Дүрәлі ДҮЙСЕБАЙ. Болашақ Баландиндер жатырда жатыр ма, әлде…

balandin(Д.Баландин)

Спорттың қыбыр-жыбыр түрі көбейді.

Мұздың үстінде шар іспетті үлкен тастың алдын щеткамен сүргілеп жүгіріп жүрген бір топ адам. Бәйгеге келетін осы тас, ал адамдар оның жолын ашып, тазалап жүретін қосымша күш. Командалық спорт түрі, екі команда мүшелері ауыр гранит тасты мұзда орналастырылған нысанаға («үй») қарай алып баруы керек. Әр командада төрт адамнан. Мұны керлинг дейді. Шотландияда XVI ғасырда пайда болған спорт түрі, одан Еуропа, әлем чемпионаттары да өтіп тұрады.

Мүмкін ағылшындарға қызық шығар. Бірақ біздің ұлттық ойындар ішінде оны он орап алатын керемет спорт түрлері бар. Әттең, бақтары жанбай жүр. Қазақ күресі, тоғызқұмалақ, көкпар (бұл, енді қиын шығар, жануарларды қорғау қоғамы жібере қоймас) дегендей. Анау боулинг те сол. Гольфке қараңыз. Бұл екеуі де, сөз жоқ, нағыз бұқаралық спорт. Жас та кәрі де – бәрі де ойнайды. Бірақ олимпиялық спорт түрі емес.

Егер әр ел өздерінің ұлттық ойындарын халықаралық деңгейге көтеріп, олимпиадалық ойындар мен әлем чемпионаттарына үкілеп қоса беретін болса, жалпы ол ойындардың қызығы қалар ма еді…

Қазір көше ойындары деген атпен біраз спорт халықтың игілігіне айнала бастады. Стритбол, мысалы. Былайша айтқанда, көше баскетболы. Мұның бәрі әлем жұрты тамашалай алатын ойын емес. Бұқаралық спорт десек, жарасады. Мұндай бұқаралық деңгейден аспайтын ел игілігіндегі ойындар көп.

Сонау өткен ғасырдың 60-70-жылдары халық арасында қалашық, ләңгі, асық ату, қашпа доп, шошқа таяқ, секірмек секілді ойын түрлері көп болушы еді. Бала түгілі ересектер де ойнайтын. Қазір осы ойын түрлері қайта жаңғыртылып, жер-жерде жарыс өткізу дәстүрге айналып келеді. Бұл ойындардың балаларымыздың бос уақытын тиімді өткізіп, бір жағынан шыңдалып, шымыр болып өсуіне өзіндік ықпалын тигізері анық. Бірақ аталған ойын түрлері өзге елдерде болмауы да мүмкін. Ал басқа мемлекетте дамыған көше ойындары бізге жат.

Әлемде спорттың 200-ден астам түрі бар. Қазақтың ұлттық спорт ойындары да сол шама. Бірақ оның бәрі олимпиадалық спорт түрі емес. Қазір бүкіл әлем елдері әр мемлекеттің мәдени, рухани дүниелері бәсекеге түсіп, сараланатын олимпиадалық спорт түрлеріне ерекше мән бере бастады. Соңғы Рио Олимпиадасында бәсеке отызға жуық спорт түрі бойынша өтті. Әдеттегідей осы спорт түрлері арасында ең көп медаль жеңіл атлетика мен су спорты түрлеріне тиесілі.

Бірінші орында жеңіл атлетика тұрғанымен, бұл жерде басымдық су спортына беріледі. Әйтпесе, Майкл Фелпс (суретте) қайдан шығар еді. Осы жігіттің бір өзі Олимпиаданың 23 мәрте чемпионы (он үш рет – жеке қашықтықта, он мәрте  – эстафетада), олимпиадалық ойындарда барлығы 28 жүлдеге ие болған тарихтағы тұңғыш спортшы, 26 дүркін әлем чемпионы. Бір Риода алты алтын, бір күміс алып, бұдан кейін үлкен спортпен қоштасатынын мәлім етті. Отыз бір жастағы спортшы шынын айтқан шығар. Бірақ Лондонда да осылай деген. Мәселе Майкл Фред Фелпстің (толық аты-жөні) жеңістерін тізу емес, бізде әлі де дамытуды қажет ететін, әлі де ішкі қыр-сырына бойлай түсетін кенжелеп қалған спорттың бірі – су спортының мықтылығын, халқымыз үшін, болашақ ұрпақ денсаулығы үшін, еліміздің пайдасы үшін керектігін көрсету.

