Ермұхамед МӘУЛЕН, спорт комментаторы: Олимпиадада Левиттің алтын алмайтыны 2 ай бұрын белгілі болған

ermuhamed

Әдетте респондентке сауал қоюшы болғанымен, оның тақырыптан ауытқытпай, сұрақтарға жауабының жүйелі, ойының жинақы болуына сұхбаттасушының да үлесі зор. Ал бұл жолы мен негізінен тыңдаушының рөлін ғана атқарған сияқтымын. Сауалдарды қажетті деректерді нақтылау үшін ғана қойып отырдым. Себебі, бүгінгі интервьюерім – экранның ар жағында отырып-ақ миллиондаған тыңдарманмен тікелей тілдесіп үйренген адам. Комментаторлыққа келген алты жылдың ішінде талай сынды да, мақтауды естіген. Біреуге оның жағымсыз даусы ұнамайды, бірі, керісінше, ерекше үні үшін тыңдайды. Бірі ұйқастарға ұласқан сөз саптауына көңілі толмайды, екіншілері есте қаларлық тіркестерін жинап жүреді. Бірақ кім не десе де, ол өзгелерден ерекшеленуден қорықпайтын сияқты. Бүгінгі ашық әңгімесі де сөзімізге тұздық бола алады. Сұхбат тым ұзақ деп сөге көрмеңіз. Мұнда ащы шындық та, өткір ой да, тәжірибе де, кеңес те бар. Өзіңізге керегін табасыз деп үміттенем. Бәлкім, осыдан соң комментатор Ермұхамед Мәуленді қара тізімге қосып қоярсыз…

– Түнімен футбол көресің. Режім ауысып кеткен. Оны көрмесең, өмірден қалып кеткендей боласың. Кейде содан жалығамын. Бір сценарий ғой негізі, – деп бастады ол әңгімесін, ұйқыдан тұрғанына көп болмағанын мойындап. – Айтпақшы, «Sport» газетінен бұрын Рабат Жәнібековтің сұхбатын оқығаным бар. Біраз дүние айтылыпты. Мен туралы да жақсы пікірлерін білдірген екен…

– Сын көп қой. Өзіңіз мақтауға қалай қарайсыз?

– Көп сынның арасында мақтау естіп қалсаң, құлағың елең ете қалады. Оның үстіне Рабат аға секілді ардагерлеріміздің жылы лебізін естісең.

– Футболдан жалығамын дейсіз, комментаторлықтан да жалығатын кездер бола ма?

– Керісінше, комментаторлық барысында кәдімгідей ләззат аламын. Әрине, әлем, Еуропа чемпионаттарындағы кейбір маңызды матчтар кезінде кейде психологиялық тұрғыда қатты қиналасың. Әлеуметтік желі деген сұмдық қой қазір. Ондағы «шабуыл» кәдімгі стресс. Ойын алдында онсыз да білетін ақпараттарымды «сақтықта қорлық жоқ» деп 15 парақ етіп шығарып аламын. Соның ішінде ең керек деген 4-5 мәлімет болады. Айталық, 20 ойында бірде-бір жеңіліс көрмеген команда бар. Есепте 1:0-мен алға шыққанда әлгі деректі айтуым керек. Ал мен ұмытып кетем. Ондай мәліметтер уақтылы айтылмаса, темірді қызған кезінде  соқпағаның секілді, кейіннен қажеті болмайды. Немесе Роналду тепті делік, сол кезде сен «Криштиану оң аяқпен – 27, сол аяқпен төрт гол салды» деуге міндеттісің. Ал араға 10-15 минуттан соң, «айтпақшы, жаңағы гол Роналдудың сол аяғымен салған бесінші голы еді» деудің ешқандай маңызы жоқ. Дер шағында айтпадым ба, бітті, көңіл-күй түсіп, әрі қарай матчты да сүреңсіз жүргіземін. Ойыннан соң үйге келесің, әлеуметтік желілерде жарысып жазып жатады. Ондайда ешкіммен байланыспай тыныш отырып кітап оқимын.

