«Рухани жаңғырудан» ақын-жазушылар не күтеді?

amangeldiЖақында белгілі ақын Кеңшілік Мырзабеков тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды. Бұл өзі кейінгі кезде қалып бара жатқан үрдіс болатын. Ескерткіш тақтаның ашылуына жасы жетпісті, сексенді еңсерген ақындардың біразы жиналды. Кеңшілік ақын туралы, әдебиеттің болашағы туралы орамды дүниелер де айтылды. Соңыра ақынның ұлы, әдебиеттанушы Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫМЕН әңгімелесудің реті келді…

«Әкем соғыста қаза тапқан» дейтінмін»

– Ақынның, жазушының ұрпағы дегенде бәріміз елеңдеп қаламыз. Осы атқа лайық перзенттің бірі өзіңіз. Сіз көрген тәрбие қандай болды?

– Әкем марқұм тәрбиеге қатты мән берді. Әкеміз ақын боп қалыптасқан жылдары Алматы әбден орыстанып кеткен қала еді. Мұқым Алматыда бір-ақ қазақ мектебі бар болатын. Жалғыз мектеп болған соң онда балаңды  орналастыру қиямет-қайым. Миллионға жуық тұрғыны бар қалада жалғыз қазақ мектебінің ғана болуы – қарадомалақтарды  қасақана орыстандыруға арналған саясаттың көрінісі.

Баланы туған тамырынан ажыратып алмаудың жолы – ұлттық тәлім-тәрбие беру, ана тілін ұмытпауына ықпал ету. Ал, оны қалада жүзеге асыру қиын. Содан әкем ойлана келе мені ауылға, шешесінің қолына қалдырып кетуді ұйғарды. Шешем мені ауылға апарып, бір жылдай қасымда болып, әжемізге қалдырып, Алматыға қайта оралады. Содан он жасқа дейін әжемнің қолында тәрбиелендім. Әкемнің балалық өмірі  Тосын құмында өтсе, мен Торғайда, әлі қаймағы бұзыла қоймаған өңірде өстім. Ауыл балаларымен тай-құлындай тебісіп, әжемнің ертегілерін тыңдап өсіп келе жатқан менің санамда әке деген ұғым болмады. Енді тілім шығып келе жатқанда ауылдың шалдары «Кімнің баласысың?» десе, әжемнің атын атайтынмын. «Әкең кім?» десе, «Әкем соғыста қаза тапқан» деймін. Қалада өскен интеллигенцияның балалары ана тілін білмей өсті. Оларды да кінәлауға болмайтын шығар, қазақша сөйлейтін орта, қазақша оқытатын мектеп болмады ол уақытта. Сосын баланың тілі қай тілде шықса, ойлау жүйесі де соған бейімделіп кетеді екен. Қазақ зиялыларының көбінің балалары ұлттық тамырынан ажырап, ана тілін ұмытып кетті. Сол кездегі зиялы қауымның шаңырағында өскен балалардың кейбіреуі ана тіліне де қарсы шығып жатыр. Бұл – ұлттық трагедия. Онға келген кезімде әкем мені Алматыға алғызды. Менен соң екі-үш жылдан кейін інім Мағжан дүниеге келген. Оған серік керек, бір жағы «Егемен Қазақстанда» істеп жүрген әкем үй алып, баспаналы болды.

– Сол осы шаңырақ па?

– Бүгін ескерткіш тақта орнатылған осы үй – сол кезде алған қарашаңырақ. Осы үйде өтті естен кетпес күн-деріміздің қаншамасы. Әжемнің қолында тәрбиеленген маған басында қиын болды. Уақыт өте келе қалаға бейімделіп, орысшаны да үйреніп алдық. Әкем кітапты көп жинайтын. Ол заманда орыс ақындары Евтушенко, Вознесенскийлердің дүрілдеп тұрған шағы. Газет-журналдар үзбей келіп тұратын. «Иностранная литература», «Новый мир», «Октябрь» журналдарын аламыз, «Литературная газета» екі бастан, Қазақстанда шығатын басылымдардың бәрі келеді. Соның бәріне жазылуға жазушылардың жағдайы болды. Бір жағынан қазіргімен салыстырғанда ол кездегі ақын-жазушылар материалдық мұқтаждықты аса сезіне қойған жоқ. Олардың шығармашылықпен айналысуға да мол мүмкіндіктері болды. Ақын-жазушылардың табысы, қаламақысы отбасын асырауына, өз жағдайларын түзеуіне жеткілікті еді. Бәленбай газет-журналға жазылуының өзі жағдайдың қаншалықты жақсы болғанын көрсетсе керек.

