Министр тіркеу мәселесіне түсіністікпен қарауға шақырды

abaevЕліміздің Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев өзінің Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында қоғамда қызу талқыланып жатқан азаматтарды тіркеу мәселесіне қатысты атқарылып жатқан жұмыстар барысымен бөлісті.

Министр кейбір мәселелерде меморгандардың шалағайлығы жайлы орынды сын  айтылып жатқанын мойындады.

«Бұл мәселенің қоғамда қызу талқыланып, меморгандар тарапына бірқатар сын айтылуына түсіністікпен қарауға болады. Өкінішке қарай, кейбір қажетті шаралардың дер кезінде атқарылмауы көрініс тапты» дейді Д.Абаев.

Дейтұрғанмен, министр мырза заң қабылданып қойған соң енді шегінерге жол жоқ екенін де түсіндіріп өтті.

«Әрине, Заң қабылданған соң, оның жүзеге асуы шарт. Ендігі жерде басты міндетіміз – азаматтардың тіркеуден өтуіне барынша қолайлы жағдай жасау» дейді министр.

Оның айтуынша, қазіргі таңда ХҚКО-лар қызметкерлерінің жұмыс күні ұзартылған. Бұған қоса, олар азаматтарды демалыс күндерінде де, яғни 7-8 қаңтарда да қабылдады. Д.Абаев аталған шараның еңбек заңнамасы сақтала отырып, жүзеге асырылғанына да тоқталып кетті.

Сонымен қатар, министрдің сөзіне сүйенсек, операция залдарында көші-қон полициясы қызметкерлеріне арналған жұмыс орындары көбейтіліп, ХҚКО қызметкерлерінің ауысым графигіне өзгертулер енгізілген-ді.
9 қаңтардан бастап азаматтарды жылжымайтын мүлкінің орналасқан орнына қарамастан тіркеу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Министрдің мәліметінше, халық тығыз орналасқан Алматы мен Шымкент қалаларына мобильді ХҚКО-лар жіберілді. Олар әскери бөлімдер мен тұрғын саны көп аудандарды қызметпен қамтамасыз етуде.

Айта кететін жайт, тіркеуге қатысты барлық сұрақтардың жауабын Бірыңғай байланыс орталығының 1414 нөмірі арқылы алуға болады.

Осымен барлық түйінді мәселе шешімін тапты деуге ерте. Дәурен Абаев: «Әрине, әлі де бірқатар мәселелердің бар екені рас, оларды жақын уақытта реттеу көзделуде. Ең алдымен, шамамен бір ай ішінде «онлайн» режимінде тіркелу мүмкіндігі қолжетімді болмақ» дейді.

Сонымен бірге, министрдің айтуынша, азаматтардан міндетті түрде 2-форма бойынша (жылжымайтын мүлікке құқық туралы) анықтаманы талап етуді алып тастау жоспарлануда. Бұл тіркелу процесін 2 есеге дейін азайтады деп күтілуде.

Абаевтың айтуынша, министрлік ХҚКО-лардың мәліметтер базасына әкімдіктердің қолжетімділігін қамтамасыз етуді ұсынып отыр. Бұл әкімдікте жәрдемақы рәсімдеуші азаматтардың қажетті анықтамаларды сол жерден алуына мүмкіндік береді деп жоспарлануда. Министр осы қадам ХҚКО-лар жүктемесін азайтатынына сенімді.

«Біз азаматтарды қалыптасқан жағдайға түсіністікпен қарауға шақырамыз. Ал, Министрлік өз тарапынан мәселелердің реттелуіне күш салатын болады» дейді Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев.

Еркін Тұрарұлы.

Фото ic24.kz.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!