– Ондайда ешкім көре бермейтін, қызығушылық төмендеу спорт түрлерін жүргізген тиімдірек көрінетін сияқты…

– Ол да рас. Бізде әншейінде спорт жарыстарын көрмейтіндер ондайда футболдан сарапшы болып шыға келеді. Кейбіреулер, тіпті, әрбір сөзге байланысып отырады. Беймезгіл уақытта өтетін не қызығушылық аздау спорт түрлерінде комментатор болу шынымен де жеңіл. Себебі, оны тек нағыз фанаттар көреді. Мысалы, таңғы 6-да Дэвис кубогы аясында Австралия мен Қазақстан ойнап жатады. Ұйқысын қиып көріп, «мынаны керемет айттың» деп жазып жататындар бар. Олар кімдер – нағыз жанкүйерлер. Головкиннің жекпе-жектерін де түн не таңға қарамай көретіндер көп. Бірақ өз басым Геннадийдің айқастарын қарамаймын. Маған қызықсыз.

– Айталық, бұл сіз үшін қызықсыз жарыс. Бірақ оны жүргізуге жауаптысыз. Ондай жағдайда ше?

– Бұл – үлкен мәселе. Мұны басшылық ойлануы керек. «Kazsport» арнасынан да сол үшін кеттім. Өзім футбол, велоспорт және теннис деген үш спорт түрін жақсы білемін. Одан қалды командалық спорт түрлері бар ұнайтын. Онда динамика, эмоция бар. Мен соған ілесе алатынымды білемін. Ал мені түнгі бесте Будапештте өтіп жатқан дзюдодан Үлкен дулыға турниріне комментатор қылып қояды. Ол маған қызық емес. Бокс дегенің жатқан ірің. Оны баяғыда газетте де жазғанмын. Келісілген дүние. Ол сұмдық Қазақстан чемпионатына да әбден тамырын жайып алған. Қостанайдан біреу алтын алуы керек, Шымкенттен екеуі жеңіске жетуі керек… деп кете береді. Аттарына дейін алдын ала белгілі. Мамандардан «Мынау қалай жеңді?» деп сұрасаң, «Ол осы жеңістен соң спорт шеберлігіне үміткер атағын қорғайды» дейді. Не енді осы? Жекелей жарыстардың барлығы сол. Олимпиаданың өзіндегі былықты көрдіңіздер ғой. Жұрт  «Левит – төрешілердің құрбаны болды» деп шулап жүр. Оның алтын алмайтыны осыдан екі ай бұрын белгілі болған. Сол сияқты «Қазақстанда» «Франциядағы футбол тойы» деген бағдарлама болды кәрі құрлық біріншілігі кезінде. Соған кім көрінген барды. Дегенмен мені бір рет те шақырған жоқ. Солай болатынын білдім де. Басшылары маған қасарысып алған ғой. Ол жерде бір адам бар Асхат Сағынаев деген. Ол кетпей комментаторларға айтылатын сын азаймайды. Жүргізе алмаса да эфирге шығады. Себебі, ол бастық.

– Қателеспесем, Еуропа біріншілігінің топтық кезеңдерінде аз сынға ұшыраған комментатор ғана топтық кезеңді жүргізеді деп айтылған. Сіздерге қандай талап қойылып еді?

