Мейірхан Ақдәулет, ақын: Мейлінше былғанбай өткенге не жетсін?!

%d0%bc%d0%b5%d0%b9%d1%80%d1%85%d0%b0%d0%bd-%d0%b0%d0%ba%d0%b4%d0%b0%d1%83%d0%bb%d0%b5%d1%82

 Редакциядан: «Ақ желкен»   журналы «Таланттармен тілдессек» деген арнайы айдар ашып, ұлтымыздың белгілі тұлғалары туралы өскелең ұрпаққа өнеге болар қызықты мақалалар жариялап жүр. Осы айдардың кезекті кейіпкері талантты ақын, журналист Мейірхан Ақдәулетпен жүргізілген сұхбатты өз оқырмандарымыздың назарына ұсынуды жөн көрдік.

Бүгінде алпыстың асқарындағы ақын 22 жыл Алматыда тұрыпты. Біраз жыл Атырауда болды. Ал соңғы жылдары Ақтөбеде, облыстық газеттердің үстінен қарайды. Ақтөбеге жол түскенде Мейірхан Ақдәулетке арнайы бардық. Сұхбат бергісі келмейтінін айтты. «Соңғы жылдары сұхбат беруді қойдым. Республикалық газеттерден қолқалап жүргендер бар. Бірақ, соған онша ниетім жоқ», – деді. Бірақ, «қан базарда» көпті көрген аға ретінде өзінен кейінгі іні-қарындастарына айтар әңгімесі аз емес екен. Ағынан жарылды.

Қуанғанымыз, жастарды оқиды екен. Қадағалап қарап жүретінін байқадық. Десе де, Бейімбет Майлинді қазақтың болмысын шебер суреттеген ұлы жазушы деп есептейтін Мейірхан ағаның бүгінгідей қасаң тілге көңілі толмай жүргенін аңғардық. Тіпті, жаңа буын жазушыларының көшін бастайтын Дидар Амантайдың өзін де аса құптай бермейтінін байқап қалдық. «Кезінде Дидардың өзіне де айтқанмын. Әрине, заманауи әдебиет те керек шығар, бірақ көркемдік бәрібір қажет», – деді бір сөзінде. Ал ақын қыздардың «ашық» айтамыз деп, артық кетіп қалып жүргеніне қынжылады екен. «Фаризаға еліктеймін деп, көлденең көк аттының бәрі өзін тағдырлы етіп көрсеткісі келеді. Орысша айтқанда, каждая дура сейчас старается из себя делать Фаризу. Олай болмайды! Көзге көрінбейтін бір шек болады, содан аттап кетпеу керек», – дейді ақын. Бүгінгі жас ақын-жазушыларды «технарь» деп есептейді. «Жазудың техникасын меңгеріп алған, ұйқастары ұрып тұр. Заманауи терминдерді де жақсы меңгерген. Бірақ, шығармаларында адамның тағдыры жоқ», – дейді.

Мейірхан ағаның замандас-қатарластарын, салыстырмалы түрде, бағы бар буын деуге болады. Ағаның аялы алақанын көрген буын десек жарасар. Сәбит Мұқановтың шығармашылық ортадағы қазақ жастарына көрсеткен қамқорлығы біз үшін ертегі сияқты. Тахауи Ахтановтың ағалық ақылын тыңдағандар бақытты демей көріңіз! Соңғы жылдары көптеп шығып жатқан естеліктер мен әдеби мемуарлар, бір жағынан, бос әңгіме сияқты көрінгенімен, екінші жағынан, солардың астарынан кімнің кім екенін көріп-біліп қалып жататынымыз да жасырын емес. Осындай ағалардың аялы алақанын көрген буынның бір өкілі Таласбек Әсемқұловтың «Оқығам жоқ» деген мақаласы біраз жұрттың назарын аудартты. Бірақ,  Таласбек ағаларымыз, Мейірхан ағаларымыз өз ағаларынан көрген қамқорлықты өздерінен кейінгі інілерге көрсете алды ма? Жалпы, осы бір мәселеде әдемі сабақтастық үзіліп қалған жоқ па? Мейірхан ағадан осыны сұраған едік. Мұнан өзге де айтары аз емес екен.

