Досхан Жылқыбай.Қазақта алхимия болған ба? Сынап көше ме, алтын көше ме?

zolotoӨткен ғасырдың 50-жылдары Американың Чикаго қаласында бұрын аңыз болып есептелінген химиялық реакцияны атомдық реакторда жүзеге асыруға талпыныс жасалды. Бұл реакция жөнінде ғалымдар арасында 2000 жыл талас жүрді. 2000 жыл бойы дəл осы құбылыс үшін қаншама алхимиктер өздерінің лабораторияларында ағзаларына орасан зор зиян келтірер түтінді жұтты. 2000 жыл бойы алхимиктерге осы бір ой маза бермеді. Чикаго қаласындағы атомдық реакторда бірнеше жыл бойы аты ұмытылуға айналған алхимиктердің арманы қайнады. 2000 жыл бойы алхимия өнерінің артынан ерген аңызы қайнады.

Қазақта алхимия болған ба? Əрине, күлкі шақырар сұрақ. Бірақ, бұл сұрақ екі түрлі күлкі туғызады. Сауал қойылғандардың бірі біліп күледі. Екіншілер, білмей күледі. Бірі табалап күлсе, бірі мазақ етеді. Білмей, мазақ етушілер: «Қазақта алхимия қайдан болсын?» – десе, білетіндер: «Енді біліп жүрмісің?» – деп таба қылады. Егер дəл осы сұрақ біздің адреске қойылған болса, бірінші топқа қосылар едім. Сол бір экспонатты көрмеген болсам…

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің «Ежелгі жəне Орта ғасырлар» залында Отырар қаласынан табылған құтылар кездеседі. Шамамен Х-ХІІ ғасырларға тəн. Ол жəдігерлер «сфероконустар» деп аталады. Заты ыдыс болғанымен, ыдыс деп атауға келе бермейді. Кейбір ғалымдар оны бүгінгі күнгі «гранатаның» арғы атасы деп те атайды.

Тіпті, Италияның ғалымдары олардың көшірмелерін жасап, ішіне жарылғыш заряд салып, граната есебінде эксперимент жүргізді. Жарылды. Тəжірибенің қорытындысы бойынша, граната есебінде қолдануға əбден болады деген шешім шығарылды. Бірақ, бұл жəдігерлердің қолданылуы тіптен басқа болатын.

Қазіргі граната дегеннен-ақ пішінін көз алдарыңызға елестеткен боларсыздар. Иығы шар (сфера) тəрізді болып келіп, түбі сүйірленіп конусқа ұқсап кетеді. Атауы да осы тұстан шыққан. Сфера мен конустың қосындысынан туған ыдыс. Аузы саңырауқұлақ секілді. Саңылауының тарлығына қарасаңыз, сұйықтық құятын ыдыс екенін бірден байқайсыз. Қыштан құйылып, өте жоғары температурада күйдірілген. Жəне бұл ыдыстың түбінің сүйірлігіне байланысты басқа ыдыстар секілді кез келген жерге қоя алмайсыз. Осы қасиетіне қарай сөз етіп отырған құты көбіне ілулі тұрған болуы мүмкін. Ал, бұл ерекшелігі оның ішіне қарапайым емес, құнды сұйықтық құйылғанын аңғартады. Осындай бірқатар ерекшеліктерімен бұл құтылар жүздеген жылдар бойына археологтардың қызығушылығын толассыз тудырып келеді. Жоғарыда айтқанымыздай, «сфераконус» – ғалымдардың құтыға пішініне қарап берген атауы. Ал, бұл экспонаттардың негізгі атауы жөнінде атақты археолог Б.В.Лунин өз еңбегінде Орталық Азия халқы сфераконустық пішіндегі бұл құтыны «симаб-кузаче» деп атайтынын көрсеткен. Ал, кейбір ғалымдар бұл құралды қазақшалап «сынапкөзе» деп атайды. Ұлттық музейдегі бұл құтылардың сипаттама бұрышында «сынап құятын ыдыс» екені көрсетілген. Ал, парсылар сынап құятын ыдыстарын «кузей-симаб» деп атайды. Яғни, «кузаче, кузей» сөздері қазақша «көзе» деген мағына береді. Ал, «симаб» сөзін түсіндірудің өзі артық болар. Оқырман ойында: «Бұл деректердің тақырыпқа қандай қатысы бар? Бұл құтылар алхимия жайында не айта алады?» – деген сияқты сауалдар туындауы заңды. Иə, қыштың есте сақтау қабілеті бар екенін ғалымдар дəлелдеді. Таласбек Əсемқұлов мақалаларының бірінде шөлдегі адам көзіне иран бақты əсем қалалар мен жасыл-желекті көлдердің елестеуін осы құмның есте сақтау қабілетімен байланыстырады. Жəне қазақтың ықылым замандағы серттесу ырымында қолдарына бір уыс құм немесе тас ұстай отыратын ырымын қоса кетеді. Бірақ, бұл құбылыстар кездейсоқ көрінбесе, қазіргі ғылым құмның құрсауындағы ақпараттарды көшіріп алуға қауқарсыз. Сондықтан, ескі ғылым алхимия жөнінде бұл құтылар бізге бір ауыз да əңгіме айта алмайды. Тілін түсінбейміз. Есесіне, олардың ішіндегі сұйықтық, дəлірек айтсақ, бұрын сақталған сұйықтық алхимия жөнінде көп сыр шертеді. Ол сұйықтық – Менделеевтің кестесіндегі 80-орынды иемденген сынап сұйықтығы. Əрине, химия ғылымынан кешірім өтінеміз. Өйткені, сынап сұйықтық емес, сұйық металл ретінде белгілі. Бөлме температурасында сұйық күйінде кездесетін жалғыз металл. Дəл осы металл алхимияның негізгі элементі. Тіпті, кейбір деректерде – алхимияның анасы ретінде таныстырылған.