– Рас, бізге кім тиянақты жүргізсе, топтық кезеңдегі кездесулер соларға беріледі деген. Өздеріңіз білесіздер, кімге тапсырылғанын. Менен басқасының бәрі жүргізді. Риза болғаным әрі көзім жеткені, халық айтса, шынымен талап қойса, ол назардан тыс қалмайды екен. Негізі Польша мен Швейцариядан кейін менің келісімшартым біткен. Жартылай финалдық екі матч пен финалды Сағынаев жүргізуі керек болды. Үйленейін деп жатқам, соның қамымен Таразға жолға аттанбақ болғанымда, сол кездегі басқарма төрайымы Нұржан Жалауқызы хабарласты: «Келіп кетсеңіз» деп. Бардым. «Фейсбукте халық шулап жатыр. Бүгінгі матчты жүргізе аласыз ба?» деп сұрады. «Әрине, кез келген ойынды жүргіземін» дедім. Португалия мен Уэльс арасындағы кездесу болатын… Бәрі жоғары деңгейде өтті. Роналду мен Бэйлді салыстыра отырып жасаған сараптар, қызықты мәліметтер көптің көңілінен шықты. Фейсбукте Айдос Сарымнан бастап көптеген мамандар мақтап жатыр. Ал мен әдейі үнсіз ғана бақылап отырдым, кейде сөйтетінім бар. Матчты қатарынан бір адамның жүргізгені жарамайды деп, Жігер Әзбергенді шақырыпты. Жігердің өзі де маған хабарласқан: «Өзің жүргізе бермедің бе?» деп еді, «оны шешетін мен емес» дедім. Соны естігендер кәдімгідей шулап, тіпті, ақтаулық жігіттердің «Ермұхамед жүргізбесе, «Қазақстаннан» футболды көрмейміз» деп пікір білдіргенін байқадым. Бірақ бұл жолы басшылық құлақ аспады. Сөйтіп ақтық сынды Жігер жүргізіп шықты. Басшылықпен арадағы келіспеушілікті естіген Ринат Кертаев («Хабар» агенттігі төрайымының орынбасары — ред.): «Сен бізге кел, Олимпиаданы алайын деп жатырмыз. Іссапармен Алматыға жібереміз, жағдайыңның барлығын жасаймыз» деп хабарласты. Бірден келістім де, басшылыққа ләм-мим деместен кетіп қалдым. Сонымен Рио Олимпиадасының ашылу салтанатын «Хабардан» мен, «Kazsport»-тан Сағынаев жүргізді. Меніңше, сол іс-шараны көпшілік «Хабардан» көрді. Себебі, Асхат Сағынаев  қазақ жанкүйерлерін әбден мезі қылған адам ғой. Өйткені 2003 жылдан бері спорт жарыстарын жүргізіп келсе, осы 13 жылда «Асхат Сағынаев былай айтып еді» дейтін бірде-бір тіркесі ешкімнің жадында қалған жоқ. Он үш жыл бұрын қалай жүргізсе, әлі сол. Оның алғашқы жарыстарын мен де көргем. Айтпақшы, бір сөзі есімде. Қателеспесем, мәнерлеп сырғанаудан жарыс өтіп жатқан. Аралас жұп. Сондағы сөзінің сиқы мынау: «Бұл жұп бір-біріне ерлі-зайыпты болып табылады». Сосын орыстың «по большому счету» дегенін «үлкен есеппен алғанда» дейтіні бар. Тек аудармашы болған ғой. Түсінем, ол кезде көп терминдер қалыптасып та үлгермеген шығар. Бірақ сол аударылғандарының бәрін біз қайта аударып шықтық. Ал ең жақсы көретін сөзі – «мүдделі». Оның спортқа қандай қатысы бар екенін түсінсем бұйырмасын… Негізгі айтпағым, басшылыққа жастар келуі керек.

– Қазір Асхат Сағынаев продюсер. Ал оның орнына кім  лайық деп ойлайсыз?