felps(М.Фелпс)

     Фелпстен қай жеріміз кем? Фелпс жеңілмейді дейміз бе? Оны да жеңуге болады. Оны біздің Баландин дәлелдеді емес пе!.. Мұрты жаңа тебіндеген балаң Баландин небір «сен тұр мен атайын» дүлейлерді жүзудің брасс түрі бойынша 200 метр қашықтыққа өткен бәсекеде қалай басып озды?! Осындай Баландиндерді тәрбиелеу соншалықты қиын ба?

«Дима әлі жас.  Бар болғаны 21-де. Осы кезге дейін жаттығудан басқаны ойлап көрмепті. Көрген-білгені бассейн. Кейде сұрақ қоямын ғой «Парижді көрдің, онда қалай екен?» деп. Ал ол болса «Баруын бардым ғой, бірақ не көрді дейсіз. Бассейнге ерте келіп, кеш шығамыз» дейді жымиып. Жалпы бұл бала осы жетістікке өзінің еңбексүйгіштігі, бойына біткен талантымен жетіп отыр. Басқа ештеңе де емес». Бұл – Мамандандырылған жоғары спорттық шеберлік мектебінің директоры Серік Байтұрсыновтың сөзі.

Жеңіс оңай келмейді дейміз. Оңай келмейтіні, бар өмірін сол спортқа арнау керек. Әрине, футболшыға – алаң, гимнасшыға – батут, хоккейшіге – айдын керек болса, ал суға жүзушіге бассейн, су керек. Онсыз ешқандай нәтиже бағынбайды, жетістіктің мұрты да бұзылмайды.

Жүзумен шұғылданатындардың басым бөлігі, басым бөлігі емес-ау, бәрі қалалық жерден. Бассейн бар. Бірақ оған барлық жерде қол жетімді ме? Жалпы Қазақстанда осы спорт түрімен шұғылданушылар көп пе? Әрине, оны санап жатқан, арнайы статистика жүргізіп жүрген ешкім жоқ. Бірақ жаппай бұқаралық спортқа айналып кетті дей алмаймыз.

Қазақстандағы Рио Олимпиадасына дейін ең танымал жүзгіш – Владислав Поляков еді. Петропавлдық суға жүзуші халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2004 жылғы Афины, 2008 жылғы Бейжің және 2012 жылғы Лондон олипиадаларына қатысушы. Төрт жылдың ең мәртебелі жарысындағы ең жоғары жетістігі Грекия елінде өткен ойындарда болды. Ол 100 және 200 метр қашықтыққа өткен жүзудің брасс стилі бойынша бәсекесінде абыройлы түрінде бесінші орынға табан тіреді. Бейжіңде тиісінше 17 және 15-орындарға тұрақтаса, Лондонда 100 метрлік қашықтықта мәреге 34-ші болып келді.

polyakov(В.Поляков)

Оның ең нәтижелі көрсеткіші 2006 жылы Қытайда өткен су спорты түрлері бойынша әлем чемпионатында (200 метр, брасс) алған алтыны. Азия ойындарында (2006, 2010 ж.ж.) бір алтын, бір күміс және екі қола еншілегені тағы бар. Ендеше Баландинге дейін Қазақстанның ең атақты жүзгіші осы Поляков болған. Оның жолын қуған талантты спортшылар аз емес. Мысалы, Е.Рыжков, А.Тарабрин, О.Работа, С.Осинский, Р.Худиев, қыздардан Э.Айғалиева, А.Жүсіпова, Е.Руденко, А.Прилепа секілді жас спортшыларымыз ел намысын түрлі жарыстарда абыроймен қорғады, қорғап та жүр. Соза берсек, бұл тізім ұзақ, сондықтан біз нәтижесі, халықаралық жарыстардағы рейтингіне қарай ат төбеліндей озық буын өкілдерін ғана тізіп беріп отырмыз.

