Қуат Әуесбай. Мен қалай «қоян» болдым…

20170709_074830Өткен демалыста Алматыға барам деп жоспарламап едім. Жақынымыз қайтыс болып, шұғыл жолға шығуға тура келді. Билет іздеудің машақатын өткен жолы жаздым ғой, қайталап жатпайын. 7 шілдеде таңертең Астана-1 вокзалына шықтық, түнде Петропавл-Алматы деген пойызға жалғыз билет табылған. Біз екі адамбыз. Тағы бір билет табылып қалар, болмаса автобусты көреміз, я тіпті таксимен кетерміз деген ой болды. Автобусқа тек түнгі 22.00-ге ғана билет бар екен, ол кеш. Ал дәл сол кезде жүре қоятын такси табыла қоймады. Болса да салонына 100 мың теңге төлейді екенсің. Қош, сонымен әлгі жалғыз билетпен не де болса пойызға отырайық деп шештік. Билеттің құнындай ақша берсең жолсерік өзінің орнын беретінін айтты. Билет құны (купе) 6500 теңге. Отырдық. Орын табылды. Көнетоз вагон екен, кондиционер деген игілік жоқ. Екі әжетхананың бірі істемейді екен. Бірақ өзіміз «қоян» болып келе жатып, бұл мәселеге шағым айтпадық. Әрине, аптап ыстықта, қапырықта бала-шағадан маза кетіп, үлкендер жағы қысылып, түн ауғанша біраз ыңғайсыздықтар болғаны рас енді. Дегенмен, Алматыға аман-сау жеткенімізге қуандық та, жолсерікке ақшасын ұстатып, рахметімізді айтып жөнімізге кете бардық. Дәл сол күні қайтарға тағы да жалғыз билет шықты. Солай бұйыртып тұрған шығар. «Жолсеріктермен келісіп барарсыздар, билеттен дәмеленбей-ақ қойыңыз» деді Алматы-1 вокзалындағы кассада отырған әдеміше келген келіншек. Артымда кезек тосып тұрған жігіт «ана жерде делдалдар жүр билет сатып, соларды көріңіз» деп ақыл айтты. Бардық, сөйлестік. Билетке ұқсаған сары қағаздардың бірнешеуін көрсетті. «Бар, неше билет керек? 15 мыңнан купе бар». Бұған күмәнданып, сұрақты жаудырдық. Бақсақ, расында билет жоқ екен, алдап тұр. Тек жолсеріктермен келістіріп, мінгізіп жібереді. «Жолда тексеріс келсе, интернет арқылы табылған билетті сатып ала қоямыз» дейді. Қас қарайып қалған кез еді, не де болса, жолсеріктердің өзімен келісіп, алдындағыдай кете берейік деп шештік. Олар ала кетейік деді, бірақ жолда тексеріс келсе, сол стансадан түсуге тура келетінін ескертті. Білетіндердің айтуынша, дәл осы пойызға әлі де бірнеше вагон қосуға болады екен, бірақ вагон бола тұра басшылар қосқызбай отырған көрінеді…

20170709_074811Міндік. «Бәйтерек» пойызы. Петропавл-Алматы пойызына қарағанда іші таза, кондиционер істеп тұр, қоңыр салқын. Сол күні жол жүріп келгеніміз бар, күні бойы ыстық күнде жүргеніміз бар, басымыз жастыққа тиісімен ұйықтап кетіппіз. Түнгі 02.30-да Шуға жеткенде жолдасым оятады. «Қазір тексерушілер мінуі мүмкін, түсу керек деді жолсерік» деп тұр. Ұйқылы-ояу басында түсінбей қалдым, «басыңнан күн өтіп кеткен жоқ па» деппін, алдындағы әңгіме тіпті есімнен шығып кетіпті. Содан қол жүгімізді алып түн ішінде сыртқа шықтық. Ішімнен сыбап тұрмын, бірақ өзім ғой, осындай шартқа келісіп мініп алған. Не де болса артын бағайын дедім. Бір уақытта пойыз жаймен қозғала бастады. «Тез мініңдер» деген пәрмен келді. Қарғып-қарғып мініп алдық. Біз ғана емес екен бұлай жүрген, әр вагонда 2-3 адамнан бар көрінді. Құдай оңдап, тексерушілер Шудан мінбеді. Е-е-е, осымен болды, Астанаға дейін алаңсыз жүре беретін болдық деп ойлағаным сол еді, жолсерік «енді Сарышағаннан» мініп қалуы мүмкін, дайын болыңыздар» деді. Сарышағанға таңғы алтыларда жеттік. Тағы орнымыздан атып-атып тұрып, десанттар құсап пойыздан түсе-түсе кеттік (Тұрсынбек айтпақшы, «первый пошел, второй пошел» деп). Онда да мінген жоқ. Қайта міндік пойызға. Орнымызға жайғаса бергеніміз сол еді, «енді дәл осылай Ақадырдан түсеміз» деді.

