Рақымжан Отарбаев Мүсіреповтің жолын жалғады десек, несі айып?

%d0%be%d1%82%d0%b0%d1%80%d0%b1%d0%b0%d0%b5%d0%b2

Жазушы Рақымжан Отарбаевтың «Біздің ауылдың амазонкалары» атты әңгімелер жинағын оқып отырып, мынандай ойға келдік: жалпы осы уақытқа дейін айналыста жүрген қазақы болмыс, қазақы образ, қазақы психология деген түсініктерді өзгертіп, өзінің мағынасында қазақтың болмысы, қазақтың образы, қазақтың психологиясы деп анықтап айтқанымыз дұрыс сияқты. Кітапты талдауға белгілі жазушы Смағұл Елубай мен жас қаламгер Дархан Бейсенбекұлы қатысты. Сұхбат «Мәдениет» телеарнасында түсіріліп, газеттік нұсқасы «Халық сөзіне» ұсынылып отыр.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Смағұл аға, біз көркем шығармашылық адамдарының қолтаңба ерекшеліктерін қарастырғанда, менталитеттік ерекшелік дегенге аса тереңдеп бара бермейміз. Өзі керек нәрсе сяқты, тауда өскен бала мен құмда өскен баланың дүниетанымы бәрібір бөлек болады ғой. Мұндай ерекшеліктер, мінездегі даралық сипаттар бізді бөлектемейді, қайта біздің мәдениетімізді байыта түседі. «Бар қазақ, бір қазақ» деген ұғымға әкеліп сыйдыратын болсақ, осы менталитеттік ерекшеліктерімізге шығармашылық адамдары арқылы да үңіліп қараудың жөні бар сияқты.

Смағұл ЕЛУБАЙ: Қазақ елі үлкен территорияны иемденіп жатқан ел. Оның оңтүстігі, шығысы, батысы, солтүстігі бар және сол әрбір аймағында кейбір сөздердің қолдану ерекшелігі жоқ деп айта алмайсыз. Әсіресе ауыл тақырыбына қалам тербеген жазушылардың шығармасын оқыған кезде осыны анық байқаймыз. Мысалы, кезінде Қазақстанның шығысынан Оралхан Бөкей шықты, оның шығармасында ерекше бір тілдік қолданыс, тіпті жаңаша сөз қолданыс, тосын сөйлемдер кездесіп отырды. Әрине, осының бәрі қазақ тілін байытатын құбылыстар еді. Сосын соңғы кезде Қытайдан, Моңғолиядан келіп жатқандар бар. Олардың әдебиеті де біздің әдебиетке жаңаша сөздер алып келді. Тіпті көп, тың сөздер алып келді деуге болады. Ол ұлттың байлығы ғой. Өкінішке қарай, біз оларды игере алмай, талдай алмай жатырмыз. Ал бүгінгі әңгімеміздің арқауы Рақымжанға келетін болсақ, оның тіл байлығына қарап отырып, «кейде тіліміз сұйылып, жүдей бастаған кезде Атырауға не Қазақстанның басқа бір түкпіріне барып тұрсақ, осындай байлыққа ие болар ма едік?» деген ой келеді.

%d0%ba%d0%b8%d1%82%d0%b0%d0%bfЖүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Дулат Исабеков Рақымжан Отарбаевтың шығармаларын оқып отырып: «Бір сөзбен айтқанда, өлген тілді тірілткен жазушы екен» депті. Өзі тіл жүрген жерде образ, мінез, психология, бәрі ілесіп бірге жүреді. Бір-бірін толықтырып отырады. Біздің жазушыларымыздың осындай даралық сипаттары болмаса, онда біз бірінен бірін айыра алмай қалатын едік. 

