Светқали Нұржанов: «Сопылық жолда жүруіме рухани ортаның болмауы себеп болған жоқ»

svetkali-nurzhan

  – Аңыз ермесе, әңгіме ермесе ақын ақын болмай қалатындай көрінеді. Бірақ сіздің атыңызға ілескен әңгіменің жөні де, салмағы да бөлек. Десе де біз сізбен ол туралы емес, алыс аймақта жүрген әдебиеттің талантты бір өкілі ретінде тілдескенді жөн көріп отырмыз. Осы сіз жүрген жақта өзіңізге рухани тірек болатындай әдеби орта бар ма?

– Әдеби орта бар деп те, жоқ деп те айта алмаймын. Бірақ әдебиеттің талантты өкілдері бар.

 – Сұрағымыздың сәл астары бар еді. Біз сізді әдеби орта болмағаннан сопылық жолды таңдады ма деп ойлап едік…

– Әдебиеттегі сопылық бағытқа кетуіме, сопылық жолда жүруіме рухани ортаның болмауы себеп болған жоқ. Менің әу бастағы ортам сопылық ілімді игерген, сол мектептен шыққан шалдар еді. Бала кезімде Сүгір Бегендікұлы, Ұзақбай Қазжанұлы, Шамғұл Ыбырайымұлы сияқты қазақтың соңғы жырауларын көзіммен көрдім. Бұл жыраулар кешегі Мұрын жырау Сеңгірбекұлының, Сәттіғұл шайыр Жанғабылұлының алдын көрген шәкірттері еді. Олар «Жүрек» ілімін оқыған, Қожа Ахмет Ясауидің жолын ұстанып, оның хикметтерін өміріне шырақ, темірқазық сынды бағдар еткен жандар болатын. Сол жыраулар маған рухани құбыланама, бағдаршам болды. Солардың шығармаларымен сусындап, сол ортада пісіп-жетілдім. Және олар ұстанған Ясауи, Шәкәрім аталарымыздың жолын ұстадым. Мұныма ешбір сыртқы күштердің әсері, әлдекімдердің ықпалы болған жоқ.

– Әйткенмен де қазір дін жолындағы ақындардың көбі өзін тақырып жағынан шектеп жатады. Әйелге деген махаббатты жырлауға болмайды, тек Аллаға деген махаббатты жырлау керек дегендей. Осы тұрғыдан алғанда сіздің поэзияңыз қаншалықты шектелді? Қай жағынан байыды?

 – Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол

Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және Хақ жолы осы деп әділетті, – деп Абай атамыз айтқан. Құдайға деген махаббатқа біздің Отанға, туған жерге, ата-анаға парызымыз, жарымызға, ұл-қыздарымызға деген сүйіспеншілігіміз, достарымызға қадір-құрметіміз кіреді. Алла бізге жар сүйіп, ұрпақ өсіруді парыз қылды ма, ендеше бізге сол махаббаттың бәрі тиесілі. Сондықтан мен шын жүректен, илхамнан шыққан жырлардың ешқайсысын теріс демеймін. Өйткені, олардың барлығы Құдайлық махаббатқа кіреді. Өзімді нәпсауи, шайтани нәрселерді жазудан шектедім. Сол бастапқы бағытымнан айнығам жоқ. Ал бұрынғы шала қарпыған, бір қайнауы ішінде жазылған дүниелеріме сын көзіммен қарасам, ол жас ұлғая толысқанымның белгісі, өмір заңдылығының нәтижесі.

– Жарайды. Дегенмен де біздің білгіміз келгені сопылықтан басқа нәрсе. Батыс өңірде Мейірхан Ақдәулетов, Ертай Ашықбаев, Ақұштап Бақтыгереева сынды ел аузында жүрген, талантымен тас жарған шығармашылық адамдары бар. Солармен аралас-құраласыңыз қалай? Шығармашылық тұрғыдан өсулеріңізге бір-біріңіздің ықпалдарыңыз бар ма?

