Тәлім-тәрбие туралы

Бесик_Павел Михеев«Озар елдің қызы қылықты, ұлы өнерлі келеді»,-демекші, қыз балаларға табиғатынан нәзіктік пен ұяңдық, ал ер балаларға-батылдық пен ұстамдылық тән. Жалпы әрбір адам баласы ең бірінші тәлім-тәрбиені отбасындағы адамдардан алады. Бала тәрбиесі  ата-ана үшін ең маңызды, әрі жауапкершілігі мол жұмыс. Ата-ана кішкентайынан баласының әр қадамын қалт жібермей,оның шалыс басуына жол бермей, ақ пен қараны ажырата білуіне тәрбиелеуі қажет. Себебі,бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Бала бойына жақсылықтың нұры себілсе, айналасындағы адамдарға жақсылық жасауға жаны құмар болып, тура жолдан таймай, ортасына сыйлы болады.
Адамның тәрбиесі қандай екенін оның жүріп-тұрғанынан, сөйлеген сөзінен байқауға болады. Қай ата-ана баласының жаман болғанын қалайды? Барлығы алдарында өсіп келе жатқан балаларынан үлкен үміт күтеді. Ата-ананы қуантып, ризашылығын алу баланың басты міндеті. Ал, осы асыл жандардың ризалығын алу үшін жас ұрпақ қайда жүрсе де ата-анасынан алған асыл қасиеттері мен тәлім-тәрбиесін неғұрлым жақсы жағынан көрсете білуі қажет.
Көпке топырақ шашудан аулақпын. Бірақ қоғамда тәрбиесі нашар адамдар да кездесіп жатады. Оларды күтімсіз өскен талмен теңеген де артықтық етпес. Сірә, әдепсіз өскен адамнан, күтімсіз өскен тал жақсы. Нашар қылықтарымен ортасының шырқын бұзып, берекесін қашыратын адам еш жерге сыймайды. Мұндай жандардан адамдар да бойын аулақ ұстайды.
«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деп тегін айтпаса керек. Халқымызға тән әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қазақы мінезімізді шет елдерге еліктеп жоюдың қажеті жоқ. Егер адам тұлға болып қалыптасқысы келсе, өмірден өз орнын тапқысы келсе, басқаға еліктемеуі тиіс. Өзгеге еліктеймін деп өз артықшылығыннан айрыласың.
Біз өсіп келе жатқан жастар санамызға салт-дәстүрімізді, әдеп-ғұрпымызды мықтап түюге тиіспіз. Сонда ғана атадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттерімізді өзімізден кейінгі келер ұрпаққа жеткізе аламыз. Бұл біздің өмірдегі адам ретінде борышымыздың бастамасы.

Құрметті оқырман қауым! Ата-бабамыз аманат етіп қалдырған құнды дүниелерімізді сақтап қалғымыз келсе, қазақылығымызды жоғалтпайық! Болашақта әрқайсымыз бір-бір үйдің отағасы мен отанасы атанарымыз сөзсіз. Ендеше, тәрбие тал бесіктен екенін естен шығармайық!

Ботагөз Әбсадық, 

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің 1 курс студенті 

фото vlast.kz

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!