Дархан БЕЙСЕНБЕКҰЛЫ: Рақымжан Отарбаевтың өзге жазушылардан ерекшелігі – ел адамдарының психологиясын, қазақтың образын басқа қырынан аша білетіндігінде. Мысалы, «Американың ұлттық байлығы» атты астары алты батпан бір қызық әңгімесі бар. Осында қаламагер негізгі нысан етіп аңшыны алады. Аңға шығайын деп отырған үстіне бір досы келеді. «Америкада өндіріс орындары, зауыттар қаптап, жер жетпегендіктен шибөрілерді Африка мен Азияға, соның ішінде Қазақстанға да әкеліп тастаған», – деп соғады. Африкадағы зәңгілер шибөрілерді қуып жүріп өлтіріп, артынан Америка оларды жазалағанын мысалға келтіреді. «Ендігі кезек бізге де келуі мүмкін» деген кезде, аңғал қазақ қатты сасып қалады. Өйткені, ол жақында ғана екі шибөрі атып алған ғой.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Сөзіңді кішкене тірілте кетейін. Аңшы далада кетіп бара жатқан кезде бір тайыншаны екі шибөрі талап жатады. Біреудің малы. Малшылар «малымызды ит-құс қырып жатыр» деп, арыз-арманын айтып жүрген кез. Екі шибөріні атып, тайыншаны арашалап алған. Сол ой басына сап ете қалады.

Дархан БЕЙСЕНБЕКҰЛЫ: Иә, бұдан ары қарай әңгіме желісі күрделене түседі. Сол атып алған шибөрінің біреуінің терісін илеп, құндыздай жарқыратып, қаладағы балдызына жіберткен. Ол пальтосының жағасына тағып алған, Алматыда елдің көзіне көрсетіп, жарқыратып киіп жүр. Жай жүрмей, айналысындағыларға мақтанышпен айтып, олардың тапсырыс бергендері де бар. Сол екі арада әйелі де қалада интернатта оқып жатқан балаларына кете қалғаны, жәй кетпей екінші шибөрінің терісін алып кетіп, жаға тіктіріп алғаны да ойына сап ете қалады. Аңғал аңшы абдырап, астындағы көрпеге үрейленіп қарайды. Мұның өзі керемет, сәтті шыққан детальдар.
Жүсіпбек ҚОРҒАСЕК: Бұл: «Сонау Америка менің екі шибөрі атып алғанымды қайдан біледі?» – деп ойлайды ғой. Сонда анау келген адам: «Олар бекерден-бекер ғарыш кемелерін аспанға ұшырып жатыр дейсің бе? Олар космостан қараған кезде жерде жатқан сіріңкеге дейін көрінеді», – дейді. «Сенің шибөріні атып жүргеніңді көріп қалса, арты үлкен халықаралық жанжалға ұласуы мүмкін», – дейді. Сонда жаңағы аңшы кейіпкеріміз қорқып, үрейленіп, психологиялық тұрғыдан үлкен күйзеліске түседі. Қылмысты адам сияқты қиналады. Қайда тығыларын білмейді, барар жер, басар тау таппайды. Күйзеліп, ақыр соңында ашынады. «Апыр-ай, Американың ұлттық байлығы деп шибөріге сұрау салып жатқанда, осы жерде тұрып жатқан қазақ – менің сұрауым жоқ па?» деген әңгімені айғайлап айтып, кеудесін ұрып шығады ғой.