– Оның продюсерлігі мықты болса, айтыңызшы, «Kazsport»-та қазір көретін не бар? Ешқандай футбол матчы жоқ. Түріктің компаниясы әкеліп тұрған Чемпиондар лигасынан айырылып, түбі мені кінәлап тынды. Қазір «ОҢ-ТВ»-да. Не өздері бағдарлама түсірмейді. Есей Жеңісұлы ағаның кезінде «Сіз қайда жүрсіз?» деген деректі фильм түсіре бастағанбыз. Қазір соны қайталап беріп жатыр. Диас Ахметшәріптің уақытында да сұмдық еді. АПЛ, «Астана арландары», ММА – ағылып жататын трансляциялар. Енді солардың ешқайсысы жоқ. Продюсер деген ұғым жоқ онда. Тек Үкіметтің ақшасын жеу ғана бар. «Шахмат әлемі» деген бағдарлама бар, оның бюджетін мен айтпай-ақ қояйын. «Жеке бапкердің» ғой о бастан мақсаты түсініксіз. Кімнің жеке бапкері екенін ешкім білмейді… Жаның ашиды. Күні-түні қонып жүріп бастап едік… Бұрын өңірлерге «Kazsport»-танмын десең, аяғыңды жерге тигізбей күтіп алатын. Соңғы кездері байқадым. Арнаның атынан барғанда, тура қайыршы секілді қарайды. Өйткені жауапкершіліктің бәрін федерацияларға жүктеп қойған, өздерінде ақша жоқ, құдды кедей телеарна. Бірақ кеше бір түсірілімге барып келдім, «Ана мен бала орталығына». Қызық болды, бірақ ол ұзаққа созылмайтын шығар. «Хабар» арнасында футболға, спорттың басқа түрлеріне қатысты бағдарламалар ашсам деген ойым бар. Егер жүзеге асса, жұмысты сол бойынша жалғастыра берермін. «Хабар» футболдан Қазақстан кубогын алған. Сондықтан бізге берілген жеті матч бітпей ешқайда кетпеймін. Одан кейінгісін көре жатармыз.

– Өз даусыңызға қаншалықты көңіліңіз толады? Жалпы, біз, қазақтар, асықпай сөйлегенді құп көреміз ғой, ал алаңдағы қарқын мүлде бөлек…

– Бастапқыда мен де арқаны кеңге салып қойып байыппен бастайтынмын. Оның жарамайтындығын уақыт өте түсіндім. Қазір жылдамдық жағынан елімізде Есей Жеңісұлынан кейін мен тұратын шығармын. Кейде арқаң қозатын кездер болады. Бірде «Барселонаның» ойынын өзімше жылдам жүргізіп, Ютубқа салып мәз боп жүрсем, Әлем чемпионатында жанымдағы уругвайлық комментатордың сөйлегеніне қарап таң қалдым. Не деп жатқанын біліп болмайды. Жалғыз ғой. Олар Қазақстан секілді екі тілде сөйлейтін «ерекше» мемлекет емес. Тоқтамайды-ау, шіркін. Осы жағынан алғанда менің дауысым жылдам сөйлеуге келеді. Жағымды деп те ойлаймын. Тек айқайлап, эмоцияңды көрсету біздің менталитетке жат сияқты көрінетін. Өзімізді шектеп жүреміз, ұят сияқты. Бірақ соңғы кездері мен де «ұятсыз» болып алдым-ау деймін. Эфирде «го-о-о-о-ол» деп айқайлай беремін.

– Эмоцияны көрсету де батылдық шығар. Бірақ сіздің Еуропа чемпионатында гол соғылғандағы ерекше созып айтуыңызда жасандылық пен еліктеушілік те бар сияқты…

