Кенжеболат Жолдыбай. Көп нәрсе керек емес, көңіл керек…

konil

Адамдар қысқа ғана ғұмырында

Бірін бірі сыйласып ұғысуға

Көп нәрсе керек емес,көңіл керек,

Тұру үшін адамдық тұғырында.

Көңіл керек, көл көсір көңіл керек

Кірбің шашып, көбейсе көлеңкелер,

Бойың сергіп, қалайша жеңілдемек?

О замандас, сыйласып ұғысуға

Көп нәрсе керек емес, ақ жарқын көңіл керек.

akimАвторы, өкінішке қарай, маған белгісіз осы бір өлеңнен: «Көңіл көңілден су ішеді» деген қазақи тәмсілдің астарын аңғару қиын емес. Иә, ойтаразысына салып көрсеңіз, адамның көңілі көтеріңкі болып, өзінің айналасындағыларға адамгершіліктің, татулықтың, жақсылықтың, мейірбандылықтың нұрын төгіп жүргенге не жетсін шіркін?! Ал мұндай адами қасиеттер жанының құнары бар, санасының шырағы барларға ғана тән қасиет. Бүгінгідей саяси өлермендік, материалдық ашқарақтық пен пайдакүнемдік бел ала бастаған тұста осындай рухани құндылықтардың аса қажеттілігі айқындала түсері анық. Жаратылыс пайымында жақсылықтың дәні молынан себілген тұлғаларға қоғамның ерекше зәру болатыны да сондықтан.

Мұны мен белгілі мемлекет қайраткері, заң шығарушы орган тарихында тұңғыш рет қазақ тілінде заң жазған, үлкен жүректі азамат, ақын, көсемсөз бен көркемсөз шебері, ойы тұнық қаламгер, сезімтал сазгер Әкім Ысқақтың «Көңіл қымбат» атты кітабын оқып отырған сәтте мейлінше түйсіндім. Бұл кітаптың бірінші бөліміне Қазақ радиосында бірнеше жылдардан бері өзі жүргізіп келе жатқан «Көңіл қымбат» атты авторлық радиохабарларына басты арқау болған материалдар топтастырылған екен. Осындағы қысқа да нұсқа 56 әңгіменің қай-қайсысының астарына үңілер болсаңыз, ұлан-ғайыр ұлағат ұялап жатқанын байқайсыз және санамен ғана сезінуге болатын толағай тербелістер құдіретіне кенелесіз. Әкім кейіпкерлерінің ішкі жан-дүниесімен өзіңмен бөліскен кезде, бұғып жатқан ең қуатты сезімнің өзі бұлқынып, лықсып шығып, жүрегіңді шымырлатады, көңіліңді толқытады,жанарыңа жас үйіртеді, осылайша бұл өмірде не қымбат екендігін меңзеп барып, әр әңгімесін түйіндейді. Кітаптың маңыздылығы да осында. Енді сол кітаптан бір-екі мысал келтіре кетейін.

1997 жылғы 14 мамыр. Түбі ауылдан шыққан депутат Әкім Ысқақтың дайындаған «Халықтың көші-қоны туралы» және Үкіметтің Қажыгелдиндей Премьер-министрі мен 20 министрі қол қойып, ұсынған «Көші-қон туралы» заң жобалары Парламенттің қарауына беріліп, таңдаудың кімнің пайдасына шешілер сәті. Міне осы тұста Әкім өзінің жан толқынысынан лүп етіп көкейіне келген иірімді сол заматында:

Ар жетім болар егер де,

Арыңды біреу лайласа.

Бақ жетім болар егер де,

 Бағыңды біреу байласа.

Сөз жетім болар егер де,

Сөзіңе ешкім нанбаса.

 Көз жетім болар егер де,

 Көз қырын ешкім салмаса.

 Сыр жетім болар егер де,

 Сырласар досың болмаса.

Қыр жетім болар егер де,

Қырларға гүлдер толмаса.

Көл жетім болар егер де,

Аққу-қаздар қонбаса.

