Алпысбай ҚАЗЫҒҰЛОВ: МЕНДЕГІ ЖАЛАҢАШ ӘЙЕЛДЕРДІҢ КАРТИНАСЫН ЕРКЕКТЕР ЕМЕС, ӘЙЕЛДЕР САТЫП АЛАДЫ

алпысбай казыгулов

– Алпысбай аға, осыдан біраз бұрын «Картина қанша тұрады?» деген мақала жазған едік. Суретшілердің көбі: «Қазіргі заманда шығармашылықпен айналысу мүлде тиімсіз. Шығармашылық еңбегің өтелмейді», – деген жауап айтып еді сонда. Сіз де қазір интеллектуалды еңбегің ақталмайды деген пікірдесіз бе?

– Жоқ. Мен осы өнеріммен күн көріп отырған адаммын. Жазған картиналарым жеткілікті деңгейде табыс әкеледі. Сондықтан шығармашылықпен айналысу тиімсіз демес едім. Мұныммен көп суретшілер келіспейтін шығар. Шығармашылықпен айналысқан отыз жылдан астам уақытта 6000-ға жуық картина жаздым. Соның бірде-біреуінің жерде қалғаны жоқ. Бәрі сатылып кетті.

–Салған картинасын сатып байып жатқандар да бар дейсіз бе сонда?
– Жоқ, осы уақытқа дейін біздің елде сурет салып, байып кетіпті деген адамды естіген жоқпын. Қазір тіпті тұрақты жалақы алып, тұрақты қызмет істейтін суретшілер де сирек. Көбі суретін сатып қана ақша табады. Сатылмаса ол да жоқ. Бүгінде суретшілер қоғамда өз орнын жоғалтып алған адамдар. Мәселен, шет елде суретшілер аса бай адам саналады, өнер иесі деп оларды құрметтейді. Ал бізде ше? Суретшілерден де кінә бар. «Қашан көмек береді, қашан Үкімет бізді қолдайды», – деп қарап отырамыз. Тарихта мынадай бір оқиға болған. Шет елде бір суретші 5-6 мыңға жуық үлкен-үлкен картиналар салған ғой. Бірақ туындыларын ешкім сатып алмаған. Шеберханасында шаң басып жатыпты. Сөйтіп ол қаланың қақ ортасына, адамдар ең көп жүретін жолдың бойына барып, тыр жалаңаш жатып алыпты. Содан адамдар назар аударып, сұрастыра келе суретші екенін біліп, картиналарына қызығушылық танытып, сатып ала бастаған. Кейін сол суретші байып кеткен. Айтайын дегенім, жаңағы суретшінің шығармашылық үлкен «багажы» болды. Сондықтан жанкештілікке барды. Жақында бізде де Қанат Ибрагимов деген суретші бір басылымның бетінде тыржалаңаш суретін жариялады. Ондай «трюк» жасау үшін үлкен «багаж» керек. Бәленбай картинаң артыңда тіреп тұрмаса, жалаңаштанбақ тұрмақ, одан зорғысын істесең де пайда жоқ. Шеберханаң суретке сықиып толып тұрса, өнімді еңбек етсең, сонда Үкіметке жағдай жасамады деп жыласаң әңгіме басқаша. Суретшілердің көбі еріншек, кейбірі араққа салынып кеткен, жұмыс істемейтіндігін мойындамай, «қараспады» деп Үкіметті кінәлайды. Керемет картина жазып, оны сатсаң, Үкіметтің қолдауынсыз-ақ табыс табасың емес пе?
– Осы уақытқа дейін 6000 картина жаздым деп отырсыз. Сол картиналарыңыздан ең қымбатқа түскен туындыңыздың бағасы қанша?
– «Асауды ауыздықтау» деген картинамды 10000 долларға саттым. Онда да шетелдік азаматқа. Біздікілер керемет деген картинаның өзін 5-6 мың долларға ғана бағалайды.

