Бекболат ТІЛЕУХАН: Ресейдің көңіліне қарап, тарихымызды бұрмалауды қою керек!

bekbolat tleuhan– Кейінгі кездері халқымыздың тәуелсіздік жолындағы күресін жоққа шығарып, тарихқа қиянат жасаушылар көбейіп кетті. Бұл нені білдіреді? 

– Аурудың өзімен күрескеннен гөрі себептерімен күрескен дұрыс демекші, «қазақ халқы «тәуелсіздік жолында күреспеді» деп жар салып жатқан Данияр Әшімбаев, кино саласындағы Ермек Тұрсынов, Жанна Исабаевалардың барлығы – ғасырлар бойғы отарлаудың нәтижелері. Ұзаққа созылған отарлық саясаттың салқыны. Сонымен қатар субъективті себептері, яғни кейбір сыртқы күштердің  мақсатты саясаты болуы да мүмкін. Бірақ негізгі себебі – отарлық   саясаттың салдары, отарланған санада жатыр. Оның ызғары тәуелсіздік алғаннан кейін де кетпей отыр.

Бір халықты толық бағындырудың екі жолы бар: біріншісі,   қырып салып, кешегі үндістер секілді жойып жіберу болса, екіншісі, ұлттың тарихи санасын өшіру. Біз соның екіншісін бастан өткізген халықпыз. Сол құлдық сананы табиғи қалпына келтірмей, ұлт бірлігі өз деңгейіне көтеріле алмайды.

– Құлдық санадан арылу керек дейсіз ғой?

– Әрине. Тарихи санасыз  халық – тұл болып есептеледі. Біз тарихымызда әлемдік деңгейде өркениет ошағы болған Қарахан мемлекетін, небір  қиын-қыстау заманнан  өтсе де халқын  миллионға  жеткізіп, ел шекарасын кеңейткен Қасым ханды, Хақназар мен Тәуекел хандардың  қазақтың далалық аудандарын оңтүстіктегі отырықшы, егінші аудандармен біріктіріп, мемлекетті экономикалық негізін нығайтып және оңтүстік шекараларды кеңейтіп,  бекіткен еңбектерін өз деңгейінде білеміз бе? Жоқ, білмейміз! Не болмаса,  халық  бірлігінің әлсіреуі, ішкі саяси алауыздықтың салдары XVIII ғасырдың 20 жылдарында халқымыз қырғынға ұшыраған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретіне апарғанын тарихтың  ескертуі  ретінде халқымыздың  санасына сіңіре алған жоқпыз.

Өз батырларымызды ұлықтаудың орнынан өзгелерді биіктетеміз.  Бұл да сананың құлданғанын білдіреді. Мысалға, Кенесары мен Шәмілді келтірейік: Кенесарыға қарағанда  қазақ Шәмілді жақсы біледі. Білген адамға екі көтерілістің  ортақ тұстары көп: Екі көтеріліс те Ресейдің   қазақ елі мен Кавказды басып алу кезеңінде өтті. Екеуі де10 жылдан астам уақытқа созылды. Екі соғыс та Ресей империясы құрамында ұлттың өзін-өзі басқаруын талап етті. Екеуі де жарқын тұлғалар еді. Бірақ олардың күрес тәсілдері мен ауқымдары екі түрлі болды. Кенесарыда негізгі күш ұлт болса, Шәмілде негізгі күш дін болды. Сонымен бірге соғыс қамтыған жер көлемі де салыстыруға келмейді. Бірі ұланғайыр жер үшін жанын пида етсе, бірі ұлтарақтай жер үшін мерт болды. Әрі ең үлкен ерекшелік  – Кенесары күресті қазақ елінің заңды ханы ретінде, ұлттық  мемлекетті сақтау үшін жүргізді және сол жолда шаһид кетті.  Кенесары осы мақсатта Қоқан хандығының отаршылдығына қарсы күрес жүргізуді де көздеген еді.