Сол газет-журналдарды, үйдегі кітаптарды оқи келе әдебиетке деген қызығушылығымыз арта түсті.  Әжемнің қолында жүргенде ауылдық кітапханада басталған кітапқұмарлық өз жолымды табуға үлкен ықпалын тигізді. Бала күнімдегі ең алғаш әдебиетке келуіме итермелеген жазушы – Бердібек Соқпақбаев. «Менің атым – Қожаны» қанша рет оқығанымды айтпай-ақ қояйын. Қой кезегіне шыққанымда «Балалық шаққа саяхат», «Менің атым – Қожа», «Жекпе-жек» атты үш повесть жинақталған кітап қоржынымнан түскен емес. Жұлым-жұлымы шыққан сол кітапты Алматыға өзіммен ала келгенім есімде. Соқпақбаевқа еліктеп жазушы болғым кеп, бірінші сыныпта оқып жүргенімде өз басымнан кешкен уақиғалардан әңгіме жазған болатынмын. Тығып қойған әңгімелерімді мектепте оқитын әпкелерім тауып алып мазақтап, ызаланып сол дәптерді жыртып тастағаным бар.

taqta«Мен неге орысша жазбайтын болдым?»

– Әдебиетке қызығушылығыңыз әріп танығаннан-ақ басталды ма сонда?

– Әріп танығаннан кітаптағы таңғажайып әлемге еніп кеттік. Әлгі шығарманы жазуым да соның көрінісі болар. Бірақ, басқалар мазақ қыла ма деп, біраз уақыт ештеңе жазбай қойдым. Алматыға келгеннен кейін әкемнің айтатын әңгімелері қайтадан жазушы болуға деген құштарлығымды оятты. Ағасы әрі жақын досындай болған Мұқағали жайлы әкем өте көп естелік айтатын. Мен Алматыға келгенде Мұқағали қайтыс боп кеткен… Оңашада әкем Мұқағали ағасының өлеңдерін оқып жылап алатын. Жұмекеннің «Менің топырағым» деген кітабын қастерлеп ұстады. Жұмекен мен Мұқағалиды ерекше қадір тұтты. Содан ба екен, осы екі ақынға деген махаббат менде бала күнімнен оянды. Мұқағали туралы кітап жазғанда әкемнің ол туралы айтқан әңгімелерін әдейі кіргізген жоқпын. Әкесін көрсеткісі кеп жатыр деген сөздер болмасы үшін. Өмірі қасынан тастамайтын әкемді «Сары бала» дейді екен Мұқағали. Ешқашан боқауыз сөз айтпапты. Қырық екі жасқа кеп қайтқан әкемнің де біреуді боқтап сөйлегенін өмірімде естімеппін.

Ол кезгі ақындардың өзіне дейінгі ақындарға деген де, өзінен кейінгі ақындарға деген де махаббаты ерекше еді. Бірін-бірі шексіз құрметтеді. Жұмекен, Мұқағалилар Мағжанды, Қасымды қалай қастерлесе, әкеміз де ағаларын аузынан тастамайтын. Бастапқыда мен де өлең жаздым. Прозаға да бейімім болды. Бірақ, көп дүниелерімді орысша жазып жүрдім. «Когда улетает ласточки» деген повесть, «Народный председатель» деген әңгіме жаздым. Бірде әкем орысша жазып жүргенімді көріп қалып: «Балам, сен орысша жазба. Жазсаң ана тіліңде жаз. Өйткені, қанша жерден талантты болсаң да орыс халқын табындыра алмайсың.

Егер мықты болсаң ұлтыңның дүние-танымын  байытуға ұмтыл», – деген ақылын берді.