– Сіздің картиналарыңыздың орташа бағасы қанша сонда?
– Орташа 3-5 мың доллар. Осыған дейін Ресейдегі, Жапониядағы, Нидерландиядағы, Бельгиядағы көрмелерге қатыстым. Прагада көрмемді ұйымдастырдым. Картиналарымды жинақ етіп, сурет-альбом шығардым. Сол деңгейге жете тұра, туындымның бағасын төмендетсем болмайды. Суретші – бір күн бай, бір күн кедей халық. Жақында бір апта үйде жаттым. Сенесің бе, мәшинеме бензин құюға ақшам болмады. Шеберханаға жете алмай, бір апта үйде жүрдім. Былтыр картиналарымды 20000 долларға сатқанмын. Биыл жыл басынан бері бірде-бір картинам өткен жоқ. Бірақ сатылмады екен деп, жұмысты тоқтатқан мен жоқ. Картина жаза берем, бүгін болмаса ертең сатылады.
– Суретшілер одағының төрағасы Байтұрсын Өмірбековтің: «Қазір сурет өнері екіге бөлініп қалған сияқты. Біріншісі, күнкөріс үшін салынған суреттер. Яғни, «Арбатта» тізіліп тұрған картиналар. Былайша айтқанда, қарапайым халықтың талғамына сәйкес, жеңіл-желпі салынған салондық суреттер. Екіншісі, қоғамда болып жатқан оқиғаларға байланысты салынған, әлеуметтік тұрмысты бейнелейтін суреттер. Бірақ бұлар өтімсіз» – деген пікірін оқып едім. Сіздің қоржыныңызда суреттердің осы екі түрінің қайсысы басым?

– Менің картиналарым әрқалай. Сурет салудың неше түрлі бағыты бар. Бір кездері мен сюрреализммен, кубизммен, абстракциямен айналыстым. Шығармашылығыңды шыңдау үшін қандай бағытта, қандай сурет болсын салып көру керек.

– Абстракция бағытында жазып жүрген кезіңізде сізге: «Картиналары шынайы өмірден алыс. Қолға ұсталмайтын, күңгірт, белгісіз дүниелерді жазады. Салған суреттерін түсініп болмайсың», – деген сын айтылды. Сыннан қорытынды шығардыңыз ба?

– Абстракция өнері қазақта кенжелеп қалған. 3-4 жылдай абстракциялы дүниелер жазып көрдім. Қолға ұсталмайтын, айқын нақышта көрінбейтін түстер арқылы сезіміңді жеткізу өте қиын екен. Соны түсіндім. Абстракцияның техникасы өте күрделі. Ол суретті адамдардың түсінуі де қиын. Бір қараған жанға сенің бес ай бойы ой еңбегіңді жұмсап, көз майыңды тауысып салған суретің әншейін шимай-шатпақ, неше түрлі бояуларды жаға-жаға салған болып көрінуі мүмкін. Абстракциямен айналысып жүргенімде ол суреттер мазмұнға, идеяға бай болса да, жаңағыдай сындар айтыла бастады. Содан мен «Дала моншасы» сериясына көшіп кеттім. Сынның айтылғаны да, уақытында бізді түзеп отырғаны да дұрыс.

алпысбай ага

– «Дала моншасы» сериясымен салған «Арулар», «Аптап» «Түн», «Айсұлу», «Қызыл бөлме» суреттеріңізді көрген едім. Жалаңаш әйелдердің сұлулығын бейнелепсіз. Басқа картиналарға қарағанда жалаңаш әйелдердің картиналары өтімді шығар…