ҚАЗАҚТЫҢ АРАМДЫҒЫНЫҢ ӨЗІ

ҚАРА КИІМДІ АҚ ЖІППЕН ТІККЕНДЕЙ

Қазақ мемлекетіндегі көп мәселенің түйінін бір ғана нәрседен іздеуге болады. Бізге ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздік капитализммен бірге келді. Ал капитал деген – ақша, табыс, тұрмысты түзеудің құрылымы. Озған мемлекеттердің өздері социализм идеясын қолдап отыр. Скандинавия түбегіндегі елдерде әлеуметтік идея әлі күнге дейін бар. Коммунистік партия жоқ демесеңіз, олар социализмнен әлеуметтің тұрмыс-тіршілігі, адамның өмірі, тұрмыстық және рухани тұтастығы үйлесім тапқан дұрыс мемлекет құру идеясын алды. Таза социализм деуге келмес, бірақ астарында әлеуметтік идея жатыр. Ал капитализм дегеніміз не? Кеңес өкіметінің кезінде капиталистік елдердегі дүние мен байлық үшін күрестің, тұрмыстық нәрсенің, тәндік рахаттың бірінші орынға шығуы бізді таңғалдыратын. Мұны капиталистік елдердің өзі де мойындайды. Қазан төңкерісі, Маркстің «Капиталы» басқа капиталистік елдерге де әсер етті. Өйткені, біріншіден, олар өз елдеріндегі социалистік төңкерістің алдын алды, бұқараға жағдай жасауға мәжбүр болды. Өйткені, қара халықты езіп, санаулы адам ғана байып, рахатын көріп, қалған жұрттың құлдан бетер өмір сүруінің аяғы немен тынатынын бүкіл дүниежүзі көрді. Қазан төңкерісінің қасіреті, яки әке балаға, іні ағаға қарсы болып, ақ-қызыл болып бөліну, ең алдымен, капиталистік елдерге үлкен сабақ болды. Кәсіподақтар құрды, ақшаны дұрыстап төлеп, халыққа мойын бұра бастады. Озық капиталистік елдер қателескен жоқ. Әйтпесе, капитал деген қай заманда да қайырсыз нәрсе.

