Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК. Арылу коды – «1988», «Ақылдың кілті» – 2016

akyldyn kiltiАңызшы, күйші, қаламшы Таласбек Әсемқұлов: «1988 жылдың күзінде Ленинградқа бардым», – деп жазыпты. Салтыков-Щедрин атындағы кітапханада екі аптадай жұмыс істемек ойы болыпты. Бір қарасаңыз, онда тұрған ештеңе жоқ. Ғалымдарымыз Ресейдегі архивтерге бұрын да барған, бұдан кейін де жол кесіле қоймас. Өткен тарихымыздың көне жәдігерлерінің көбі Ресей архивтерінде жатқандықтан, «тұлыпқа қарап мөңірейміз» де тұрамыз.

Мән беріп қарағанымыз ол емес, «1988» деген жыл таңбасы. Шынында да кейбір жылдардың таңбасы тарихтың кілті, коды сияқты әсер етеді. Белгілі таңбасы бар кілтті қолыңызға алып бұрап қалсаңыз, көп құпияны ішіне сақтаған темір қақпа сықыр етіп ашыла кететін тәрізді. Мәселен, «1988» деген таңбасы бар кілтпен қандай қақпаны ашқанымызды ойласақ, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей әсерге кенелеміз. Расында да солай ма? Әуелі өзімізді басқалармен салыстырып көрейікші.

1988 жылы Шерхан Мұртазаның «Сталинге хат» атты пьесасы сахналанған. Ресейде Владимир Дудинцевтің атақты «Белые одежды» романына КСРО мемлекеттік сыйлығы берілген. Анатолий Рыбаковтың «Дети Арбата» романы үңіле оқитын шығармалардың біріне айналып үлгерген. Грузин кинорежиссері Тенгиз Абуладзеге «Покаяние» көркем фильмі үшін Лениндік сыйлық тапсырылған. Ал сол жылы Қазақстанда мемлекеттік сыйлықты «Ағалардың алақаны» эсселер жинағымен Сафуан Шаймерденов алды. Сафуан ағамыз турашыл, сыршыл жазушы болса да, «Ағалардың алақаны» күрделі тақырыптардың маңынан жүрмейтін. Ғылымдағы репрессияға арналған «Белые одежды» романы отыз жыл тартпада жатып қалыпты. «Жариялылық туды, ұсынатын нең бар?» дегенде, «мен бармын» деп жалаулатып шыға келді. Тенгиз Абуладзенің «Покаяниесі» де түсірілгеннен кейін бір жыл бойы басы даулы болды. Үлкен кино қайраткерлерінің кепілдігімен экранға əрең жол тартты. Екеуі де сталинизм тақырыбын тереңдете, індете қозғаған. Көпшілікке белгілі «Жансебіл» атты əңгімемді мен сол 1988 жылы жазып едім. Шерхан Мұртазаға жиналыс үстінде айтып жарық көрген болатын. Мұндағы айтпағым, бірді-екілі қылтиған шығарма бізде де болды.

«Жансебіл» ел арасында кішігірім аңыз тудырды. «Біздің бір туысымыз осындай тағдырды бастан кешкен» деп іздеп келіп танысқандар болды. Интернетте жүрген төмендегідей мақаланы да оқыдық. Кейіпкерімізді өз жерлесіне ұқсатқан автор былай деп жазады:

«Жансебіл» фильміндегі мүгедек шалдың прототипін білесіз бе? «Абыралыға баратын кім бар, Абыралыға баратын кім бар?» деп жанұшыра теміржол вокзалында айқайлайтын, қос аяқтан бірдей айырылған қарияның бейнесі фильмді көргеннің көз алдынан оңай кетпейді. Аманатқа қиянат, əжетханаға кеткен хат, туған жерге деген сағыныш, шалын арбамен жетектеген орыс кемпір… Жүсіпбек Қорғасбектің «Жансебіл» шығармасының желісі бойынша түсірілген кино кімнің болса да жанарын жасауратады. Əңгіме фильм жайлы емес, осы фильмге арқау болған, бас кейіпкер Мұқатайдың прототипі жайлы. Ол – Бейімбет Мəмбетұлы. Бейімбет Мəмбетұлы Ұлы Отан соғысында екі аяғынан бірдей айырылып, туған жеріне денесінің жартысын сүйретіп жетіп, құр кеудесімен жүріп, тағдыр тауқыметіне тойтарыс беріп, тырмысып еңбек еткен. Бейімбет 1906 жылы қарт Қаратаудың етегінде палуандығымен атағы шыққан Мəмбеттің шаңырағында дүниеге келген. ІІ Дүниежүзілік соғыс басталғанда орда бұзар отыздан асқан жігіт ағасы отбасын қиып, майданға аттанады. Əскерге алынбай тұрып мал фермасында жұмыс істейді. Алғашқы ұрысы Ленинградты қорғаудан басталады. 1943 жылы жарылғыш снарядтың жарықшағы тиіп, қос аяқтың қара санын бірдей жұлып кетеді.

