ҚЫСҚА ҚАЙЫРҒАНДА: Коцур, Қожағапанов, Боранбаев, Головкин және допинг мәселесі…

%d0%ba%d0%be%d1%86%d1%83%d1%80

       Барымызды ұқсата алмаса, Коцурдың керегі не?

Қазақтың жады мықты деп айтып жүргелі қашан. Сонау ілкі заманнан солай. Қазақ тарихын да жатқа білген, өлең-жырларын да есінде сақтаған. Қаншама батырлар, лиро-эпостық жырлар атадан – балаға, баладан санаға жетіп дари берген. Дари берген.

      Есепке жүйріктігі де сондықтан шығар.

         Түбі біздің қыз-жігіттерден бірдеңе шығатын шығар деп жүргеніміз де тегін емес. Есте сақтау қабілеті ата-тектен, жатырдан дарыған қазақ жастарын болашақта керемет табыстар күтіп тұрғанын білетінбіз.

Сол үмітіміз ақталып келеді. Кезінде шахматтан грузин қыздары алдына жан салмайтын: Нона Гаприндашвили, Майя Чибурданидзе,  Нана Иоселиани секілді алыптар КСРО әйелдер құрамасының бренді еді. Ол да бір дәурен екен. Қазір қазақ қыздарының бір топ шоғыры өсіп келеді. Әртүрлі жас деңгейіндегі әлем чемпиондары бар арасында. Қазақтың атын әлемге, қала берді КСРО-ға танытқан Қазақстан мен Орта Азиядағы тұңғыш КСРО спорт шебері атағына ие болған Аида Мүсілімова, халықаралық гроссмейстер Гүлнәр Сахатова секілді мықтылар болған кезінде. Бибісара Асаубаева, Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова – бүгінгі күннің өскелең ұрпақтары.

Динара – тамызда Үндістанның Бхубанесваре қаласында өткен 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы. Жансая – әлемнің әртүрлі жас деңгейіндегі бірнеше дүркін чемпионы, әйелдер арасындағы ең жас гроссмейстер. Бибісара – жеткіншектер арасындағы әлемнің төрт дүркін чемпионы.

         Бізде мұндай талантты қыздар көп. Атай берсең, он саусақ та жетпейді. Сонда бұл дәуір қазақ қыздарының дәуірі ме деген ой келеді. Қазақ қыздарының дәуірі ғана емес, бұл ұзаққа созылатын тұқым қуған тектілігі болса керек.

         Таяуда осы Бибісара Ресейге ауысып кетті. Ол туралы газетіміздің өткен екі нөмірінде бүге-шігесіне дейін жаздық. Бір білгеніміз, барымызды бағалай алмаймыз. Талантты қыздар көп деп жүрміз қазір, оларды біртіндеп сыртқа тарата берсек, ертең қазақтың намысын халықаралық жарыстарда кім қорғайды. Біреу қорғар әйтеуір, бірақ жастарымыз кімге еліктемек, кімнен үлгі-өнеге алмақ? Мәселе осында…

          Біреу жоқтан бар жасаса, біз барды жетістіре алмай жүрміз. Жоғарыда аты аталғандары бар, аталмай қалғандары бар, сол таланттарымыздың көзін ашып, топтың алдына шығарып жіберетін мықты маман жоқ секілді. Кеше ғана Бакуде өткен 140 ел қатысқан шахмат Олимпиадасында қыздар командасы 37-орынға ие болды. 2014 жылы 170 елдің арасында 6-орын алған еді. Жеткен жеріміз осы енді.

         Құрама команданың бас бапкері Павел Коцур орнын босатуға мәжбүр. «Жібекті түте білмеген жүн етеді» деген рас сөз. Әлеуеті мықты команданы алға сүйреудің орнына төменге жетектеген маманның барынан жоғы.

Федерация басшылығының дер кезінде дұрыс шешім қабылдағанына да шүкір. Әйтпесе, қайтер едік, өзіміз керек етпеген таланттарымызды қағып әкетуге әзір ел аз емес. Абай болайықшы…

 Ағылшындар қате жазса, қуана қол соғуымыз керек пе?

          %d0%ba%d0%be%d0%b6Алда футболдан өтетін Қазақстан және Англия жастар құрамалары арасындағы матч туралы материалында Британияның The Independent басылымы ел футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапановтың тегін дұрыс жазбаған екен. Бұл біреулер үшін қуанышты екен.