Қазақ кеше орыс империясының отары болды. Қазақтың жақсысын ол заманда қырып-жойып, әртүрлі сылтаумен «тазалап» отырды. Көзге көрінбейтін, мысықтабандаған сол бір залым саясатты жүргізушілер әлемнің басқа отарлаушы елдерінен «үлгі» алды. Яғни, «бір ұлтты жойып жіберу үшін оны толықтай құрту міндетті емес» дегенді басшылыққа алды. Испания, Ұлыбритания сияқты елдер «қайсыбір ұлтты жойып жіберу үшін сол ұлттың көш бастайтын 100 адамын жойып жіберсең жеткілікті» деп білген, кеңес өкіметі де сол саясатты ұстанды. Сонда тұтас халық өзінен-өзі-ақ азып-тозып, ас ішіп аяқ босататын құлға айналатынын олар жақсы білген. Осы саясаттың ең соңғы серпіні – Алашорда. Қазақтың оқығандары, тіпті сол коммунистік партияның идеясын қолдайтындардың өзі де (Алаш азаматтары бастапқыда жеке мемлекет құрамыз дегенмен, кейін ең болмаса коммунистік партияның өзін де қазақтың пайдасына икемдеуді қолдаған еді) шетінен атылып кетті. Мен туған Ырғыздан отызыншы жылдардағы қазақ мемлекетінің алты бірдей басшысы шыққан. Темірбек Жүргенов, Ұзақбай Құлымбетов, Сейдалин, Шонанов болып кете береді. Әке-шешеміздің сыбырлап айтып отыратын әңгімесінен білетініміз, сол Жүргеновтер мен Құлымбетовтер қудаланғаннан кейін бес-алты адамның басын қосып, басқара алатын звеневойларға дейін ұсталып кеткен. Сөйтіп ұлттың ойланатын бөлігі жойылды. Одан кейін жарамызды жалап жүріп ел қатарына қосылдық. Тұтас бір ұлтты тып-типыл етіп жойып жіберуге болмайтынын коммунистер жақсы білді. Сосын әдебиетімізге, мәдениетімізге, өнерге қамқор болған болып, әдебиет пен өнерді өркендетуге мүмкіндік берді. Әйтеуір, «қызыл шарбақтан», яки белгілі бір шеңберден шығып кетпесең болғаны. Тек коммунистік партияны жамандауға, оның саясатына қарсы шығуға болмайды. Сондай жағдайдағы ұлт, былай қарасаң, әке-шешесі жоқ жетім баладай күй кешті. Қамқорлық қазақтың шөлі болатыны да содан. Коммунистік партияның ыңғайына көнген ақын-жазушылар, өнер адамдары, кино мамандары қалды. Оның үстіне, қуғын-сүргін саябыр тапты, соғыс бітті, алпысыншы жылдардан бастап халықтың өз қолы өз аузына жете бастады. Тоқшылық орнады. Сол кезде елге тұтқа боларлық қауқары бар азаматтардың бәрінің ішінде осы уайым болды деп ойлаймын. Ол қатарда Мүсірепов те, Мұстафин мен Мұқанов та бар. Олар «қазақ ішінен бізден де мықтылар шықса екен, әрі қарай жалғасса екен» деп ойлағаны хақ. Оның үстіне, қанша қиратып-қырып жатса да, қазақтың қазақы қалпы бұзылған жоқ. Қазақтың халықтық философиясы күшті. Біздің әлі күнге сорлап отырғанымыз – ең соңғы көшпендіміз. Адамгершілік, бауырмалдық, жақсылыққа тілектестіктен айырылмауымыз керек. Қазақтың жасаған арамдығының өзі қара киімді ақ жіппен тіккендей көрініп тұрады, кезінде солай деп жаздым да. Біз адал халықпыз, ар-намыстың халқымыз. Осындай халық үшін қамқорлықтың орны ерекше болуы заңдылық деп ойлаймын.

БІЗДЕ ТАБИҒИ ҰЛТТЫҚ СЕЗІМ БОЛДЫ

Қадырлардың ағаларын алсақ, олар кешегі соғыстың бәлесін көріп келген, қудалауды көрген. Жаңағы өзің айтып отырғанҚуандық Шаңғытбаев, мысалы, байдың баласы болғаны үшін қудалау көрген. Бір өлеңінде руын жазғаны үшін қудаланған. Бұлардың барлығы ойлана алатын азаматтар еді. Сол себепті де бұларда қазақтың кішкентай жылтырап көрінген нәрсесін теру деген мақсат болды. Туған ағасы (ұлы лингвист Құдайберген Жұбанов) атылып кеткен Ахмет Жұбановтыалыңыз, күллі қазақ музыкасын түгендеп кетті. Композиторлығын, консерваторияны құрғанын, ұлт-аспаптар оркестрін құрғанын былай қойғанда, бүкіл ауылдарды аралап жүріп, қазақтың өнерін тасқа бастырды. Бұлардың бәрінің ішінде бір шөл болды деп ойлаймын.