%d1%81%d0%bc%d0%b0%d0%b3%d1%83%d0%bbСмағұл ЕЛУБАЙ: Рақымжанның прозасынының негізі шағын әңгімелер ғой. Көлемі шағын болса да көтерер жүгі таудай болып келеді. Жаңағы айтып отырған «Амерканың ұлттық байлығының» астары шынымен де үлкен.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: «Бізің ауылдың амазонкалары» деген кітабына енген әңгімелерді қарап отырсақ, барлығы дерлік туп-тура бүгінгі күн. Соны қазақы сипатта келістіріп отырып, бояуын қанық етіп отырып жазады. Смағұл аға, құрғақ сөз, қысыр әңгіме болмасын. Мен Рақымжанның бір әңгімесінен үзінді оқып берейін. Рақымжан диалог құрудың шебері. Кейіпкерлерінің сөйлеген сөздері шегедей. Қадап тұрып айтады. Ауа жайылып, лағып сөйлеу жоқ. Нысанаға дөп тигізіп айтады. Міне, қарап көріңіздер, Қапар деген отағасы мен Жетес деген келіп отырған қонақтың арасындағы диалог: «Оңаша қалып, қара қазанның иелігі қолыма басыбүтін тиді деп жатыр екенсің ғой, дұрыс, – деп, Жетес дастарханға омырылды». Сондағы Қапардың жауабы: «Ақ та тоқ деген. Етін сылып, апаң қуырдақ етіп, қарынға салған. Бас пен бес қабырғаны қай құдам келеді деп сақтайын? Қазанға тоғытқам. Несібең әр қазанда жүрген жігітсің ғой. Саған бұйырды». Ал сондағы Жетестің айтқаны: «Бәрекелді, тоңып келгем. «Жазғытұрғы жел, жардай атанды жығады» деген. Әрі мынау талаукелгір торының жүрісі жаман. Асқазанымды сапырып бітті». Аяғында: «Қапардың қолына тигені бір шөкім құйқа, қалғаны Жетестің алдынан жалаңаштанып шықты» дейді.  Міне, оқып отырған кезде диалогтың өзінен сурет көргендей боласыз.

Дархан БЕЙСЕНБЕКҰЛЫ: Жалпы, қазақ әдебиетінің әлем әдебиетінен айырмашылығы шұрайлы тілінде. Рақымжанның қай әңгімесін алып қарасаңыз да тілдік қолданыс деңгейі өте жоғары. Рас, қадап-қадап айтады. Қаламгер суреттеуде, образ жасауда керемет әдіс-тәсілдерді пайдалана алады. «Сор» деген әңгімесі бар. Бұл нағыз трагедия. Алайда қаламгердің шеберлігі сол, трагедиямен  сарказмды қатар алып жүреді. Ауылдан қалаға келген қазақ қызының тағдыры жайлы. Тағдырдың тауқыметімен жезөкшелік жолға түсіп, үстіне жеңіл ғана көрпесін жамылып жатып, көзі ілініп кеткенде түсінде апасын көреді. «Мынау сенің жасауыңа деп дайындаған көрпем еді. Түйенің жүнінен жасағам, жамыла қойшы», – деп. Сосын тағы бір жерінде қыз бен апасы әңгімелесіп отырғанда, апасы өзін жас күнінде қалай атасының айттырып келгенін айта бастайды. «Сізге де құда түсті ме?» деп қызы сұрап отыр ғой. «Құда түспегенде ше?» деп, «отыз күн ойын, қырық күн тойын жасаған ару қыздай апасы бір уақытта бәлсіне қалды» дейді. Сондағысы жарты қап ұн мен бір тоқты алып, құда түсіп келген ғой кешкі апақ-сапақта. «Мен пештің түбіне тығыла қалдым» дейді. Сөйтсе, күйеу жігіт қызды көрмек болып, үйдің төбесіне шығып, ешкінің терісі тартылған ойықтан қарап отырған ғой. Ортаға ас қойылып, бас тартылған уақытта, бірдеңе апыр-топыр болды да кетті дейді. Сөйтсе, төбеде отырған күйеу жігіт дастарханның үстіне құлап түскен ғой. Сол сәтте қайынатасы тапқырлық жасап, күйеу баласын қолтықтап алып: «Бір табаққа бір бас та жетер еді ғой, қарағым» деген екен. Жазушы деталь, диалог, бәрін шебер ойната біледі. Осы «Сор» деген әңгімесіндегі басты кейіпкер қызға ауылдағы інісі хат жазады. «Алтыннан да ардақты, күмістен де салмақты, әпке, қалыңыз қалай?» деген сияқты. Жазған хатының арасында: «Әжем жақсы, ауылда жүр. Күнде «Қозы Көрпеш, Баян сұлу» жырын оқып беремін. Қарабайдың Қозыға қызын бермей, Шудан Аягөзге қарай көшіп кететін жері бар ғой, сол жерге келген кезде Қарабайдың бәйбішесімен ұрсысады да отырады» дейді. «Бір қызын бер деп байына айтпай ма екен, бір сөзін өткізе алмай ма екен?» деген сияқты. Сондай астарлы, нағыз қазақы тілмен көмкерілген, ұлттық ойымызды астарлап, осылайша көркемдік шеберлікпен жеткізетін тұсы көп.