– Қазақстандағы ең эмоцияналды комментаторлардың бірі мен шығармын. Бірақ мұны жасандылық дей алмаймын. Еліктеушілік бар. Бәрі содан басталады. Анаған-мынаған жалтақтап, эксперимент жасап жүріп табиғи стиліңді табасың. Соңғы кезде испандардың тамағын қырылдатып «гөл, гөл, гө-ө-ө-өл» дейтіндерін өзімізге қарай бұрсам ба деген ой бар. Жай ғана «гол» дей салған ешкімге де қызық емес. Оған да образ, әртістік қабілет қажет. Кезіндегі Котэ Махарадзелерің театрдан шығып комментатор болған адамдар ғой. Киноны кейіпкерді дауыстаған адамның шеберлігіне қарап көретініндей, футболда да барлығы комментаторларға байланысты. «Исламха-а-а-ан – гөл, гөл, гө-ө-ө-өл» деп отырсаң, қандай керемет болар еді деп қоям. Бәлкім, халыққа ұнап қалар. Біздікілер айып алаңынан тебілген допты «мінекей, соққы, есеп – 1:0» дегеннен әрі аспайды. Ойынды негізінен гол кіргенге дейін қыздыру керек, одан кейін емес. Бұрынғы жазбаларды қарап отырсам, гол соғылғанда: «Міне, керемет гол! Не деген гол, пәленше соқты ғой!..» дейді екенмін. Сондай сөз бола ма?..

– Сіз мұны Бразилияда жинақтаған тәжірибеңізге сүйеніп айтып отырсыз ғой?..

– Елімізде әлі күнге дейін ресейлік комментаторлардың деңгейімен салыстыру көп. «Черданцев, Стогниенко де адам ғой, біздікілер неге соларға жетуге тырыспайды?» деп сынайды да жатады. Бірақ ешкім оның шешімін айта алмайтын. Мен айтайын соның шешімін. Бразилиаға Владимир Стогниенкомен бір күнде ұшып бардық. Сол күні тынығып алып, ертеңіне «Қазақстан» мен «Kazsport»-қа бөлек-бөлек ақпарат дайындап жібердім. Сонан соң матчты жүргізуге кірісемін де, ойын аяқталған соң стадионнан стэндап жасап, тағы жаңалықтарға ақпарат жіберемін. Одан кейін әуежайға барып Рио-де-Жанейроға ұшып кетемін. Ол жақта да дәл осындай режім. Екі күн сайын бір қала. Матч алдында арзан футболкаларын тықпалап жіберген банкты жарнамалайтынымыз тағы бар. Басқа елдерден келген журналистер де сұхбат жасап, ақпарат таратып жатады. Бірақ комментаторлары бөлек. Стогниенко жүреді серуендеп, мұражай аралап. Бір матчта 350 доллар алса, мен 7500 теңге аламын. Ол үш күн сайын бір матчқа барады. Маған келіп: «Гарринчаның мұражайына бардың ба? Мен көрдім. Аяғының қысқалығын өлшеп те үлгердім. Пеленің мұражайын айтсаңшы…» деп аузының суы құрып тұрады. Мен «қайда екенін де білмеймін, оған уақыт жоқ» деймін. Матч кезінде жергілікті тұрғындардың көзқарасы, тыныс-тіршілігі, мәдени-спорттық құндылықтары туралы тыңдарманына жайып салады. Ал мен бейшара не айтамын, оның бірде-бірін көргем жоқ. Тек елге қайтар алдында стадионды аралап үлгердік. Екі елдің комментаторларының деңгейіне тағы тоқталсақ. Бізде «Kazsport», оларда «Матч ТВ» бар. Бізде комментаторларды жарыстарға дұрыс бөлу әлі күнге жолға қойылмаған. Таңғы жетіде дзюдоны жүргізіп, 7500 теңге аласың, арада бірнеше сағаттан соң «Арсенал» мен «Манчестер Юнайтедтің» ойынына тағы сол ақшаны аласың. Еуропа біріншілігінің жартылай финалы үшін де, ешкім көре қоймайтын екі ресейлік арасындағы теннис матчы үшін де алатының сол – 7500 теңге. Осы дұрыс па? Екеуінің аурасы да, жауапкершілігі де, рейтингі де екі түрлі ғой. Маңызды ойындарға тым құрығанда 50 мың теңге берсін, комментатордың дайындалмай шыққанын көрер едім сонда. Осыдан кейін ұнамаса қалай сынасаң да жарасады: «Үкіметтік ақшасын жеп жатыр, білімсіз» десін, мейлі. Өзім көрген тағы бір ақылға қонымсыз жайт. Біздікілер 20 мың еуроға АҚШ-та өтіп жатқан теннис турнирін сатып алады. Мейлі, Кукушкин, Шведова секілді «қазақтар» бар ғой дейік. Жарысты пәленбай мыңға сатып алады да, қазақ пен орыс комментаторларына бес матч үшін сол кездегі курспен ($1 = 150 теңге) 7500 мың теңгеден жалпы 500 доллар береді. Ойлайды турнирді таратсақ болды, халық көріп алады өзі деп. Ресейде Черданцев пен тағы біреу комментатор болып отырады да, алғашқысы 1000 доллар алса, оның әріптесі 300 доллар алуы мүмкін. Яғни бұл жерде атақ, абырой, тәжірибе – бәрі есептеледі. «Еуроспорттағы» Сергей Курдюковпен де бірге велоспорттан «Алматы турын» жүргіздім. Гонорарынан бөлек демеушілері де толып жатыр. Федерацияның қолдауы тағы бар дегендей. Ал біздің федерациялар оны ойламайды да. Оның игі ісі эфирден айтылатынын, оны миллиондаған адамның көретінін, түптеп келгенде бұл сұмдық жарнама екендігін түсінбейтін де шығар. Тағы бір мәселе, меніңше, спорт комментаторының статусы жоғары болуы керек. Сіз мақалаңызды 3 мың адамға арнап жазсаңыз, оның аудиториясында 3 млн адам бар. Айырмашылық жер мен көктей.

