Айгүл Аханбайқызы. Ғасырлық ғибрат

khabibi

Тұңғыштар тарих үшін қашанда бағалы. Оларды іздейтініміз де, қадірлейтініміз де сон­дықтан. Алғашқы мықтыларды ешкім алмас­тыра алмайды. Театры да, театр өнеріне баулитын оқу орны да жоқ кезеңде табиғи тұма таланттардың күші­мен тақыр жерден театр жасағандардың бір өкілі Хабиба Елебекова биыл 100-ге келіп отыр. Жалаң аяқ жар, қызыл асық қар кешіп жүріп, алғашқы театрды ұйымдастырушылардың ортасынан табылды.

Аңызға айналған алыптардың иісі, сол заман­ның тынысы сезіле ме деген ниетпен талай жақ­сының табаны тиген шаңырағына жүздің жүзін көріп отырған ғасырмен құрдас апамызға сәлем бере бардық. Қонаев көшесінде орналасқан үйге жақын­дай беріп қабырғасына ілінген тақтай­шаға көз салдық. Жүсіпбек Елебековке арнап орна­ты­­лыпты. Қабырғадағы жазуды оқып тұрып, «Қайран, Жүсекем» деген Хабиба апамыздың есте­лік кітабындағы осы үйді алу тарихын еске алдық. Сапарғали Бегалиннің үйінен Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек аға мен Хабиба апа бірге қонақ­тан қайтып келе жатқанда, құрылысы жүріп жат­қан тап осы үйдің тұсына келгенде, Мұхаң: «Абай­дың тұқымдарының біріне осы үйден пәтер алып беремін», деп қалады. Пеш жағып, күл шығарып, даладан су тасып шар­шап жүрген Хабиба апа: «Мұха-ау, біз пақыр­ды да есіңізге алса­ңыз­шы», дейді. Көзі­нен жас аққанша күлген М.Әуезов: «Пәлі, мы­на Хабибаны қара! Қан­дай жақсы сөз тауып айтты. «Біз пақырды» дейді. Ауызға түсе бермей­тін сөз ғой, түртіп алу керек екен», – деп бала­ша мәз болыпты. Жақ­сы­лардың шарапатымен қол жеткізген бұл үй Жүсіпбек Елебеков пен Хабиба апаның 42 жыл қатар өмір сүрген құт­ты қонысы ғана емес, өнер адамдарының бас қоса­тын бағаналы ордасы да болған. Екеуі қазақ өнері­нің қара шаңырағы саналған қос театрдың артис­тері болса да, бір-біріне ең алдымен өнер адамы деп қарап, жан дүниесін түсінген сезімтал жар бола білді.

«Спектакль» дегенді «ойын» дейтін «тар жол, тайғақ кешу» жылдарында әртүрлі келісімсіз кейіпкерлерді ойнап, алғашқы толқынның легінде кейінгілерге із сала ілгері ұмтылған Қарақбай қарттың Хабиба қызы тарамыс қолдарына іліккен шашын жандәрмен жаулықпен бүркей жатып қарсы алды. Көктемде ғана жүзжылдық мерейтойын салтанатпен атап өткенде, сахнада саңқылдап, Мағжанның өлеңдерін жатқа оқып жұртты таңғалдырған. Алашшыл ақынның аты ақтаңдақтан аршылып алынғаннан кейінгі жылдарда М.Әуезов атындағы драма театрындағы артистердің үйінде той-томалақ, қонақтар бола қалса, Хадиша Бөкеева мен Хабиба апамыз Мағжан өлеңдерін жарысып оқудан жалықпайтын көрінеді. Хабиба апа Мағжанның 40-тан астам өлеңін жатқа оқыған екен. Адам темір емес, жады ескіреді. Дегенмен, өнермен байланысты өмір сүргенінен болар, тағдырдың түрлі теперіші ақкөңіл, жайдары мінезіне кіреуке түсіре алмаған. Қуанышты тойдың ортасында отырғандай шалқыған пейілмен әңгімесін бастады.