– Жалаңаш әйелдің пластикасы, жалаңаш әйелдің сұлулығы – бұл да қазақ сурет өнерінде кенжелеп, тұралап қалған өнер. Шет елде бұл әлдеқашан дамып кетті. Батыста, Еуропада әйелдер жалаңаш суретін салғызу үшін шешініп, суретшінің алдында жатудан еш қымсынбайды. Мұны ұят деп емес, өнер деп қарайды. Тіпті кейбір суретшілер жалаңаш әйелді салу үшін сұлу қыздарға ақша төлеп, сағаттап отырып сол сұлулықты бейнелейді. Ал біздегі қыздардың менталитеті оған жібермейді. Сондықтан жалаңаш әйелдің сұлулығын жанды бейнеге қарап емес, фотосуреттерге қарап саламыз. Бір жолы шеберханама бір қыз келді. Өзін сырттай танитынмын. Картиналарымды көріп жүрді де: «Сіз жалаңаш әйелдердің суретін неге салмайсыз?», – деді. «Жалаңаш әйел болса, соған қарап отырып салар едім», – деп қалжыңға сүйедім. «Сіз шеберханадан шыға тұрыңыз, мен шешінейін. Мені саласыз», – деді кенет. Аң-таңмын. Қазақ қызының: «Шешінемін, мені салыңыз» – дегеніне алғашында сенбедім. Содан ол шешінгенше далада күтіп тұрдым. Шеберханаға кірсем, шынымен де жалаңаштаныпты. Таңғалдым. Аяқастынан болған оқиға ғой. Қыздың мұндай ұсынысына қобалжып, оның үстіне көп жылдан бері жалаңаш әйел бейнесін салмай кеткен соң, қолым біразға дейін жүрмеді. Біраздан соң көзім де, қолым да үйреніп, әлгі қыздың сұлулығын қағазға асқан шеберлікпен түсіріп шықтым. Жанды бейне, шынайы сезіну, шығармашылық шеберлікпен астасып сол картинам өте сәтті шықты. Бір қызығы, мендегі жалаңаш әйелдердің картиналарын еркектер емес, көбіне әйелдер сатып алады.

– Белгілі бір өнердің өрістеуіне белгілі бір адамдардың қолдауы, демеуі болады. Шыныңызды айтыңызшы, осы уақытқа дейін өнеріңізге демеушілік жасаған азаматтар болды ма?

– Ондай адамдар өте көп. Кезінде қол ұшын берген азаматтар болмаса мен суретші болмас едім. Шеберханам болмай, қайда отырып сурет саларымды білмей жүргенімде, осы отырған шеберхананы Ұзақбай Айтжанов деген аралдық кәсіпкер жігіт сыйға берді. Иманғали Тасмағамбетов қолдау білдіріп, көмектесіп тұрады. 350 картинамды Алматыдан алдырып, Астанада үлкен көрмемді өткізіп берді. Мені тұсайтын үш нәрсе бар. Сол үш нәрсе болмағанда, атақты суретші болар ма едім деп ойлаймын кейде. Мен компьютердің тілін білмеймін, интернеттен керек дүниемді ала алмаймын. Тіл білмеймін. Шет тілдерін білмеген соң, ешқайда шыға алмайсың. Қарапайым картинамды көруге келген шетелдіктермен де сөйлесе алмаймын. Сосын ұшаққа мінуден қатты қорқамын.

– Коллекция жинауға құмар адам екеніңізді білеміз. Сізде басқа суретшілердің 2000-ға жуық картинасы бар деп естиміз. Коллекцияңыздың ішінде сіз үшін ең құнды картина кімдікі? Және оны қалай қолға түсірдіңіз?

– Ә.Қастеев атамыздың картинасын бір жігіттен біраз жыл бұрын 500 долларға сатып алдым. Ол кезде 500 доллар деген әжептәуір ақша. Ол картина қазір 15-20000 доллар тұрады. Картинаның Қастеевтікі екенін дәлелдейтін сертификаты бар. Орыстың атақты суретшісі Александр Куприннің картинасы да коллекциямдағы ең құнды дүние. «Куприндікі емес, көшірме шығар», – деп күмәнданғандар да болды. Ал мен Куприндікі екенін анық білем. Өйткені картинаны бір ай зерттедім. Куприндікі екеніне анық көзім жетті. Сеебі оны қайталау өте қиын. Жақында бір қызық оқиғаға тап болдым. Қазақстанның Халық суретшісі, Ресейдің Халық суретшісі Баки Ыдырысұлы деген атақты суретші болған. Сол кісі белгілі әртіс Телқараевтың портретін салған. Картина сатып алуға барсам, жаңағы Баки Ыдырысұлы салған Телқараевтың портретін қоқысқа шығарып тастапты. Ол – музейде тұратын дүние. Жыларман болдым. Жаңағы маған картина сатып жатқан адам, қоқысқа шығарып тастаған портреттің қандай құндылық екенін, кімнің картинасы екенін білмейді. Біздегі жағдай осындай болып тұр.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Қарлыға ИБРАГИМОВА

 

1 комментарий

  1. Айгуль Алишерова Ответить

    Сукбат керемет шыгыпты. Алпысбай агамен калай байланыса аламын

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!