– Бір сұхбатыңызда сынайтындарға қатысты «Ит үреді, керуен көшеді» депсіз. Өзіңіз құлақ асатын бірнеше жанашырыңыздың бар екендігін де айтыпсыз. Қазір де сол пікірдесіз бе?

– Әлем чемпионатынан соң солай дегенім рас. Бізді, комментаторларды сынайтындар көп. Есей аға айтпақшы, «Бізде бәріне комментатор кінәлі». Кінәны басқа ешкімнен іздемейміз. Комментатор оңбаған екен, соны сол орынға қойған басшылық неге жауап бермейді, неге олар қызметтерінен кетпейді? Павел Цыбулин («Kazsport» телеарнасының директоры — ред.) маған тапсырса, оның да әлеуметтік желіде парақшасы бар. Неге соған тікелей жазбайды сынағыштар. Сонда ашуланып айтқанмын. Бірақ ол халықтың пікірін елемейді дегенді білдірмесе керек. Керісінше, кімнің не жазып, не қойып жатқанын үнемі бақылап отырамын. Бірақ шын құлақ асатын үш адамым бар. Олар: өзі де кезінде комментатор болған Ермұрат Бәпи, әріптесіміз Төлеубек Қадырмоллаев. Екеуі де «Мына сөзді осынша уақыттың ішінде пәленше рет айттың, мынаны шатастырдың» деп әлеуметтік желіде жекеге жазады. Үшіншісі – футболдың тарихын бүге-шүгесіне дейін білетін туған ағам.

– Әлем біріншілігінен хабар таратқан бірінші қазақсыз, эфирге шығу уақытына байланысты айтып отырғаным ғой. Еуропа чемпионатының матчтарын жүргізіп жүрсіз. Осыдан соң біздің футболға оралу, кірісу қаншалықты оңай?