Бірақ әлгінде айтқанымыздай, Поляковтан басқа жарқ еткені жоқ әзірге. Өз сорпамызға өзіміз қайнап жатырмыз. Неге? Бұл спорт түрінің насихаты нашар шығар, бәлкім. Екіншіден, қазақ балаларын спорттың күштік, жекпе-жек түрлері көп қызықтырады. Ата-аналары да осы спорт түрлеріне беруге тырысады. Ал жүзуді спорт ретінде бағалай қоймайды. Үшіншіден, қалаларда бассейндер белгілі бір ортаға болмаса, көпшілікке қол жетімсіз, қымбат, ауылда ол мүлде жоқтың қасы.

Мысалы, Алматыны алайықшы. Осы оңтүстік астанада мемлекеттен арнайы лицензия алған отыз жүзу бассейні бар екен. Олардың басым бөлігі жекенің қолында. Бәрібір, мемлекеттікке де, жекеге де арнайы абонемент алу керек. Абонементтің 12 айлық құны орташа алғанда 15-18 мың теңге. Тек ұлттық құрама команда мүшелеріне ғана тегін жаттығуға рұқсат.

Соның өзінде осы отыз бассейн жас жеткіншектермен тола ма? Әй, қайдам, болашақ спортшы болады-ау деп жүзуге берген үш жастағы сәби үшін ең арзан деген «Ray pool club» атты бассейннің өзіне айына екі мыңның үстіне ақы төлеуге тура келеді. Бір қараған адамға сонша қымбат та емес, бірақ ондай ақша біреуде бар, біреуде жоқ. Осы қалада бір-ақ кәсіби бассейн бар екен, ол «Шаңырақ» шағын ауданындағы олимпиялық резервтер колледжінде орналасқан. Бірнеше спорт мектептерінде де оған жетеқабыл бассейндер бар, бірақ онда жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген жеткіншектер ғана жаттыға алады. Міне, бізде осындай.

Бұл – қалада. Қала болғанда да еліміздегі ең ірі мегаполисте. Ал ауылдық жерлерде бұл спорт түріне көңіл бөлінген бе? Қарапайым спорт алаңдары жетіспейтін шаңы бұрқыраған ауылда бассейндер қаптап тұр деп айтуға ауыз бармайды. Қаптағаны несі, бір хауызы бар ауыл туралы естіп пе едіңіз? «Мың бір түнде» ғана болушы еді. Ол, енді ертегі. Ал шын мәнінде, суға жүзетін шеберлердің дені – ауыл.

Балалық бал шақтары сонау 60-70-жылдарда өткен біздің қатарластар жақсы біледі. Маңайлары өзен-көлмен көмкерілген ауылдар сонша көп емес. Болғанының өзі үйден қашық. Сондықтан ауылдың күнге тотыға күйіп қара қайыстай тарамыстанған қара сирақ балалары қыш құйған шұңқырларға су толтырып шомылатын. Судың бетін былай қойып, олардың көздері жылтырап су астында малтығанын көрсеңіз, таңдай қағар едіңіз.

Ондайлар бүгін де кездеседі. Қыш құюшылар қазір жоқ шығар, бірақ шомылатын жерді балалар лезде тауып ала алады. Соларды суға жүзу мамандарының назарына іліктіріп кеп жіберсеңіз, Фелпс, Баландин шыға қоймас, бірақ қазақтың атын әлемге жаятын спортшылардың атой салып шыға келмесіне кім кепіл? Әзірге олар жүзуді спорт деп бағамдап, мойындап жүрген жоқ. Тек өз қызығушылығын қанағаттандырып, ыстықтан салқындап ләззат алу үшін суға түсетін секілді болады да тұрады мен үшін. Өзіміз де сөйттік қой.

Ауылдан үш-төрт шақырым жерде жасанды көл бар еді. Бұрқ-бұрқ қайнап шығып жатқан тастай бастаулардан пайда болған. Кішкентайымнан білем. «Спорттық» жолымызды қыш құюдан қалған шұңқырдан бастаған біз деңгейіміз едәуір «көтерілгеннен» кейін айнадай болып жарқырап жатқан сол көлге барып, қара қайыстай болып бір түссек қайта шыға қоюымыз екіталай еді. Кешке дейін сондамыз. Көлемі әжептәуір, шамамен диаметрі 200 метрден асатын осы көлдің бетін ары-бері шарлап, ана жағалаудан мына жағалауға көктей шығып, кемі он-он бес реттен демалмай жүзіп өтетінбіз. Суға кетіп қаламыз деген қауіп қайда, ылғи жүрек жұтқан жүгірмектер ғой. Бір-бірімізден қалыссақ кәне. Сол кезгі жастардың көргені – ертеден қара кешке дейін футбол ойнау, көлге барып суға түсу еді. Солардан я кәсіби футболшы, я суға жүзгіш шықпады. Неге?

