«Алтын Орда» қалай жазылды?

 

imageБіраз жұрт Қазақ хандығының тарихын Шыңғыс ханның атақты төрт арысының алды болған Жошыдан бастағысы келеді. Міне, сол Жошы ханның ұрпағы өмір сүрген дәуір Ілияс Есенберлиннің «Алтын Орда» романында кең суреттеліп жазылған. Бұл роман «Көшпенділер» секілді үш кітаптан тұрады. Жазушы Қабдеш Жұмаділов пен тарихшы Меңдігүл Ноғайбаеваны «Алтын Орда» туралы әңгімеге шақырдық.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Қабдеш аға, жұртты мазалап жүрген бір сұрақтың біресе басы ашылғандай көрінеді, біресе тарихшыларымыздың өздері қарсы шығып жатады. Шыңғыс ханды өзімізге жақындатып әлекпіз. Әсіресе жазушылар көп күш салады. Осы «Көшпенділер» мен «Алтын Орданы» жазған Ілияс Есенберлиннің Шыңғыс ханға деген, Шыңғыс ханның қай ұлысқа, қай текке жататыны туралы пікірі қандай болды, білесіз бе?

Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ: «Көшпенділерді» жазып жүргенінде, біз оның әр кітабына қол қойып жүргенде, Ілекең өзінің жоспарларын айтып отырушы еді. Ол бұл тақырыпқа жайдан-жай бармаған. Бұл Шыңғыс ханға бару үшін үлкен жол болды, керек десеңіз. Есенберлиннің түпкі ойын осыдан-ақ білуге болады.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Сөзіңіз аузыңызда, бірінші «Көшпенділерді» жазды. Сосын осы «Алтын Ордаға» қарай шегінді. «Алтын Ордада» Шыңғыс ханның өзіне де, ұрпақтарына да тоқталды. Негізгі желіні Жошының ұлдарының ішіндегі ең атақтылары Бату мен Беркенің төңірегінде құрды. Тарихы жағынан алғанда «Алтын Орда» бірінші тұруы керек. «Көшпенділер» соның жалғасы болуға тиіс.

Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ: Дұрыс айтасыз. «Көшпенділердің» өзін ХІХ ғасырдағы Кенесарыдан бастады. Содан соң XVIII ғасырдағы Абылай ханға кетті, одан кейін «Алмас қылышты» жазып, XV-XVI ғасырларға бет бұрды. «Көшпенділер» осылай жазылды. Ал Ілекең бәрін білді, Шыңғыс ханның кім екенін, одан кімдердің тарағанын жақсы білді, айқын көзқарасы болды. «Алтын Орданы» жазғанда Жошы түрік, бұлар түріктер дегенді ашық айтқан жоқ. Өйткені, дауды көбейтпейін деді. Оның үстіне «цензурадан кітап өте ме, өтпей ме?» деген қауіппен жазылған. Ол кезде Шыңғыс хан түрік деген сияқты сөздерді айтқызу мүмкін емес. Шыңғыс ханды түркі халқына жолатпай тұрған кез және ол әдейі істелген болатын. Осыны Ілекең білгенімен, айтқан жоқ. «Тек хандар тарихын айтып шықсам, оқушыларға осы да жетсе, бүгінгі қауым оқыса» деп, соны ғана мақсат етті. Қазір соның бәрі ашылып жатыр. Мысалы «Моңғолдың құпия шежіресі», Рашид-ад-диннің «Жылнамалар жинағы» сияқты шығармаларды қасақана қате аударған. Қазір қытай тіліне жетік аудармашылар соны қайтадан аударды. Рашид-ад-диннің жазбасында Шыңғыс ханның түрік тектес екені, ол кезде моңғол деген атаумен Жетісу жерін айтатыны бәрі анық көрсетілген, ал моңғол мен моғолды біреулер әдейі шатастырған. Жалпы Шыңғыс хан моңғолдан шықты дегенді өз арамызда айтпаған жөн, әдебиетшілер мен тарихшылар ондай сөзді идеологиямыздан ысырып тастағаны дұрыс. Олардың өздері де өкпелемейді екен. 800 жылдығын атап өтті, оларға аспаннан түсе қалған бірдеңедей болды. Моңғолдікі деп беріп тұрғаннан кейін, олар «алмаймыз» деп айтпаған шығар.

  Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Қабдеш аға, Меңдігүл әдебиетті қарап жүретін тарихшы. Осы сұхбатқа әдейі шақырдым. Баршаға белгілі ғой, дегенмен айта кетейік. Шыңғыс ханның Бөртеден туған төрт ұлы: Жошы, Шағатай, Үгедей, Төле. Солардан тарағандардың ішінде кейбіреулері мықты хан болған, ұрпақтары көп аймақты жаулап алған, ел ғып ұстап тұрған. Тарихта: «Олар «Алтын ұрпақ» (“Алтын ұруғ”) деп аталып, түркі-моңғол ақсүйектерінің ішінде ерекше құрметке бөленген, мұрагерлік жолмен хан тағына отыруға және елдегі билікке араласуға құқылы болған. Шыңғыс ханның басқа әйелдерінен тараған ұрпақтары мұндай құрметке бөленген жоқ. Тіпті бұл әулетті биліктен ығыстырып, тақты өз қолдарына алған билеушілердің өздері (мысалы, Әмір Темір) Шыңғыс хан әулетіне туыс екендіктерін (күйеу, жиен) баса көрсетіп отырған», – деген дерек бар. Ал Жошыдан 17 бала болған екен. Бір деректерде 40 баласы болған деп те жазылыпты. Солардың ішінде Батудың аты ерекше шыққан. Батудан кейін Беркені айтады. Қарап отырсаңыз, осы Бату мен Беркеден, содан соң Жошының немересі Ноғайдан бастап, аттары аңызға айналған Әмір-Темір, Мамай, Едіге мен Тоқтамысқа дейін барлығы «Алтын Орда» кітабында арнайы сөз болады. Айтпақшы, Есенберлиннің жазуында, Алтын Орда ханы Бату қыпшақ бөрік киіп жүріпті. Өзі салдырған Сарайшыққа жатпай, соның маңына киіз үй тіктіріп жатыпты. Бұл да Қабдеш ағамыздың жаңағы айтқан сөзіне дәлел болса керек. «Алтын Орданы» оқып шықтың ғой, Меңдігүл. Тарихи деректермен қаншалықты сәйкеседі?

   Меңдігүл НОҒАЙБАЕВА: Ілияс Есенберлиннің бұл кітабы тарихи танымымен-ақ ұрпақтардың үлкен бір легін тәрбиелеген кітап деп айтуға болады. Шынайы тарихтан айырылып қалып, өз тарихымызды оқи алмай, енді-енді ғана көзімізді аштық деген идеологиямен тәрбиеленіп жатқан кезде, осы «Алтын Орда» шықты. Мысалы, оқушы кезімізден оқыған «Алтын Орда» мен «Көшпенділер» біздің тарихи санамызды қалыптастырған кітаптар болды. Университетке оқуға түсіп, тарихи деректермен тереңірек танысқаннан кейін де, қазір де зерттеу жұмыстарымен айналысқанда қайта қарап жүреміз. Қабдеш аға атап отырған «Моңғолдың құпия шежіресі», Рашид-ад-диннің «Жылнамалар жинағы», одан кейін өзінің тегі неміс болғанымен, Ресейде тұрып, Алтын Орданың тарихына қатысты араб-парсы деректерін аударған ғалым В.Г.Тизенгаузеннің  «Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды» деген еңбегі бар. Бірінші томы араб деректеріне, екінші томы парсы деректеріне арналған. Мына тарихи деректердің сол кітаптағы деректерден ешқандай ауытқымағанын көремін. Ілияс ағамыз алдымен осы деректермен мұқият танысып, қорытқаннан кейін ғана жазуға отырған, қалғанын жазушылық шеберлігімен алып шыққан. Егер тарихымызды білгісі келген жұрт осы кітапты оқып, тарихты осының желісінде құра беретін болса, оның ешбір кемістігі жоқ. Кітаптағы сюжеттік линия тарихи деректерден еш ауытқыған емес. Ал  жазушының өзінің шеберлігімен қосқан кейіпкерлер, олардың арасындағы түрлі ойларға жетелейтін диалогтар, кейбір эмоциясы бар оқиғалар заман талабына сәйкес деп айтуға болады.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Иә, «Алтын Орда» романы Батудың Барақ деген 4-5 жасар кішкентай баласын бүркіт алып кеткенінен басталады. Батудың да Шыңғыс хан сияқты төрт баласы болған екен. Олардың әйелдері қоңырат, қыпшақ ұлыстарынан болғанын ашық  жазады. Өмірінің соңына таман өзі жаулап алған Еуропа жерлерінің бірінен бір әйелді тоқалдыққа алады. Ол қыздан Барақ деген бесінші баласы туады. Бұл жерде махаббат желісі, адамдардың ішкі сезімдері, халықтың өмірі, бәрі де жақсы көрініс тапқан. Кең тынысты панорамалық роман жазған. Жаңағы тоқалдыққа алған еуропалық қыз Батуға көнгісі келмейді, ұнатпайды. Енді ол хан ғой, жарты әлемді тітіретіп тұрған. Күштеп, көндіреді. Барақ туғаннан кейін басында өлгісі келіп жүрген әйел, өмірді сүйеді. Батуды жақсы көріп кетеді. Бірақ, күндестері бір амалын тауып, босанып жатқанда өлтіріп тастайды. Ал бала аман қалады, атын Барақ деп қояды. Барақ 4-5 жасқа келген кезде бүркіт алып кетеді. Шығарма осыдан басталады, осы оқиғаны шығарманың прологы ретінде алады. Пролог біртұтас лейтмотивке ұласады. Шығарманың өне бойы қастандыққа толы. Хан тұқымының арасындағы бір-біріне қастандық жасау, у беріп өлтіру, кісі жалдап өлтіру деген тәрізді сұмдық оқиғалар қабат-қабат беріледі. Шыңғыс хан ұрпағының, одан соң Жошы ұрпағының бір-біріне деген қастандығы көбірек сөз етіледі. Осы тұрғыдан айтсам, өз басым «Көшпенділерді» қайталап оқыған кезде қуанып оқыдым. «Көшпенділерде» қастандықтан гөрі тілектестік басым түсіп жатады. Ал «Алтын Ордаға» келген кезде кішкене көркемдік жағынан да, кейіпкерлердің басындағы оқиғалар, тарихи деректері жағынан да күмәнмен қарап қалған тұстарым баршылық. Шыңғыс ханды «қанішер, қанқұйлы, жаулаушы» деп айта береді. Шыңғыс ханның ұрпағын да, Жошының ұрпағын да талқандаушы күш ретінде көбірек суреттейді.  Неліктен Ілияс ағамыз «Көшпенділерден» кейін аяғын тартыңқырап қалды?

  Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ: Жалпы, «Көшпенділерге» қарағанда, жазылу стилі жағынан, көркемдігі жағынан, жалпы композициялық тұтастығы жағынан да «Алтын Орданың» жіп-арқауы бостау болып көрінеді маған да. Ілекең Шыңғыс ханның қанішер жауыз емес екенін біліп отыр. Тек өткелден өтудің амалын ойлаған. Ілекең: «Шыңғыс ханның мақсаты – бытырап кеткен бүкіл түрік жұртының басын қосу», – деп айтатын. Біз де солай түсінетінбіз. Шыңғыс ханның жорығының негізгі бір бағыты – Орта Азияны билеп тұрған Хорезм шахтың қоластынан түріктерді азат ету. Өзіміз де кейбір көзқарастарымызды айқындап алуымыз керек секілді. Бұрын патриоттығымыз, елді сүйетініміз, сүймейтініміз Отырарға байланысты сияқты болып көрінді. Отырарды қорғағандар керемет патриот болды да, оның басын алған Шыңғыс хан жауыз болды. Ал қазіргі көзқараспен қарайтын болсақ, таразының бір басын сол Қайыр ханның надандығы басып кетеді. Өзінің күші қандай, Шыңғыс ханның күші қандай? 500 түйелік керуенін түгел қырып тастап, арандатып отыр. Екі мемлекеттің арасына от тастап отыр. Оны қытайдың 30 сериалды киносынан көрген шығарсыңдар, біршама таза көрсетілген. Ілекеңнің Шыңғыс ханды сондай етіп жазуы кітап өтпей қалмаса екен, оқырманға жетсе екен деген ниеті. Шыңғыс хан жауыз, қанішер дегенді осы күнге дейін айтып келдік. Тіпті, Шыңғыс Айтматов та айтып өтті. Кітабын цензурадан өткізу үшін Ілекең де сол сарынмен кете берген. Сол кезде Ілекеңнің қасында дұрыс кеңес айтатын адам болмай қалды.

  Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Қабдеш аға, осы романды оқыған кезде күмәнданған тұстарды маман тарихшылардан да сұрап алғым келген. Мысалы, Жошының ұлдарының ішіндегі ең мықтылары Бату мен Берке болғанын айттық. Үлкені Орда Еженнің жөні бөлек, әрине. Хандық Бату ханның Сартақ деген баласына қалайын деп тұр. Романның желісінде былай жазылады: Сартақ христиан дініндегі адам. Шешесі христиан болған көрінеді. Хандық Беркеге емес, сол Сартаққа қалып отыр. Қарақорымға барып, бекіп келуі керек. Сартақ Қарақорымға кетіп бара жатқан кезде әкесінің інісі Беркеге соқпай кетеді. Сонда Берке қатты ашуланып, артынан қуып барып, бір өзеннің жағасында: «Жошы ұрпағының ішіндегі ең үлкені мен ғой. Менің батамды алмай, қалай кетіп бара жатырсың?» – дейді. Сонда Сартақ: «Сен – мұсылмансың, мен – христианмын. Саған бұрылып соқпақ тұрмақ, бетіңе қараудың өзі маған күнә», – дейді. Ал Бату о бастан: «Ол христиан болса да, мұсылман болса да, Алтын Орданың тағын шайқалтпай ұстап тұрса болды», – деген пікірде еді. Бірақ, Берке Сартақтың әлгіндей қылығына ашуланып, теріс батасын береді. Теріс батаның астарында неше түрлі пәле жатыр. Сартақ сол сапардан аман қайтпайды, жұмбақ жағдайда қан құсып өледі. Қастандықты Беркенің тапсырысымен Сары Бұға жүзеге асырғаны аңдатылады. Сары Бұғаның өзін де қылмыстың ізін жасыру үшін үстілерінен айдатып өткізген қалың жылқыға отбасы, ошақ қасымен түгел таптатып өлтіреді. Одан кейін де таққа Берке отырмай қалады, Батудың Ұлақшы деген кіші баласы отырады. Ол да аяқ астынан қазаға ұшырайды да, Берке ақыры тілегіне жетеді. Тап осы жерде, оқырман ретінде күмәнданатыным, Берке мұсылманшылықты берік ұстап отыр. Негізі тарихта  Алтын Орданың шаңырағын шайқалтпай ұстап қалған Берке деп айтады. Бірақ, неге екені белгісіз, Ілияс Есенберлин Берке ханның жағымсыз жағын көп жазады. Мысалы, өзі алыс-жақындағы мұсылмандармен хат алысып тұрған атақты хан, әрі қаһарлы Шыңғыс ханның ұрпағы, Жошының екінші баласы. Осындай ханға бірі қосшы, бірі күң, енді бірі құл болып жүріп бастары бірігіп қарсы шығатын топ бар.  Халық өкілі болып бейнеленген Сәлімгерей, сарай аспазшысының Құндыз деген қызы, Коломон деген құрылыспен айналысатын тұтқындағы христиан, мәселенки. Осылардың үш-төртеуі  сарайға түн жамылып келіп, Берке хан ұйықтап жатқан кезде үстіне басып кіріп, қол-аяғын байлап, қазақша айтқанда, «әтек» қып тастайды. «Артымыздан қуғын салсаң, сенің осы жағдайыңды елге жайып, масқараңды шығарамыз», – дейді. Осы оқиға логикаға да, шындыққа да сәйкес келмейтін сияқты. Басқаны айтпағанда, Алтын Орда ханының қалай күзетсіз жататыны түсініксіз. Осының басын ашып беріңізші.

  Меңдігүл НОҒАЙБАЕВА: Әңгімені сәл әріректен бастағым келіп тұр. «Ілияс ағамыз романында Шыңғыс ханның ұрпақтарын неге жағымсыз етіп сипаттады?» – деп сұрадыңыз жаңа. Кезінде Исай Калашников «Қаһарлы ғасыр» кітабында Шыңғыс ханның ұлы тұлға екенін жазғысы келіп тұрып, бірақ, ол да Ілияс ағамыз сияқты бағытпен жазып шықты. Олар өз тұстарындағы идеологиядан алшақ кете алмады, сескенді. Ілияс ағамыздың Алтын Орда хандарының шынайы келбетін көріп тұрғанымен, ол кісінің тарихи деректермен таныс болғаны дау тудырмайды, соған қарамастан, ортасына Коломон сияқты қолдан жасалған кейіпкерлерді қосып қойғаны, Беркеге қатысты теріс сюжеттерді кіргізгені, сол кездегі идеологияның әсері. Мысалы, Беркенің шын тарихи бейнесін қарайтын болсақ, оның Алтын Ордада билік құрған кезі өте күрделі кезең. Шыңғыс хан көзінің тірісінде тақ мұрагерлігіне үшінші ұлы Үгедейді атап кеткені мәлім. Сөйткен күннің өзінде Үгедей үш жылдай құрылтай шақырып жатып, әрең хан сайланды. Үгедей қайтыс болғаннан кейін, моңғол империясында күрделі кезеңдер басталды. Үгедейдің баласы Күйік билікке келіп, Күйік пен Батудың арасында қақтығыс болғанын білеміз. Шыңғыс хан қайтыс болғаннан кейін, оның құрып кеткен ұлы мемлекетіндегі ең алғашқы азаматтық соғыстың белгісі осы Күйік пен Батудың арасындағы текетірес. Күйік аяқ асты қайтыс болып кетті де, бұл соғыс өзінен-өзі басылып қалды. Одан соң моңғол империясындағы ең жоғарғы дәрежедегі билік Жошы ұрпақтарының қолына көшті десек те болады. Себебі, Күйік қайтыс боған соң, барлық деректерде қазіргі Алматы, бұрынғы Алмалықта жиналған Жошы ұрпақтары Батуға: «Ағаң Орда Еженді есептемегенде, Шыңғыс әулетінен қалып тұрғандардың ішіндегі ең үлкені сенсің. Беделдісі де, Еуропаға жорық жасаған да сенсің. Сен енді таққа отыр», – депті. Бату бас тартып: «Жоқ, біздің әкелеріміздің кенже інісі Төле таққа да, ештеңеге де ие бола алмай кетті. Сол Төленің баласы Мөңке таққа отырсын. Менің еркіммен таққа отырғаннан кейін Моңғол империясын мен билеп тұрған сияқты көрінеді», – деп, бүкіл моңғол ұрпақтары осы сөзге тоқтап, келісіп, тарқасады. Соның өзінде де Мөңкені таққа отырғызу біраз уақытқа созылып кетті. 1251 жылы Мөңкені ақыры таққа отырғызды. Мөңке 1259 жылы қайтыс болған кезде артындағы мұрагерді белгілеп кеткен жоқ. Соның да салдарынан інісі Арық Бұға мен Құбылайдың арасында соғыс болып, «Моңғол империясы бар ма, жоқ па?» деген сұрақ туындады. Дәл осы кезде Алтын Орданың тағына Берке келді. Алтын Орданы жеке дербес мемлекет ретінде алып қалған және оның іргесін түгел сақтап қалған Берке. Ендеше оның беделін төмендету қате, дұрыс емес. Алайда кітапты түзей алмаймыз, ол солай жзылып кетті. Тек пайдаланғанда дұрыс пайдалануымыз керек.

  Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ: Шыңғыс хан заманында мұрагерлік әкеден балаға қалу міндет емес екен. Әкесінен кейін немере інісіне беріліп отырған көрінеді. Хандық тарап, ағайынның берекесі бұзылмауы үшін де солай істеген. Шыңғыс хан осылай деп өсиет еткен. «Үгедейді мұрагер етіп белгіледі» деген дерек басым түсіп жатса да айтарым сол. Жаңа шыққан қытай деректері бойынша, Шыңғыс хан Үгедейді бірден тақ мұрагері етіп белгілемеген. Ол кісінің тақ мұрагері деп белгілеген адамы Жошы дейді. Жошы өліп кеткен соң, амал жоқ, Үгедейге қалдырған деседі. Негізінен тақ мұрагері деп, өзінің көңілі ауған адамы Жошы болыпты. Ілекең оқушыны тартып отыруды білетін адам. Кейбір оқиғаларды ойдан қосып, жағдайды ширықтырып, шиеленістіргенге шебер болатын. Жалаңаш тарихты баяндай бергенге ешкімнің қызықпайтынын білген. Десе де Беркені ешкім әтек қылып жіберді деп ойламаймын, бұл Ілекеңнің фантазиясы.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Беркенің баласы болмағаны бұл фантазияны нықтай түскен болуы керек. Оның өзінің қолдан жем беріп үйреткен аққулары кейіпкер көңіл-күйін дәл беріп тұр. Аққулармен сырласқандай, мұңдасқандай болатын тұсы да оқылымды шыққан. Аққуларының бірінен соң бірі өліп қалатыны да кейіпкер тағдырымен шебер шендестірілген. Кейін көтерілісшілермен бірге артынан қуған Сәлімгерейді садақпен атып құлататын жері де қаһармандық бейнесін сомдай түскен. Ол әйтеуір таққа отыра салған хан болмаған, тақ таласын өз пайдасына бұра алған, жауларын біреудің қолымен де тұқырта білген, алыс-жақын елдермен хат-хабар да алысқан жан-жақты білікті хан болған екен.    

 Орынбай Жанайдаров деген автор «Ежелгі Қазақстан әфсаналары» еңбегінде мынандай бір аңызды келтіреді:

  «Берке хан дүниеге келген кезде өз шешесінің де, басқа әйелдердің де сүтін ембей қойыпты. Содан Жошы өзінің бақсы-балгерлеріне көрсеткен екен. Сөйтсе, олар: «Бала мұсылман боп туған. Мұсылмандар мұсылман емес әйелдердің сүтін ембейді», – депті. Сөйтіп, Жошы мұсылман әйелді таптырып алдырыпты. Сонда барып, бала оның сүтін еме бастапты. …Әкесі өлгеннен кейін Берке кәпірлердің арасында жүруге дәті жетпей, Сығанақ шаһарына келеді. Шайхы әл-ғалам Сайф әд-Дин Байазирдің ғибратты қасиеттерін көп естіп, бірнеше жыл бойы әулиелердің діни кемелдігінің ақырғы сатысын меңгеруге жанын салады. Бір күні хазірет шайхы Берке ханға: «Уа, ұлым менің! Әкеңнің ордасына оралып, билікті қолыңа ал! Құдай тағаланың бұйрығы солай!» – дейді. Хажы Тархан (Астрахан) уәлаятында Хажы Нияз деген байлығымен аты шыққан адам болған. Сол кісі Берке хан туралы былайша баяндайды: «Хазірет хан сегіз серігімен Қаракөлден шығып,  Дәшті уәлаятына бет алады. Әлгі сегіз адамның әрқайсысы – мың түтіннің қожасы. Қаракөлден шыққан хан Үргенішке келіп, Үргеніштен Сарайшыққа – Алтын Орданың астанасына жол тартады. Сарайшыққа жеткенше оның қасына бес жүз жамиғат жиналады. Еділдің жағасына дейінгі аралықта төңірегіне 1500 кісі топтасады. Олар Еділ өзенінің жағалауына келіп жеткен кезде Құлазым (Каспий) теңізін өрлей қалың қолмен Құлағу хан келе жатыр деген хабар алады. Берке ханның әскері үрейленіп, бәрі келіп ханға: «Құлағу – ұлы падиша. Оның қосыны көп. Біз азбыз. Оған қарсы шығып, ұрыс қылуымыз жарамайды», – дейді.