– Өте ауыр. Негізі комментаторлыққа кастингтен өткенде маған Қазақстан чемпионатын берген. Оны жүргізу қиынның-қиыны. Көбісінің қолынан келмейді. Түсірілімнің түрі анау, бұлдырап тұрғаны. Футболдың өзі де нашар. Кейде айтам «Ағылшын мен біздің футбол екеуі екі түрлі спорт сияқты» деп. Себебі, футболымызды футбол деп айтуға да келіңкіремей кетеді. Кастингке келгенде 1992 жылдан бергі тарихын әбден зерттеп, ақпаратқа қанық болып алғам. «Тараз» туралы да біраз мағлұматты аударғаным бар. Бізге үш тур ҚПЛ ойынын қойып еді, алғашқысынан соң келген 60 адамның жартысы жоқ. Ертеңіне тағы дәл солай, содан 15, одан кейін 4 адам қалдық. Соңында студенттік кезімде «Спорт айдыны» деп аталған газетте жазып апарған мақаламды тексеріп, спортқа баулыған Шалқар Естен екеуміз өттік қой.

– Орыстілді бір комментатор алдағы уақытта елімізде қазақ және орыс тілдерінде қатар жүргізетін комментаторларға сұраныс артады деген пікір білдіріпті. Сіз бұған қалай қарайсыз?

– Бұл мүлде дұрыс емес. Екі түрлі менталитет, екі түрлі көзқарасты былықтыруға болмайды. Кейбіреулер қазақша жүргізіп отырып, орысшаға ауысып кетіп өздерінше эксперимент жасап жүр. Дәл бұлай бір дауысты тыңдау мүмкін емес. Мен білетін Канада, Швейцария, Қырғызстан секілді бірнеше ел бар, екі тілде қатар жүргізетін. Оған қуанудың қажеті жоқ, гибридтің несі жақсы, орыс тілінің де түкке керегі жоқ біздің халық үшін. «Футболдың тілі – тілсіз тіл». Мысалы, кезінде үйде матчтарды Словенияның «Сло ТВ» деген арнасынан көріп жүріп, олардың да тілін, одан кейін украин телеарналарын тамашалаймыз деп бұл тілді де түсініп кеттік. Тіпті, қаншама тіркесін жатқа айта аламын. Сондықтан тепе-теңдік деген бос сөз. Қазақтардың үлес салмағы 70%-дан асып қалса, түптің-түбінде бәрі қазақ тілінде болуы керек деп ойлаймын. Жаныма бататыны, ҚПЛ клубтарының сайтын ашып көрсеңіз, бірде-бірінен қазақша мағлұмат таппайсың, бәрі орыс тілінде. Әйтеуір ырымын жасап тілді таңдайтын жерге «қазақ» және «инглиш» деп қойған. Ақпараты жаңартылмаған. Тіпті, Қазақстан футбол федерациясында баспасөз хатшысы қазақ болған емес. Тек өткен жылы Дина Ысқақованың кезінде Мұратбек деген жігітті жұмысқа алды. Оның өзі қазір жалғыз төрт орыстың жұмысын аударып отырады. Егер қазақтілділерді тарта бастаса, клуб, федерациядағылар жылы орнынан айырылып қалуы мүмкін. Яғни, қазақ тілінің басым болғанын қаламайтындар аз емес. Мысалы, Ербол Қайыров деген журналист жігіт бар. Бокс федерациясына орысша жазады, комментатор болады. Оның айлығын есептесеңіз, кейде өзім де неге орыстілді болмадым екен деп қалам. Бірақ мұның бәрі уақытша құбылыс деп ойлаймын. Осыдан бірнеше жыл бұрын Есей Жеңісұлымен де талай эфирді тек қазақша жүргізгенбіз. Одан да жау алған жоқ. Орыстілділердің болуы басшылыққа да пайдалы. Яғни екі комментатордан ұсталатын ақша еселенеді. Жылына мыңдаған трансляция бар. Содан біреулер пайда көріп отыр. Бірдеңе деп аузыңды ашсаң, «келісімшартта солай қол қойылған, екі тіл де болуы керек» дей салады. Ол қып-қызыл өтірік. Ұлттық арнаны орыстілділер қарап отырады деп ойлайсыз ба? Жоқ. Олар спорт барлардан ғана тамашалайды. Мұны басшылық та біледі. Тек тиімді. Бар болғаны сол.

