Кенжеболат Жолдыбай. Абзал жүректі азамат

sabit baidallin«Көңіл көңілден су ішеді» деген қазақ халқында керемет бір сөз бар. Ой таразысына салып көрсеңіз, расында адамның көңілі көтеріңкі болып, айналасындағыларға адамгершіліктің, татулықтың, мейірбандылықтың нұрын шашып жүргенге не жетсін шіркін! Сондай-ақ, қазақта мейірімді жандарға қаратып «көзіндегі мейіріміне шөптегі шық кепкендей» деген әдемі теңеу де бар. Осындай көңілі көлдей, мейірімі мол, жаны жайсаң, зейіні зерделі, кеудесінен сәулесі төгіліп тұратын, өмір жолы өрелі, өнегелі істерге толы, өзім ерекше сыйлайтын азамат жайлы ой бөліскенді жөн санап отырмын.

Әлі есімде. Өткен ХХ ғасырдағы 80-шы жылдардың басында сол кездегі Жезқазған облыстық коммунистік партиясы жанындағы марксизм-ленинизмуниверситетінің қысқа мерзімді курсында оқыған тұста біздің алдымызда өзін Сәбит Байдалинмін деп таныстырған жігіт ағасы сөз сөйледі. Сонда ғой, екі езуіне жып-жылыжымиыс үйіріліп келіп, жаныңа жұғымды естілетін жұмсақ дауысымен бізге шырайлы сәлем бергенде, ішіміз жылып жүре берді.Құстың қауырсынындай жеп-жеңіл айтыла салатын әр сөзінің астарында ұлан-ғайыр ұлағат жатқанын да сезініп үлгердік. Серпіле сөйлеп, сергек ойлайтын жарқын мінезі де бізді елең еткізгені рас. Сөйлескен адамын сол сәтте өзіне тез үйіріп алатын, сезіміңді тереңдетіп, мерейіңді молайтатын, қиялыңа қанат қақтырып, жаныңды шабыттандыратын, етек-жеңі кең, жүзінен нұры төгілген мейірімді жан екенін аңғардық.

Әрине, сол тұста мен бұл азаматпен кейіндеріөмір жолым тоғысады деп ойлаған жоқпын. Халқымыз «Біреуді Құдай қосса, біреуді ноқта қосады» дейді ғой. Бізді қосқан қазақ тілінің «жоғын» түгендеуді мақсат еткен ортақ мүдде болатын. Шынын айту керек, сонау тоқсаныншы жылдардың басында қазақ тілінің болашағын баянды ету жолында арыстан баққан ауылдай алыс-жұлысы мен айтыс-тартысы, арбасуы мен айқасуы көп ортада қызмет еттік. Ол ортаға рухы мықты, жүрегі түкті, төзімі зор, еліне шын берілген адамдар ғана аттың басын бұрды. Олай деуге негіз де жоқ емес еді. Әуелде тау қопарардай өре түрегелген қазекемнің тура іске келгенде туы жығылып қалатыны үйреншікті әдетке айналып кетті. Біреулері тікелей басшыларына қарсы шықпайтынын ашық айтса, басқалары айлап қарасын көрсетпеуі, енді бірі салқынқандылық танытып, ертеңгісін ойламай бір күндігіне мәз болып, түптеп келгенде, жалпы ұлттық тағдырға зиянын келтіргені сол кездің боямасыз шындығы болатын.

Мінеки, осындай шешуші тұста Сәбит Жүнісбекұлы жаңа бір қырымен көріне білді. Әсіресе, Жезқазған облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы ретінде жұмысты жаңаша үлгіде сапалы да сауатты ұйымдастыра алғанын атап өткім келеді. Осындайда алдымен ойға ерекше істердің оралатыны белгілі ғой. Сондай игі шаралардың бірі Жезқазған облыстық «Қазақ тілі» қоғамының тікелей ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және дамыту жолдары» аттытақырып бойынша өткен республикалық конференция дер едім. Республика көлемінде ең алғашқылардың бірі болып ана тіліміздің өзекті мәселелерін ғылыми деңгейде талдап қана қоймай, оларға тиісті өкілетті орындардың көңілін аударып, қордаланған мәселелерді тез шешу үшін нақты іс-шаралар қарастыру қажеттілігін өз дәрежесінде қоя білді. Конференцияның қабылдаған осынау ұсыныстарын жүзеге асыру мақсатында Сәбит Байдалы облыстық«Қазақ тілі» қоғамының отырыстарында «Жезқазған түсті металл» акционерлік қоғамындағы, «Балхашмыс» өндірістік бірлестігіндегі, Жезқазған қалалық әуе және темір жолдарындағы мемлекеттік тілдің қолданылу деңгейі, іс-қағаздарын қазақ тіліне көшірудің барысы тәрізді мәселелерді талқылауды қамтамасыз етті. Кейін бұл жұмыстардың қорытындысы облыстық ғылыми-әдістемелік семинарда арнайы қаралды.