– Ол уақытта сұрапыл ашаршылық болды. Қарақбай әкемнің ұлдары шақалақ кездерінен шетіней беріпті. Төрт қызының кенжесімін. Көз алдымда Күләнда деген апам өлді. Одан Мәскеуге Бүкілодақтық кеңестер съезіне қатысып, ән сал­ған Дәлила деген апам кетті. Мәскеуге бірін­ші бо­лып домбыраның үнін естірткен менің осы Дәли­ла әпкем екен. Халила деген әпкем де ашар­шылықтың құрбаны болды. Бәрі де көз алдымда кетті. Жалғыз өзім қалдым. Қазақтың сондай күні көп болған. Білмейсіңдер, ол уақытта да ешкімді еш­кім біл­меген. Кім не айтса, соның ізінен ілесіп кете бар­ды. Жазушы болсаңдар, шындықты жазыңдар. Алдыңғы бетпен кете бермеңдер. Шындық кейінгі ұрпақтың тағдырын жасайды, – деп бір қойды апай.

Осы жерде әңгімеге Хабиба апаның сіңлісін­дей болып кеткен күтушісі Рахима араласты. «Осы үйде, апамның жанында жүргеніме он жылдан асты. Апам айтады, жаңадан тұрмыс құрған кезімде, әпкелерімнің өмірден түк қызық көре алмай кеткендерін, өзімнің жалғыздығым есіме түсіп жылап отыратын едім. Жүсекең: «Неге жылайсың?» деп сұрайды. «Әкем де, шешем де, бауырларым да, туыс-туғаным да жоқ тас жетіммін, жалғызбын», деп одан әрі еңіреймін. Жүсекең жылап отырған жерімнен көтеріп алып, мойнына салып: «Сені жалғыз деп кім айтты. Сенің әкең де, шешең де, бауырың да мен емеспін бе? Бұдан былай мұндай сөзді естімейтін болайын», деп өле-өлгенінше өзінен бір мүшел кіші менің қабағыма кірбің түсірмей өтті».

Хабиба апаның бар өмірі М.Әуезов атындағы академиялық драма театрмен тығыз байланысты. Бірақ апамыздың сахнадағы рөлін көргендердің көзі кетті, кейінгі жас буын өнерінен хабарсыз. Өйткені, Хабиба апа жарты ғасыр бұрын, сонау 1970-жылдары-ақ театрмен қош айтысқан екен. Театр мұражайындағы актриса туралы мәліметтермен толық танысып шықтық. Театр сахнасындағы алғашқы рөлі «Арқалық батырдағы» Қаракөзден бастап, «Қара­қыпшақ Қобыландыда» – Күні­кей, «Қара­көзде» – Текті мен Мөржан, «Абай­да» – Қа­ны­кей, Ажар, «Ақсүйектерде» – сопы әйел, «Абай-Әйгерімде» – Ұлжан, «Мара­байда» – Мәрияш, «Аманкелдіде» – Ақжан, «Таныс адам­дар­да» – Рабиға, «Майданда» – Мамық, «Қозы Көрпеш-Баян сұлуда» – Мақпал, «Дос­тық пен махаббатта» – Баян, «Кебенек киген арулар­да» – тұтқын әйел, «Таланттар мен табыну­шы­лар­да» – Домна Анд­реев­на, «Күйеуде» – Зұм­рат, «Досымның үйленуінде» Айғаным болып, бәй­ше­шек бойжеткен, бекзат бике, аяулы ана­лардың бірі­не бірі ұқсамайтын сан түрлі бейне­лерін жаса­ған екен. «Абай» драмасындағы Қаныкейді 20 жа­сын­­да ойнаған Хабиба апа сек­сенінде де сол бей­­нені сахнада жарқыратқан. Алпыс жыл бойы әр шық­қан сайын рөлін күрде­лен­діріп, байытып отыр­­ған, бұл шебердің ғана қолы­нан келеді. Жүзге жете­ғабыл жасында «Біржан сал» фильміне түсіп, қолы­на қамшысын алып, атқа мініп, жұртты тағы таңғалдырды.

– Ол уақытта театр жоқ, құрайын десе, адам жоқ. Адам жинамақ болып, бір топ артист ел ара­лап жолға шығады. Серке ағай алғаш мені көр­генде, бар болғаны 14 жаста ғана екенмін. «Менің айтқанымды істейсің, қабылдаймыз ба, жоқ па, содан кейін көреміз» деді Серке аға. Сондағы Серке ағаның тапсырмасы мынау еді. Күн қатты суық. Мойныңда иінағашың бар. Су алуға келдің. Келсең, судың басы тайғанақ. Су алмаққа еңкейе бер­генде, шелегің түсіп кетеді де, ала алмай қина­лып тұрасың. Әупіріммен суыңды алып, шелек­теріңді иінағашқа салмақ боласың, осыны жақ­сылап көрсетсең, біз сені театрға аламыз, деді. Үй шаруа­сына пісіп өскен бізге сол да сөз бе? Айтқан этюдін көрсетіп, ырғатыла басып шығып кетіп ем, Қал­леки мен Серке аға қол соғып жіберді.

