгісі келіп тұрары хақ.

Төлеген Момбеков 1918 жылы Созақ ауданы, Сызған ауылында дүниеге келіп, балалық шағы аумалы-төкпелі зобалаң кездерге тура келген. 1932 жылғы ашаршылық кезінде ес біліп қалған балалар кейіннен Төкеңе домбыра тартқызу үшін барып тұрғандарын айтып отыратын. Осы əңгімені естігенде таңғалмасқа шараң таусылады. Ашаршылық кезіндегі ата-анадан көре алмаған жұбанышты домбырадан іздеді ме екен? Заман тынышталып, қоғам өз ағысын қайта тапқандай болған 40-жылдары Төкең жұмыс істеп жүрген Хантағы кенінің жабылуына байланысты, арнаулы жол- дамамен Солтүстік Осетиядағы бір рудникте электр монтері болып қызмет атқарады. Соғыстың басталғанын осында жүріп естіп, шахтаға берілген бостандыққа қарамастан, сұранып майданға аттанған.

***

tolegen-mombekov«Жарылыс. Шекесінің шың ете қалғанынан кейін жарытып ештеңе білмейді. Күңгірт дыбыстар ғана. Толық оянғанында барып госпитальда жатқанын білді. Басы ақ дəкемен оралған. Ол дəкені күнде бір келіншек келіп ауыстырып, қайта орап кетеді. Жеке дəрігеріндей безек қағып айналасынан шықпайды өзі. Іштей аяқ-қолының саулығына шүкіршілік етті. Тек минаның жарықшағы тиген оң шекесі ғана сəбидің еңбегін-дей болып бүлкілдеп тұратын. Соғысқа жарамды деп табылып, майдан даласына қайта аттанатын болғанда, сол келіншек қайта қағаз толтырып мұны жарамсыз деп, ауылына қайтарды. Елге жеткенше сол бір келіншекті ойлаумен болды. Кездеспесі анық. Қолын бұлғап қала берді».

Əкем, бұл əңгімесін: «Əй, сол келіншек маған ғашық болып қалды-ау, сірə!» – деп күле аяқтайтын. Күй кейіпкерімен бір үзік əңгіме осылайша түйінделді. Елге жеткенше Төкеңнің көңілін нендей сезім биледі екен? Елге деген сағыныш, асығу… Көңіліне шоқ салмаса да, жақсылығын аямаған сол бір келіншек… Өтеусіз қалар жақсылықтың өртеуі… Онсыз да ала көңілді бұра тартып соғыс тұр. Төкеңнің көңіліне Марфуғадан қайтқандағы Сүгірдің «Шалқымасы» келді ме? Дəл сол «Шалқымадай» шалқып келген көңілдің тұншығар тұсында төгіп алар домбыраңыз болды ма? Жоқ əлде өзі нəзік жүректің тамырлары ілікті ме саусаққа? Бізге білу қайда? Бірақ, осы сапарда көңіліңізге «Шалқыманың» бір соқпауы мүмкін емес. Бір емес, айналып мың соғар…

Асығып, алқынып жеткенде, ат шаптырып, ас беріп алдыңнан шығар ағайын қайда? Алыстағы соғысқа терезеден үңілгендей болып ауыл отыр. «Шалқыманың» алғашқы қарқынын ауыл мен ағайынның осы көрінісі бір басса, анасының хал үстінде жатуы домбыраның қос ішегінің қатар қағылуынан жаңылып, бар ауырлықты жалғыз ішекке артып тастап, булығуы болғандай. Анасы көз жұмғанда «Шалқыманың» əуені мүлдем үзіліп тынды. Күйдің соңы үміт еді. Сенім үміттен іргесін аулақ салғанда кеудені мүлдем басқа сезім, сезіммен қатар саз кернеді.

Ауылға деген сағыныш, асығу, бəрі-бəрі осы сазға сіңіп жоғалғандай. Жер дүниені тыныштық кернеді. Тек домбыра ғана анасын іздеп зарлап қала берді.

– Əкемнің «Анасына» арнаған күйінің баяны осындай. Алғашқы күйлерінің бірі болса керек. Өзінің əнтек, сөзге шорқақ, бала мінезімен: Əрмиядан келгеннен кейін күй шығара бердім ғой», – дейтіні сондықтан болар.

Осы тұста Салтанат ұстазымның əңгімесіне араласудың реті келді.

– Төлеген атамның ұстаздары, шəкірттері жайлы не айтасыз?