20170709_103749Бұл жолы қулық жасамақшы боп, Ақадырға жақындағанда ресторанға барып тамақтанайық деп шештік. Біраз отыра тұрсақ, «вагон-ресторанда неғып жүрсің, орның қайсы» деп ешкім тергей қоймас деген ой ғой. Жайбарақат тамақтанып отырсақ, жолсерігіміз жүгіріп артымыздан келіпті, «ойбай, 15 минуттан кейін Ақадырға жетеміз, жиналыңыздар». Етіміз үйрене бастаған сияқты, қорқа-қорқа қоян да батыр болмаушы ма еді, бұл жолы онша алаңдамадық. Асықпай шайымызды ішіп, стансаға жеткенде жүгімізді алмай, өзіміз ғана түсіп, таза ауа жұтқан болдық. Күткеніміздей, Ақадырдан да ешкім мінбеді. Келесі станса қандай деппіз бір-бірімізге. Қарағанды екен. Қарағандыдан мүлде түсіп қалуға бекіндік. Бірақ түнімен түсіп-мініп жүрген біздер шаршап, ұйықтап кетіппіз. Бір уақытта жолсерік оятып тұр. «Тағы ма» деп, жүгімізді жинауға оқталып жатсақ, «жо-жоқ, енді тексеріс болмайды, Астанаға кеп қалдық, ақшаларыңды төлеңдер» дейді. Әлгі анекдоттағы апа айтқандай, «Астанаға дейін жаяу келдім, несіне төлеймін» дейін дедік те, жеткізді ғой әйтеуір, деп сұрағанын бердік. Астанаға жетіп, түсіп жатсақ, жолдасым «билетсіз жүргендерді неге «қоян» дейтінін енді түсіндім, қоян сияқты секіріп, тығылып жүреді екенсің ғой» деп күлді. Мен күлгем жоқ, бірақ.

20170709_102837Бұл бір жағынан көпке дейін естен кетпес зор эксперимент болды. Басыңа түспей сезінбейсің ғой. Бір блогер жігіт Алматы-Астана жолының неше жылдан бері жөндеу көрмей келе жатқанына жоғары жақтың назарын аудару үшін қымбат көлік Ролс ройспен жолға шығып, дөңгелегін жарып алыпты деп жарыса жазып жатыр ақпарат құралдары. Бұған дейін неше көлік аударылып, нешесі дөңгелексіз қалды екен-ә.

20170709_103438Темір жолдағы мүшкіл халді айттым, екі бас қаланың арасындағы күре жолдың жағдайы да мәз емес. Әуе жолы әкесінің құнын сұрайды. (Әлгі 40 мың теңге алып жазаға тартылған таксист есіме түсіп кетті) Еш қоспасыз, боямасыз, жағдай осындай. Жолдағы стансалардан түсіп-мініп жүргенде байқағаным, жұпыны үйлер, үнжырғасы түскен адамдар… Ақадырда көнетоз үйдің қабырғасына «ЕХРО болашақтың энергиясы» деген баннер іліп қойыпты. Тым көңілсіз көрініс екен…

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!