Айта кетерлігі, С. Байдалы Жезқазған облыстық телерадиокомпаниясы төрағасы қызметін өзінің қоғамдық негіздегі жұмысымен ұтымды үйлестіре алды. Нәтижесінде, шоқтығы биік тың бастамалар дүниеге келді. Солардың бірегейі – бүкіл республика көлемінде мемлекеттік тілдің мұң-мұқтажын айту мақсатында «Қазақ тілі» қоғамымен бірлесе отырып ұйымдастырған «Ұлттық ұран Ұлытаудан тасталды» атты телемарафон еді. Оған халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Әбдуәли Қайдари, Жезқазған облысы басшылары, ірі кәсіпорындардың жетекшілері, тіл жанашырлары қатысып, олар осы өңірден шыққан жаңғырықтың республика аймағын толықтай қамту қажеттігіне назар аударды. Сөйтіп, телемарафон тізгіні Семей облысына табыс етілді. Өкінішке орай, бұл бастама кейіннен жалғасын таппады. Өйткені, көп ұзамай Семей мен Жезқазған облыстары жабылып қалған болатын.

Сондай-ақ, Байдалының қолдауымен облыстық телерадиокомпанияның «Қазақ тілі» қоғамымен бірлесе отырып жүргізілгенқазақ кәсіпкерлері үшін «Кәсіпкерлік қадамдары» мен өскелең ұрпақ пен отандастарымызға арналған «Атамекен – Отчийкрай» атты телехабарлары, Сәкен Сейфуллиннің 100 жылдығын атап өту және Байқоңыр ғарыш айлағының қоршаған ортаға тигізіп отырған зиянды әсерін зерделеу мақсатында ұйымдастырған «Тіл және Сәкен» және «Ауыл азбасын, ұрпақ азбасын!» автожорықтары, Ұлытау өңіріндегі көне ескерткіштердің ЮНЕСКО шеңберінде қорғалуына қажетті деген барлық құжаттарды жинақтауды көздеген әуе десанты бүгінде жер-жерлердегі «Қазақ тілі» ұйымдарына үлгі-өнеге болары анық. Сайып келгенде, өз тілімізді өзіміз құрметтемесек біздің жеке басымызды ешкім құрметтемейді. Сондықтан, бізге әдетте Сәбит Жүнісбекұлы: «Қасиетті Алла бізді жаратқанда қазақ деген ұлт пен қасиетті тілін бірге жаратқан. Тіліміз тірілсін десек, қарқындап дамысын десек, бұл бағыттағы жұмыс бір сәтке де бәсеңдемеуі тиіс» дейтін.

Дегенмен, өмір болған соң, дүние бірде көл, бірде шөл болып жатады. Орыстың жазушысы Толстой айтпақшы, «Өмір деген тек қана түзу жолмен жүру емес, сол түзу жолмен келе жатып бұрылысқа келіп, бұрылыстан келе жатып құлап қалу, қайта тұру, қайта жүру». Біздер де өмірдің өріне шығып сүйіндік те,өзегінетүсіпкүйіндік те. Жезқазған облысы жабылып, әрі-сәрі күй кешуге тура келген сәттерді басымыздан кештік. Әркім өз жолдарымен кетіп, Сәбитпен арамыз ажырасып қалған жағдай да болды. Әйтсе де өмір ноқтамыз босаңсып, не толық ағытылып кеткен тұстары болған емес. Кейінде әр салада еңбек етсек те қайсымыздың болмасын өмір жолымызда бір-бірімізге тілектес, тілекші болудан жаңылмауға тырыстық.

Ақылды, білімді, іскер, тәжірибелі басшының қолына қандай қызметтің тізгінін берсең де оның бағын жандырып, берекесін кіргізері сөзсіз ғой. Себебі, қайда болса да, қашан болса даақыл деген ақыл, білім деген білім, іскерлік деген іскерлік, тәжірибе деген тәжірибе. Егер осы төрт құдірет, төрт қасиет бір азаматтың басынан табылса, оның сірә алмайтын асуы, бағындырар биіктері болмайды. Ал Сәбит Байдалы осындай төрт жағы құбыла басшылардың бірі екендігіне менің талай көзім жетті. Жезқазған және Қарағанды облыстарының телерадиокомпания басшысы болуы, Қазақстан телерадиокорпорациясының құрылымындағы түрлі салаға жетекшілік жасауы оған толық куәлік ете алады.