Жалпы, алхимия дегеніміз не? Химияның түбірі жəне натуралды философияның негізгі тармағы делінеді ғылыми анықтамада. Кейінгі антика дəуірінде, шамамен біздің жыл санауымызға дейінгі ІV-II ғасырларда Ежелгі Мысырдағы Александрияда пайда болған.

Сөздің мағынасы жөнінде пікірлер көп. Ең көп тарағаны былай дейді: Біздің заманымыздың V ғасырында өлі тілге айналған көне мысыр тілінде мысырлықтар өздерін «Хэм» деп атаған. Осы сөзден «хэмия» сөзі туындаған. Қазақша «Мысырлықтарға арналған өнер» деген мағына береді. Иə, бұл ғылым алғашында «химия» болып қолданылған. Кейіннен Араб халифатында қарқын алған тұстан бастап қана «алхимия» атанды. Александрия кезеңінде бұл өнердің орталығы Сераписа храмы болған. Атақты Александрия кітапханасының бір бөлімі 235 жыл бойы ашық тұрды. Алғашқы алхимиктер ретінде ғалымдар темір ұсталарын атайды. Əрине, логикаға сыйымды. Ал, тарихта аты қалғандардан Болос Демокритос, Зосим Панополит сынды ғалымдарды атауға болады. Болос Демокритостың «Физика жəне мистика» кітабында трансмутация, яғни айналдыру, құбылту сөзі тұңғыш рет қолданылды. Ол металдарды басқа металға айналдыруға болатынын (қарапайым металды бағалы металға) алғаш айтқан ғалым болатын. Осы идея

мыңжылдықтарға созылған алхимия өнерінің негізгі діңгегіне айналды. Ал, Зосим өз энциклопедиясында бұл өнерді қарапайым металдарды алтын мен күміске айналдыратын өнер түрі ретінде суреттеді. Жəне Зосим бұл өнердің жалпыланып кетпеуіне қатты көңіл бөлді.

Кейінгі алхимиктердің арғы ұстазына деген, мүмкін құрметінен, мүмкін жасанды алтын жасап, байып кету құпиясын ешкіммен бөліскісі келмегеннен Зосимнің өсиетін барынша есте сақтаған. Бірақ, бұл өсиет алхимиктердің алтын жасап, жақсы өмірге қол жеткізуінен гөрі, арттарынан аңыз бен құпия қалдыруларына көп септігін тигізген өсиет болатын.