– Көптің жадында жатталып жүрген сөз тіркестеріңізді алдын ала дайындайсыз ба?

– Оқушы кезімде өзімше ақындар айтысына қатысып, өлең шығарып жүретінмін. Бірде ойын барысында аяқ астынан алжирлік Софиан Фигули туралы «жылдамдығы «Жигули» дегенге ұқсатып бір тіркес айтсам керек, ертеңіне жан-жақтан смстер келіп жатыр: «Мына сөзің керемет, әбден күлдік» деп. Матчтарға дайындық кезінде кей футболшылардың тегіне қарап отырып бір ұйқастар пайда болады: «Кейн соққыны кейінге қалдырды, Лаллана тепті далаға, Гари Медель – жылдамдығы жедел» деген секілді. Сондайлардың кейбірін дайындап қоямын, реті келсе, айтамын. Бірақ шетелдіктердің аттары қазақтың сөздеріне ұйқас бола бермейді ғой. Кейде арқаң қозып, сондай бір адуынмен жүргізетін кездер болады. Ал жазбадан қарасаң, 90 минуттың тек 2 минутында әдемі сөйлеуің мүмкін. Қалғаны сылдыр сөз.

– Ерекше көңіліңізден шыққан матч қайсы?

– Өзіме ерекше ұнаған, сыншыларымның да көңілінен шыққаны – Бразилиядағы Әлем чемпионатының ширек финалындағы Германия мен Франция кездесуі. Жалпы, сол мундиаль маған көп тәжірибе берді. Шетелдік комментаторлардың жұмыс істеуі, көрші ресейліктердің жүйесімен жақынырақ танысып, біраз нәрсені көкейге түйдім. Әріптестерімнің жүргізген ойындарын тамашаласам, алаңда тартыс қызып жатса, олар өздерінің жинаған деректерін баяндап отырады. Мұндай кемшіліктер көп. Бірақ мен де өзімді болдым-толдым демеймін, өсе түскім келеді. «НТВ плюс» сарапшыларының ақпарат алатын жасырын нүктелері, жұмыс істеу тәртіптері бар, соларды білсем, деректі ойнатып беру жақтарын жетілдіру секілді біраз нәрсені жоспарлап жүрмін. Одан қалды қайтадан «Батырлар жырын» оқып жатырмын. «Бес ғасыр жырлайды» деген томдар бар ғой. Ұйқастың көкесі сонда. Студенттер менен кеңес сұраса: «Жыраулар поэмасын оқыңдар» деймін, сөйтсем әлгілердің көздері бақырайып кетеді. «Абай жолын» оқымай журналист боп жүргендер қаншама. Олар «Батырлар жырын» қайтсін. Доспамбет жыраудың «Айналайын, Ақ Жайық» дейтіні қандай керемет! Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баяны» ше? Ырғақ, шабыттың бәрі содан келеді. Марқұм Бақытжан Майтанов, одан кейін Тұрсынбек Кәкішев, Зейнолла Қабдоловтан тәлім алған мен үшін сөз мәдениеті, сөз саптау деген киелі ұғым. Сондықтан әлі де іздене берем.

– Әңгімеңізге рақмет!

Мәдина АСЫЛБЕК, «Sport»

6 комментариев

  1. Арнур Ответить

    Мəдина, тамаша сұхбат жасапсың!

  2. Тот самый Ответить

    На лицо национализм со стороны Маулена. Такое в нашей стране запрещено и не приветствуются. Надеюсь наши правоохранительные органы заинтересуются этой личностью который не первый раз говорит в таком направлении и русском языке который является так же государственным

    1. Казах Ответить

      не хри

    2. Али Ответить

      Пошла ты

      1. Kaleigh Ответить

        Thanks for innucdroitg a little rationality into this debate.

    3. Cayden Ответить

      I aprpaciete you taking to time to contribute That’s very helpful.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!