Ұлттық музей – мәйекті мұралар ордасы

0 (182)Өз тарихы мен рухани-мәдени мұрасын құрметтейтін кез-келген ел музей ісіне үлкен ыждағатпен қарайды. Жаңа ғасыр талабына сай салынған Астанамызда да мәдени орындардың көптеп еңсе көтеруі көңіл көншітер көрсеткіш. Ал халықаралық деңгейдегі іргелі музей жасақтау жайлы ұсынысты ең алғаш рет 1998 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған еді. Араға 10 жыл салып 2008 жылы Ұлттық музей салу жайлы нақты тапсырма берілген болатын.

Жаңа заман талабына сай салынған ғимаратының әсемдігі мен алып жатқан аумағының көлемділігі жөнінен әлемдік музейлердің ондығына кіретін ауқымды мәдени ошақ тізгінін ұстау мәртебесіне кандидат таңдау оңай шаруа болмағаны белгілі. Себебі «ұлттық» статусы бар еліміздегі ең ірі музейді басынан бастап жасақтап, құрылымдап шығу үшін де ұйымдастырушылық шеберліктің сыртында тарихи-мәдени ортаны жақсы білетін, басқарушылық тәжірибесі бар кадр керек болады.  Осылайша бұл орынға бұған дейін атқарушы биліктің бірнеше сатысынан өткен, министрлік тізгінін ұстаған, Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігіндегі Ішкі саясат бөлімін басқарған, білікті басшы Дархан Қамзабекұлы Мыңбай  лайық деп танылды. Бұл таңдау Дархан Қамзабекұлына артылған үлкен сенім мен міндет екендігі сөзсіз.

Өзіне артылған кез-келген міндетті өте жауапкершілікпен және абыроймен орындап үйренген Д.Мыңбай құрылыс жұмыстары аяқталмаған Ұлттық музейді әлемдік деңгейдегі ірі мәдени ошақ ретінде жасақтап шықты деуге толық негіз бар. Себебі қазір шетелдік кез-келген қонақ Ұлттық музей табалдырығын аттамай қайтпайды. Музей іші тарихи хронологиялық реттілік пен салалық негіздерді ескере отырып 7 үлкен залға бөлінген. Әрбір залдың өзіндік ерекшелігі, даралығы, келушілерге берер әсері бар.

DSC_1748D4S_6274Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі тек қана ескі экспонаттармен жасақталған көне ғасыр көрінісі емес. Әрине мұнда күн сайын келушілерге арналған ұлттың тарихи-мәдени бай мұрасы жинақталған. Ол жәдігерлер сонау көне сақ пен ғұн дәуірінен бастап бүгінгі күнге дейінгі ұлт тарихына қатысты бағалы бұйымдар. Ал сонымен қатар Ұлттық музей ғылыми ағартушылық және ұйымдастырушылық міндетті қатар алып жүріп келеді.  Ұлттық музейде өтіп жататын күн сайынғы іс-шаралардың қатары көп. Ғылыми конференциялар, дөңгелек үстел, көрмелер,  акциялар, кездесулер, танымдық кештер мен мерекелік шаралардың әрқайсысының өзіндік алар орны ерекше.

Мәселен «Музейдегі түн» деп аталатын акция бағдарламасының сан алуандығымен және заманауи қойылымдарымен астаналықтарды музейге жетеледі. Нақты нәтижесі осы акцияға 2015 жылы бір кеште 23 мың адам, ал 2016 жылы 33 мың адам келген. Музейге мұндай қысқа мерзімде осыншама көп адамның келуі біздің ел тарихында болған емес.

Осылайша 2014 жылы Астана күні қарсаңында ашылған Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі бүгінде елдің ғылыми, рухани әрі мәдени орталығына айналып үлгерді. Ресейдегі Эрмитаж, Третьяков галереясы, Франциядағы Лувр, Нидерландтағы  Рейксмузеум, Кореяның Ұлттық музейі, АҚШ-тағы Метрополитен, Франциядағы Шығыс өнерлерінің Ұлттық музейі – Гиме музейі сынды әлемнің даңқты музейлерімен ұқсастықтар келтірген кезде, біз таяу арада әлемнің ең ірі мәдени ошақтарының арасынан лайықты орын алуға мүмкіндік беретін өзіміздің «қазақстандық жолды» таңдап бағдар еткен музейіміздің құндылықтарымен шын мәнінде мақтана аламыз.

OET_947002Жәдігерлерді келушілерге жарқыратып көрсету үшін алдыңғы қатарлы технологияларды қолдану айрықша маңызды. Техника туралы айтқан кезде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ыңғайлы пандустар, келушілердің қызығушылығы мен ықыласы ерекше түскен бағытта экскурсия жасауға мүмкіндік беретін ІТ-технологиялар, мультимедиялық гидтер туралы айтпай кетуге болмайды. Музей барлық заманауи талаптарға жауап береді. Сондықтан оның экспонаттары мен экспозицияларымен танысу өте қолайлы әрі ұнамды. Сонымен қатар QR-код, аудио гид сияқты заманауи жаңа құрылғылар бар. Бұлардағы ақпараттар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде. Бұл құрылғылардың көмегімен музейдегі барлық экспозициямен танысып шығуға болады.

Сонымен қатар Ұлттық музейде ұлттық деңгей бар. Сондықтан да бұл жерде  мем­ле­кеттік маңызға ие экспонаттар ғана сақталады. Еліміздің аумағынан табылған кез келген құнды жәдігердің түпнұсқасын осы музейден көруге болады. Оның үстіне Ұлттық музей материалдық және рухани-мәдени ескерткіштердің табиғи, тарихи нұсқаларын жинақтап қана қой­май, оларды сақтап, зерттеп, халық­қа көр­сетіп, насихаттап отырады. Құнды мұра­лар қоры сақталған шаңыраққа кел­ген әрбір адам халықтың құнарлы мәде­ниетінің кәусарына қанады.