– Бізге ұлттық әдебиет керек екенін ол кісілер ерте бағамдаған ғой…

– Расымен, ұлттың жаны тілінде екенін олар ерте ұғынған. Содан мен де орысша жазуды қойып, қазақша шығармалар жазатын болдым. Мектепте оқып жүрген кезімде алғашқы әңгімелерім «Ұлан» газетінде жариялана бастады. «Қасқыр мен күзен» деген этнографиялық әңгімем шыққанда өзімді үлкен жазушыдай сезінгенім бар. Әкемнің қарашаңырағына үлкен қаламгерлерден бастап, енді танылып келе жатқан жас ақындарға дейін бәрі келетін. Дүркін-дүркін әдеби талқылаулар болатын. Одақ көлемінде, елімізде шыққан кітаптарға қатысты сындарды алғаш сол кезде еститінмін. Меніңше, әдебиетке деген халықтың ықыласы да сол кезде ерекше болды. Әкемдердің қатарының осалы болмауының да бір себебі осы елдің ықыласының арқасы болған шығар.

– Әлгінде Мағжанға қатысты айтып қалдыңыз. Мағжан 1989 жылы ақталды. Оған дейін бұл есім ұмытылуға айналды деген де гәп бар. Сол кезгі қазақ қаламгерлері Мағжан жырларымен таныс болды ма?

– Мен анық айта аламын, әкем марқұм Мағжан деген қазақтың ұлы ақынының болғанын білді. Бір нәрсені ескеруіміз керек, асылында Мағжан 1961 жылы ақталған. Сәкендермен, Ілиястармен бірге ақталған. Бірақ, Мағжанның атын шығармау үшін қасақана әрекеттер жасалды. Әйтсе де, оның жырларымен көпшілік ақындар таныс болғандығы да шындық. Біреулерден естуім бойынша, Мұқағали Мағжан өлеңдерін жатқа оқыған екен. Тіпті, Мұқағалидың бірқатар жырларында Мағжанның ықпалы болғаны қатты сезіледі.

Әкем Мағжанды білмесе, белінен туған баласына оның есімін бермес еді. Өзімнен кейінгі інімнің есімі – Мағжан. Жұмекенді зерттеген әдебиетші ретінде айтайын, Жұмекен ағамыз Зылиха апамызға барып арнайы батасын алған. Мұхтар Мағауин да Мағжанды жақсы білген. Баллада жанрының негізін салған Қайнекей Жармағамбетов деген ақын өткен өмірден. Сол кісі әкемді Мағжанның өлеңдерімен таныстырған. Әлі есімде, бір күні әкем: «Қажыдым енді, күш бітті,

Көңілсіз, салқын, күн бұлтты,

Жел бұйығып тербелген.

Әлдекімнің өлгенін,

Оны қалай көмгенін,

Әңгіме қып күңіренген.

Жел, күңіренбе, жасың тый,

Өлім күйі – тәтті күй», – деп басталатын Мағжанның бір өлеңін маған жатқа оқып берді. Мен таң қалып: «Бұл кімнің өлеңі?» – деп сұрадым. Сонда: «Мағжан Жұмабаев деген қазақтың үлкен ақыны болған. Бұл – соның өлеңі. Бірақ, сен мұны ешкімге айтпа. Оның дәуірі келеді, сол кезде Мағжан ақталады», – деді көзі жасаурап. Міржақыптың біраз өлеңін жатқа оқитын.

Ахмет жайлы көп айтып беретін. Сексенінші жылдардың аяғында ұлт зиялыларының ақталуы жөнінде әңгіме бола бастаған уақытта, әлі қаулы шықпай жатып әкем: «Олар халқына қайтып оралды!» – деп Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы «Парасат» журналына көлемді мақалажариялады. Камал ағамыздың батылдық танытуымен журналға шығып кеткен осы мақала ұлт ақындарының есімі халық кеудесінен ешқашан өшпейтінінің бір дәйегі деп білемін.

– Ұлт ақындарын туған халқы қашанда қастерлейтінінің тағы бір мысалы осы – Кеңшілік ақынның тұрған үйіне қойылған ескерткіш тақта. Қателеспесем, 2006 жылы Алматыдан көше де берілген екен, солай ма?