Біздің заманымыздың ІІІ ғасырының соңында Мысыр халқы өздерін билеп отырған Рим билеушілеріне қарсы көтеріліске шықты. Толқу жаншылып басылғаннан кейін Рим билеушілері мысырлықтардың өзімшілдіктерін басу мақсатында бүкіл ескі кітаптарды өртеуге бұйрық берген. Алхимияның ошағы Мысырда басталғанымен, бұл өнер Араб халифатында қанатын кеңге жайды. Алхимияның төрт құпия ғылымның қатарына қосылуы да осы замандар болатын. Сол уақыттарда ғалымдардың шындығында да қара металды жалтыраған алтынға айналдыруға қолы жеткен деген аңыз бар. Бірақ, бұл жасанды алтындардың ғұмыры қысқа болатын. Осылай еңбектері еш кетіп, көздегендеріне жете алмаған ғалымдар тобы сол жылдары халифат астанасы Бағдатта тұрып жатқан «Екінші Ұстаз» əл-Фарабидың көмегіне жүгінген деседі.

Иə, иə. Ұлы даланың тумасы, біздің атақты бабамыз əл-Фарабидың бұл тұстағы абыройы асқақ болатын. Ол көмек сұрай келген өз замандастарын осы өнер турасында кітап жазып, ақ-қарасын анықтап беруге уəде етіп шығарып салады. Осылай отырарлық ғалым өзінің «Алхимия өнерінің қажеттілігі туралы» атты еңбегіне алғашқы қадамын жасады. Ол еңбек былай басталатын: «Бұл кітапта мен бұл өнердің қажеттілігін атап өтіп, ол қандай жолмен дəлелденетінін жəне бұл өнерді зерттеушілердің қателіктерін көрсетуді мақсат еттім», – дей келе: «алхимиктердің ең үлкен қателігі – өздері танымайтын металдармен жұмыс істеуінде», – дейді. Олардың тіпті басшылыққа алатын кітаптары да жоқтығын алға тартып, адасушылықтарын металдардың қасиеттерін білмеуімен түсіндіреді. Жə, біздің мақсат кітап талдау емес. Фараби бабамыз осы кітапты жазу үшін бір ай уақыт жұмсады делінеді. Ол бір ай бойы алхимик ретінде өмір сүрді. Бірақ, қаншама ғасыр бойына дамып келе жатқан өнерді бір айдың ішінде үйренді деу – ақылға сыйымсыз. Осы ретпен ойлансақ, ғұламаның бұл ғылымнан мұнан бұрын да хабары болғанына шүбə жоқ.

Біз өз тарапымыздан ғұлама бабамыз бұл өнердің əліппесімен Отырар медресесінде оқып жүріп-ақ танысты деп болжам жасағымыз келеді. Бұл болжамға біздің жоғарыда айтып кеткен алхимияның анасы «сынап» құйылатын ыдыстардың дəл Отырардан көптеп табылуы итермелейді. Ал, сынаптың қасиетін білмей қолдану мүмкін емес. Дұрыс қолдана алмаған адам сынаптан уланып өледі. Қазақ жеріндегі Отырар қаласында сынаптың қолданысы ол жердегі ғылыми айналымда алхимияның алғашқы элементтерінің болу мүмкіндігі жөнінде ойландырады.

Шоқан Уəлиханов бір сөзінде: «Халық басынан өткен бірде-бір дүние оның ауыз əдебиетінен орын алмай қоймайды», – дейді. Сынап жөнінде қазақта «сынаптай сырғып» деген сөз тіркесі кездеседі. Осы сөздің өзінен-ақ Менделеевтің сексенінші элементінің қазақ даласында үлкен танымалдылыққа ие болғанын аңғаруға болады. Шындығында да, осы бір сусыма металды біздің далада не үшін пайдаланды?

Бұл сұраққа жауапты Ұлттық музейдің «Алтын залынан» табуға əбден болады. Иə, сынаптың қалай айналып келсе де алтынға қатысы көп. Тіпті, Менделеевтің периодтық кестесінің өзінде осы бір екі металдың қатар тұруы кездейсоқ емес сияқты. Алтын – 79. Сынап – 80.

Қазақ даласында сынап екі түрлі мақсатта қолданылды. Біріншісі – қарапайым металға алтын жалату үшін. Сексенінші элементтің бір қасиеті сол – өзіне басқа металдарды жұта алады. Сондықтан, алтынды бірінші сынапқа ерітіп, өзге металмен байланыстырады. Ал, қалай, ненің əсерінен алтын қалып қойып, сынап ағып кетеді деген сұрақтарға мамандар жауап берер. Осындай технологиямен тек қазақ даласы емес, басқа да көптеген елдер қарапайым металдарды алтынмен аптаған.