Сөйтіп, кейінгі қайтып келген сапарында Қалибек Қуанышбаев 16 жастағы Хабибаны отызға келіп қалған Жүсіпбек ағамызға ыңғайлайды. Жас қыз көнгісі келмейді. Бірақ қалай да үлкен қалаға баруды армандаған бойжеткен ішіне өз есебін жасырып, бұларға ілесіп алып, жетіп алған соң қарасын батырып қашып кетпек болады. Алайда, аумалы-төкпелі заманда жетім қыздың ертеңіне алаң­даған естияр құрбысы: «Бұдан ар­тық адамды таппайсың, ішкенің алдыңда, іш­пегенің артыңда, тоқшылықта өмір сүресің», деген соң, бұл сөзді де дұрыс көріп, Жүсіпбек Елебековпен бас құрауға келіседі.

Ширек ғасыр бұрынғы зиялылардың барлы­ғының үйінде тұратын сүйегі асыл ескі жиһаздарға көз тоқтатып қарап отырғанымды байқап қалған апа: «Менің Дариға деген қызым, Ақан, Біржан, Естай деген ұлдарым болды. Ақан мен Біржан қайтты. Балаларым жақсы еді, алтын еді. Ақаным жақсы қызмет істеді. Бірде осы балам: «Мама, біздің үйдің келімді-кетімді кісісі көп қой. Жұтап отырмай, үйге жиһаз алайықшы», деп мынау орындықтарды, анау шкафты әкеліп беріп еді. Үйге кісі келгенде, Ақанымның сол айтқаны әруақытта есіме түседі. Бірде Ақан: «Тез кел», деп Естайға телефон шалыпты. «Мен о дүниеге аттанғалы жатырмын. Қош айтысып қалайын», дейді. Естай бірден: «Ойбай, мамамды алып келейін», депті. «Жоқ, мамамды мазалама. Менің үзілгенімді көрмесін», депті. Өліп бара жатып, мені ойлаған жүрегінен айналайын алтынымның».

Балаларын еске алып, көңілі босап отырып та, Хабиба апа дастарқан басында бірнеше ән салды. Ғұмырының ұзақ болып отырғаны да өмірге деген құштарлығынан, жайдары мінезінің жайсаңдығынан болар деп түйдік. Шөбересі болып келетін дәстүрлі әннің жас орындаушысы Әліби Бегайдар әжесін домбырамен сүйемелдеп отыр. Хабиба апа үлкен жүректен шыққан әннің төресі – «Гауһартастан» бастап, әуелеп көкке самғайтын махаббаттың ғажап әні «Аққұмды», Абайдың толғанысынан туған «Сегізаяқты» шырқап берді. Сөзінен жаңылмады. Жарықшақтанса да, дауысының әуезі әлі жоғалмаған. Әкесі жиын-тойдан қалдырмай, үш жасынан ән үйретіп, 300-ден артық ән білген Жүсіпбек Елебековтің жанында жарты ғасыр жар болып жүріп, құлағы мен жанына сіңген ән ақыр соңында өзіне айналып кеткендей. Сөйтіп отырып: «Қай жерге барса да, Жүсекеңнің өзінен бұрын, алдымен домбырасы кіретін», деп мәз болады. Арқа әншілері ғана ұстаған қашаған пернелі қалақ домбыраның құдіретін айтып тамсанып қойды. «Қазақтың жақсы әндері бар. Әннің бағын әнші ашады. Әнді түсініп айтсаң ғана басқаның жүрегіне жетеді. Сөзге мән бермей, әннің ырғағымен кетсе, ол – әннің өлгені. Қазақ болып тудың ба, қазақ болып өл. Бала­ларыңды әлпештей отырып, қазақтың жақ­сы дәстүріне үйретіңдер. Бастығы күйеуі бол­ғаны­мен, баланы бағатын әйел. Отбасының ақыр­ғы тағдырын әйелдің ниеті мен пейілі шеше­ді», дегенде, затың әйел болған соң ба, аңыз-ананың салмақтап айтқан сөзі жүректі шым еткізді.