коргасбек жЖүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Әңгімені «Американың ұлттық байлығы» дегеннен бастадық қой. Заманымыздың, қоғамымыздың, бүгінгі күніміздің үлкен проблемаларын жазушы астарлап, сарказммен, юмормен жеткізеді. Өз болмысымызға, қоғамның болмысына сырттан, кең көңіліңізбен, жайдары қалпыңызбен, өз кемшілігіңізді өзіңіз көріп отырғандай кеңк-кеңк күліп қарайсыз да отырасыз. Артынан үлкен ой қозғалады. «Тәркі дүние» деген үлкендеу дүниесі бар. Осы әңгімесінде де «Американың ұлттық байлығы» дегендегі сияқты ұлттық жайттарды сөз етеді, тіпті қазақтың халықаралық кеңістіктегі орнына қатысты мәселелерді айтады.Саламатин деген ғалым шығады. Жастайынан өмірін маймылды зерттеуге арнайды. «Адам маймылдан жаралған» деген Дарвиннің ілімін жетілдіргісі келеді. Осы тұрғыдан әңгімені бастап келіп жіберген кезде, бұл Саламатиніңізді бүкіл дүниежүзінің ғалымдары қолдап шыға келеді. Бұл қазақтың арасынан шыққан үлкен ғалым болады. Сосын маймылды зерттегенде де жұрт сияқты сырттай сипаттап зерттей салмайды, шетелден келген ғалыммен бірге зоопарктен бір маймылды зорға дегенде сатып алып, сойып тұрып, ішек-қарнын ақтарып тұрып зерттейді. Сөйтеді де, көзімен көргенін, көкейіне түйгенін халықаралық симпозиумда баяндама жасап айтып береді. «Ойпырым-ай, қазақтан керемет ғалым шыққан екен. Дарвиннің ілімін жетілдіріп, жаңалыққа жаңалық қосып отыр» деп бүкіл әлем бұл ғалымымызды алақанға салады. Бұл қайтып келеді де, үлкен қызметке ие болып, үлкен ғылыми институттың директоры болады. Сөйтіп жүргенде әлгі маймылды зерттей-зерттей: «Әй, адам мына маймылдан шығуы мүмкін емес екен ғой», – деген ойға келеді. Тағы бір халықаралық симпозиумға барған кезде: «Жоқ, адам маймылдан шықпаған. Қайта маймыл адамның азған ұрпағынан тараған болуы мүмкін», – деген әңгімені көститіп айтып келіп жібереді. Содан шу шығады, бүкіл шетелдің ғалымдары шулайды. Шетелді шулатып Қазақстанға келсе, мұны директорлық орыннан алып тастаған. Бұл ғалымымыз керісінше адамның маймылдан шықпағанын дәлелдеймін деп жүріп, аяғы жынданып өледі.