 – Сіз айтып отырған таланттардың бәрімен жақсы қарым-қатынастамын. Шамам келгенше араласып, байланыс жасап тұрам. Ат мойыны қашықтап кеткеннің өзінде телефон шалып, жиі-жиі пікірлесеміз. Әрбір туындыларын, шығармаларындағы қандай да бір жаңашылдықты қалт жібермей бақылап отырамын десем артық айтқаным емес.

 – Осы Ертай Ашықбаев, Мейірхан Ақдәулеттер не істеп жүр? Батыста тағы қандай шығармашылық адамдары бар?

 – Мейірхан ағамыздың «Жел өтіндегі тағдыр» деген публицистикалық кітабы шықты. Ертай аға өнімді шығармашылық өрлеу үстінде. Бірнеше кітап жазды. Қазір «Ақтөбе» облыстық газетінде істейді. 2010 жылдың аяғында «Мәдени мұра» бағдарламасымен Ертай, Темірхан Медетбек, жезқазғандық Ғазиз Ештанай сынды төрт-бес ақын, Еуропаның XX ғасырдағы атақты ақындарын аударғанбыз. Онымыз «Еуропа поэзиясы. XX ғасыр» деген жинақ болып шықты. Сол кітаптың негізгі бөлігін, Хуан Рамон Хименес сияқты аса күрделі ақынды тәржімалап, Ерекең аударма саласына үлкен олжа әкелді. Ол кісі «Қобыландының қонысы» деген керемет поэма жазды. Батыста тағы кімдер бар дейсің бе? Ақтөбеде Амантай Өтегенов ағамыз, Бауыржан Бабажан деген от тілді ақынымыз бар. Бауыржанның «Ниетқабыл» деген поэмасын жақында газеттен оқып, қатты риза болдым. Маңғыстауда Мырзатай Болат, Медет Дүйсен, Ырза Оңғарбай, Қалбай Әбдіраман, Орақ Байғали, Сәрсен Қадыр, Әнуарбек Бимағамбет деген кесек таланттар жүр. Былтыр Мырзатайдың «Бір арман», Сәрсеннің «Жалғыз шамның жарығы», Әнуарбектің «Оғыланды жырлары» деген тамаша өлеңдер жинағы жарық көрді. Үміт Жалекеқызы деген мықты прозаик қарындасымыз да Маңғыстауда тұрады. Оралда – Қазыбек Құттымұрат, Нұрлан Сәдір сынды таланттар бар. Бұлардың барлығы – ауылда жүріп әдебиет жасап жатқан азаматтар. Менің аузыма іліккендері – осылар. Бұдан басқа да талантты өкілдер толып жатыр елде.

 – Аға, бәрінен бұрын барша қазаққа танымал болып үлгерген бард әнші Табылды Досымов туралы кеңірек айтыңызшы. Оны алып кеткен ненің күйігі?