– Иә, «Алтын бесікте» Кеңшілік Мырзабеков атындағы көше бар. Ескерткіш тақтаға келсек, қазір Алматыда ескерткіш тақта орнату өте қиын іс екен. Ескерткіш тақтаға мораторий жариялап тастаған уақыттар да болды. Себебі, Алматыда он бес-жиырма тақта орнатылған үйлер бар. Кезінде ақын-жазушыларға бір үйден пәтер бергендіктен орын алған жағдай бұл. Әкемнің жетпіс жылдығына байланысты орайы келіп, бұл мәселе оңынан шешілді. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек парасатты жігіт. Ақын-жазушыларға деген ықыласы да ерекше. Сол Бауыржан Байбектің, бірінші орынбасары Арман Қырықбаевтың көмектесіп, шешім шығарып беруінің арқасында 28 жыл күткен ескерткіш тақтаға да қолымыз жетті. Жетпіс жылдыққа әдемі сыйлық болғаны да рас. Өкінішке қарай, Тынышбай Рахимов сынды бірқатар қаламгерлердің тұрған үйіне әлі күнге ескерткіш тақта орнатылмаған. Ескерткіш тақтаның тағылымы өте зор. Көрген ұрпақ өткенін, еліне қызмет еткен аталарын есіне алады. Мәселен, орыстар өз ақындарының жүрген, біраз уақыт аялдаған жерлеріне дейін ескерткіш тақта орнатып тастаған. Жетпіс жылдықтың қорытындысын осы ескерткіш тақтамен түйген-дей болдық.  Енді сексен жылдыққа дейін әке рухының алдында төмен қарамай, тыныш ұйықтайтын шығармын.

«Әдебиет болуы үшін тұтас әдеби процесс жүруі қажет»

– Кеңшілік Мырзабеков – баллада жанрының үлкен шебері. Бірнеше ұрпақ сол балладалар арқылы тебіренді. Енді байқасаңыз, баллада жазу қалып бара жатқан секілді…

– Әкем циклдық балладалар, «Иманжүсіп» сынды көлемді поэмалар, «Дүрбелең» дейтін пьеса жазды. Евтушенконың «Фуку» мен «Менің шешем және нейтрон бомбасы» атты екі поэмасын аударды. Қазір де жақсы ақындар, жазушылар бар. Бірақ, олардың құлашын кеңге сермеуге мүмкіндігі болмай жатыр. Мұның себебі, шығармашылықпен айналысуға жағдай жоқтығынан. Талантты, үміт күттіретін ақын-жазушыларға мемлекет тарапынан грант беру арқылы әлеуетін көтеріп, халқының әдебиетін жасауға, алаңсыз жазуға жол ашылса ләзім. Егер әкем дәл қазіргі ақындардың жағдайында өмір сүрсе, мүмкін, атақты поэмаларын жаза алмаған болар ма еді?! Жұмысын тастап, ештеңеге алаңдамай жазуға мүмкіндігі болды ол замандағы ақындардың. Қаншама жыл миында қорытылып жүргенмен, ойыңдағы дүниеңді қағазға түсіру үшін басқа нәрсеге бас қатырмай, айлап үстел басында тапжылмай отыру керек. Сонда ғана нағыз шығармашылық туады. Бұған қаржылық тұрғыдан да жағдайлары бар еді ол уақыттағы қаламгерлердің.  Қазір баллада жанрының құрып бара жатқаны, мықты поэмалардың  жазылмай жүргенінің бір себебі осында жатыр. Тұрмыс басып кетті қаламгерлерді. Дей тұрғанмен, қиындықтарға мойымай жақсы жазып жүрген жігіттер де жоқ емес. Хамит Есаман деген ақын жігіттің балладаларын оқып сүйсінгенім бар. Оған баллада жанрында көбірек еңбектенуге кеңес бергенмін. Өйткені, бұл жанр әдебиетте мүлде жоғалып барады. Махаббат тақырыбында жазып жүрген ақындар көп және бәрі де сезімге берілгіш. Махаббат өтімді тақырып қой. Бірақ, әдебиет тек қана сезімнің емес, ойдың, сана-түйсіктің де жемісі.

Әдебиет болуы үшін тұтас әдеби процесс жүруі қажет. Жанрлық ерекшеліктермен, философиямен, психологиямен, мәтінмен тұрақты жұмыс жасалуы шарт. Әлеуметтік жағдайы шешілмеген, телеарналарға сюжет дайындаумен уақыты өтіп, анда-санда басына келген жолдарды жинақтап бірер шумақ жазумен ғана шектеліп жүрген жігіттер әдеби процесті алға жылжыта алмайды.