Смағұл ЕЛУБАЙ: Жаңағы Саламатин меніңше, советтік заманда «Бір зауыттағы жұмысшылардың қалыптасуы» деген тақырыпта докторлық қорғаған мүйізі қарағайдай біздің ғалымдарға жасалған карикатура болып шыққан сияқты.Идеологияға жұмыс істеген біздің ғылымның трагедиясы ол. Сосын догманы бұзатын кезде, Саламатин өзі қалыптастырған догмадан бір рет өзі шығып кеткен кезде, жұмысынан да шығып қалды ғой. Шағын әңгіме болса да дүниетанымдағы, идеологиядағы догмаларды бұзған жаңашыл, төңкерісшіл тұлғалардың трагедиясы жатқан сияқты бұл жерде. Қазақ әдебетінде, әсіресе проза саласында Бейімбеттің мектебі мықты болды. Бәріміз Бейімбеттен үйрендік. Әуезовтің мектебі болды. Әуезовтен де бәріміз үйрендік. Қай мектептен шыққанымыз кәдімгідей көрініп тұрады. Ал Мүсірепов деген стилист жазушыны бүкіл ел мойындайды. Өкінішке қарай, Мүсірепов мектебі жалғаспай қалған болатын. Осы Рақымжанның әңгімелерінде, прозасында, сөз саптасында Мүсіреповтің мектебінің жалғасы көрінеді. Бұл не деген сөз? Бұл тағы да жаңашылдыққа алып келеді. Жаңағы Саламатин бәленбай жыл догмада жүрді де, бір күні жаңалық айтып шыға келді ғой. Сол сияқты Мүсірепов мектебін жаңарту үлкен ерлік. Өйткені, қазіргі таңда Мүсіреповше сөйлеп, Мүсіреповше жазу өте қиын нәрсе. Әсіресе үлкен көлемді шығарманы ол тілмен жазатын болсаңыз, оқылмай қалуы мүмкін. Мүсіреповтің этнографиялық әңгімесі, сондағы философия, сондағы сарказм Рақымжанның көптеген әңгімелерінде көрініп отырады.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Жазушының сөз саптасы шынымен бөлек. Даралық сипаты айқын. Дүниеде болып жатқан жаңалықтардың барлығын естіп, оқып алып, жүрген жерінде айтып жүретін бір кейіпкері бар. Оны Рақымжан былай бейнелейді: «Әлемнің жаңалығының бәрін істеп жүрген» деп көрсетеді. Сосын өрт мінезді бір кейіпкері бар. Соны «көңілі аспанды теуіп тұрған» дейді. Қолданыстан шығып қалып бара жатқан тіркестер. Кейбір тіркестері әңгімені басынан аяғына дейін сарказмға айналдырып жібереді. «Аяқталмаған әңгімесінде» бір ауылда бір келіншек жүкті болып қалады. «Ойпырым-ай, мына тауда бір қашқын қалмақ жүр екен. Сол жабайы болып кетіпті. Тезек теріп жүрген келіншекті ұстап алып, өзінің үңгіріне апарып, 3-4 күн ұстап, қайтарып жіберіпті. Содан мына қызымыз жүкті болып қалыпты» деген әңгіме тарайды. Содан бір күні күйеуге тимеген тағы бір қыз жүкті болып қалады. Тағы да әңгіме шығады. «Мына қашқын қалмағың сұмдық екен. Тағы бір қыз баланы ұстап алып, осындай жағдайға жеткізді» деген. Ал  іздесе жоқ. Бірақ әңгіме бар. Содан бұл жазушы ауылына барады. «Осы мәселені зерттеп көрейінші, бұл қайдан қашқан қалмақ? Неғылған қалмақ?» деп ізіне түсіп көреді. Енді жазушының осы тақырыпқа баруының өзі де тұнып тұрған сарказм ғой. Әлгіні зерттей-зерттей келе анықтағаны сол, ешқандай қашқын қалмақ жоқ болып шығады. Бақса ауыл арасында, анда-санда болып қалатын оқиға, соны қазақы мінезбен жасырып-жабулап қойған, қазақтың баяғы «ақсүйек» ойыны сияқты нәрсе екен. Аяғында жазушы басын бастап жазған парағын қақ айырады да, қаламсабын лақтырып жіберіп: «Ей, қашқын қалмақ, сен мына өмірде бар ма едің? Ей, қашқын қалмақ, сен осындай күнә арқалап па едің? Сен осындай қиянат жасап па едің? Егер бар болсаң, осынша күнәні арқалап таудың ішінде жүре беремісің?» – деп күйіп-піседі. «Жасырынбақ» деген шап-шағын әңгімесі бар тағы. Бір үлкен мекеменің бастығы бала кезінде жасырынбақ ойнағанда, тығылған жерінен ешкім таба алмайды екен. Үлкен де, кіші де іздейді,таба алмайды. Сол бала пысықтығымен үлкен мекемеге бастық болыпты. Бір күні сол мекемеге қарасты жұмысшылар көтеріліпті. «Біздің айлығымызды дұрыс бермейсің. Бәрін өзің жеп қойдың», – деп, көтеріле-көтеріле кеңсеге басып кіреді ғой. Содан қабылдау бөлмесінде отырған хатшы қыз кабинетке жүгіріп кіреді, алқын-жұлқын болып. «Пәленше Түгеншеевич, халық басып кіріп жатыр» деп жан-жағына қараса, бастық жоқ орнында. Үстел астынан қарайды, демалыс бөлмесінен қарайды, бастық жоқ. Іздеп-іздеп келіп, шифонерді ашып қалса, кекілі желбіреп кішкентай бала тығылып отыр екен дейді. Қалай әдемі аяқталған. Мұны айтып отырғаным: Рақымжанда жағымсыз кейіпкер деген жоқ. Тіпті жағымсыз қылық істеген кейіпкердің өзін сынап-мінеп отырып, бір жағынан мәпелеп отырады. Рақымжан туралы әңгіме қозғаған сыншылардың бірі «Рақымжан гуманист жазушы» деген пікірді жақсы айтыпты. Ел арасынан терілген, өмірден алынған керемет ғажап сюжеттер көпшілігі. Соған жазушы ақылмен, байыппен қарайды.