         Мен ана бір портал туралы айтып отырмын. ҚФФ басшысына деген өлердей жеккөрушіліктің түбі неге апартып соғатынын білмеймін. Білгім де келмейді. Бірақ әкесін өлтіргендей осы жігітке соншама зәрін төгетініне таңым бар. Артынан түсіп алды. Отырса – опақ, тұрса – сопақ. «Екі түйе сүйкесе, ешкі аспаннан бір-ақ шығатын» шығар. Бірақ сол ешкі кім?

         Әзірге Қожағапановтың қылы да қисаяр емес. Бұл ана бір порталдың шамына тиюіндей-ақ тиюде.

Жамандаудың шегі шығар, енді шетелге иек артыпты. Жоғарыда айтқанымыздай, ағылшынша Erlan Zozhapanov деп жазылып кеткен ғой. Мұны әлгі порталдың сарапшысы «Материал авторы ҚФФ президентінің аты-жөні Ерлан Зожапанов екенініне сенімді» деп жерден жеті қоян тапқандай мәз болады. Сөйтіп оның скриншотын қоса жариялапты. Қараңыз, астын да сызып қойыпты.

Несіне мәз болады. Біздің аты-жөндеріміз орысша жазылғанда бұдан да сорақы көрінетіні бар ғой. Сонда да түк көрмегендей жүре береміз. Жүре береміз демекші, Өмірбек деген бір бауырымыздың құжаттағы атын Умирбек деп толтырып жіберіп, «әне, тірі өлік келе жатыр» деп келемеждеген біреулерді білеміз.

Зожапанов десе, несі күлкілі? Мына қасымызда атам заманнан бері тұрып келе жатқан орыстар былай деп жазғанда, анау бір жердің бір түбінде жүрген ағылшындардың қателесіп кеткеніне күлетін жөніміз жоқ. «Өзі құлап жатып, сүрінгенге күледі» дегеннің кері.

Айтпақшы, аталған командалар (U-21) арасындағы кездесу Ақтөбе қаласында 6 қазанда өтеді.

Тойымызға келіп кеткенініне мәзбіз

          Не дейсің, сонау Тұманды Альбионнан «Англия құрамасының аңызға айналған қорғаушысы Боранбаевтың туған күніне келіп кетіпті!».

         Аңыз-қорғаушы кім? Боранбаев қай Боранбаев?

Алматыдағы әйгілі «Del Mar» мейрамханасында өткен тойға келіп қатысқан атақты футболшы «Тоттенхэм», «Арсенал», «Портсмут», «Ноттс Каунти», «Ньюкасл Юнайтед»командаларының және Англия құрамасының экс-ойыншысы Сол Кэмпбелл(толық аты-жөні Сальзи́р Джерема́йя Кэ́мпбелл)болып шықты. Аңыз десе, аңыз.

2006 жылғы Чемпиондар лигасының финалисі.

2002, 2004 жылдардағы Англия чемпионы

2002, 2003, 2005, 2008 жылдардағы Англия Кубогының иегері

2002 жылғы Англия Суперкубогының иегері

1999 жылғы Лига кубогының иегері

1998, 2002 жылдары өткен әлем чемпионаттарының қорытындысы бойынша (ФИФА тұжырымы) әлем құрамасының мүшесі болған.

2000 жылы өткен Еуропа чемпионатының қорытындысы бойынша (УЕФА тұжырымы) Еуропа құрамасының мүшесі болған.

FIFA-ның белгілісимуляторы бойынша «Аңыз» картасын алған…

Шынында да, аңыз-футболшы. Енді осындай аса танымал тұлға Алматыға Боранбаевтың, «Қайрат» ФК Қадағалау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаевтың,туған күніне сонау Англиядан ат арылтып келеді.

Бір жағынан, қуанышты, әрине. Қазақтың елге танымал бір азаматын әлемнің бір аңыз-адамы құрметтеп келіп отыр.

Екіншіден… қойшы енді.

Қазақпыз ғой, «Тойға кімнің ақшасымен келіпті?» деген сұрақ тұрады көкейде.

         Жалпы, бұл біздің қанымызға сіңген нәрсе секілді ғой. Жоғарыдан бір ұлық келіп, той-томалағымызда отырып кетсе, мәзбіз. Өзгелер аң-таң: «Пәленшенің тойына Пәленше Пәленшевич келіп, сөз сөйледі. Өйтіп жүрді, бүйтіп тұрды» деп мақтанышпен айтамыз. Оның несі мақтаныш.