 – «Лермонтов болмағанмен біздің Ақан,

 Кісі ме еді ақындықтан құр алақан,

 Ортасын олқы көрген ол да дара,

 Имеген иттерге бас, сері дархан!», – деп Ақан серіні суреттеген Ілияс Жансүгіров. Табылды да «ортасын өзіне олқы көрген жігіт» еді. Ол іздеген кең әлемін бұл заманнан таба алмады. Табылдының аңсарын аударған «жайлау» XXI ғасырдың даласында жоқ тұғын. Есенғали ағамыз «Түркістанымның топырағы тісінде кетті түреннің» деуші еді. Табылды сол Түреннің тісінде кеткен топырақтың өскінін, жемісін аңсады. Бірақ оған көңілі жетсе де, ерні жетпеді. Табылдыны соның күйігі шалды. Ол кешегі әділеттің ауылын іздеп, ақиқат үшін күйіп кеткен, арысы Бернияз Күлеев, Иса Байзақов, Самат Нұржанов, Әміре Қашаубаев сынды «күйікқақты» таланттардың, берісі Қасымға, Мұқағали мен Жұмекенге, Төлегенге жалғасқан шашасын сор кемірген тұяққапты тірлігін кешті. Мезгілсіз қыршын өліммен, тылсым өліммен ерте кеткен Өмірзақ Қожамұратов, Марат Отаралиев, Сағат Әбдуғалиев сынды ақындарды өзіне үлгі тұтты. Солардың өмірін тазалықтың, рухани асқақтықтың бейнесі сияқты көрді. Соның нәтижесінде кешегі Қасым атасы, Мұқағали мен Жұматай, Кеңшілік ағалары сияқты қырықтың үстінде гүрс етіп құлап түсті. Табылды аталас туыс болып келетін інім еді. Туысым дегеннен гөрі, оны рухани інім деп жақын тұтатынмын. Құлар шағында оны сүйей алмадық, тіреп тұрғыза алмадық. Амал не?

 – Кезінде шамырқанып, ҚазҰУ-ден кетіп қалғаныңызда Зейнолла Қабдолов ағамыздың: «Дипломыңды алып кетсеңші», – деп артыңыздан іздеу салғанын білеміз. Сондай ағаларыңыздың аялы алақанынан зәрулік көріп жүрмеген сияқтысыз. Кітаптарыңызды шығаруға, тұрмыс тіршілігіңізге қол ұшын созып жүрген жергілікті меценаттар баршылық шығар. Солар жөнінде айтқыңыз келмей ме?

 – Ол кезде менде сондай шалдуарлық болды. Диплом ешкімге ауырлық етпейді ғой негізі. Бірақ маған ауырлық етті. Бұл туралы «Алмай кеттім диплом еремін деп өлеңге, «Научкомды» оқығым келмей қойса өлем бе?», – деген өлеңім бар. Бірақ сол шалдуарлау, тез шамырқанғыш мінезімнен аса көп зиян шекпесем керек. Ешқашан байлықты, мәнсапты мақсат тұтпадым. Үкілі Ыбырай атамыз: «Ханнан да қадірлімін туған елде, Қыздан да қылықтымын жүрген жерде», – деуші еді! Сол айтпақшы, елдің алақанында жүріп жатырмыз. Ол алақанның шапалаққа айналған жері бар шығар, бірақ жұдырық боп тимегені анық. Ағалардан жақсылықты көп көрдім. Еркелігімді кешірген, тентектігімді тыйған да ағаларым болды. «Үш қиян» баспасынан шыққан «Таң қауызын жарғанда» атты 3 томдығыма Ермұхан Тоғызбайұлы деген үлкен жүректі меценат ағамыз қолдау көрсетті. Сондай жақсылықтарды әлі де көріп келемін. Ешкімге өкпем жоқ.

 – Жалпы сіз басында әртүрлі жағдайы бар Алматы мен Астанадан алыста тұрасыз ғой. Шығармашылық тұрғыда тоқырауға ұшырап қалам деп қорықпайсыз ба?

 – Жоқ, олай ойламаймын. Тынымсыз рухани ізденістегі адам ешқашан тоқырауға ұшырамайды. Шығармашылық тоқырау – тоқмейілдіктен болатын кесел. Ауыр тақырыптарды тауып алып, соны жазуға ізденіп жүремін. Сондықтан тоқырауға бой алдырамын деп ойламаймын. Дүниеде қанағатсыздықтың бір ғана ақталатын түрі бар. Ол – шығармашылық қанағатсыздық. Бізге ең керекті қасиет осы. Өзімді болдым-толдым деп есептемеймін. Және маған ылғи да ең негізгі шығармаларым алда жазылатын сияқты сезіліп тұрады. Ақынға ешбір мегаполис те, провинция да әсер етпейді. Өйткені, шығармашылық ізденіс – адамның ынтызарлығына ғана тәуелді. Ақтөбедегі Ертай Ашықбаев, Семейдегі Тыныштықбек Әбдікәкімов, Бай-Өлкедегі Сұраған Рахметұлы, Оңтүстік Қазақстандағы Мархабат Байғұт, Нармахан Бегалиев, Тараздағы Несіпбек Дәутаевтер ауылда жүріп-ақ шығарма жазып, үлкен әдебиетке сүбелі үлес қосып, соқталы олжа салып отыр ғой.