Осыны неге мақтанышпен айта алмаймыз? Кино түсіруге болар еді ғой. Түсіру құны «Көшпенділерден», болмаса, «Келіннен» қымбат емес еді ғой. Керек болса, Кенесары көтерілісі туралы мектеп оқулықтарында жөні түзу ақпарат та жоқ. Осыдан кейін әрине, Әшімбаев секілділер айқайлайды да тұрады: «Қазақта ел болмаған екен, жер болмаған екен», – деп. Саясаттанушы Данияр Әшімбаев секілділер озбыр жүйенің қазақты ұлтсыздандыру саясатының жемісі. «Кешегі қазақтың басына сор болып тиіп, қамыт болып киілген отарлық саясаттың жемісі бүгінгі таңда өз  ұлтын жамандаған Әшімбаев, ешкі сүйреткен Р.Тұрсынов (Ермек Тұрсыновты айтады), жұрттың төсегін сығалаған Жанна Исабаевалар болып тиіп жатыр. Ұлттық уыздан ажырап қалғандар не болса да айтудан тайынбайды. Өйткені өз тарихын өз тілінде оқымаған, білмейді.

Ал сол Шәміл туған елі түгілі бүкіл Кавказ халқының ұлттық  батыры ретінде  халық жадында қалды. Мұның себебі Кавказ халқы да  Ресейге отар болғанмен,  рухани тұрғыда қазақтар секілді мәңгүрттеніп кете жаздаған жоқ. Ф.Энгельстің бір сөзі бар еді: «Өзінің құл екенін білмейтін құл – барып тұрған, нағыз құл», –  дегендей, біздің бір бөлігіміз сондай күйдеміз.  Себебі кешегі отарлық күйді де, құлдық сананы да мойындағымыз келмей отыр. Осының салдарынан емделе алмай келеміз әлі.

– Құлдық сананың емі не сонда?

– Тарих! Тарихыңды біл, болды!

– Япырай-а! Бұрындары «қазақтың болашағы ислам дінінде» дейтін едіңіз?

Қазіргі таңда Гегельден, Фейербахтан, Канттан мысал келтіріп сөйлесең «асқан білімдар» көрініп, Құраннан мысал келтірсең, бәлеге қалатын заман болды ғой. Мен басында айтып өттім, тарихтан сабақ алып, санамызды тарихымызбен бекітпесек, кез келген сыртқы идеологиялық, саяси-рухани күштердің ықпалында кете береміз. Өткен ХХ ғасырда тәуелсіздік алған шет мемлекеттердің тарихынан сабақ  алу бек қажет. Өзің білесің, XX ғасырдың 60-шы жылдары тарихта «Африка жылдары» деп аталады. Осы кезеңде  көптеген Африка, Азия елдері тәуелсіздікке жетті. Бірақ көп ұзамай сыртқы алпауыт елдер олардың  ішкі алауыздықтарына  май құйып,  соңы саяси-экономикалық тұрғыда өздеріне кіріптар етті. Кешегі Ирак, Ливия мемлекеттерінің жағдайы да сол ішкі алауыздықты отқа ұластырып, халықты өз-өзіне айдап салып, мұнайын өз бақылауына алған  сыртқы күштердің  саясаты. Олардың құралы сол баяғы «демократия, адам құқықтары» деген сылтау.  «Еркін бол, еркін бол» дей отырып, тізеге салып, сабап жатыр ғой. Жалтақтықты қою керек.

– Жалтақтық демекші, қазақ тарихындағы қанды парақтардың бірі – 1930 жылдардағы ашаршылықты неге Ресейге «геноцид» деп мойындата алмай отырмыз? 

– Тағы да тарихқа айналып соғатын болдым-ау. Тарих деген – фактімен сөйлейтін ғылым. Фактіден тайса, ғылым болмай қалады. Біз, рас, не зұлматты көрмедік? «Жайық өзеніне қазақ жақындамасын» деген заңда қабылданды, қаншама арысымыз ашықтан-ашық атылып, миллиондап аштан қырылып жаттық. Ол өтірік емес. Жұрт аштан бұратылып, қырылып жатқан тұста патшамыз қазақ болмағаны өтірік емес. Несіне жасырамыз? Мұны «геноцид» демей болмайды. Армяндар көтеріп жатыр әлемдік деңгейде. Украйндар да құн сұраудың аз-ақ алдында отыр.