DSC_9645Ұлттық музейдің тағы бір ерекшелігі ретінде Астана және Тәуелсіз Қазақстан залдарын айтуға болады. Астана залы мен Тәуелсіз Қазақстан залы келушілердің барлығын дерлік бей-жай қалдырмайды. Аталған екі зал да құнды экспонаттарға бай. Нақтырақ айтсақ, Тәуелсіз Қазақстан залында маңызды құжаттар, тәуелсіздік жылдарында түрлі саладағы жеткен жетістіктер жөніндегі мағлұматтар жинақталған. Бұдан бөлек, басты құндылықтарымыздың бірі болып табылатын Мемлекеттік рәміздерімізге арнайы витринадан орын берілген. Дәл осы Тәуелсіздік залына кіру арқылы келушілер  тәуелсіздіктен кейінгі жылдардағы айтулы даталар мен маңызды оқиғаларға көз жүгірте алады. Және де LED экрандардан тәуелсіз Қазақстан туралы видео материалдар, фильмдер көріп, 3D форматында елордамыздың әлеуметтік-саяси және мәдени орталықтарына саяхат жасау мүмкіндігіне ие. Астана залына бас сұққан келушілер көне дәуірден бастап, бүгінге дейінгі қала тарихымен кеңінен таныса алады. Қос залдың да Ұлттық музей экспозицияларының қатарынан алар орны ерекше. Бірі Тәуелсіз Қазақстанның жеткен жетістігін барша музей қонақтарына паш етсе, екіншісі, әлемнің түпкір-түпкірінен келген қонақтардың таңдайын қақтырған ару Астананы әспеттеп тұр.

_NIK0001Ұлттық музей қазақстандық мәдениет пен тарихты ғана емес, жалпы адамзатқа ортақ рухани байлыққа мән беріп отыратыны рас. Музей ашылғалы халықаралық деңгейдегі көптеген іс-шаралар өтіп, мәдени байланыстар жүзеге асты. Әлемнің ірі мәдениет ошақтарымен келіссөздер жүргізіп, меморандумдар жасалды.   Мемлекет басшысының осы музейді салуға тапсырма беріп, жеке қадағалауына алуындағы мақсат, өз еліміздің тарихын ұлықтай отырып, өзге жұрттың да мәдениетін, тарихын білуге, тануға мүмкіндік жасау болды деуге болады. Мысалы былтыр ғана Ұлттық музейде Эрмитаж күндері өтті. Сол сияқты Ресей этнографиялық музейі, «Исаакиевский собор», Ұлы Петр атындағы Антропология және этнография музейі (Кунсткамера) сияқты көрші Ресейдің бірнеше мәдени-тарихи ошақтарымен байланысымыз орнықты. Сондай-ақ, Ұлттық музей шығыстағы көршіміз Қытай елімен де тығыз қарым-қатынас орнатты. Осындай байланыстардың арқасында биылғы жылы Қытайдың атақты Терракота әскері музейінің көрмесі өтетін болды.

Жалпы, аталған елмен мәдени, рухани, экономикалық байланысымыздың тамыры тым әріде. Осыдан біраз уақыт бұрын Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы мәдени күндері аясында біздің музейде қытай фарфоры көрмесі және экологиялық мәдениеті тақырыбындағы фотокөрме ұйымдастырылды. Көрмелерде Қытайдың эксклюзивтік, заманауи, қолдан жасалған фарфор бұйымдары, керамика қолөнері және экомәдениеті мен экоауылдар құрылысының табысын бейнелейтін фотокартиналар көрсетілген болатын. Сонымен қатар осы былтыр Қытайдың «Датан Сиши» батыс нарығындағы Сиань музейімен ынтымақтастық жөнінде уағдаластыққа қол қойылды. Сондай-ақ, Вьетнам тарих музейімен және Кореяның ұлттық музейімен байланыс орнатылды. Ұлттық музейде соңғы 2 айдың өзінде бірнеше халықаралық деңгейдегі көрме ұйымдастырылды. Мәселен, Итальян мозайкасының, Корей ұлттық киімдерінің көрмесі, «Үндістан фестивалі» сынды мәдени шаралар өтті.  Өзге де шет мемлекеттердің елшілерімен кездесулер өтіп, олардың елдерімен байланыс орнатуға алғышарттар жасалуда.

NIK_1876_NIK1541Ұлттық музейдің ең ірі жобаларының бірі де бірегейі – «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы. Аталған акция Астанадан бастап еліміздің бірнеше өңірінде өтті. Шара барысында 2460 құнды экспонат жиналды. Олардың әрқайсысының тарихи маңызы бар дүниелер.

Осындай мәдениет орталығына мерекелер мен мерейтойлар кезінде ғана емес, Құдайдың құтты күнінде бас сұғып жатқан меймандарға, ел-елден, жер-жерден келіп, ат басын бұрған ағайынға қызмет сапасын арттыра берудің өзі сауапты іс екені сөзсіз. Ал осыншама күрделі еңбектің басы қасында жүріп, негізгі ұйтқысы болған Дархан Қамзабекұлының есімі Ұлттық музейдің тұңғыш директоры ретінде зор құрметке лайық. Өз ұлтының мәдениеті мен тарихы үшінгі еткен еңбектің бағасын тарих бере жатар.

Қ.Әуесбай.

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің Жұртшылықпен байланыс бөлімінің меңгерушісі.

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!