Госпитальда емделіп, мүгедек күйінде елге оралуды намыс көріп, əрі бала-шағаға масыл болмауды ойлап, елге қайтпайды. «1943 жылдың қыркүйегінен соң əкемізден хат үзілді. Майданда қаза болды ма, не жау тұтқынына түсті ме, хабарсызбыз. Сөйтсек, көкем жағдайы жөнінде Тайыр Пірімбетов деген ауылдас досына хат жазыпты. Орынбасар əкем көкемді іздемек болғанда сол кісі: «Əкеңді іздеп əуре болма, ол тірі» деп мекен жайын берді. Тайыр берген мекен жайға хат жазып, əкеміздің оралуын өтіндік… Əлі есімде, 1944 жылдың қазан айының соңында үйге көкем бұрын жұмыс істеп кеткен ферма бастығы келіп, көкемді бұрынғы қызметіне қайта қойды. Көкеме жеке машина берді. Ол кезде бастықтардың өзі де салт ат мінетін», – деп еске алады Бейімбеттің немересі Маржан.

Бейімбет Мəмбетов жер жарып атағы шықпаса да, өмірінің соңына дейін туған жерінің көркеюіне үлесін қосып өткен. Ол 1965 жылы жүрек талмасынан көз жұмған. Баласы Орынбасар Бəйімбетов (Бейімбетов болуы тиіс, құжат толтыру кезінде өзгеріске ұшырап кеткен) Сыр өңіріне атағы шыққан, Социалистік Еңбек Ері атағын алған құрметті азамат. Міне, талайдың жүрегін қайыстырған Мұқатай шын өмірде туған жеріне оралады»…

Мақаланың астына: «Керемет кино. Кішкентай кезімде көрсем де кеудемде сайрап жатыр бəрі. «Абыралыға баратын кім бар?..», «Иə, бала күннен бері қанша рет көргенім есте жоқ… үнемі қарай беремін», – дегендей пікірлер беріліпті. Демек, қазақтың жанына бататын тақырып, қазақтың жүрегін қозғайтын тақырып. Тіпті, тап сондай тағдырды бастан кешкен қазақ біреу емес, бірнешеу болып отыр. «Біздің əкеміздің тағдыры» деген əңгіме содан шыққан. Менің əңгімемде: «Сарыөзекке баратын кім бар», – деп жазылған еді. Өйткені, кейіпкер Мұқатай сол Сарыөзек жақтың тумасы болатын. Кейін бас кейіпкерді Қасым Жəкібаев сомдаған кинода Семей полигонына жақындатып, «Абыралы» деп өзгерттік.

Иə, мұның бəрі біздің тағдырымыз. Біз тағдырымыздан ешқайда қашып кете алмаймыз. Қайта, оны ерлікке, қаһармандыққа балағанымыз жөн. «Аталарымыз алай болыпты, былай болыпты» деген аңызға бергісіз əңгімелер күні бүгінге дейін айтылады. Тірі куəнің бірі бұл күндегі қайраткер ғалым Мекемтас Мырзахметов. Ұл баланы аман алып қалу үшін, қыз баланы аш қасқырларға тастап кеткен ананың қайғы-қасіретіне жер бетінде не тең келеді. Адам Мекебаевтың бір кейіпкері – анасы вокзалда ілесе алмай қалып қоя берген ашқұрсақ қызына: «Тез жүр, əйтпесе тастап кетем», – деп жекіреді. Артынша: «Шынында да тастап кетсем қайтеді, біреу-міреу асырап алар», – деген ойға беріледі…

Секілденіп жапанда өскен бір шыбық,

Бір баламен жалғасыпты тіршілік.

Таба нанға сатылған қыз кемсеңдеп,

Тоғыз бала таптым», – дейді күрсініп.

Адам Мекебаевтың «Құпия қоймасы» сияқты  бірқанша тағдырлы шығармалар оқырман жүрегін бір қозғап өтті. Асанəлі Əшімов «Құпия қойманың» негізінде кино түсіргісі келетінін айтқан секілді еді. Адам ағамыз дүниеден озған соң ол қалай жалғасады, белгісіз. Бірақ мұның бəрі қазір жүріп жатқан, онда да анда-санда ғана айтылып қалып жүрген əңгімелер. Ал сексенінші жылдардың аяғында басқалар барын тауып жариялап жатқанда, көзі тірі жазушыларымыздың тоталитаризм заманында тəуекелге барып жазған шығармалары болмағаны білініп қалды. Қоғамдық пікірге ықпал ете алатын кесек туындының жариялылық заманында да жазыла қоймағаны еріксіз таңдандырады. Əредік-əредік кеуде көтерген шығармалардың бірі ретіндегі Асқар Сүлейменовтің «Бесатарын» кейде елеусіз қалдырғымыз келетіні көркемдік талғамымыздың биіктеп кеткендігінен емес, қайта бұқпантай өмірге етіміз үйреніп кеткендіктен болуы керек. Осы тұрғыдан алғанда Таласбек Əсемқұловтың «Талтүс» романы арылу деген түсінікке бірден-бір лайық күрделі характердегі туынды еді. Қазақ əдебиеті мен өнері бел алып кетуі үшін тап осы аралықта тап осындай шығармалармен бағалануы керек болатын.