Ал бізде керісінше. Шындықты айтар тұста Ресейдің көңіліне қарап, ұялып тұрамыз. Қытай деген елдің алақандай ғана аумақта мекен еткен Жапонияның отарында болғанын білесіздер. Қытай тарихында оның барлығы ашық көрсетіліп жатыр. Алайда сол ашық көрсетуден қытай мен жапонның арасындағы алыс-беріс пен барыс-келіс өспесе, азайған жоқ. Екі ел де өз саясатын жүргізіп, өз саясатын сіңіріп келеді. Ресейдің көңіліне қарап, тарихымызды бұрмалауды қою керек!

– Жұрт енді «Бекболат оппозиционер болып кетіпті» дейтін болды ғой…

– Мейлі айта берсін! Жалпы отарсыздандыру саясаты мемлекет тарапынан саяси, әлеуметтік-экономикалық, салаларда жүргізіліп келеді. Жоқ емес, әрине. Бірақ жеткілікті дәрежеде дей алмаймын. Осы өтпелі кезеңнің заңдылықтарын, ерекшеліктерін халыққа түсіндіру өз дәрежесінде жүргізілген жоқ. Егер бұл кезеңнің саяси, әлеуметтік, рухани талаптарын, заңдылықтарын халыққа дұрыс түсіндіргенде халық өзінің жағдайын, деңгейін дұрыс түсініп, сан ғасырлар азаттықта дамыған елдермен өзін теңестірмес еді. Атқамінерлер де елдегі  жағдайды  бір сәтте батыстың деңгейіне жеткіземін деп арамтер болмас еді. Ғасырлар бойы қалыптасқан батыстық үлгіні жалғыз күннің ішінде қазақтың қоғамына әкеліп орнатамын деу – емшектегі баланың аузына қазы-қарта салғанмен бірдей. Қабылдай алмайды. Осыны бағамдау біраз азаматтардың міндеті еді, өкінішке қарай, олар бағамдай алмай отыр.

Білім саласы да оңып тұрған жоқ. Әр министр келіп сынақ жасайтын алаңға айналдырады. Жалпы білім сапасын тестілеу арқылы тексеру деген дұрыс емес. Тарихтың өзі тестілеу арқылы өтеді. Студенттер тек даталарды ғана жаттайды. Осыған ғана дағдыланып алады. Мұндай білім жүректе емес, қағазда ғана қалады. Кезінде консерваторияда кафедра басқарып жүрген шағымда ҚазМУ-дың  тарих факультетінде профессор Қаражановтың  кафедрасында  «Қазақстанның  қазіргі кезеңдегі отарсыздандыру мәселелері»  атты арнайы курс  жүргізілетіндігін естіп,  кейін сол пәнді жүргізген оқытушыны консерватория басшылығының рұқсатымен сабақ беруге шақырттық. Пәнді «Ұлттық негіздер» деген атпен жоғары курс студенттеріне оқыттық. Нәтижесі өте жемісті болды. Студенттер саяси-рухани жағынан жаңа деңгейге көтерілді.

Міне, сол пән арнайы курс ретінде барлық жоғарғы оқу орындарына өту керек еді. Қай кезеңде де тарих әрбір ұлттың  тарихи санасын қалыптастыруда өте үлкен рөл атқарады. Ал оны халық санасына жеткізуші – тарихшылар, тарих ғылымы. Кешегі кеңестік билік осыны шебер пайдаланды.

– Әңгімеңізге рахмет! 

Сұхбатты жүргізген – Бүркіт НҰРАСЫЛ.

«Халық сөзі» газеті, №42 (186), 29.05.2012.

Фото bilim-all.kz сайтынан.

5 комментариев

  1. Азамат Ответить

    Бекболат аға дұрыс айтады!

    Біздің елде көп тарихи растықты өте көп бұрмалайды, оның қажеті не? неге қорқады?!
    Растыққа бола соғыс болып кетпес!!!
    Баяғы өткен рас тарих əр қашан əдемі өйткені онда міндетті түрде сол кездегі кешкен тарихи оқиғалар жазылады.

  2. Ereke Ответить

    Мына топастың аузын кім жабар екен

  3. nurly Ответить

    Бекболат аға дұрыс айтады!

  4. Манарбек Ответить

    Бекболат аға сизге АЛЛА разы болсын

  5. қобылан Ответить

    Бекболат ағаның айтқандарын тек дұрыс деп қана.қоймай ,әрбір қазақ санасына сіңіру қажет. Қазақ тарихы жойылмауы үшін атсалысуымыз керек.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!