Одан кейін жаңа ұрпақ келді. Менің ойымща, ең бақытты ұрпақ – Тұмағаңдар, Қадырлар бастаған ұрпақ. Жазушыларда да солай, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев бастаған шоғыр. Демек, бұларда да сана болды. Айтылмайтын, бәлкім сыбырлап қана айтылатын ұлттық сезім осыларды алып шықты. Хрущевтің тұсындағы жылымықтың кезінде баяғыдан қайнап жатқан дүние шықты. Дарын Алладан десек те, сол жылымықтың оң әсері көп болды. Оның соңы Оралхан Бөкейгедейін келді. Яғни, осы бір буын қазақтың үлкен әдебиетін жасап кетті. Тірі жүргендері де бар. Мәселен, Қалихан Ысқақдеген сирек дарын иесі бүгінде арамызда жүр. Ұлттың мәңгі айнасы болып қалатын Мұхтар Мағауиніміз бар. Фариза бастаған ақындарымыз бар. Іле-шала осыларға еріп, еркелеп баяғы Жарасқан, қазіргі Иранбектер келді. Олардан сәл үлкен Тынымбай Нұрмағамбетовтердің қатары өз алдына. Біздің кезімізде, міне, осы аты аталған ақын-жазушылар, солардың буыны салтанат құрып тұрды. Ал біз, елуінші жылы туғандар, аса қатты қамқорлық көрдік деп айта алмаймын. Бізде бір әдеби иба болды. Ағаларымызды құрмет тұттық, олардың жазғанын Құрандай жаттап өстік. Әдемі үйлесім таусылған жоқ. Елуінші жылғылардың ең кішісі Есенғали Раушанов та, ең үлкені – менмін. Есенғалидың «Біздің ұрпақ» деген өлеңі бар.

Кетеді ертең мына шалдар, дау бар ма,

Біз өзіміз айналамыз тауларға.

Мейірхандар әппақ қудай болады,

Есенқұлға ақсақалдық ауғанда, – деп басталады.

«Бір балконда Байбота шал отырар, қай пәтерде қалды екен деп жас күнім», – деп келетін жолдары бар. Әрине, бөлу шарт емес. Бірақ, шартты түрде алғанда, елуінші жылғы қыз-жігіттер әдемі әдеби атмосферада тәрбиеленді. Бізді біреу сүйреді деп айта алмаймын. Керісінше, біз көбіне ағаларымыздың тасасында қалып қойған сияқтымыз. Бірақ, жамандық та көрген жоқпыз. Баяғыдан келе жатқан екпіннің әсері болды, жылылық, адамшылық, қамқорлық, оның сыртында бізде табиғи ұлттық сезім басым болды. Қазір ғой, кім көрінген «ұлт, ұлт» деп айқайлай береді. Ал бізде ол табиғи түрде болды. Қарапайым ғана бір мысал айтайын. Қадырдан бастап, біздің ағаларымыздың барлығының дерлік балалары орысша оқыды. Ал біз сол ағаларымыздың шығармалары арқылы келген ұлттық сезімнің жетегімен біздің де ел екенімізді көрсетіп, балаларымызды қазақша оқыттық. Бұл туралы кезінде Мереке (Құлкенов) жазды да. Біз Есенберлиннің «Көшпенділерін» оқып өстік. Ал «Қыз Жібек» шыққанда жылағанбыз. Ауылда жүрген бозбала едік. Әрине, оны керемет бір шедевр деуге келмейтін шығар, бірақ қазақтың өзін ұлт ретінде сезінгені рас. Өзімен-өзі табысқандай күй кешті. «Қыз Жібек» халықты қуантқанымен құнды. Біз сол атмосферада өстік. Қадыр, Тұманбай, Фариза, Сағилардың әсер-ықпалы өзгеше болды. Кешегі Есенбай ағамыз (Дүйсенбайұлы)бар. Провинцияда жатып-ақ талай дүниені тындырған Тобық Жармағамбетовті алыңыз. Біз олардың әрқайсысын қадір тұттық.