Мысалы, «Қазақ əдебиеті» газетінің өткен жылғы 15 желтоқсан күнгі санында Қуандық Шамахайұлының «Кино – өнер ме, тауар ма?» атты айқара бет көлемді шолу мақаласы басылды. Сонда Қуандық Шамахайұлы: «Тəуелсіздік жылдарында жасалған еңбектердің ішіндегі ең елеулісі режиссер Аяған Шəжімбайдың «Жансебіл» фильмі еді. Осы туындыдан кейін жөні түзу шыққан кино атаулы да тым сирек», – деп жазды. Сірə, сыншы тақырыптың ұлттық сана үшін маңыздылығы мен ұлт жанына тиетін əсерлілігі жағынан да бағалап отырған болар. Негізі, бұл фильм ұлт басына түскен азалы да ауыр нəубеттерден кейін тірі қалу мүмкін емес жерден қалай тірі шыққанымызды бейнелейтін туынды.

Күнде думан,

Күнде мейрам,

Күнде асыр,

Судай сіңіп кетпес бірақ құмға сыр.

Бір күн емес, бір ай емес, жыл емес,

Қазақ көрдім сыр жасырған бір ғасыр.

Екінші аты секілденіп жансебіл,

Өлмесек деп өтті-кетті қанша өмір.

Келмесек деп кеткендер де оралды,

Көрмесек деп кеткендер де қамкөңіл…

Қарап отырсақ, осының бəрі 1988 жылдан басталған екен. Бұл жылды арылу жылы деп атасақ еш қателеспейміз. Себебі, тап осы жылы сталиндік қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы арнайы комиссия құрылды. Шəкəрім Құдайбердиев, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынұлын ақтау үшін құпия орындардан деректер жинастырылды. Бірнеше ғалым арнайы іссапармен Ленинградқа аттандырылды. Сол жылы шығарылған қаулыда былай деп көрсетіліпті:

  1. 1988 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қаулысымен ақталған көрнекті ақын, философ Ш.Құдайбердиев
  2. 1988 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қаулысымен ақталған жазушы əрі ғалым Ж.Аймауытов

3.1988 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қаулысымен ақталған атақты ақын, белгілі саясатшы, педагог М.Жұмабаев

  1. 1988 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қаулысымен ақталған – тіл, əдебиет, ғылым, журналистика салаларында мол мұра қалдырған А.Байтұрсынов.

Ал енді бұл қаулы қалай шықтыға келейік. 1988 жылы коммунистік партияның бүкілодақтық конференциясы болды. Осы конференцияда саяси жүйеге реформа жүргізбейінше əлеуметтік-экономикалық өзгерістер жасау мүмкін емес деген шешім шығарылды. Əсіресе демократияландыру мен жариялылық мəселесі баса көрсетілді. Шынын айтқанда, бұл əлі ұлтымыздың жан жарасы жазылып бітпеген кез. Бір жыл бұрын ғана коммунистер партиясының орталық комитеті Алматыдағы 1986 жылғы көтерілісті «Қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деп айыптап қойған. Қалам ұстаған біздің сөзбен айтқанда, ол кездегі жағдай мынандай еді:

Тəуелсіздік таңы атпаған алаң шақ,

Тəн мен жанда таңба қалған талансақ.

Жүрегіміз сия сауыт секілді,

Қабырғамыз сия сорған қаламсап.

Оқтар анау тыраулаған тырнадай,

Естен кетпес алаңдағы түнгі арай.

Желтоқсанға тура келіп жасымыз,

Жарамызды жалап жазған күндер-ай.

Естен кетпес лирика ұмыт болған жыл,

Кесектерге айналғаны жол  даңғыл,

Алауларға айналғаны шыршалар,

Ұлтшылдарға айналғаны жазған құл.

Біз сол кезде руханият ордасы саналатын «Қазақ əдебиеті» газетінде қызмет істейтін едік. Тағдырлы қаулының оңайлықпен қабылданбағанын көріп,біліп, естіп жүрдік. «Шəкəрім Толстойдың мерейтойына шақырылған, Мағжанға Горький ара түскен, Байтұрсынұлы Ленинмен, Сталинмен кездескен» деп жатып ақталыпты. Ол кезде Колбин əлі кетпеген, бірақ құйысқаны көтеріліп тұрған. Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы Зақаш Камалиденов, ал қауіпсіздік комитетінің төрағасы В.М.Мирошник болғаны да көп жайдан хабар берсе керек. Несін жасырайық,  Камалиденов десе айдалада жүріп тіземіз дірілдейтін. Əсіресе, Мирошник Шəкəрімді «ұлтшыл» деп табандап отырып алған көрінеді. Сонда Үкімет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Онда комиссия төрағасы бар емес пе, сол кісі өзі айтсын» деген сөзі қалай дем бергенін академик Жабайхан Əбділдин кейін естелігінде жазды.

Міне, 1988 жыл осылай сөздің жартысын айтып, жартысын ішке бүккен, тəуелсіздік қарсаңындағы үнсіз арбасқан жыл болатын. Қаулы шыққанда ағаларымыздың қалай көзге жас алып қуанғанына біз де куəміз. Сөйтіп жоғарыдағыдай тарихи қаулымен бұлақ көзі ашылған да кеткен. Бұрын Шоқанның өмірін зерттей барып, арғы тарихымызға ұрлана көз салып қайтатындардың айы оңынан туған. Солардың бірі скифтер заманынан тың деректер іздестіріп жолға шыққан Таласбек Əсемқұлов еді. Ол Ленинградқа комиссия жұмысынан тыс, өз бетімен барыпты. Бірақ, мақсат бір, бір көз ана тарихта болса, бір көз мына тарихта.