Жан жетім болар егер де,

Өз Отаны болмаса,

 Қазақ жетім болар егер де,

 Өз перзенттері болмаса! – деп екпіндете отырып, жырға айналдырып жібергенін тіліне тиек етеді. Солай дейді де: «Бір қарасам, залдағы депутаттардың бәрі көздеріне жас алып отыр. Бұларға не болды десем, ар мен намысымыз тапталмасын деген ыза жүрегімді толқытқаннан шығар, бәлкім, өзімнің көзім жасқа толып тұр екен», — деп, ағынан жарылады. Осыдан кейін қызу талқылау басталып, дауыс беру нәтижесінде үш-ақ қарсы дауыспен Әкімнің қазақ тілінде дайындаған заңы қабылданып, ана тіліміздіасқақтатқан сәт туғанды. Мәжіліс Төрағасы Марат Оспанов болса: «Бұл күн – тарихи күн. Бұдан бұлай бұл заң Әкім Ысқақтың заңы деп аталады», — деп бағалап, төрдегі орнынан түсіп келіп Әкімге өзінің ыстық ықыласын білдіргені есімізде. Иә бұл Заң соңғы 20 жылда миллионнан астам қандастарымызды туған ата мекеніне қайта оралып қоныстануына мүмкіндік берді. Түсіне білгенге мұның өзі үлкен жеңіс. Өйткені, ойымызды Әкімнің сөзімен түйіндесек: «Әрбір қазақ қымбат. Бәрінен де ата мекенге аңсап жете алмаған ағайыным қымбат!».

Мына оқиға да ешкімді бей-жай қалдырмасы анық. Әкім: «Американдық машиналардың отаны Детройт қаласында қазақтың қарадомалақ баласы бар» дей келе, онымен қалай танысқанын кітабында әңгімелейді. Шетелден балалар асырап алған бір топ аналармен кездесу кезінде, сол маңдағы алаңқайда ойнап жүрген балдырғандардың ішінен бөлініп шыққан бір баланың ентелей келіп, өзінің алдына отырып алғанын, ал бұған жұрттың бәрінің таңдана қарағанын сөз ете келе, Әкім бұл сәбидің Даяна атты грек келіншегінің Ресейдегі балалар үйінен асырап алған қазақ баласы екенін айтады. Кезінде атыСережа делінген баланың жасы төртке толғанын, ал есімі Джо болғанын анықтайды. Өзі болса баланы құшағына алып, бетінен сүйіп, Серік деп атап, жанары жарқылдаған бүлдіршінге қазақ тіліндегі «Саламатсыз ба?», «Қазақстан, Ордабасы» деген сөздерді қайта-қайта айтқызғанын, Даянаға осы сөздерді балаға ұмыттырмай, қадағалап айтқызып отыруын, сөйтіп Серіктің санасына құйғызуын өтінгеніне назар аударады. Серікпен қоштасу сәті кітапта былайша баяндалады: «Серік менен ажырағысы келмеді. Мойынымды құшақтаған күйі жіберер емес. Қолын созған Даянаға мән бермей маған қарай тығыла түскен Серікті еріксіз анасына табыс еттім.

  • Қа-зақ-стан! Ор-да-ба-сы!

Қаракөз бауырдың қоштасардағы айтқан сөзі еді бұл. Жүрегімді дір еткізіп, шымырлатып жіберді. Серік сол сәт маған бір, омырауына тағылған төс белгідегі тәуелсіз Қазақ елінің көк Туына бір қарады. Ерекше қимастықпен жәутеңдеп, жәудіреген осынау қарадомалақ баланың сол кейпі көз алдымнан кетер емес».

— Жүрегімді елжіреткен, жан дүниеме қатты әсер еткен сол бір көріністер көңілге қайта-қайта көлбеңдей орала беретіні неліктен екен? – дей келе, Әкім – Бұл фәниде ақкөңіл адамдар қымбат қой шіркін!.. — деп ойын қорытады.