БІЗДЕ ЖЕРЛЕСТІК ДЕГЕН ДЕРТ БОЛҒАН ЖОҚ

Ақталғаным емес, бірақ біз, яғни елуінші жылғылар атқа міне бастаған сәттен артымыздан ерген буынға көп қамқор болдық-ау деп ойлаймын. Маралтай, Сабыр Адай, Әмірхан Балқыбек, Сәндібек Жұбаниязов бастаған жеті-сегіз автордың жұп-жұқа, бір баспа табақтан аспайтын кітапшалары шыққан еді. Мен «Қазақ әдебиетінде» істеймін. Бір күніМереке телефон соғып: «Мейірхан, мына балалардың кітабына бір жылы лебізіңді жазсайшы. Біз құсап телмеңдеп жүреді ғой ертең», – дегені әлі есімде. Сонда мен сүйінші сұрағандай болып, «Қазынаң молайсын» деген мақала жаздым. Содан кейін Темірхан Медетбек «Алтын көпір» деген үлкен мақала жазды. Есенғали «Жазушы» баспасына барғаннан жастарды көптеп шығара бастады. Бірақ, өкініштісі, заман өзгеріп кетті. Барлығы ақшаға келіп тірелді. Бізге Батыстың протестанттық моралі келді. Адам баласы тек өзінің рахаты үшін өмір сүруі керек, адамда дос жоқ деген мораль. Соның кесірінен біз баяғы қазақтың маңдайдан сипайтын жылылығынан айырылып қалдық. Екіншіден, шынын айту керек, біздің мемлекетке әдебиет пен өнер керек болмай қалды. Жабайы капитализмге өттік, біздікі шенеуніктік капитализм болды. Объективті тұрғыдан алғанда ол дұрыс та. Мәселен, елу жыл трактор айдап жүрген менің ағама бір совхозды бөліп бере салсаң, ол оны қалай тұтынуды біле ме? Сондай сылтауменен атқа мініп жүрген коммунистер мен комсомолдар бәрін тең бөліп алды. Қолы жеткендері, әрине. Мұның барлығы бір-бірімен байланысты, тізбектеліп келетін нәрсе. Одан аттап өтіп, әдебиетті сөз ете алмаймыз. Тұрымтай тұсына, балапан басына кеткен сол заманда өлең жазу да жөніне қалып қойды. Әуелі экономика дедік, ол дұрыс та шығар. Бірақ, ас ішіп аяқ босатқанмен адамның адам болмайтыны айдан анық. Біз әдебиетті де жеке меншікке бердік. Кімнің ақшасы болса, сол кітап шығара бастады. Кім бай, сол заманның қаһарманына айналып кетті. Бұл табиғи заңдылық. Мұндайда жұлымыр, алаяқ, қу, айлакер адам алдыға шығады. Біздің қоғамның негізгі сөзі жүретін бөлігі, өкінішке қарай, солай болды. Онсыз да бақытсыз адам баласын күнкөріске байлап қойғаннан кейін тіпті қиындады. Қоғамдық мораль, адами мораль сонымен бітті. Ал моральдың ең басты көрсеткіші – әдебиет пен өнер.

Байлықтың бөлісі аяқталып, мемлекет екеніміз еске түсіп, ойлана бастаған кезде культуртрегерлер, яғни әдебиетке қамқор шенеуніктер әрекетке көшті. Атап айтсақ, Иманғали, Қырымбек, Ерлан Арын сияқты азаматтар. «Мәдени мұра» пайда болды, сөйтіп біртіндеп бірдеңелер жасала бастады. Осындай жағдайда өзі күнін көре алмай жүрген аға қай ініге көмектеседі? Керісінше, заманның ыңғайына жығыла білген, тілін тапқан, жолын білген пысық інілеріміз бізге қамқор болды. Соның бір ғана мысалы Темірғали Көпбаев. Тимурды студент кезінен білемін, жақсы ақын еді. Поэзия қағанатын құрып, Жұматайдың жанында жүргенде жастармен көп араластық. Біз Әбубәкір Қайран екеуміз сол қағанаттың илханы едік те, Әуезхан Қодар гуаны еді. Қалғандары саидтар болатын. Бауыржан Жақып, Бауыржан Үсенов, Қайрат Әлімбеков, Гүлнәр Салықбаева, бәріміз бірге жүрдік. Сол кезде Тимурмен де жақсы араласатынбыз. Шығармашылық адамының іспен, кәсіппен айналысып, табысты болуы жалпы сирек нәрсе. Сол жағынан Тимур ініме ризамын.