Сол кезде Берке ханда бір қой асығы болыпты. Хан оларға былай деп тіл қатыпты: «Мен жорыққа өз ықтиярыммен шыққан жоқпын. Сендер маған иланбай тұрсыңдар. Олай болса, сіздерге бір шарт қоямын. Егер мына асықты қалқанның не дулығаның шошағына тігінен қойсаң, тұрмайды. Сондықтан келісіп алайық. Қазір мен оны қалқанның яки дулығаның шошағына иіріп тастаймын. Сол кезде ол оңқасынан тұра қалса, біліп қойыңдар, онда жауымды жеңемін. Құдайым жеңісті маған берер. Егер асық оңқа түспесе, не айтсаңдар да көнемін». Сонда әлгі кісілер: «Егер асық оңқа тұрса, кеудемізде жанымыз барында жаһатыңызда боламыз», — деп келіскен болыпты. Осыдан соң хан асықты шошаққа ұрыпты, асық шошақтың үстіне оңқасынан тұра қалыпты. Мұны бәрі көріп, күмән-күдіктен арылып, жүректері орнына түсіпті. Сөйтіп, Еділ дарияны кешіп өтіп, Құлағу ханның әскеріне қарсы жүріпті. Берке ханның қарауылдары үлкен төбеге шығады. Сол уақытта Ширван тарапынан будақ-будақ шаң көтеріледі. Олар ханға жау әскерінің шеті мен шегі жоқ деген хабар береді. Бектер тағы үрейленеді. Сонда хан: «Мен мына төбеге шығайын, сендер осы арада қалып, қарап тұрыңдар. Құдай тағаланың құдіретін көресіңдер. Егер жау мені алар болса, тап осы арадан қашып жүре беріңдер», — депті. Ел мұны қабыл көреді. Хан төбенің басына шығады. Кішкенеден соң төменнен жау әскері көрінеді. Олар лек-легімен тақала береді. Жер қайысқан қалың қолдың шетін болжап білу мүмкін емес. Осы кезде хан қамшысын үш мәрте сілтеп жіберіп, атын тебініп қалып, төмендегі жау жаққы ұмтылады. Алайда ол төбеден төмен түспей жатып, Құдай тағаланың құдіретімен жау әскерінің сапы бұзылып, қаша жөнеледі. Мұны көрген Берке ханның әскері соңдарынан салады. Неше күн бойы жауды қуалап, өлтіргенін өлтіріп, өлтірмегенін тұтқынға алып, кейін қайтады. Кейін бектер тұтқынға түскендерден: «Сіздер төбе басындағы жалғыз кісіден неге сонша қаштыңдар?»  – деп сұрапты. Сонда олар:

  –  Төбенің басында тұрған кісінің екі жақ қапталында қалың қол тұрды. Біз қанша қарасақ та, ұшы-қиырына жетпедік. Алыстан шеп құрғанымыз содан еді. Төбедегі әлгі кісі бізге қарай ат салғанда, екі қосын әскер де бізде қарай лап қойды, – деп жауап беріпті».

  Берке хан туралы осындай аңыздардың болғанын Ілияс Есенберлин де меңзейді. Оның Сартаққа теріс бата беруі, содан соң Сартақтың ұлы сапарда жолы болмай қазаға ұшырауы де ел арасында аңыз тудырғанын айтады. Берке ханның мұсылман әлемімен жақын қарым-қатынас орнатқанында да талай сыр жатқан болуы мүмкін. Осы тұрғыда Берке мен Бейбарыстың хат алысып тұрғаны жөнінде не айтасыздар?