%d0%b4%d0%b0%d1%80%d1%85%d0%b0%d0%bdДархан БЕЙСЕНБЕКҰЛЫ: Көркем прозада көтеретін тақырып қалмады деген сөз болды ғой қаламгерлер арасында. Бүгінде прозаның жүгін публицистика яғни журналистика алып кетті деседі. Әрине, бұған келісуге болады. Алайда Рақымжанның кітабын оқығаннан кейін, қөңіл толқынындағы ерекше сәттерді шұрайлы тілмен жеткізіп беру жазушының ғана қолынан келетініне көз жеткізе түстік. «Қазақ жазушылары қоғамнан қалып қойды» деген байбаламға жауап болатын дүние деп ойлаймын мына кітапты.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: «Аспандағы ақ көбелектер» деген әңгімесі нағыз бүгінгі күннің тақырыбы десе де болғандай. Базарда билет таратып, ақша жинап жүрген жігітті базардың бастығы өзіне күйеубала қылып алады. Сосын отырып қалған қызы бұл жігіттің мойнына жақсылап «мінеді». Ал ол жігіт билет сатып жүріп, базар қақпасының алдында су сатып отыратын әдемі, аққұбаша келген қарапайым қыздан ылғи бір стақан су алып ішіп жүретін. Су сататын қызды ұнатады іштей. Сөйтіп жүргенде базардың бастығының қызына үйленіп, өрлеп, жоғарылап, байып, астына үлкен көлік мініп, танаурап ешкімге қарамай кетеді ғой. Сөйтіп жүрген кезде өзі қателікке ұрынғанын біледі. Ал базар бастығы су сатып тұрған қызды жұмыстан қуып, нәпақасынан айырып, орнын тегістеп тастаған. Содан біздің жаңағы кейіпкеріміз сол күндерді сағынып, қызды іздеп келеді. Байлықтан да, барлығынан да баз кешіп баяғы. Халықтың айтып келе жатқан әңгімесін тыңдап келеді жолай. Сол әңгімелердің өзінде көптеген тәрбиелік мән жатыр. Су ішейін деп келсе, су сатушы қыз жоқ, орнын түріп тастаған. Әңгіме махаббатқа шөлдеген жігіттің: «Су беріңдерші, ағайын, су беріңдерші» деген жалбарынышымен аяқталады. Әңгіменің  түйіні жақсы, адамның ішкі жан дүниесін бір қозған кетеді. Негізі мораль тақырыбы адамды мезі қылып жіберген ғой бүгінде. Ал қолайын тауып жазса, одан асқан тәмсіл болмайды өмірде.