Капитализмді қанша жерден «нарықтық экономика» деп сыпайылап, бүркемелесек те, ол өз дегенін жасады. Өлеңнен қадір кетті. Біз де қатайған сияқтымыз. Жүрегіміз суыған сияқты. Елпілдеуді қойғанымыз содан болса керек. Оның үстіне, бұрынғы энтузиазм келмеске кетті. Бұрын бір жол өлең оқысақ, ел-жұртқа жариялай жүретін едік. Елең етісетінбіз. Осы Гүлнәр Салықбайды үшінші курс оқып жүргенінде Бауыржан Жақып пен Бауыржан Үсенов ертіп келді. «Көке, осындай ақын қыз бар» дегендері әлі есімде. Гүлнәр мықты жазғанмен, өлеңдерін жариялауға қысылатын. Сол танысқан сәттен бастап біздің үйдің қызы болып кетті. Бізде жерлестік деген дерт болған жоқ. Жұматай нағыз ақын еді, өте таза адам болатын. Тарих өз дегенін жасайды, бәрі ұмытылады. Бірақ, қазақ поэзиясының тарихында ұмытылмайтын екі адам бар. Оның бірі Жұматай Жақыпбаев та, екіншісі – Жұмекен Нәжімеденов. Кезінде мен солай деп жаздым да. Бұлар нағыз интеллектуалдық поэзияның өкілдері. Жұматай керемет шуақты адам еді. 45-інде өмірден өтті. Бірақ, сол Жұматай өзінің қатарымен жүрген жоқ. Сыйы болмағандықтан емес! Жастардың арасы таза деп білгендіктен шығар. Біз де оны пайғамбардай сыйладық. Өмірден өтуі артынан ергендер үшін үлкен қасірет болды. Жұматай біздің кітабымызды шығарып берген жоқ, бірақ, қасымызда жүргенінің өзі қамқорлықтың төресі болды. Өнегесін көрсетті, тәрбиенің үлкені сол деп ойлаймын. Ұрсып, мораль айту дегенді білмейтін. Бірде Есжан Айнабеков деген ақынның үйінде отырып, жігіттер сөзге келіп қалды. Жұмағаң үн-түн демей шығып кетті. Гүлнәр екеуміз ілестік. Жол бойы үнсіздік. Бір кезде Гүлнәр шыдамады-ау, «Әбіштікіне барайық» деді. Әбішіміз – Әбубәкір Қайран. Олар біреудің құс қорасында тұратын, барсақ үйде жоқ екен. Есігін ашып кіріп, Гүлнәр тамақ жасады. Қайтадан жадырап сала бердік. Сол кездегі тазалыққа әлі қайран қаламын.

ШАЛДАР ІНІЛЕРІМЕН АЙТЫСАТЫН БОЛДЫ

Қазір талай адамның іші қыжылдай қайнап, толып жүргенін сеземін. Көркем әдебиеттіңпланкасы төмендеп кетті. «Көрнекті ақын», «белгілі қаламгер» деп жазып жатады. Бұл адами өлшемдердің бойы бәкенеленіп кеткенін көрсетеді.

Өзім ән айтпасам да, қазақ әндерін өте жақсы білемін. Бірақ, сол жауһарларымыздың қадірін білмей жүргеніміз өкінішті. Теледидар қарағым келмейді. Қаптаған шоу, түкке керегі жоқ мағынасыз бірдеңелер. Әркімге бір еліктеп, өзін таппай жүрген әншілер туралы ештеңе демей-ақ қояйық.