 – Үнемі ойыңызда жүретін бір өлеңіңіз бар ма? Бар болса оның дерті не?

 – Шынымды айтсам, өлеңдерімді жатқа білмеймін. Қанша көп жазсаң, соншалықты жадыңнан көмескілене береді екен. Абай, Шәкәрім, Әзірет Сұлтан, Мәулана, Сүлеймен Бақырғани, Жүніс Әміре һәм жыраулар сияқты адамзаттың ұлы алыптарының немесе ілгерінді-кейінгі шайырлардың шығармалары жадымда жүреді. Оның бәрін айтып жату мүмкін де емес.

 – Қанша дегенмен де шығармашылықтың дуы мен буы аспандап тұрған әдеби орталар сағындыратын шығар?! Қазақтың адуынды ақыны Темірхан Медетбек көп жыл батыс өңірде тұрып, жер ортасы жасынан ауғанда бәрібір Алматыға қайтып келді. Алматыға келген соң өмірде де, шығармашылықта да, қайраткерлікте де екінші тынысы ашылды. Сіздің де сондай жолды қайталауыңыз мүмкін бе?

 – Мен бүкіл шығармашылық адамдарымен, өзімнің құрдастарымның көбімен «Ақ желкенде» танысқам. Еңбек жолымды «Ақ желкенде» бастап, бір жылға жуық жұмыс істедім. Сол жылдары Алматы маған тарылып кетті. Көкірегімде сарнаған желдің лебіне ілесіп, ауылға тартып кеттім. Оныма өкінбеймін. Енді Алматыға оралмаймын. Алматыға жиі барып тұрамын. Әйтсе де түбегейлі қайтып келмеймін. Өлгенімде Маңғыстаудың үш жүз алпыс әулиесі мен пір Бекеттің жанынан қуыс орын бұйырса, соған разымын. Темірхан Медетбек екеуміз бір ауылданбыз ғой. Кетерінде ол кісіні біраз үгіттедім. Қанша дегенмен Маңғыстауда жиырма бес жыл тұрды. Екеуміз ағалы-інілі болдық. Алматыға ойысқанын қимадым, шынын айтқанда. Бірақ байқайсың ба, қазір қаламгерлер елге қарай қозғала бастады. Кезінде Сәкен Жүнісов те Көкшетауда, елінде жүрді. Ақұштап апамыз да көп жылдан бері Жайықтың жағасында. Адам жас ұлғайған сайын тамырын көксейді. Маған Кеңсайдағы ақындардың бәрі өзінің қырын аңсап, ауылдарына жете алмай, сартап сағыныштан тас болып қатып қалған сияқты көрінеді. Маңғыстауда да қаланың тас үйінде тұрамын. Тас үйдің терезесінен телміріп тұрып, даланың уілін, даланың гүлін, малдың шұрқырағанын, құстардың үнін аңсаймын. Осыдан екі күн бұрын қырға барып қайттым. Ай он төрт пен он беске толғанда шаруам болмаса, далаға кетіп қалам. Өйткені, ай толған кезді далада қарсы алып, таң атқанша қыр басында жүргенді ұнатамын. Өзіммен-өзім болғанды жақсы көремін. Сондықтан мен үшін шынайы шығармашылық орта сол бағзы далада, көне қорымдарда…

– Әңгімеңізге рақмет!

СұхбаттасқанҚарлыға ИБРАГИМОВА

Дерек көзі: zhasorken.kz

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!