Сынаптың екінші қолданысы да өзге металдарды өзіне жұту қасиетіне негізделген. Көшпелі алтын жөнінде естіген шығарсыз. Құмның беткі қабатында ғана көшіп жүреді. Тəжірибесіз алтын іздеушілер «алтын шыққан жерді белден қаз» деп қара терге түсіп жатады. Ал, қазақ құмның беткі қабатында ғана көшіп жүретін бұл алтынды сынап арқылы, сынаптың өзге металдарды өзіне жұту қасиеті арқылы жинап алып отырған. Кейде  халық арасында сынаптың емдік қасиеттерін де біліп, пайдаланғаны туралы деректер кездеседі. Өткен ғасырда ғана у деп танылған сексенінші элемент оған дейінгі замандардағы дəрі жасау технологиясында да негізгі қоспалардың бірі ретінде қолданылған. Ал, Үнді елінің медицинасы бүгінгі күнге дейін сынаптың қасиеттеріне құрылған. Тіпті, қазіргі дамыған батыс медицинасы емдей алмайтын аурулардың өзін сынап арқылы емдеуге болатынын үнді ғалымдары алға тартады. Қағида біреу: «Жер бетіндегі барлық дүние – дəрі. Барлық дүние – у. Тек мөлшерін білу керек». Иə, Үнді медицинасы осылай сынаптың қасиеттерін біле түсуге шақырады. Алхимияның алғашқы отанының бірі ретінде танылатын осы елде: «Дұғаның қасиетін білген адам – пайғамбар. Сынаптың қасиетін білген адам – құдай», – деген сөз қалған.

Атақты археолог Герасимов 1963 жылы орыс патшасы Иван Грозныйдың қабірін ашып, бетбейнесін қалпына келтіру барысында қаңқа сүйектері лабораторияға жөнелтілген болатын. Бір қызығы, патша сүйегінен сынап табылған. Ал, оның жеке дəрігерлерінің жазбаларында патшаның сынап қосылған дəрілерді қабылдағаны турасында деректер кездеседі. Яғни, орыс даласында да сынап дəрі ретінде қолданылған. Егер, осы сұйық металдың дəрілік қасиеті алғаш рет Үндістанда байқалып, сол елден тарайтын болса, географиялық тұрғыдан бұл жаңалықтың қазақ даласын басып өтпеуі мүмкін емес.

Емдік қасиетін білуді болжам ретінде санамаған болсақ, жоғарыдағы сынаптың бір қасиетінің өзі қазақ даласындағы алхимия элементтерінің болғандығын əбден дəлелдей алуы мүмкін.

Барлық ғылым адамның жақсы өмір сүруге деген талпынысынан туған десек қателеспеспіз. Алхимия да солай.

Бұл өнер адамның үш түрлі арманына құрылған.  Жақсы өмір сүру, ұзақ өмір сүру жəне сол ұзақ өмірді ауырмай сүру. Жақсы өмір сүру үшін бағалы металл – алтын керек. Мұның сынаппен байланысын жоғарыда айттық. Ауырмай ғұмыр кешудің де сыры сынапқа келіп тіреледі.

Осы тұста бір айта кететіні сынап өз күйінде у. Оны дəрі ретінде мүлдем пайдалануға болмайды. Дəрі жасау үшін сынаптың аралық күйлері пайдаланылған. Ал, ұзақ өмір сүру философиялық тас арқылы ғана жүзеге асуы мүмкін.