Қарақбай әкесі бас сұғып, шаруа айтуға келген бөтен адамның өзіне қой сойып, қондырмай жібермейтін қонақжай кісі болыпты. Қонақ келмесе, өз қойын өзі сойып, өз үйіне өзі қонақ болып отырады екен. Оның үстіне, Жүсіпбектей жүрген жерін ән жәрмеңкесіне айналдыратын саңлақ әншінің жары болғаны қосылып, апамыздың кеңпейіл меймандостығы сүтпен еніп, сүйекке кеткен мінезі сияқты көрінді.

– Балқаймақ бар ма?– деді Хабиба апа Рахима қызына. – Сал балаларға. Баяғыда балқаймақ жасайтын едім. Сиыр сауып алғаннан кейін түн асқан сүттің бетіне кереқарыс болып кілегей түседі. Қалқып алып, жай отқа қойып, сақырлатып қайнатпай, баппен шымырлата отырып, суалған кезде аз ғана қант салып жібересің. Әбден қоюлана бастағанда жылт-жылт етіп бетіне майы шығады, сол кезде оттан ала қоясың. Тәтті, жегенде дәмі тіл үйіреді. Жеңдер. Қайран Жүсекеме балқаймақсыз шай бермеуші едім.

Ол рас. Қас-қабағын бағып, жар күтудегі ай­рық­ша қамқорлығын театрдағылар әлі күнге жыр ғып айтады. Жүз жылдығы тойланып жатқанда, өнер­дегі ізбасар бауыры, Қазақ­стан­ның халық артисі, өзі де 80-ге келген абыз артист Сәбит Ораз­баев­тан Хабиба апаның театр­да өткен жас күні туралы сұрадық. Жақсылар тура­лы естелік айту­дан жалықпайтын Сәбит аға тосыл­мастан, табан астында апасы туралы әңгімелей жөнелді. «Хабиба апа – біз үшін үлкен актриса. Жиналыс бола қалса, Сәбира Май­қанова, Бикен Римова апаларым театрдағы тәртіп, ар-ұят туралы көбірек айт­са, Хабиба апам­ның әңгімесі бөлек еді. Шежіре адам, бізге, жас артистерге ескіліктің әңгімесін көп ай­та­тын. Тік сөйлейтін мінезділігі де бар. Менің анам қолымда, Алматыда тұрды, жүз жасқа таяп қай­тыс болды. Қартайғанына қарамастан, Асанәлі Әшімов­тің анасы екеуі біз ойнаған спек­такль­дерден қалмайтын. Хабиба апам да ол кіс­ілерді көріп жүретін. Біздің демалыс күндері Абылай­хан мен Бөгенбай батыр көшелерінің қиылы­сындағы шырын-су сататын дүңгіршектен сусын ішетініміз бар еді. Байқамаған екем, отбасымызбен серуендеп шыққан сондай бір күні Хабиба апам, Бикен апам, Жамал Омарова, Шолпан Жандарбекова біз­ді сонадайдан қызықтап қарап тұр екен. Хабиба апам­ның: «Көрмейсіңдер ме, біздің жас артисіміз бала­ларына да, анасына да сусын беріп, көңілін тауып жүр», деп сөйлеп жатқанын естіп тұрмын. Келіп, анаммен амандасты. Кейін менің шешем төсек тартып жатып қалды. Өзім шешеммен қатты қал­жың­дасатын едім. 97 жасқа қараған шешеме: «Мынау молдалар 97 деген не әрі емес, не бері емес деп жатыр, 100-ге келіп қайтты деп шығарса, дұрыс болатын шығар», деймін қалжыңдап. Жарықтықтың тілінің уыты бар еді. «Әй, мен өлгеннен кейін қанша қоссаң сонша қос, онда менің шаруам жоқ» дегені. Соны естіп, Хабиба апамның ішек-сілесі қатып күледі. «Ауылдан келген ағайынның бірі келіп баққанда, жүзден асатын екен ғой. Мынандай пат­шаның сарайындай үйде тұрып қалай өлтіріп алған­сыңдар» деп «өкпесін» айтып жатыр. Апамды қара жердің қойнына тапсырып, жерлеу рәсімінің барлық ырымын атқарып болып, ағайын-туыс үйде отырған едік. Фарида Шәріпова телефон шалды. «Әй, Сәбит, апамның киген ескі көйлектерінен біреуі қалып па еді? Сәбира апам мен Хабиба апам: «Сол кісінің жасын берсін», деп ырымдап, тәбәрік аламыз деп жатыр», деді. Сәулеге айтып едім, апамның жап-жаңа ақ көйлегін шығарды. Содан апаларым келді де, Сәбира Майқанова қолындағы дәу қара қайшысымен ақ көйлектің парша-паршасын шығарып кесіп тастады. Бір бөлігін Фаридаға берді, Шолпанға берді, өзі алды, неге екенін білмеймін, Хабиба апама бермеді. Хабиба апам да қарап қалмады, келді де қолын көсіп жіберіп, олар­дың қолындағыға қарағанда, әлдеқайда үл­кен­деу біреуін іліп алып, бетін сүртті. Сәбира апам жақтырмағандай: «Е-е-е, немене, бізден де ұзақ өмір сүргелі жүрсің бе?» деді. Қазірге дейін апам­ның халін сұраған кезде, сол оқиғаны еске алып: «Сәбитжан, есіңде ме, аналар құртақандай-құр­та­қан­дай құрақ алғанда, мен сол көйлектің жартысы­на жуығын алып едім. Содан болар, жүзге келдім», дей­ді. Менің жас күнімде ермек еткен тігіншілік өнерім де бар ғой. Өзімнің дайын үлгім бар. Үлкен болса, 2 см қысқарта саламын, кіші болса, 2 см ұзарта қоямын. Бірде Жүсіпбек ағаның Біржан деген баласына да бір жейде тігіп бердім. Хабиба апам соны әлі күнге айтып отырады. «Рахмет саған, Сәбитжан. Біржаным сол жейдеңді ұнатып киетін еді» дейді. «Төңірегімдегілердің бәріне бір-бір көйлектен тігіп бердім. Бірақ сіз сияқты рахмет айтқан бірі жоқ» деймін мен де күліп. Әкесі халық жауы болып, ет жақындары көз алдында қырылып, Хабиба апам жас күнінде қиындықты көп көрсе де, кейін Жүсекеңнің арқасында ешнәрседен тарықпай, ерінің бабын жасап, еркелеп өмір сүрді», деген еді Сәбит аға өз әңгімесінде.