Дарақы қазақтыққа қарсымын. «Қазақбайский» деп жазатынмын баяғыда. Біз тексіз ұлт емеспіз. Бірақ, соның бәрінің бүлініп бара жатқанын көргенде жаның ауырады. Ағаларымызға қарап отырып қарным ашатын болып жүр. Соңғы кезде өзің де көріп жүрген боларсың, шалдар інілерімен айтысатын болды. «Жаман қатын байға қашты, жаман айғыр тайға қаштының» кері. Мына жақта жатып мен ұяламын. Әдебиет үшін жанын пида ете алатын, әдебиет үшін жаны шын ауыратын адамдар жоқтың қасы. Ал соны елдің басшысына айта алатын адам тіптен жоқ. Ол туралы мен кезінде жаздым да. Президент шығармашылық интеллигенцияны, соның ішінде ақын-жазушыларды қабылдамай жүрген жоқ. Былайша бәрі батыр, алдына барғанда қара басының қамын күйттеп кетеді. Өтірік мақтайды. «Айтып жатырмыз ғой» деп өтірік мүләйімсиді. Біздің зиялы қауым – қорқақ. Интеллигенцияның ішінде аман-есен, өзін таза алып қалғаны жалғыз Мағауин ғой деп ойлаймын. Мына дүниеден абыроймен өту – ең үлкен бақыт. Өзі лас дүниеден мүмкіндігінше кірлемей өтуге тырысу керек деп ойлаймын. Бұл, әсіресе, бірінші кезекте сезімнің адамдарына қатысты.

Ішімде бір түңіліс бар. Соңғы кездері жазбайтын да болдым. Бүкіл әлем ұсақталып барады. Адамзат баласы өзі отырған бұтақты ойланбастан өзі кесе беретін болды. Қоғамдық құбылыстардың астарына терең үңіле бермейміз. Еркіндік дегенді дұрыс түсіне алмай жүрміз. Қазір «Құлды қойсаң еркіне, күнде тышар бөркіңе» деген мақалды көп айтатын болыппын. Тегін емес шығар. Осы тоқыраудың түбі тығырыққа тірей ме деп қорқамын.

ЖАРЛЫДАН БАЙЫҒАН ЖАМАН БОЛАДЫ

Осылай қара аспанды төндіріп, отыра бергеннен ештеңе оңбайды. Тірі адам тіршілігін жасайды. Ендігі әдебиет қалай дамуы керек деген мәселеге келсек, менің ойым былай. Алдымен Жазушылар одағын жазушылардың кәсіподағы етіп құру керек. «Жазушылар одағының мүшесі» деген ешқандай да мақтаныш болмауы керек. Керісінше, ол жауапкершілік жүктеуі тиіс. Өзіңді жазушымын деп жүрсің бе, онда жауапкершілігіңді сезін. Әдеби канондарды қатаң сақтай отырып зерттеу жүргізу деген ұмыт қалды. Сынның өзі «ана жері тамаша, мына жері мынадай» деген талғамның деңгейіндегі былжырақ болып кетті. Жалпы, жазу-сызудың төңірегінде кілең бір кемталанттардың көбейіп кеткені қынжылтады. Не айтып отырғанын білмейтін, не жазып отырғанын түсінбейтін журналистер пайда болды. Ал біз Орағаңның өзін алдымен жазушы ретінде емес, журналист ретінде таныған болатынбыз. Қазіргі әдеби қауымның дақпырты түбі жарға жығады-ау деп ойлаймын.

Кеңестік кезеңде жазушылар үшін шығармашылық кәсіптің көзі болды. Әлеуметтік жағдайын түзеді, қаламақысын алды. Барған жерінде аяғын жерге тигізбей күтті. Ал орыстарда олай болған жоқ. Мысалы, Валентин Распутинді көрдім, әңгімелестім. Қарапайым көптің бірі. Жазушылыққа шығармашылық деп қана қарайды.

Мынадай лас дүниеде мейлінше былғанбау керектігін бағана да айттым ғой. Абыройсыз нәрседен аулақ жүру керек. Мен Президентке қарсы емеспін, бірақ үлкен кісіні көпе-көрінеу көзіне мақтауға және оны бас пайдасы үшін жасауға қарсымын. Маралтай Президент туралы шалағайлау поэма жазыпты. «Әбден қыстығып қалған қазақ поэзиясының бұзақы бұлбұлы» деп әспеттеп, елден сүйінші сұрай жазған едім кезінде осы Маралтай туралы. Толғанып отырып жазғам. Енді не деймін?..