Қазір де ол аттан түскен жоқ. Адам ғұмырының ішінде алып бәйтерек секілді тамырын тереңге жіберген, жапырағы жайқалып өскен жас делінетін 70 жасқа аяқ басқан тұсында елімізге белгілі саяси ұйымдардың бірі «Ақ жол» партиясының Орталық аппаратының хатшысы қызметін абыроймен атқарып келеді. Осы ретте, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі Дихан Қамзабекұлының «Алашын аялаған Сәбең» атты мақаласындағы мына бір жүрекжарды сөздерін келтіре кетуді жөн санап отырмын:«Сәбит Байдалы бастаған зиялылардың «Ақ жолды» алаштандыруы жұрт көкейінен шықты. Партия басшылығының қолдауымен «ХХІ ғасырдағы Алаштың ақ жолы» атты жобасы қатарынан бес мәрте жүзеге асып, салиқалы жинақ болып шықты. Қаламгер — қайраткер мұның сыртында жылнамаға лайық «Ақ жол» партиясы құжаттарда» атты төрт томдық жинақты құрастыруға қатысты. Жалпы Ел Парламентінің көппартиялық жүйесін қалыптастырып, оны дамытуда Сәбит Байдалының да қосқан елеулі үлесі бар. Қоғамдық-саяси жұмыста қайраткер – қаламгердің еңбегі жанып, Елбасы Жарлығымен «Құрмет» орденін иеленді».

Иә, адам өз заманының түлегі. Қандай қоғамда өмір сүріп қызмет етсе де бар күш-қайратын елінің игілігіне арнаса, еңбегінің жемісін көреді деген осы. Еңбек адамы ешқашан еңсесін түсірмейді, ілгері қарайды. Сәбит Жүнісбекұлы осы жолды абыроймен өтіп келеді. Сәбеңнің жаратылыс пайымында адами қасиеттердің дәні молынан себілуі, үлкен тұлға болып қалыптасуына, өмірге құштар болып өсуіне оның туып өскен ортасы– Ұлы Дала кітабына айналған Ұлытау өңірінің қара шаңырағы Қарсақпай өлкесінде күн иісі сіңіп, жусан иісі аңқығанқазақытопырақтаөсті. Сондағы қариялардың, ұстаздардың жоғары білімі болмаса да, сол сауаттан артық даналығы мен өмір тәжірибесі болған. Сол даналық бала Сәбитті мейлінше аялады. Жүрегінің түбінде ұялап қалған ананың қадірлі, әкенің қасиетті сөздері қиындықта жасытпады, қуанышта тасытпады. Осындай қамқорлықты көріп-біліп өскен Сәбит Байдалының оның өтеуін қайтаруға, әрине, ұмтылғаны хақ.

Сәбеңнің бойындағы қабілеттердің молынан ашылуына, өмір жолында үлкен белестерді еңсеруіне Құдай қосқан жары, марқұм Айсұлу жеңгеміздің де орны ерекше болды. Жұбын жазбай жарты ғасырға жуық отасқан мерзімде Айсұлу Байдалы әулетіне үш перзент сыйлап, Сәбеңнің қара шаңырағына бал ағашындай тіреу болып, жар алдындағы ғана емес, ата-ене, ағайын-туыстың алдындағы парызын адал өтей білді, әрі ашық жарқын, өте сүйкімді де әдепті мінезімен, таза қазақи болмысымен есімізде қалды. Ал Сәбең ауыр науқасқа тап болған асыл жарын шын мәнінде алақанына салып аялады, оның көңіліне зәредей кіршік жуытпады, аурумен арпалыста асқар таудай қорған, жарының дертін жеңілдетуге барынша жағдайын жасады. «Қазан ауырын ер көтереді» дегендей, азаматтың азаматы-ақ шыдайтын істе Сәбеңнің жар дертінің бүкіл ауыртпашылық салмағын ерен азаматтықпен көтеріп алғаны бәрімізге мәлім әрі оған дән ризамыз.

Шу бойының сүлейі, «Құтты біліктей» рухани биік қазына иесі Жүсіп Баласағұн «Қадірлі кісі қартаймайды» деген екен. Сәбит Жүнісбекұлының бүгінгі жасап жатқан тіршілігіне қарап отырсам, дәл осы сөз тура оған арналып айтылғандай. Ендеше, абзал жүректі азамат балаларына өз жүрегінің мейірім нұрларын, жақсылық аңсаушы жандарға жүрекжарды сырларын төге берсін!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!