Алхимиктердің тағы бір үлкен ізденісі осы – философиялық тас төңірегінде өрбіді. Осы тасты тапқан адам шексіз билікке қол жеткізеді деп ойлады. Бұл тылсым дүние тас деп аталғанымен, дəл тас күйінде кездестірем деп ешбір алхимик ойланған емес. Оны қолдан жасау керек. Жəне бұл жағдайда да ең негізгі элемент сынап болатын. Өзін нағыз алхимик санаушылар алтын жасауға емес, философия тасын табуға талпынды. Сол тас арқылы материалдық та, рухани да еркіндікке жетуді аңсады. Бұл тас тек металдарды алтынға айналдырып қоймай, адамды жасартып, бар ауруын емдеуі керек еді. Философия тасын Үнді алхимигі Нагарджуни Расашала храмында ойлап тауып, алты жүз жыл өмір сүрді деген аңыз бар. Мүмкін, аңыз. Мүмкін, шындық. Дөп басып ешкім айта алмайды. Тек, тағы бір қызығы, Расашала храмының атауы санскриттен аударғанда «сынап үйі» деген мағына береді. Тағы да қазақ даласынан табылған сынапкөзелер көз алдыңа келеді. Тұтас бір ғылым шырмалған осы бір «сұйық күмістің» біздің даладан көптеп табылуы тағы да қазақы алхимия жөніндегі ойларға бастайды.

Сынапкөзелерге құйылған сұйық металдар біздің даладан Жібек жолы арқылы Еуропа мен Қытайға қарай талай-талай жол тартқан болар. Өйткені, қазіргі Қырғызстан жеріндегі Айдархан аймағында мыңжылдықтардан бері сынап өндіріп келе жатқан кен орны бар. Егер Еуропа елдеріне сынап біздің даладан жеткізілмеген болса, ХІІІ ғасырда суға батқан Пизан галереясынан біздің даладағы сынапкөзелердің табылуын қалай түсіндіруге болады?

Алхимия өнері əбден күйреген ХХ ғасыр басында швейцариялық психолог Карл Юнг бұл ғылымға мүлде басқа қырынан қарағысы келген болатын. Ол алхимиялық философияны психологияның бастауы – протопсихология ретінде тануды ұсынды. Ол алхимиктердің философиялық тасты іздеуін – өліммен жақсы қарым-қатынас жасаудың жолы деп, ал оны жасаудың этаптарын адамның өзін-өзі дамыту кезеңдері деп түсіндірді. Юнгтың негізгі идеясы адам өзін-өзі дамытып, кемел шаққа жеткен тұста өлімнен қорықпай, оның алдына өзі бара алады дегенге саяды. Бұл ойлар ғалымға философиялық тастың кітаптардағы таңбасына қарап отырып келген болар. Өйткені, ол белгіде өз құйрығын өзі тістеген жылан бейнеленген еді. Егер шын алхимия осы болса, біздің даладағы алғашқы алхимик ретінде Қорқытты атауға болар. Өлімге дайын емес еді. Оны асықтырды. Алхимиктердің философиялық тасын іздегендей, Қорқыт мəңгілік өмірді іздеді. Ал, философия тасының қандай екенін ешкім білген емес. Мүмкін ол шынымен тас, мүмкін ұнтақ. Мүмкін, тіпті де материалдық дүние емес болар.

«Алхимик Қорқыт» философия тасын музыкадан іздеген болар. Ақыр аяғы жылан шақты. Дəл тылсым тастың таңбасындағыдай.

Əрине, алхимияның қазақ даласында элементтері болды десек те, дамыған елдердегідей балқыған қорғасын мен сынаптың ащы түтініне тұншығып отыратын лабораториялар болмағаны баршаға аян. Бірақ, біздің даланың өзіндік лабораториялары болды. Олар – темір ұстаханалары. Басқа жұрт бар ғылымын байлық табуға жұмсағанда, бабаларымыз алхимияның элементтерін жерін қорғайтын қайқы қылышын құюға жұмсады. Əркім өз санасындағы, өз ойындағы байлықты іздеді. Ал, қазақтың байлығы байтақ жері болатын.

Айтпақшы! Ұмытып барады екенмін! Американың Чикаго қаласындағы атомдық реакторда бірнеше жыл бойына қайнатылған реакция алхимиктердің артынан ерген аңызы еді. Бұл эксперимент 50 келі сынапты реакторда қайнату арқылы алтын алуға бағытталған болатын. Сол 50 келі сынаптан бірнеше жылдық еңбектен соң 74 грамм алтын алынды. Бірақ, экспериментке кеткен қаржы 74 граммдық алтынның құнынан 74000 есе асып түскен. Пайдасыз іс. Бірақ, алхимиктер алдамапты. Сынаптан шындығында да алтын алуға болады. Жəне таза алтын…

Дереккөз: zhasorken.kz

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!