  Меңдігүл НОҒАЙБАЕВА:  Беркенің билік құрған кезі Алтын Орданың мұсылман елдерімен байланысы өте күшейген кезеңі. Шыңғыс ханның екі немересі – Берке мен Ирандағы Құлағудың арасында соғыс басталды. Чингизидтер енді бір-біріне қарсы соғысып жатыр. «Соғыстың түпкі мақсаты – әзірбайжанның байлыққа толы жері кімнің қоластына өтеді, Алтын Ордаға өте ме, әлде Құлағуға өте ме?» деген сұрақ, екеуінің арасындағы соғыстың сылтауы осы. «Мен – мұсылманмын, сен мұсылмандардың ордасын басып алдың, мұсылмандардың қасиетті жерлерін бүлдірдің, тіл тигіздің. Сондықтан мұсылманшылық тұрғыдан кешіре алмаймын», – дейді Берке. Бұл соғысты саяси жағынан алғанда мысырлықтар өте тиімді пайдаланды. Себебі, Берке Мысырды шапқалы келе жатқан Құлағуларға қарсы соғысты, арғы жағында Еуропадан ентелеп келе жатқан кресшілер тағы бар. Сол кезде Мысырды билеп тұрған Бейбарысқа Алтын Ордадан артық мықты одақтас керек емес. Бейбарсытың қыпшақтық тегі мен Алтын Орданың қыпшақ хандығы екені де араларын жақындата түскені хақ. Сондықтан бұл жаңаша сараптап қарауды талап ететін мәселе. Ол кезде Алтын Орда алып держава дәрежесіне жеткен мемлекет, сондықтан онымен одақтас болу, хат алмасу, қарым-қатынас орнату басқалар үшін ең үлкен мүдде болды.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Осы арада тарихшы Талас Омарбековтің «Алтын Орданың» басты кейіпкерлері болған Бату мен Берке туралы пікірін назарларыңызға сала кеткім келеді: «Сайын хан (Бату) негіздеген мемлекеттік жүйені рухани тұрғыдан нығайта түсуде Алтын Орданың төртінші ханы болып табылатын Берекенің рөлі ерекше. 1256 жылы Сайын хан қайтыс болған соң моңғол империясындағы маңызы жөнінен екінші орында тұрған Қыпшақ даласындағы хандықты оның ұлы Сартақ билеуі керек еді. Алайда ол таққа отырмай жатып-ақ дүниеден өтті. Одан кейін 1257 жылы таққа отырған Сайын ханның екінші ұлы Ұлақшының да өмірі қысқа болды. Осыдан соң ұлы хан Мөңке Қыпшақ даласындағы мемлекет тағына 1257 жылы Шыңғысханның немересі, Сайын ханның үшінші ұлы Беркені  отырғызды. Ол жас кезінде Ходженттегі ғұламалардың бірінен Ислам қайнарынан сусындап, діни білім алады. Берке таққа отырған соң көптеген рубасылар және өзінің әйелі Чечек, сондай-ақ інісі Тоқай Темір исламды қабылдайды. Дегенмен Берке, басқа діндерге де кеңшілік жасады. Сондықтан ол негіздеген астана – Сарайда христиан епископына да орын табылды. Сонымен қатар Берке таққа отырған соң Ғаббас халифтың рухани билігін мойындап, онымен хат жазысты.
Ол тіптен таққа отырмай тұрып-ақ, өзінің туысы, Төленің баласы Қулағудың араб халифатын басып алуға тырысқан әрекетін ағасы Сайын ханның (Батудың) ықпалымен тоқтатып тастады. Алайда Сайын хан қайтыс болған соң Қулағу ұлы хан Мөңкенің рұқсатымен Бағдадқа ақыры басып кіреді. Мұның өзі Беркені Қулағуға қарсы өшіктіріп, ақырында қантөгіс қырғындарға алып келді. Дегенмен В.Бартольд сынды тарихшылар Беркенің Қулағуға соғысқа баруының басты себебін соңғысының бұрыннан Жошы ұлысының аймағы болып есептелетін Кавказдағы Арран және Әзірбайжан аймақтарына басып кіруінен іздестіреді. Немере туыстардың екі шайқасы тарихқа белгілі. 1261 жылы Кавказда Темір қақпада (Дербент асуында) басталған бұл текетірес түптің түбінде Беркенің жеңісімен аяқталды. Терек өзеніне дейін барған Қулағудың әскерлері жеңіліске ұшырап, кейін қашқанда ат тұяғынан ойылып кеткен өзен мұзының астына кетіп, алапат қырғынға ұшырады. Айта кетер тағы бір мәселе, аты «татар» болғанмен заты түркітілдестерден құралған, шайқасқа қатысқан Беркенің әскерлері негізінен алғанда Қыпшақ даласының ру-тайпаларынан (Оғыз, Үйсін, Қаңлы, Қарлық, Қаракесек, Найман, Қоңырат, Керейт, Жалайыр, Қыпшақ, Алшын, Беріш, Шеркеш, Шекті, Тама, Табын, Телеу) құралған, сондай-ақ бұлғарлардан, башқұрттардан, фин-угр тайпаларынан жасақталған сарбаздардан тұрды. Сонымен қатар, әрине, осы тұста түркілене бастаған моңғолдар да (Бұйрақ, Ойрат, Құсшы, Минг, Барлас, Сарай, Тұрмаут, Оймауыт, Онғұт, Татар, Шырын, Арат) әскери жорықтарда ерекше белсенділіктер көрсетті. Бұл айтылғандар сонымен қатар Берке басқарған Қыпшақ мемлекетінің этникалық құрамының қандай болғанын да байқата алады.
Беркенің мұсылман дүниесіне деген үлкен құрметі оның Мысыр билеушісі Мамлүк-қыпшақтарының сұлтаны Аз-Заһир Бейбарысқа да белгілі болды. Бұл маңызды мәселені арабтанушы бауырымыз Бақытты Батырша біршама нақты зерттеп, қазақ тарихына қажетті мәліметтерді Мысырдан алып келді. Алғаш Бейбарыс Беркеге 1261 жылы Қырымнан шыққан Алан саудагерлері арқылы хат жолдады және онан соң көп кешікпей-ақ, 1262 жылдың 15 қарашасы мен 14 желтоқсаны арасында тағы да елшілік жөнелтті. Онда ол, Исламның киелі жерлері Мекке, Мединеде және Құдыста (Иерусалимде) Сұлтан Бейбарыстың есімінен кейін Берке ханның есіміне бағышталып дұға оқылатынын мәлімдеді. Өз кезегінде осы жылы Берке де Қайырға (Каирге) екі рет елші жөнелтті. Онда Құлағу ханның мұсылмандарға қарсы соғысы айыпталып, оның Шыңғыс ханның «Ұлы Йасасын» бұзғаны атап көрсетілді. Елшілер Қайырда сұлтан Бейбарыстың баласы Саид Беркені сүндетке отырғызу тойына қатысты. Тегінде, баланың есімі Берке ханның құрметіне қойылса керек. Енді сұлтан Бейбарыс қарым-қатынасты нығайта түсу мақсатында 1262 және 1264 жылдары Беркеге екі елшілік аттандырды. Осы елшілікке қатысушылар тарих үшін аса құнды мәліметтер қалдырды. Оларда хан сарайы және Беркенің кескін-келбеті біршама толық сипатталады. Елшілердің айтуынша Берке сирек сақалды, өңі сары кісі, шаштары құлақтарының үстіне түйілген. Бір құлағында қымбат тас бекітілген алтын сырға жарқылдайды. Басына биік тұмақ киген, белін алтынмен және қымбат тастармен айшықталған тері белбеумен шарт буынған, аяғына қызыл теріден жасалған саптама етік киген, жасы 56-дағы адам. Ағасы Сайын (Бату) тәрізді оның да аяғы ауырады екен. Бейбарыс елшілері өздерімен бірге Құранның Осман нұсқасын, кілемдер мен жайнамаздар, сыйлыққа көптеген жан-жануарлар, негр құлдарын, Ұмра (Кіші қажылық) жасауда пайдаланылған сәлделерді, қасиетті Меккедегі зәм-зәм суын және тағы басқа да тәбәріктерді алып жетті».