Таласбек сол кездері: «Құпия қолжазбалар қорына кірдім, қолыңа қағаз-қалам ұстатпайды, қауіпсіздік саласының адамы сыртыңнан қыдиып қарап тұрады, тек өз көзіңмен оқып, жадыңа тұтып қана шығасың», – деп айтып жүретін. «Ондағы құжаттар жарияланса, қолданыстағы тарихты басын аяғына келтіріп төңкеріп тастауға болады», – дегені анық есімде. Содан мен құпия қолжазбалармен танысып келген қазақ ғалымының тарихты түзеймін деп далбасалап жүріп, сөзіне ешкімді сендіре алмай қалай жынданып кеткені туралы əңгіме жаздым. Айтпайын десе ішіне сыймайды, айтса ешкім сенбейді, ақылынан адасты деп есептейді. Себебі, қолында ешқандай айғақ, дəлел, құжат жоқ. Сол əңгіме анда да ұсынылып, мұнда да ұсынылып, еш жерде жарияланбай ақыры жоғалып тынды.

Сөз арасына қыстыра кетсек, құпия қолжазбалар қоры бізде де болған. Алаштанушы Тұрсын Жұртбай: «Ұлттық кітапхананың сирек қорына ілеспе хат жаздырды. Одан ұлттық кітапханаға жетектеп апарып, сирек қордың емес, арнайы құпия қорда істейтін Сəуле Мұсатайқызы Ақынжанова апаймен жеке таныстырды», – дейді бір мақаласында. Қайткенде де құпия қолжазбаларға екінің бірінің қолы жете бермесі анық. Қол жететін жердегі қолжазбалардың өзі де тегіс қаралып болмаған тəрізді. «Архивтен ұзақ жылдар бойы ашылмай, парақтары жабысып қалған қолжазбаларды көрдік» деушілердің əңгімесін де естігенбіз. Оның сыртында «архив ауруымен»ауыратындар да бар көрінеді, егер рас болса. Олар өздері тапқан сирек қолжазбаларды амалын тауып қолға түсірген соң, ешкімге көрсетпей тығып ұстайды екен-мыс. Міне, архивқұмарлық деген қайдан шығады.

Таласбектің мақаламыздың бірінші сөйлемінде айтылған сапары өз жазуынша былай болыпты: «1988 жылдың күзінде мен Ленинградқа бардым… «Лев Николаевич Гумилев əлемдегі ең мықты источниковед-жəдігертанушылардың бірі. Ойымша, проблемаңызды сол кісі шешіп береді», – деді кітапханада танысқан Қайрат Данабаев… Гумилев орта бойлы, нығыз денелі, сары өңді адам екен… «Мен өмір бойы сол архивтермен жұмыс істеп келе жатырмын, – деді Гумилев. – Айтпақшы, сізге керегі қандай мəлімет?». «Кир мен Томиристің соғысы, жалпы скифтер туралы, парсы мен скифтің арақатынасы, міне осындай мəселелер», – дедім мен. «Ол бар, – деді Гумилев. – Бірақ ол сирек қолжазбаларда емес, құпия қолжазбаларда. Оған арнайы өтінішпен ғана кіреді. Мен сізді кіргізейін. Бірақ, кезекке тұрасыз. Кезегіңіз келген күні оқымасаңыз, болды, айырылдыңыз. Келесі күні келген адам өз кезегін сізге бермейді. Яғни, кезектен қалмау керек». Сол жерде ант-су іштім. Гумилев бір адамға телефон шалып, аз-маз даудан кейін, өзінің институты алдын ала броньдап алып қойған жүзден астам кезегі бар екен, соның біреуін маған алып берді… Менің кезегім бір жарым жылдан кейін, 1990 жылдың көктемінде келді… Айтылған күні, айтылған сағатта қолақ-пандай бірнеше қолжазбаны арбамен əкеліп, жаныма қойды… КГБ-нің екі адамы қатарлардың арасымен асықпай қыдырыстап жүр… Қолыңа тиген қолжазбаны ксерокстен өткізуге болмайды. Фотоға түсіруге тағы болмайды. Конспекті жасауға жəне болмайды. Тек қана оқуға болады. Яғни, тек қана өзіңнің еске сақтау қабілетіңе ғана, ішіңдегі ксерокс пен фотоаппаратқа ғана сенесің. Кітапханада, келісіп түнге қалуға болады екен. Таңғы сегізде кіріп, келесі күннің таңғы сегізіне дейін тапжылмай отырып, қолжазбаларды үш қайтара оқып шықтым. Менің бағыма орай, менен кейін келетін адам жарты күнге кешігеді екен, қосымша ақша төлеп қолжазбаларды төртінші мəрте оқып шықтым»…

Алайда осындай салқар да шалқар дүниелер зерттеу мақала болмаса, көпшілік оқырманның яки көрерменнің рухын көтеретіндей үлкен көлемді көркем дүниеге айналған жоқ. Таласбек скифтер даласындағы ұлы жорық туралы кино түсірсек деген ұсынысқа қызығушылық танытып, бірақ қалай тауы шағылғанын бір мақаласында əлде сұхбатында еске салды. Бұл жағдайды Аяған Шəжімбай екеуміздің басымыздан өткендіктен мен де жақсы түсінемін. «Жансебілден» кейін ұлы босқында шекарада қырылған қазақтар туралы кино түсіреміз деп, қабылданып тұрған киносценарийіміз архивтен бір-ақ шығып, жиырма жылдан астам шаң басып жатып қалғаны бар. Содан бері сол сценарийдің ізімен əр басқа авторлар атынан тағы үш киносценарий жазылғанын айтсам да, тақырыптың қалай жанға маза бермейтіні түсінікті болар. Бізге əйтеуір бірдеңе кедергі сияқты, бірақ кім кедергі, не кедергі, ұғып-білу қиын. Таласбектің «Талтүсін» тосырқамай қабылдаған қоғам мен жүйе басқасын қалай қабылдамасын деп еріксіз таңырқайсың. Əлде бар кінə қоғамда да, жүйеде де емес, өзімізде ме?