         Келді, кетті. Мақтанышы ғана қалды. Ол енді ертең қайтіп келе ме, жалпы өміріңнің соңына дейін оны қайтып көресің бе, жоқ па, белгісіз.

         Белгісіз дүние.

 Бұл жолы аманбыз…

%d0%b4%d0%be%d0%bf%d0%b8%d0%bd%d0%b3

          Рио Олимпиадасының тарих қойнауына кіргені кеше, қазірдің өзінде спортшылар арасында допинг қабылдағандар белгілі болып отыр. Не деген жылдамдық десеңізші!

         Бұрын неге бұлай істемеген? Бәрін кешіктіріп, көпшіліктің обалына қалды. Жарыс та талайдың қатысуынсыз өңінен айырылды. Мен бұл жерде қазақстандық Олимпиада чемпиондары Илья Ильин, Майя Манеза, Светлана Подобедова, Зүлфия Чиншанло, әлем чемпионы Жасұлан Қыдырбаев, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алмас Өтешов, аса талантты зілтемірші, болашағынан зор үміт күтетін Өміртай Ермек секілді азаматтарымызды айтып отырмын. Мұндай мықтылар қатыспаған жарыстың тұзы кем.

         Ресейдің де талай таланттары төрт жылдықтың байрақты бәсекесінен тыс қалды. Бұл да кезекті Олимпиаданың дәмін кетірді.

         Допинг дауы көпшілікті ойландырып-ақ тастаған сыңайлы. Осы додада WADA-ның тым жылдам қозғалғаны содан шығар. Тап-тұйнақтай етіп жинақтап, допинг қабылдаған спортшылардың тізімін жарқ еткізді. Олар кім дейсіздер ғой: Бетани Маттек-Сандс (АҚШ, теннис), Бриттни Гринер (АҚШ, баскетбол), Джон Конгер (АҚШ, жүзу), Дагмара Возняк (АҚШ, семсерлесу), Дианна Прайс (АҚШ, жеңіл атлетика), Кейтилин Бейкер (АҚШ, жүзу), Маккуин Бэйрон (АҚШ, жүзу), Мишель Картер (АҚШ, жеңіл атлетика), Сэм Дорман (АҚШ, суға секіру), Тервел Длагнев (АҚШ, күрес), Брэдли Уиггинс (Ұлыбритания, велоспорт), Чарли Халл (Ұлыбритания, гольф), Кристофер Фрум (Ұлыбритания, велоспорт), Хизер Фишер (Ұлыбритания, регби-7), Сэм Таунсенд (Ұлыбритания, академиялық есу), Пернила Блум (Дания, жүзу), Наталья Мадай (Польша, академиялық есу), Петра Квитова (Чехия, теннис), Роксана Когиану (Румыния, академиялық есу), Роберт Хартинг (Германия, жеңіл атлетика), Франциска Хентке (Германия, жүзу), Кристина Обергфелль (Германия, жеңіл атлетика), Кристиан фом Лен (Германия, жүзу), Кристиан Райхерт (Германия, су марафоны).

Бұлардың қатарына ресейлік боксшы, 52 келі салмақта Рио Олимпиадасының күміс жүлдесін жеңіп алған Миша Алоянды қосыңыз. Қанша ақталса да солтүстік көршілеріміздің спортшылары  допигтен аяғын алып жүре алмайтын секілді. Құдайға шүкір, бұл жолы біздің спортшылар аман-есен.

         Допигісі құрысын. Абыройдан жұрдай болғанша, қымыз ішіп, қазы-қарта жеп-ақ талай жарыста топ жарған Қажымұқан бабамыз бен, Әбілсейіт Айханов, Әбдісалан Нұрмаханов, Ғұсман Қосанов, Әмин Тұяқов, тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтерден үлгі алсақ нетті.

         Біздің допингіміз, шұбат пен қымыз, қазы мен қарта ғой, шіркін.  Алда оларды да допинг құрамына қоыс жібермесе деңіз.

         WADA-дан бәрін күтуге болады…

 Девяткинді дендеген қандай дерт?