– Біздің Бапыш атты атамы күйші болған екен. Сол кісіден Момбек жəне Сыпабек тарайды. Момбектен əкеміз жəне Бөлеген, Жəнібек атты екі ұл туады. Жəнібек атамыз ақын болған да, əкеміз атамыздың домбырасын ұстап қалған. Осы тұста өнердің қанмен келерін, оның бір ұрпаққа күй боп қонарын, бір ұрпаққа сөз боп қонарын көріп қайран қаласыз. Əкеміз он сегізінші жылы дүниеге келсе, күйші Бапыш атамыз жиырма сегізінші жылы қайтыс болған. Ол шақта əкеміз он жастағы бала. Осыған қарағанда əкемізге домбыраны сол атамыз ұстатып кеткенге ұқсайды. Алғашқы ұстазы сол кісі болуы керек. Көп жазылып жүрген деректерде əкеміздің ұстазы Сүгір деп жүр. Бірақ, əкемізден Сүгір ақсақалдан арнайы барып сабақ алғаны турасында естіген емеспіз. Ол кісі қызғаншақтау адам болған деседі. Өнер адамының бəрі іштей қызғаншақ келеді емес пе? Бірақ, рухани ұстазы болғаны кəміл. Қалай дегенмен де, əкеміз Қаратау күй мектебіндегі Сүгір күйшінің заңды жалғасы.

Шəкірттеріне келер болсақ, біздің үйде сол кезеңдегі құлағына саз сіңіп, көңіліне күй қонар алыс-жақынның көбі қонақ болды десем қателеспеймін. Сонау Нұрғиса Тілендиев, Тəкен Əлімқұловтардан бастап, жас өнерпаздарға дейін келіп-кетіп жататын. Бірақ, ол жастардың қайсыбірін шəкірті дей берейін. Өзім үшін ол кісінің нағыз шəкірті қазіргі танымал күйші Ысқақов Білəл Алпанұлы деп білемін.

– Əкеңіздің күй тартқандағы, əке ретіндегі мінездері турасында əңгімелеп берсеңіз…

– Бұл кісілер нота білмейтін дала күйшілері емес пе?! Кіш- кентайымызда күй үйретіңізші деп жармасатынбыз. Бір күйді өзі тартатын, қолымызға домбыраны ұстата салатын да: «Ал, тарт», – дейтін. Оған біз ілесе алмаймыз. Ал, ол кісінің бізге күйдің əр шалымын үйретіп отыруға шыдамы жетпей, домбыраны тастап тұрып кететін. Мүмкін өзіміз де қатты қызықпаған болармыз. Ал, күйді əр кезде əрқалай тартатын. Топ ішінде күй түсінері болса беріліп, даңғаза жиын болса бір қайырып қоя салатын. Ондай жерде көңілі де соқпас. Көңіл соқпаған жерде саусақ көне ме?! Кеңістікке келіссіз əуен көтергісі келмес болар…

– Дəл сізге арнаған көкеміздің «Салтанат» күйі хақында көптеген аңыз тараған. Осы жайында өзіңіз не дейсіз?

– Алматыда көкеміздің кеші өтетін болып, сол кешке мені ерте кетті. Кештің жүргізушісі осы күйді хабарлап тұрып: «Біздің санамызда күйге, əнге, жалпы белгілі бір туындыға кейіпкер болған барлық адам осы дүниеде жоқтай көрінетіні қалыптасып қалған. Салтанат Төлегенқызы, мына сахнаның алдындағы барша өнерпаз сізді өз қиялында əртүрлі елестетеді. Бірінің қиялында кемпірсіз, бірінің қиялында бүлдіршін Салтанатсыз, ал бірінің қиялында мүлдем жоқ адамсыз. Осынша ойдың бəрін тас-талқан етіп орныңыздан бір тұрып қойыңызшы», – деп, мені орнымнан тұрғызып алып барып, күй басталған болатын. Ал, бұл күйге себепкер мен болсам да, бұл күй тек маған арналған күй деп ойламаймын. Мұның ішінде марқұм анам да, менің бауырларым да, əкемнің өзі де бар. Барлығы да мұң мен сағынышқа ораулы күйінде…