Осы сұрақтың бір жауабын жақында білгендей болдық. Жазушылар одағында Бексұлтан Нұржекеұлының «Əй, дүние-ай» романы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жатты. Сонда Т.Н. деген талантты жазушы бізге: «Сендерді осында сөйлетуге дайындап əкелген», – деп тиісе кетті. Он алтыншы жылғы Қарқара көтерілісінің алды-артындағы сұмдықтарды қопара жазған роман жүрек сыздатып тұрғанда бұл сөз бəрімізге ауыр тиді. Романда шекарадан өте алмай тұрған қазақтардың көгерген қыздарын тау сағалаған қалмақтар тартып əкетіп, қашан қайтып əкеп бергенше көштің қалай қаңтарылып тұрғаны жазылады. Осы ситуацияны көзіңізге елестетіп көргеннің өзінде жон арқаңыздан құмырсқа жыбырлап өткендей болып, не істеріңізді білмей тыпырлап қалмайсыз ба?!

Талантты Т.Н. қыр соңында: «Бұл кітапты бекер ұсынасыңдар, жоғарғы жаққа не туралы екені ертең-ақ жетеді, қанша жерден шуласаңдар да сыйлық берілмейтініне бəс тігем», – деп тақымдады. Романда он алтыншы жылы үш қазақтың басы біріксе болды көтеріліс ұйымдастырды есебімен оққа ұша береді. Туысшылап кетіп, бала-шағасына қайта оралғанда үй орнында күл жатқанын көрген адамның қайғысы төбе құйқаңды шымырлатады. Талантты Т.Н. болса: «Қазіргі біздің достығымызға кір келтіретінін айтып, артынан өздерің-ақ арыз жөнелтесіңдер, олар да аяқ тартады», – деп тұқыртып барады. Ішімізде қанша қауіп болса да, өз құлағымызға өзіміз сенбедік. Осы романы үшін жазушыға Мемлекеттік сыйлық тапсырылып жатқан сəтте талантты Т.Н. аға-мыз есіме сарт ете түсті. Біздің ірі тақырыптардан қашып, ұсақ тақырыптарды төңіректей беретініміздің бір сыры міне, осында жатқан тəрізді. Жазамыз, жазғанда шыға ма, шыққанда бірдеңеге іліге ме, əлде еңбек еш кете ме?

Меніңше, осының бəріне қоғам да, жүйе де кінəлі емес, рухани жəне əдеби ортаның өзі кінəлі. Мысалды басқадан емес, өзімнен алып айтайын. Ұлтымыздың басындағы қамтылмай жүрген тақырыптың бірін алып, «Үлпілдек» атты шағын көлемді роман жаздым. Осы романды сынаған əдеби газет Орхан Памуктен мысал келтіріп, ол мысалды да қате келтіріп, қате келтіргенін қалың оқырманның алдында мойындамаған күйі қалды. Əдеби газет: «Орхан Памуктің: «Мне кажется, болезнь нашего времени — это искать во всем некую связь», – дейтіні бар еді», – деп, жазушы мұны кемшілік ретінде айтып отырға келтіреді. Шын мəнінде, Орхан Памук мұндай əрекетті кемшілік деп көрсетіп отырған жоқ. Қайта, екінші сөйлемінде, яғни ой жалғасында:  «Поддавшись общей болезни, я и публикую эту историю», – деп шендестіре жазады.

Он сегіз мың ғаламды бір түйір тарының қауызына сыйдыратындай құдіреті болмаса да, интернетте талай дүние бар. Ыбырай атамыз айтқан «Айшылық алыс жерлерден, Көзіңді ашып-жұмғанша,  Жылдам хабар алғызғанның» бəрі интернеттің қасында түк болмай қалды. Осындай мүмкіншілігі мол заманда, шындап келгенде, əдеби ортасыз да өмір сүруге болады. Бірақ, əйтеуір бір қарашаңырақ болған соң ұлтқа, елге ес болса екен дейсің.

Кейінгі біздің əдебиетімізді соцреализмнің нақсүйері болған нəзік лиризм емес, Роза Мұқанованың «Мəңгілік бала бейне» повесі сияқты тасмаңдай ұрпақтың тауқыметін арқалаған шығармалар жетектеуі керек еді. Ұлт өз тағдырын көрмей əдебиетке ешқашан бауыр баспайтыны дəлелдеуді қажет етпейді. Мұны халық жадында жатталып қалған қисса-дастандардың көтерген тақырыптарынан да аңғаруға болады. Осындай мəселелердің басын ашып айту əдеби басылымдардың тікелей міндеті деп білеміз.