Әкемдердің заманында шығармашылықтың өзі жұмыс секілді болған. Көркем шығармаға берілетін қаламақының өзі отбасын асырауға еркін жететін. Қазір бірінші кезекте шығармашылықты ойламайсың, күнкөрістің қамын ойлайсың. Осындай жағдайда «Рухани жаңғыру» – шығармашылық тұлғаларының әлеуетін көтеруге бағытталған ұтымды идея. Осы идеяны жүзеге асыра алсақ, әдебиеттің біраз мәселесі шешілмек. «Рухани жаңғырудың» аясында әдебиетте бағын сынап жүрген талантты жастарға үкімет тарапынан грант бөлінсе, нұр үстіне нұр болар еді. Сонда бізде жақсы әдеби процесс қалыптасады.

Қазіргі жас ақын-жазушыларды кінәлауға да болмайды. Өйткені, олар қоғамға керексіз адамдар секілді болып қалды. Ал, шындығында, ұлтты қалыптастыратын идеяны жасайтын солар. Жастар. Шүкір, қазір кедей мемлекет емеспіз, дамыған елдердің қатарына қосылып келеміз. Сондықтан бұл мәселені шешу мемлекет атқаратын мәртебелі іс болуға тиіс.

– Иә, рас, «Рухани жаңғырудан» үміт үлкен. Енді өзіңізге келсек, шығармашылығыңызда нендей жаңалық болып жатыр?

– Ендігі миссиям – әлемнің жүз ұлы ақыны, жүз ұлы жазушысы туралы көлемді дүниемді жазып бітіру. Бұл – келешек ұрпақ үшін өте қажет үлкен еңбек. Мәселен, Фолкнердің кім екенін, Герман Мелвиллдің қандай шығармашылық ерекшелігі бар екенін қазақ авторлары өз пайымдауы тұрғысынан зерттеп жазуы тиіс. Меніңше, бізде әдебиеттің алтын ғасыры әлі болған жоқ. Соның алғышарттарын жасауымыз керек. Жасымыз, міне, елуге келіп қалды. Пайғамбар жасына қарай кетіп барамыз. Ендігі жерде әдеби дау-жанжалдарға араласқым келмейді. Қазақтың рухы үшін, болашағы үшін өмірін қиған ірі тұлғаларымыз бар. Солар жайлы кеңінен зерттеп көлемді еңбектер жазуға кіріспек ойдамын. Екіншісі, әлгінде айтқан әлемнің жүз ақыны, жүз жазушысының шығармашылық ерекшеліктеріне сауатты талдау жасау мәселесі. Мұны жазып шығу кем дегенде жиырма жылға созылатын шығар. Қазақ радиосындағы «Әлем әдебиеті» дейтін бағдарламада әлемнің ұлы жазушылары туралы хабар жасап жүрмін. «Әдебиет» порталына әдеби мақалалар беріп тұрамын. Фолкнер, Маркес туралы, жапон прозасының алыптары туралы, Булгаков, Руми туралы жаздым. Әлемнің жүз ақынының аясында Шығыстың ұлы шайырлары туралы жеке кітап жазбақ ойым бар. Әлем ақындары мен жазушылары туралы кітап,  өзімнің есептеуімше, әр мақала орташа жиырма беттен болса, жүз автор екі мың бет болады екен. Бір кітап екі жүз беттен болса, он том, үш жүз бет болса жеті томдай еңбек болады. Барлығы шамамен он төрт-он бес том кітап боп қалады. Алладан  сол бастаған ісімді соңына дейін жеткізуге  ғұмыр сұраймын. Мүмкіндігім жетсе, айтуға тұратын қаламгерлердің бәріне тоқталып, өз әдебиетіміздің классификациясын жасағым келеді. Әдебиетке Тәуелсіздіктен кейін келген ақын-жазушылардың шығармашылығын да зерттемек ойым бар. Бір діни кітаптан Алланың адамға талантты қарызға беретіні туралы оқығанмын. Қазақтың барлық талантты ақын-жазушыларының шығармалары туралы өз ойымды білдіріп, үлкен еңбек жазып кеткім келеді. Мұқағали мен Жұмекен туралы жазған кітаптарым – соның бастамасы. Құдай ғұмыр беріп, сексенге келгенімде қазақ әдебиетінің айтулы тұлғалары туралы 16 том, әлем әдебиетінің алыптары туралы 14 том, барлығы 30 том еңбек жазып бітірсем, Алланың берген қарызын адал өтеп шыққан болар едім.