Бұ дүниеде мәңгілік ештеңе жоқ. Алған атағың ұмытылады, алтыннан сарай салсаң да түкке керексіз болып қалады. Ал абыройдың төгілуі әп-сәтте. Жалпы, мен бақытты адаммын. Ешкімге жағынбаймын, ешкімді мақтамаймын. Өзіме өзім бастықпын. Биліктің басылымына басшылық етемін. Отбасымды асырап отырмын. Бірақ, менің өз шындығым бар.

Біздің сорымыз – тәуелсіздіктің жабайы капитализммен қосақтала келуінде. Оған қоса, мәдениетіміз төмен. Жарлыдан байыған жаман болады. Кішкентайыңнан тарықпай өссең, саған біреудің көйлек бергені керек пе? Керегі жоқ. Кішкентай бірдеңеге қолы жетсе, өзін жердің кіндігімін деп есептейтіндер бар. Жылтырап киінсе, жүрісіне дейін өзгеріп кетеді. Осының бәрі жарлыдан байығаннан. Түк көрмей-көрмей жүріп, кенеттен қолыңа бірдеңе қона қалса, қиын болады. Ал қазір сондайлар арамызда қаптап жүр.

Жазушы Адам Мекебаевтың айтқаны дұрыс, біздің жазушылардың тақырыбы ауылдан ұзамайды. Ауылға деген сағыныш. Қоғам өзгереді, бейнелеп айтсақ, киімін ауыстырады. Бірақ, адамның нәті қалады. Адамның нәтінде жақсылық та, жамандық та бар. Өмірдің өзі жақсылық пен жамандықтың ұстасуынан тұрады. Қазақтың болмысы өзгерді, өзгеріп бара жатыр. Неге десеңіз, біз кешегі көшпенді халықпыз. Даланың еркін халқы едік. Он сегізінші, он тоғызыншы ғасырдағы қазақтың атақты байларының үйінде дүние дегеннен әрі кеткенде 2-3 ағаш төсек, 3-4 кебеже, 20-30 көрпе-көпшік болды. Ол қазақ табиғатпен бірге еді. Рухани жағынан бай болатын. Өтіп бара жатқан дүниені айтып қояды, оған да аса қайғырмайды. Байдың байлығы емес, адамның адамшылығы бірінші орында болды. Сондай таза халық, біріншіден, отар болды. Екіншіден, феодализмнен бірден социализмге кірді. Сол психология қалып қойды. Бұрынғыны аңсау қалып қойды. Қалада тұрып, ауылды аңсаудың бәрі содан. Қазақты да сол тұрғыда суреттейміз. Қазіргі қазақтың ішінде не болып жатқанын білмейміз.

Қаласақ та, қаламасақ та, біз өзіміздің болмысымыздан ажырай алмаймыз. Менің жеті балам бар. Бірде мынадай жағдай болды. Алматыда тұрамыз. Бір баламның екіншісіне «это твои проблемы» деп айтып жатқанын естіп қалдым. Өздері қазақ мектебінде оқиды, айтып жатқаны анау. Аямай соқтым. Соны балаларым қазірге дейін айтады. Тағы да айтамын, біз өз болмысымыздан ажыраған сәттен бастап қазақ болудан қаламыз.

Ауылда тұрып, сиыр саумайтындар бар. Сауса да, құрт-май жасауға ерінеді. Қисайып тұрған шарбағын түзетіп қоюға ерінеді, ал бірақ көштен қалғысы келмейді. Әңгіме тамаққа қатысты болса, қазір қазақтың жағдайы жаман емес. Егер нашар болса, ол өз жалқаулығынан. Жарық жоқ, жол жоқ деп зарлаймыз. Ал адами моральды жоқтайтын ешкім жоқ. Мен содан түңілемін.

Жазып алған Жұлдыз ӘБДІЛДА.

Мақала «Ақ желкен» журналынан алынды.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!