Бір таңғалатынымыз, əдебиетімізде кеңес заманында жасалған тізімнің мұрты бұзылмай келеді. Кейбір күні өткен шығармалардың орнын Адам Мекебаевтың ашаршылықты апокалипсис деңгейінде жазған «Құпия қойма» романы сияқты тағдырлы туындылармен ауыстырған жөн-ау десең де селт етпейді. Əдеби ортаның «отымен кіріп, күлімен шығып жүрміз» дейтіндер мұндай шығармаларды оқымаса, талдамаса əдебиетімізге обал болмай ма? Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романын оқырманды ынтықтыра талдаған Сұраған Рахметұлы («Қазақ əдебиеті», 28 қазан, 2016 жыл) сияқты авторлар қолға жиі түсе бермесе де солай дейміз. Мен басқа да қаламдастарым сияқты əдеби басылымдардан емес, кейінгі жазғандарым жайында интернет парақшаларынан көбірек оқимын. Интернет бетінде: «Үлпілдек» адамды түрлі ойға шомдыратын шығармалардың бірі. Шығарманы оқи салып, бірден түсініп кету қиындау болды. Кей жерлерін бірнеше рет оқып барып түсінетін психологиялық туынды екен. Құралай Ахмет». «Ж.Қорғасбектің «Көкжалдар» романы сол «Үлпілдекпен» рухтас шығарма. Asem»; «Жүсіпбек Қорғасбек ағамыз əдеби-протест арқау болған «Премьер-министр» классикалық туындысын өмірге əкелді. Біз тым-тырыспыз. Əбіл-Серік Əбілқасымұлы»; «Жүсіпбек Қорғасбектің «Миллион жұлдыз, миллион ара жəне мен» əңгімесі де олжа деп бағалануға тиіс еді. «Үлпілдек» жайлы жұрт неге үнсіз? «Өлмейтін құс» формасының сонылығымен ғана емес, айтар ойымен де өзгеше болуға тиіс еді. Есей Жеңісұлы»; «Креш» деген хикаяты сұмдық екен… ұнады… Жалпы, Жүсіпбек ағаның шығармалары киноға сұранып тұратындай көрінді. Бір мистикалық сарын байқалады… Сəуле Əбілдаханқызы», – деп айтылды, жазылды. Алайда əдеби орта еті өліп кеткендей үнсіз. Сəуле айтпақшы, осымен менің екінші хикаятым экранға жол тартты.

Рас, «Үлпілдек» жолы ауыр шығарма. Кітапты демалу үшін де оқуға болады, жан-дүниеңе сіңіріп ойлану үшін де оқуға болады. Орхан Памуктың жоғарыдағы пікір алынған «Белая крепость» романы туралы бір оқырман: «Книга весьма необычная, оригинально написанная, очень легко читается, несмотря на то что во многих книгах у автора слог тяжёлый, но эта книга не занудливо написана», – деп пікір қалдырыпты. Байқасаңыз, бір автордың өзінде кітап əртүрлі жазылады. Əр кітаптың өзінше мінезі болады. Стиль кейде сюжетке қарай таңдалады. Сондықтан да «Үлпілдекті» оқып отырғанда сериал көріп отырғандай рахаттану еш мүмкін емес.

Қазіргі өркениетті нарықтың алдында біз жабайы нарықты бастан өткердік. Күні өтіп бара жатқандар жаңа заманға бейімделе алмай жанталасты. Үлпілдек жетім қыз, яғни тағдыры адамның емес, Алланың ғана қолындағы періштедей бала. Жердегі көз алдымызда бойжететін Үлпілдек пен аспан төріндегі аңыз – жұлдыз Үлпілдектің арасындағы байланыс сонда. Əдеби газет түсінбесе соны түсінбеген болар. Не астар барын түсінбей əуре болғаны да содан шығар. Жалпы, көркем шығарманы қарадүрсін талдауға болмайды.

Мысалы, Асқар Алтай «Көзжендет» деген əлеуметтік-философиялық тұрғыдан өткір де өтімді əңгіме жазды. Əмірхан Меңдеке сол əңгімені көлемі жағынан да, көркемдігі жағынан да шығарманың өзінен асырып талдады. Əмірхан сияқты алымды сыншылардың түсінігінде «шығарманың астарын түсіне алмадық» деу ұят нəрсе. Ондай пікірлер сыншылықтан гөрі əуесқойлыққа тəн. Шындығында «Үлпілдектің» кемшіліктері жоқ емес, қайта жазсам басқаша жазуым мүмкін. Себебі, өзім бұл шығарманы айналып соғуға болатын тағдырлы дүние деп білем. Үлпілдек үш рет үйленіп, үш əйелін де жер қойнына берген адамға періште күйінде тұрмысқа шығады. Ол үйдегі бар қымбат дүние – қақпағын ашқанда сиқырлы музыка ойнай жөнелетін əйелқолды əдемі қобдиша. Ішінде əйелге не керектің бəрі бар жəне бұлақ сияқты сарқылмайды. Үш əйелі де соны иіскеп көріп, мойындарына жағып көріп өлім құшады. Үлпілдек əкесіндей адамға соның сырын біліп, жұм-бағын шешу үшін күйеуге шыққан тəрізді.

«Қызыл қобдиша еденге төселген ақ киіздің үстіне көз жауын ала жылтырап қона қалды,

сүйріктей саусақ түймедей ноқатты баса алмай діріл қақты,

қолын апара беріп қайта тартып алып əлі отыр, əлі отыр,

өз-өзінен алқынып тынысы да жиілей бастады.