%d0%b4%d0%b5%d0%b2%d1%8f%d1%82%d0%ba%d0%b8%d0%bd

         Ел аман, жұрт тынышта өз-өзіне қол салғаннан жаман әдет жоқ.

         Ондайларға қай елде де кешірім жоқ.

         Дін де қарсы. Қасиетті Құранда («Ниса» сүресі, 29-аят) «Өз-өздеріңді өлтірмеңдер және соған апаратын бұзықтыққа бармаңдар, расында сендерді бұдан тыйған Алла сендерге мейірімді» дейді. «Кімде-кім өзін темір қарумен өлтірген болса, ол тозақта әрқашан сол қаруды көтеріп жүреді. Кімде-кім у ішіп өлетін болса, ол тозақта мәңгі у ішіп жүретін болады. Кім өзін құздан құлатып өлтіретін болса, ондай адам мәңгі тозақта құлап жүреді» дейді Мұхаммед Пайғамбар (с.а.с.) өз хадисінде.

         Қазір өз-өзіне қол салатын жастар көбейді. Оның себебін әр кім әртүрлі айтады.

         Біреу, жұмысы жоқтықтан,жетіспеушіліктен десе, біреулер тамағы тоқтықтан дейді. Жұмысы жоқтық азуға апарады, ал тамағы тоқтықтан өз-өзін неге өлтіреді деушілер бар. «Тамағы тоқтық, көйлегі көктік» те азғындаудың бір түрі. Бәрі бар, бірақ қызығытын түгі жоқ адам неге бармайды?

         Ғаламтордың да әсері аз емес. Селфи деген де бәле болды.

         Суицидтің төркіні терең. Маскүнемдік пен нашақорлық та өз-өзіне қол жұмсауға апаратын індет, орны толмас індет. Қазақстандық бір порталда «Көп жағдайда суицид жоспарлы түрде іске асырылады. Өз-өзіне қол салар алдында адамдар өмірлерін «ретке келтіріп» алулары мүмкін. Айталық, қарыздарынан құтылады, банктегі шоттарын жабады, дос-жарандарынан кешірім сұрап, үйіне тазалық жұмыстарын жасап, таныстарын аралап, туыстары мен достарына киім-кешектерін таратып, кейбір бұйымдарын естелікке беріп, қоштасу хаттар мен күнделіктер жазуы мүмкін» депті. Мұндай да болады.

         Экс-қазақстандық шайбалы хоккей шебері Петр Девяткиннің өлі денесін кездейсоқ біреу Новосібірдегі балалар алаңынан тауып алған. Құзырлы орын өкілдері Девяткинді өз-өзіне қол салған, яғни асылып өлген деп отыр. Соңғы жылдары жерлесіміз Сахалинде тұрып жатқан екен, бір жұмыстармен Новосібірге бірнеше күнге келген көрінеді. Тағдыр шығар.

         Әйтпесе, Қазақстанда туып, Сахалинде тұрып, Новосібірде іссапарда өлу деген анекдотқа ұқсас оқиға.

         Девяткин 1988 жылы Наганода өткен Олимпиадада жартылай финалда өнер көрсеткен Қазақстан ұлттық құрамасының белді мүшесі болған. Мұндай жетістікті бұдан кейін Қазақстан құрама командасы қайталай алмай жатыр. Тіпті, жолдама да ала алмай жүрміз.

         Ол 1995 жылы «Динамо» командасы сапында Ресей чемпионы болған. Осы елдің «Нефтехимик», «Салават Юлаев», «Спартак», «Амур», «Нефтяник», «Дизель» және басқа бірнеше командасында өнер көрсеткен. Үлкен спорттан тым ерте – 30 жасында кеткен. Енді, міне,мынадай жағдайға душар болып отыр. Қарызы көп болыпты, қалтасында өлералды хаты бар екен дейді, бірақ ол туралы әлі ашып ештеңе айтпайды. Күмәнді дүние болып тұр.

         Жалпы спортшылар арасында мұндай оқиға аз емес.

         Германияның 2009 жылғы ұлттық құрамасының қақпашысы Роберт Энке Нойштадт-ам-Рюбенберг қалашығы маңында пойыздың астына түсіп қаза тапқан.Қалтасынан табылған хатта отбасы мүшелерінен, дос-жарандарынан кешірім сұраған.

         Уэльс құрамасының бас бапкері Гари Спид 2011 жылы өз үйінде асылып қалған жерінен табылған. Әйелімен ұрсысып қалған деген әңгіме бар.