  Міне, Ілияс Есенберлин романындағы қаһармандар образы тарихшының аталған хандар туралы ой-пікірімен осылай үйлесіп отыр. Яғни, кейбір идеологияға жем боп кеткен тұстары болмаса, жазушы мен тарихшы бір-бірінен алыс кетпеген.

 Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ: Бұл кітаптың құндылығы, біріншіден, бізге тарихты үйретеді. Тарих пәнінің мұғалімдеріне үлкен көмекші құрал. Содан кейін әдебиетте тарихты жазамын деп жүрген жастарға үлгі болатын жақтары көп. Ілекең композиция құру, оқиғаларды өрбіту, ширату, оқиға арқылы характерлерді ашу жағынан жоғары деңгейдегі үлкен жазушымыз.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Осының бәрі шежіре ғой. Бұл сұхбатымызға жазушының көзін көрген, редактор болып сөзін де түзеген сізді де қатыстырып, сөйлетіп алғанымыз да жақсы болды.   

Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ: Түпкі нәрсе Ілияс Есенерлиннің өз еңбегі. Ілекең «Алтын Орданы» жазып кетпегенде біз нені әңгіме қылар едік? Сақал сипағандай болып отырар едік. Бұл біле білгенге ересен еңбек. Қазақ хандығына орнатылған үлкен ескерткіш. Көркем сөзбен салынған айнымас сурет.  

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Кітап сатылымында осы «Алтын Орда» романы дәл қазіргі уақытта бірінші орында тұр екен. Бұл роман тарихқа ғана емес, әдебиетке де қызығушылық тудырды деп айтуымызға толық негіз бар. Осындай үлкен трилогияны талдауға қатысып, жақсы пікір айтып бергендеріңіз үшін сіздерге мың да бір рахмет!

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!