Түймедей ноқатты ақыры нұқып басып кеп жібергенде оның көзі жұмулы болатын,

сиқырлы үн тоқтамай бағанағыдан гөрі ұзағырақ сыңғырлап тұрып алғандай көрінді оған,

кірпіктері дір ете қалып, қос шырағы жылтырай ашылғанда, əйелге керекті дүниеліктердің түртүрі алдында самсап жатты»,

Үлпілдек болса бұл кезде жүкті болып та үлгерген еді.

Роман:

«Ертесіне ауыл еркектері өріске шыққан бада құсап қырға қарай жөңкіліп кетіп бара жатты, алдыңғы алтау-жетеуі мəйіт салынған зембілді иықтарына салып көтеріп алған екен,

анда-санда арт жақтағылармен үн-түнсіз қол ауыстырып жатқанда зембілдің шетін кейбірі аялай сипап қояды», – деп аяқталады.

Ал, əйелқолды сиқырлы қобдиша кезекті құрбандығын күткендей, қымбат дүние көрінгендіктен ешкімнің лақтырып тастай салмайтынын білгендей, өзінің түпкі иесіне адал берілген жанды нəрсе сияқтанып, жатжұрттық керуенбасыдан əкеле жатқан жүктеріне тимес үшін сыйға алынған кезіндегі жұнттай қалпын бір бұзбастан, қол-аяғы балғадай бола тұра үрметсіз аңырап қалып бара жатқан бейбақтың үйіндегі құрметті орнына қайта жайғасты. Құралай Ахмет есімді оқырманның: «Үлпілдек» адамды түрлі ойға шомдыратын шығармалардың бірі», – деуінің астарында осындай сыр жатыр. Бұл жерде мəселе мақтауында емес, шығармаға тереңдеп бойлауында, соған  талпынуында. Егер қолда бар жалғыз əдеби газетіміз осындай қарапайым оқырман дəрежесінде пікір айта алмаса, «осындай кітаптар шығыпты» деп кітап шыққанын бір ауыз сөзбен уақтылы хабарлауға мойындары жар бермесе, жаманды-жақсылы кітап шыққанын жаңалық деп біліп жатпаса, Орхан Памук сияқты Нобель сыйлығының лауреатының көпшілікке белгілі сөзін қате көшіріп, мағынасын теріс қолданып жазса, онда əдебиетті қалай сыйлаймыз?! Жоқ, мен өз атыма сын айтылды екен деп ерімді бауырыма алып тулап жатқаным жоқ, əдеби ортаның бүгінгі сиқын жеткізіп айта алмай қор болып отырмын. Əдебиетті өзіміз сүймесек, басқалар қалай сүйеді?  «Оқығам жоқ… Қазақ осылай дейді. Егерде бір ұлы жазушы келіп бүгінгі қазақ интеллигенциясы жайлы, оның психологиясы жайлы роман жазатын болса, аталмыш «Оқығам жоқ» сол шығармаға эпиграф болуға жарайды. Əңгіме қазақ қоғамын, қазақтың қоғамдық ойын алға бастырмай, кейін тартып келе жатқан кежегесі жайында…

Хэмингуэйдің айтқан бір сөзі бар, əлеуметтің талантқа деген қатысына қатысты. «Жұрттың, сен жазған шығармаға назар аудармағанына қарап, алғашында қайран қаласың, содан кейін күлесің, содан соң ашуланып күйзелесің. Содан кейін саған бəрібір» дейді ол. Стилі есімде жоқ, мағынасы тура осылай. Хэмингуэй осы сөзін біз жайында айтқан сияқты».

Бұл «1988 жылдың күзінде Ленинградқа бардым» деген Таласбек Əсемқұловтың «Оқығам жоқ…» деген мақаласынан алынған үзінді. 1988 жылы біз шынында да небір құпияның сырын ашатын коды бар кілтті қолға ұстағандай болғанбыз. Əдебиетімізде бұрын жазылмаған күрделі тақырыптарды көтереміз деп ойлағанбыз. Себебі біз өзіміз «отарлаушы» деп кінəлаған орыс қоғамының өзінде сондай шығармалар жоғары бағалана бастаған. Түрмеде туған «Қылмыс» та ойда, оқырманды екіге жарған «Жармақ» та ойда, қайта басылған «Қарғын» да ойда, алғаш оқығанда ұйқымызды қашырған «Оң қол» да ойда, ұлттық мінезді мінсіз мүсіндеген «Айғыркісі» де ойда, бірақ бізді селт еткізетіндей бірдеңе жетпейді. «Алтын орданы» талқыламақ болған кездегідей халық жиналмайды, жиналуы шарт та емес. Тек əдеби орта ұлттық əдебиетті ұлттың сүйіп оқуы үшін не істеу керек екенін білсе, қадіріне жетсе дейсің.