Жары Пернештің төсек тартып жатқанына қаншама? Соны ойласа болды, кеудесінің сол жағы сырқырап сала береді. Домбыраға да көңілі соқпайды. Өз үрейінен үйді айналып өзі қашып жүр. Жеңгесінің үйге шақырған даусы естілді. Үй ішінен салқын леп ұратындай: – Төкенжан, Пернештің беті бері қарап кетеді ғой əлі-ақ. Жарым көңіліне демеу болсын. Ризашылығыңды айтсаң етті. – Ризамын, Пернеш!.. Жайшылықта-ақ сөзге шорқақ бейбақтың көмейінен осы екі сөз əзер аттады. Айтары көп-ақ десең, көмейге көмілгені жоқ. Толқын-толқын күй келді. Мүмкін, құлаққа. Мүмкін, жүрекке. Мүмкін, көмейге. Ажыратып жатпады. Тіпті, өзі əуенге айналып кеткен шығар. Қос ішекке кезек соғылып, домбыраның шанағын шыр көбелек айналып жүрген де əуен емес, өзі болар. Іші сезсе де, өзі айта алмаған «қош-қошын» домбыраға айтқызды. Шыңғыс қаған болса көмейіне қорғасын құяр ма еді. Бірақ, жоқ. Пернешінің шашын сипар саусақтар, қос шекті сипалап қала берді. Бұл «Қоштасу» болатын. Осы тұста түйдек-түйдегімен туған күйлердің алғашқы нотасындай. Ауыр басталды… Өлмектің артынан өлмек бар ма? Бірақ, дүние ортасы ауғанда қамшының сабы сынды дейтіндей емес. Ұясында алты бірдей балапан. Аузын ашып бұған қарайды. Бұл қалай жерге қарасын? Бірде жұмыстан қайтып келсе үш-төрт жасар Салтанаты жылап отыр екен. «Апама айтам» деп жылайды. Өз ішінде беті күлдене бастаған шоқты қайтадан қарып-қарып жібергендей жаны шыжғырылды. Жұбата қоямын деп, домбырасын шертіп, жұбатамын деп, өзін жылатып тынды ақыры. Өзі қалай елтіп кеткенін байқаған жоқ. Бұл «Салтанат» болатын. Жұбатып бастап, жылатып тынар «Салтанат».

Ізін ала «Сағыныш» келді дүниеге. Осы үш күй жары Пернешке қойылған  ескерткіш, бейне құлпытас секілді… – Міне, осылай. Бір «Салтанатты» айтамыз деп қанша дүниенің басын шалдық. Ал, енді Алматыда осы күй жайлы басқалай аңыз айтушылар болса, айта жүр, «менің мектептегі сабақ берген апайыма арналған» десең сенер болар, – деп апайым əңгімесін аяқтады. Иə, Момбекова Салтанат Төлегенқызы қазіргі таңда Созақ ауданы, Таукент кентіндегі Ісмет Кеңесбаев атындағы орта мектепте қазақ тілі мен əдебиеті пəнінің мұғалимасы болып қызмет атқарады. Əкесінің күй өнері сөз болып қонған шығар. Күй де сөз. Күй де сөйлейді емес пе? Қариялар күйді «тарт» емес, «айт» дейтін. Жақсы орындаса «айтқыш екен» деуші еді. Ұстазымның үйінен шығып бара жатып соңғы сауал тастадым: – Атамыздың күйлерінің ұзын-ырғасы қанша?

– Өзінің 130-дай күйі болатын. Қазір нотаға түсіп сақталып қалғаны отыздан ғана асып жығылады.

– Басқадай күйлері мүлдем сақталмаған ба?

Көңілсіз үнсіздік орнады. Шəкірттік ибамен қоштасып шығып кеттім. Əбден қараңғы болған екен. Құдай құт қылып берген Созақтың желі ысқырып тұр. Аспандағы ақсақ ай Қаратауға арқасын төсеп шалқасынан жатыр. Шаруаға жайсыздау. Маған да. Жүз күй.

Жазып, нотаға түсіріліп, алып қалынбаған жүз күй. Бір ғана Төлегеннен жоғалтқанымыз. Ар жағында Сүгір тұр. Сүгірдің арғы жағынан Ықыластың қобызы қарайды бізге. Ала қағаз артынып-тартынып асықпай жеткен осы бір даланың аспанында жүз қағазды жүкті қылар тек Төкеңнің жүзге тарта күйі қалықтап жүр. Сол бір жүкті көтеруге біз жарамадық па, жоқ əлде қағаздың белі шыдамады ма? Амалсыз Қаратауға қараймын. Сəлде оранған молдадай шарт жүгініп алыпты.

Қаратау да бір, əңгімешіл қария да бір. Ал, əңгімешіл қарияның жел жағынан шығып қалсаң қырсығып қалар жері көп. Осы алапта не жоғалса да қария Қаратау жамбасына басып жатыр. Ал, оның намазын қаза қылған молдадай қырсығып, қызғанып отырғаны мынау. Кешегі Сүгірге қырсықтықты да, қызғаншақтықты да осы қария үйреткен. Мүмкін, Төкеңе де Сүгірден қалған қариялық қызғаншақтық жұққан болар. Мен де қарияның баласы болған қыңырлығыма басып: «Қайда?» дедім. Үндемеді. Тек қана үстін- үстін жел соқты. Иірім-иірім жел соқты. Екі иірімнің арасын үзіп алып, басын қоса алмай мен далмын. Қаратаудан соққан жел күй тілінде сөйлеп жатты. Жаным сезеді. Қай жанның домбырасына құлар екен? Қай жанның құлағына сыбырлар екен?

Шіркін, күйдің тілін білсем ғой. Тылсым тілін түсінсем ғой…

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

Дереккөзі: zhasorken.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!