«Ұлтты сүюден» «Парасат биігіне» дейін…

– Кітабын «Қазақты сүю» деп атау үшін де жүрек керек. Екінің бірінің тәуекелі жете бермейтін атау. Басқа кітаптарыңыздың да атауы қызықтырады бізді. Әуелі, неліктен «Қазақты сүю»?

– Адам баласының өз ұлтына деген асыл сәулелі сүйіспеншігі Құдайға деген махаббатынан бастау алады. Өз халқын сүймеген азамат  Құдайды да сүйе алмайды. Ендеше біздің әрқайсымыз ең алдымен өз қазағымызды шын ниетімізбен сүйе білуді үйренуге тиіспіз. Бір кітабымды «Қазақты сүю» деп атауымның себебі осындай идеядан туып еді. Сол кітабым шығардың алдында «Қазақты сүю» деген эссе де жазғанмын. Енді бір кітабымның атын «Сөз патшасы» деп қойдым. Мұндағы мақсат кез келген ақын, жазушы, сыншы яки публицист «сөз патшасы» болуға ұмтылуы қажет екенін ұғындыру еді. «Жүрек сөзі» деген кітабымның атауын Абай атамыздың қара сөздерінен алдым. Абай қандай жағдайда да жүректің сөзін айтуды ұрпаққа аманат етіп кетті. Күнделіктерім берілген бұл кітапта көбінісе өзіммен сырласып, жүректегі шерімді тарқатқандықтан, көпшілік біле бермейтін сырларымды  айтқандықтан кітабымның атын  «Жүрек сөзі» деп қойғанды жөн санадым. Мұқағали туралы кітабымды «Мәңгілік сәулесі» деп атауым Фариза апамыздың алғысөз жазғандағы «поэзия – мәңгілік сәулесі» деп айтқан сөзінен шықты. Мұқағалидың табиғатына да, шығармашылығына да осы «Мәңгілік сәулесі» деген атау дөп келіп тұр, меніңше. «Қазақты сүюге» ұқсас сөз маған дейін де айтылған. Жиырмасыншы ғасырдың басында Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытов «Ұлтты сүю» деген мақала жазған екен. Мен мұны «Қазақты сүюді» жазып болған соң білдім. Бұл кітабымда қоғамда болып жатқан мәселелер, ұлттық рухқа, тілге қатысты ащы шындықтар жазылған мақалаларым топтастырылған. «Гогольдің өлімі», «Кафканың үйі» деген дүниелерде де сол заманды мысалға келтіре отырып, бүгінгі күннің шындығын айтуға тырыстым. Шын мәнісінде, ұлтын сүйетін адам, Абай секілді өз ұлтының жаман қасиеттерінен жиреніп, жақсы қасиеттеріне сүйсіне білуі керек. Тек жамандығын жіпке тізу беру емес, кейбір жаман қасиеттерді сынау арқылы жақсылыққа, ізгілік шырағын жағуға шақыру бұл дегеніңіз. Әкем туралы жазылған кітабымның атын «Қарлығаш-дәурен» деп қойдым. Әкемнің: «Қарағым біздің баста да, Қарлығаш-дәурен көп тұрмас.

Қанатсыз қалсақ масқара, Қанаты барлар жақтырмас», – деп келетін өлеңі бар. Махаббатымды, сағынышымды білдірейін деп сол жырдан алдым атауды. Ең алғашқы кітабым «Ақ жауын» деп аталады. Өйткені мұнда, соғыстан соң туғандардың поэзиясы туралы жазылған болатын. Сол кітапта: «Егер алпысыншы жылдардың поэзиясы қоғамдық санаға сілкініс туғызған үлкен дауыл болатын болса,  соғыстан соң  туғандардың  поэзиясы ұлттық топыраққа жауған ақ жауын болды», – деген сөзім бар. Расында да, ұлттың нәрі солардың поэзиясында. Жұмекен Нәжімеденов жайлы кітабымды неліктен «Парасат биігі» деп атағаным өз-өзінен түсінікті болса керек.

– Әңгімеңізге рахмет!

Үсен ТОРТАЙ,
суреттерді түсірген
Сәуле НЫСАНБЕК.

дереккөзі: zhasorken.kz

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!