Арылу коды іспетті «1988» деген жыл таңбасы көмескіленіп барады. Ол жылдың маңызы қазір мүлде аталмайтын болды. Қуғын-сүргін құрбандарын күнде ақтап алып жатқандай үйреншікті жайтқа айналды. Тіпті енді бұл тақырып ешкімді қызықтырмайтын да секілді. Себебі, біз арыстарымызды ақтағанмен, сол арыстардың ұрпағы ретінде кесек ештеңе жарата алмай келеміз. Таласбек Əсемқұловтың «Талтүсі» өнер тақырыбы тұрғысынан сол жоқтың орнын толтыратын роман еді. Енді міне, кешігіп болса да Бексұлтан Нұржекеұлының «Əй, дүние-ай» романы туды. Егер бұл романдар ыстық-суығымыз басылмай тұрған сексен сегізінші жылдары жарық көргенде сенсация болар еді. Бірақ енді оған «Ештен кеш жақсы» деген жауабымыз бар. Осы шығармаға Мемлекеттік сыйлық берген мемлекетімізге рахмет!

Рас, қазақ əдебиеті таланттан кенде емес. Олар тудырып жатқан əртүрлі тақырыптағы қызғылықты дүниелерді де аз деп айта алмайсыз. Алайда, оның барлығы бірдей əдебиет пен өнердің позициясын айқын-дамайды. Біреулер «Біздің кейбір жазушыларымыз Нобель сыйлығын алып жатқандардан əлдеқайда жақсы жазады» деп жүр, шындығында олар бұл сыйлықтың лирикаға берілмейтінін мойындағысы келмей жүргендер. Біздің көптеген жазушыларымыз дəстүршілдіктің тонын жамылған құлдық психологияның өкілдері сияқты болып көрінетіні сондықтан. Олар 1988 жылы басталған рухани арылуды бастан өткермеген секілді, тіпті бұл жағынан Дулат Исабековтың «ұршық иіріп отырып бірден феодализмнен социализмге өтіп кеткен» кейіпкеріне ұқсап кетеді. Немесе, Тұрсынжан Шапайдың намыс үшін ештеңе істемейтін, бірақ намысың жоқ десе қырылып қала жаздайтын кейіпкерлері сияқты десем қайтеді?

Əсілі, əдебиет сезімнің ғана тəтті жемісі емес, ол ащы-тұщысы қатар жүретін ұлттың үлкен тəрбие құралы. Əдебиет азса ұлт та азады, əдебиет ұсақтаса ұлт та ұсақтайды. Сондықтан бүгінгі əдебиетке кешегі кеңестік соцреализм əдебиетінен гөрі, сол 1988 жылдары ақталған арда əдебиеттің мұрагеріболған əлдеқайда тиімді дер едік.Өйткені, қанша кеуде соққанымыз-бен ұлттық əдебиетімізде одан абыройлы биік əлі болған жоқ. Қолымызға арылу кодын ұстатқан 1988 жылғы қаулы 1991 жылғы тəуелсіздік декларациясына ұласты. Тəуел-сіздіктің ширек ғасырлық мерекесін де атап өтіп үлгердік. Ендеше ендігі жерде ауыл ішілік ұсақ тақырыптарды шиырлай бергеніміз жараса қоймас.

Таласбек Əсемқұловтың 1988 жылғы Ленинградқа сапары мені осындай ойларға жетеледі. Сол сапар маған ұлт руханияты үшін жасалған жанкешті сапардай көрінді. Ол барған құпия қолжаз-балар қорына əлі талай қазақ ғұламасы ат басын тірейтін шығар. Бірақ олардың қолында Таласбектің қолындағыдай арылу коды бола ма, болмай ма, белгісіз. Себебі, 1988 жыл деген сан таңбасы тəуелсіздіктің басы болғаннан бұрын, бодандық заманның соңы сияқты тарих қойнауына із-түзсіз жұтылып барады… Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Мемлекеттік сыйлықты Бексұлтан Нұржекеұлына тап-сырып тұрып: «Осы жазған кітабыңыз бен кейіпкерлеріңізді мына біздің бүгінгі заманға əкеліңіз, панорамалық көрінісін беріңіз», – деді. Шынында да жазушыларымыздың шығармаларында тəуелсіздігіміздің қадір-қасиетін кешегі қиямет-қайым күндер арқылы сезіндіретін панорамалық сахналар жоқ. Сондықтан да уақыт пен заман тынысы жеткілікті дəрежеде ашылмайды, бүгінгі күн тақырыптарына жазылған шығармалар  жеңіл-желпі дүние сияқты көрінеді. Əрі кеткенде əкесінің қала жағалаған баласына көңілі толмай, баласына араша түскен кемпіріне зекіп тастап, содан қатты ашуланғаны сонша, қолдағы бар бес-алты тұяғының соңынан айдалаға салпақтап кете барады. Солардың фонында «Хабар» телеарнасынан көрсетілген «Ақылдың кілті. Өмірдастан» сериалы ұрпақтар арасындағы рухани сабақтастықты байыпты талдауымен бірден ерекшеленген секілді. Осы тұрғыдан да «ақылдың кілтін» қолға ұстатар «арылу кодын» ешқашан да жадымыздан шығармасақ қана ұлттың жанына жақын туындыларды өмірге əкеле алатынымызды өз тəжірибеміз арқылы бір еске салып қойсақ айыбы болмас деп ойладық. Ал енді ұлттан бөлек, оның тағдыр-талайынан тыс дүние жазып ұшпаққа жетем деу бекершілік. Сөз соңында не жазсақ та  кесек турап, ірі жазайық, біздің ұлттық оқырманымыз оған əбден лайық дегіміз келеді.

Дереккөзі: zhasorken.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!