Талғат Кеңесбаев. Атыңыз бәйгеден келсін!

mullashev

Ресей Cуретшілер Академиясының академигі, Татарстанның халық суретшісі Камиль Муллашев «мың түрлі бояумен салатын» ғажап туындылары әлемнің түкпір-түкпіріне белгілі. Ол тума талант. Қазақ елінің ерекшеліктерін өзінің талантты туындыларында ерекше көрсетеді.
Камиль Муллашев Алматының Н.В.Гоголь атындағы көркемсурет училищесін бітіріп, кейіннен Мәскеудің В.И.Суриков атындағы көркемсурет институтын оқып, кәсіби суретші ретінде қалыптасты. Ол республикалық, бүкілодақтық және халықаралық көрмелерге қатысты.
КСРО Суретшілер одағының және Суретшілер Академиясының дипломдарымен сан мәрте марапатталған.
Озық білімді суретші 1976 жылы «Таң» атты картинаны студенттік шақта романтикалық бағытта жазған. «Жер және уақыт. Қазақстан» сериясымен тың жөнінде жазылған көптеген картиналары советтік дәуірді бейнелеп, Одақ және одан тысқары алыс-жақын шетелдерге белгілі болды…
Осы екі еңбекті Мәскеудің Мемлекеттік Третьяков галереясынан табуға болады. Әсіресе, «Жер және уақыт. Қазақстан» триптихі сан мәрте баспада басылып, суретшіні табысқа жеткізді. 1984 жылы атақты париждік Гранд-Пале залында совет искусствосының 100 шығармасына арналған көрме ашылған еді. Сол құрамда К.Муллашевтің триптихі Франция суретшілер Академиясының күміс медалін жеңіп алды.
Пуссена көрермендері қазақ елінің рухын паш ететін ерекше салынған туындыны жоғары бағалады. Оның өзіндік ерекше қолтаңбасы бар екеніне сүйіспеншілік танытты.
Осы триптихтің үшінші бөлігі «Қызыл қырман» деп аталады. Міне, көз алдымызда сол картина, бұлттар көшкен аспан, содан сәл төменірек қанатын қаққан құстар – еркіндіктің символикасы, одан әрі қырманға астық төгіп жатқан дәу-дәу машиналар, одан төменде ел байлығы боп саналған, бірақ біздің жерде өндіріліп, Мәскеудің ырысы боп саналатын тау боп үйілген алтын бидай. Енді сәл назар аударсаңыз, жалғыз құлынды көресіз. Әдемі, сұлу жануар. Оның жайылатын жайлауын тас-талқан етіп жыртып, эрозияға ұшыратып, тың игерушілер түте-түтесін шығарған. Үйірімен айнала шапқылайтын жер де қалмаған қазақтың жайлауы тарылып бара жатыр. Міне, суретті әркім өзінше түсінеді. Бірақ иісі қазаққа, көкірегінде сәулесі бар адамға бұл, әрине, шындық.
Толағай табыстар жолына жетуіне суретшінің өзі аса құрметпен айтатын Қазақстанның Тәуелсіздігіне ризашылығын білдіреді. Камиль Муллашев құрғақ сөзімен емес, ісімен дәлелдеген адам. Егемендігіміздің ұлық мерекесіне арнап, Мемлекеттік сыйлыққа «Абылай хан», «Ұлы көш», «Тәуелсіз елдің тұңғыш президенті» атты үш еңбегін ұсынды. Оның қолынан шыққан туындылары еліміздің тәуелсіздікке тағзым деп білгеніміз жөн.
…Астанада тұратын талантты суретшінің Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жатқанында: «Атыңыз бәйгеден келсін!» деп тілектестігімізді білдіреміз…

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!