Дархан БЕЙСЕНБЕКҰЛЫ: Рақымжан Отарбаев әңгімелерінің ерекшелігі, өзіндік биіктігі сіз осының алдында ғана айтқандай, жағымсыз кейіпкерлердің болмауы, содан кейін әңгіменің тіні ауылға байланғанында. Қазір жазушылар ауыл-ел тақырыбынан сырттай бастады. Түрлі қияли нәрселерді тауып алып жүр. Олардың жанында Рақымжандікі тыңайған жерге қайта түрен салғандай тірлік болып тұр. Шырайлы да шұрайлы шығармаларға кенелдік те қалдық.

Смағұл ЕЛУБАЙ: Рақымжан прозасының ең басты ерекшелігі – жазушының тіл байлығында дегенді де акцент беріп айтқым келеді. Мына ұстап отырған кітапты оқырман алған болса, қазақ сөзінің энциклопедиясының бір кітабын алдым деп есептеуіне болады. Екінші бір ерекшелігі – тек қана тіл байлығы емес, әрбір әңгіме бүгінгі заманның өзекті бір тауқыметіне арналған. Соған өзінше эстетикалық тұрғыдан жауап бере алған. Сөйтіп бүгінгі жазушылар неге жазбай кетті деген сұраққа да жауап бере кеткен. Үшінші қыры – мұның ұлттығында. Әңгімелерінің таза қазақ болмысында болуы. Сондықтан бұл оқырман үшін рухани байлық болатын кітап дегіміз келеді.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Осы сұхбатты жүргізердің алдында Дулат Исабековпен хабарласқан едім. Ол кісі кейінгі жастарға көп назар салып жүретін ағаларымыздың бірі. Рақымжанның кітабын оқып шыққаннан кейін «Кітапхана» бағдарламасына арнап, мынандай пікір жазып берді: «Біздің ауылдың амазонкалары» деген кітап тек әңгімелерден ғана құралыпты. Кітапты қолына алып, бірінші беттен оқи бастаған адам аяғына дейін бас көтермей оқуға дайын. «Бүгінгі қазақ әңгімесі қандай болуы керек?» деген сұраққа Рақымжанның осы кітабын оқып шыққан адам, үлкен ризашылық сезіммен жауап табар еді. Оқиға ширақтығы, адам мінездерінің айшықтығы, тақырып таңдаудағы ерекше талғампаздық, алған тақырыпты ойната білуі, оны қазақы болмысынан ажыратпай, адамзаттық биікке көтере білуі,  ең ақырында тіл байлығы, онда да әр кейіпкердің  өзінің сөйлеу тілі, шынайылық пен шұрайлылық, осының барлығы Рақымжан прозасын бүгінгі шеберліктің жаңа белесіне көтеріп тұр. Қазақтың болмысы, қазақтың мінезі, әлемдік проблемаларға қазақы көзқарас, бәрі-бәрі қосылып, оның жоғары деңгейдегі мәдениетті жазушы екенін анықтап тұр», – депті мұнда. Меніңше, біздің бағанадан бергі айтқан әңгімеміз де осы пікірге келіп тоқайласқан сияқты. Қазақ әдебиеті кейде өстіп бір кітаппен де байып қалады. Айтпақшы, сөз басында айтқан менталитеттік ерекшелікке қайта оралсақ, бұл табыс еселене түседі. «Біздің ауылдың амазонкалары» мұндай пікірге әбден лайық.

«Халық сөзіне» дайындаған  – Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!