         Айта берсек, тізім созыла береді. Осымен тоқтатайық.

         Ажал айтып келмейді. Бірақ қандай жағдайда да өз-өзіне қол салу масқара тірлік. Проблема болады, бірақ сол проблеманы өліммен шешем деу әбестік. Сол проблеманың ана дүниеде де алдыңнан шығатынын ұмытпау керек.

         Проблеманы тірілікте шешейік, ағайын.

 Головкин Бруктен «ұтылып» қала жаздапты ғой…

%d0%b1%d1%80%d1%83%d0%ba-%d0%b3%d0%be%d0%bb%d0%be%d0%b2%d0%ba%d0%b8%d0%bd

         Головкин туралы кезекті әңгімемізді қозғар алдында Брукпен болған кездесудегі олқылықтарды айтпай болмас.

         Жалпы бокс талайы қызық спорт түрі. Мұнда айқын ұтпасаң, жеңісті қарсыласыңа беріп қоюы ғажап емес. Әсіресе, әуесқой бокста. Өткен Рио Олимпиадасы бұл жағынан сорақылықтың басты үлгісі болғанынан жұрт хабардар болар. Басқа басқа, 91 келі салмақта финалда ресейлік Евгений Тищенкомен қолғап түйістірген жерлесіміз Василий Левит арасындағы жекпе-жек бізді былай қойып, әлем жұртшылығының ашу-ызысын тудырды. Левиттің бокс тарихындағы керемет бір ұрысы осы еді. Жеңіске бергісіз дүние болды. Бірақ төреші қарсыласының қолын көтерді.

         Біз мұндай әділетсіздік әуесқой бокста ғана деп жүрсек, әділетсіздіктің көкесін Головкиннің осы Брукпен болған кездесуінен көрдік. Жекпе-жек Англияда өткендіктен, төрешілер көзді жұмып тастап, жеңісті жерлестеріне беріп қоя жаздапты. Жоғарыдағы хаттама кестесіне көз салсаңыздар, бәрі тасқа басқан таңбадай көрініп тұр.

         Британиялық боксшының промоутері Эдди Хирннің өз твиттерінде жариялаған жекпе-жек хаттамасының бұл кестесі бойынша жарыс төрешісі Бенуа Русселдің карточкасында төртінші раундтан кейін 39:37 болып Бруктің пайдасына шешілген екен. Ал Крейг Меткалф пен Гвидо Кавальеридің карточкасында сәл «әділдеу» көрінді, есеп тең – 38:38. Оны қойыңызшы, бірінші раундта екі төреші Брукті қолдаған, екінші раундта жеңіске британиялық жеткен, үшінші раундта ғана Головкин бар күш-жігерін жұмсап, жеңіске жетіпті, ал төртінші раунд белгілі. Егер британиялық боксшының бапкері Доминик Ингл ортаға ақ орамал тастамағанда, соңғы бес жылдықтың ғаламат сенсациясы дүниеге келмек екен.

Сөйтіп бізді Құдай зор сақтапты! Әне, бокс, әне әділ деп келген Еуропа, ағылшынның аса «жоғары» мәдениеті.

            Брук ұтылды ғой. Енді қандай әңгіме керек?

Адам қарап жүруші ме еді, Головкиннен таяқ жеген Габриэль Росадо мен Вилли Монро Головкинді соққыны сеселей түсетін құпиясы мол қолғабы бар алаяқ деп сөгуге көшті.

         Жеңілген не демейді, әйтеуір бір ақталып қалу керек.

         Осы Брук пен Головкин шайқасы көпке дейін әңгіме болар дегенбіз. Бірақ ол «жыр» да таусылып, тірі тірлігін жасайды дегендей, енді қазақстандық гүрзі жұдырықты жігіттің келесі қарсыласын іздеп кеттік.

         Батырымыздың келесі жекпе-жегі желтоқсанның 10 күні өтеді деп отыр. Бірақ қарсыласы әлі белгісіз. Америкалық Даниэль Джейкобспен шығады деген әңгіме бар. Бірақ ол да түбі Головкиннің қарсыласын жер қаптыру үшін арнайы жасатқан сиқырлы қолғабынан қорқып, бас тартатын шығар.

         Головкин жұрт қорқатын дөй болып тұр, қазір…

Д.ӘЛІ, 

«Sport» газеті

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!