Өнер адамын өмір өсіреді. Өнерге бір күнде киім­шең келе салған адам емес, жақсылардың жәр­демі­мен, өзінің талабымен қиындық атау­лыны қақ жарып қатарға қосылған Хабиба апаның ендігі ер­мегі өткенін елжіреп еске алу ғана. «Өнердің ғана емес, адамгершіліктің де академигі» атанған Жүсіпбек Елебековтің шаңырағының отын сөндірмей, шырағын жағып отырған ғасырмен құрдас ана барғанның бәріне ғибратты батасын беріп шығарып салуды дағдысына айналдырған. Тағдыр жолының ұзын болуына сол тәбәрік әсер етті ме, алпыс аунап, жүз төңкерілген дүниенің ащы-тұщысын түгел көрсе де, хатқа толы кеуде жаман-жасық жинамай, жақсы сөзбен байытыла беріпті. Сәт сайын ақтарылатын ақ бата соны аңғартты. Бір кездері шаңырағынан кісі үзілмей, у-ду болып, өнердегі өресі биіктің бәрін де құшақ жая қарсы алған берекелі шаңыраққа бүгінде тыныштық берік бекініп алған. Аулаға шықтық. Мұнда да тып-тыныш. Тас қамалға тығылса да, етектей ел екен ол кезде: Қапан Бадыров, Шара Жиенқұлова, Жамал Омарова, Кәукен Кен­жетаев­, құдай қосқан көршілері еді. Бұл үйдегі белгілі адамдардың көзіндей болған Бибігүл Төлегенова да осыдан бес жыл бұрын басқа жаққа қоныс аударыпты. Ескі жұртты, қара орманды күзетіп Хабиба апа отыр. Ғасыр басындағы елең-алаң, қуғын-сүргін, ақ қар-көк мұз, содан кейін алмасқан жарқ-жұрқ еткен мамыражай мақпал өмірінің бүгінгі мағынасы «Балаларымыз бақытты, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!» деген бір ауыз батадан түйінін тауыпты. Бата адамның көңілін өсіреді, ел мен жерге шапағаты тиеді. Ақ әженің айтқаны келсін!

«Егемен Қазақстан» газетінен

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!