Түйсіне білген жанға қыбыр еткен тіршіліктің әрбір сәті түрткі. Алайда, солардың арасынан жан-дүниеңнің қыл қобызын шертіп жүре беретін ерекше шақтар болады. Парасатпайымыңды нығайтып, рухты шыңдайтын, жүрегіңді тербеп, қиялға қанат байлайтын, шабытты шалқытатын да дәл осындай кездер. Бұл «Көңіл қымбат»кітабының «Жаным – қазақ, қаным – қазақ» деген атаумен берілген екінші бөліміндегі эсселерден, көсемсөздерден, толғаныстардананық байқалады.Әкім Ысқақ аз сөзбен — ақ кейіпкердің ойын жеткізетін өзіне тән суреткерлік стилі бар үздік журналист һәм жазушы ретінде шығармаларында адамдардың ішкі психологиялық иірімдерін ұтымды көрсете біліпті. Сонымен бірге бірқатар эсселерінде өзінің де көңіл-күйін қамшының сегіз өріміндей құп кіріге жымдастыра отырып, елдің жаңа бір есею жолының қиын жылдарын тез жеңілтпек болып серпіле сөйлеп, сергек ойлайтын жарқын мінезін паш етіпті. Бұл жастайынан Баубек Бұлқышев тәрізді 28 жасында Отан қорғау жолында жанын пида еткен асыл азаматты үлгі етіп өскен Әкімге тән қасиет болу керек. Мәселен, «Жастық маған от берді…» деген көсемсөзінде бойларында қуат,көңілдерінде шуақ, жүректерінде жастық жалыны бар жастарға қаратып Әкім: – Тыңда, бүгінгі ұрпақ! – дей келе, Баубекше ой толғайды: «Жас ұрпақ! Жаңа ғасырдың лайықты азаматы болу жарқын міндетті, сындарлы жауапкершілікті жүктейді. Әр біріміз өзімізге сын көзбен қарай білейік.

Ей, жас ұрпақ! Бойкүйездікті, салғырттықты кешірер сәт емес. Қайта бұл сенің Адамдығыңды айқындар, жастығыңның алмас қылышын елің үшін, туған жерің үшін жарқылдатар шағың бұл! Қайта бұл сенің Азаматтығыңды танытар, жалын жігеріңді оятар кезің бұл!».

Кітаптың «Санадағы сәуле» атты соңғы үшінші бөліміндегі келтірілген көрікті ойлар да оқырмандардың жүрегіне жол табары сөзсіз. Осы беттерді, сондай-ақ Әкімнің жүректен шыққан сөздерін, ой ұшқындарын, күнделікті сырларын қамтитын «Ой — шырағдан» атты кітабын зерделеп оқып шыққан кез келген азаматтың кенен ойларға, философиялық толғамдарға, ұлағат болар не бір алтын сөздер кеніне кенелетініне күмәнім жоқ. Ұғымға жеңіл, бірақ түпкі айтар мағынасы салмақты Әкім Ысқақтың осынау пайымдарын ең алдымен өзіміз жадымызға түйіп алып, ұрпақтарымызға оқытып отыруымыз керек.

Осы ой Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі тұрақты комиссиясының төрағасы, Тараз қалалық ардагерлер кеңесі мүшесі, ҚР Журналистер одағының мүшесі Алдаберді Мақашевтің «Әкім Ысқаққа хат» деген кітабындағы хакім Абайдың «45 қарасөзі» тәрізді Әкімнің атына жазылған 45 хатта және де оған берілген қосымша түсініктемелерде бірнеше мәрте айтылыпты. Әсіресе, Әкім Ысқақтың қалғып кеткен сана мен ұйықтап кеткен ұятты еріксіз бір серпілтіп тастайтын, рухты шыңдайтын«Абзалдық әліппесі», «Адам іздеп жүрмін» атты кітаптарына мектеп оқушылары мен студенттер, жастар мен аға буын аса зәру екендігіне назар аударылып, салалық министрліктен осы кітаптар мемлекеттік тапсырыс арқылы жүз мыңдап шығып жатса, сондай-ақ Білім және ғылым министрлігі мектептің, университеттің бағдарламасына аталмыш кітаптарды оқулық ретінде енгізсе өте дұрыс болар еді деген пікірлерін де білдіріпті. Бұл, әрине, Әкім Ысқақтың кітаптарының оқырмандар жүрегіне жол тапқанның арқасы. Иә, халықтың көңіліне ештеңе жетпейді және ол әрқашан қымбат!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!