Біріншіден, маман жоқ. Екіншіден, арнайы бассейн салынбаған. Футбол ойнау да өзіміз үшін, суға түсу де өзіміз үшін. Қалың елден жарқ етіп шыққан спортшы жоқ. Футболдан аракідік байқалып қалады, арнайы жарыстар өтеді, мамандар да пайда болған сыңайлы. Қазіргі қазақ футболында қазақ балаларының саны артып жатса, осылардың есебінен. Ал жүзуден екі қолды танауға тығып отырмыз. Қазір де алыс аудандардағы жағдай дәл осындай. Бұдан соншама өзгере қойды дегенге сенімім аз.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Баландин Олимпиада чемпионы болғанда «Жүзгіш Дмитрий Баландин ел тарихындағы тұңғыш алтынды алып келді, меніңше, енді балалар жүзу үйренуге көптеп баратын болады» деп айтқан еді. Бұл – жай сөз емес, үміт сөзі, қуаныш сезімі. Оны біз сезініп отырмыз, оны енді спорттың басында отырған шенеуніктер сезінсе дегендік біздікі.

Шынында да, бұған бірінші болып Алматы үн қатты. Баландинді дүниеге әкелген Алматы, Баландинді өсірген Алматы. ҚазМҰУ қалашығындағы бассейнді осы батыр баланың атымен атады. Баландиннің өзі де алда су спортына балаларды көптеп тартып, білікті де шебер жүзгіштер әзірлейтінін айтқан еді. Оған енді толық мүмкіндік туды. Қазір еліміздің жер-жерінде бар бассейндерге жүзуге жазылған балалар саны олардың сыйымдылығын он орап алады деген әңгімелер бар. Рас шығар. Өйткені Олимпиададағы кез келген жетістік спорттың дамуына басты себеп, тыңнан түрен. Ендеше бұл да қуаныш нышаны.

Дәл мұндай серпін, дәл мұндай сілкініс «Қазақстан барысы» жобасы жүзеге асқанда болып еді. Қазақ күресі дамудың жоғары деңгейіне көтерілген сол тұста. Енді, міне, су спортын сондай бір серпіліс күтіп тұр. Бірақ «құрғақ қасық ауыз жыртады», бассейнді өкіртіп салып, мамандарды қаптатып жібергенмен, ұйымдастыру шаралары жүзеге аспаса, одан түк те шықпайды.

Алдымен, қаржы құйылуы керек бұл салаға.

Екіншіден, қалалардағы әр аулада, ауыл-ауылдарда бір шағын бассейн, аудан, облыс орталықтарында су спорты кешендері салынуы керек.

Үшіншіден, балалар арасында және жоғары дәрежелі аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық турнирлер, аса мәртебелі жарыстар ұйымдастырылуы керек. Онсыз жетістікке қол созу жай қиял.

Қаржыны аямау керек дейтініміз бекер емес. Бағана жоғарыда керлинг, боулинг, гольф пен көше ойындары туралы тегін айтқан жоқпыз. Ондай халықты аса қызықтыра қоймайтын, әлемдік жарыстарда (Олимпиада, әлем чемпионаттары, халықаралық турнирлер) миллиондаған адам жанкүйерлік жасамайтын спорт түрлерінен гөрі елге көп пайда әкелетін, тек нәтижесі бойынша ғана емес, әсері, пайдасы жағынан да тиімді спорт түрлеріне ерекше көңіл бөлетін кез жетті. Соның бірі – осы су спорты.

Ұлы Платонның өзі «Жүзу мен оқуды білмейтін… адамдарға қызметті сеніп тапсыруға бола ма?» деген екен. Бұл – жүзу білмейтін адам толық адам емес деген сөз. Гректің артық айтпайтын, айтса біліп айтатын ежелгі ойшылы неге бұлай деді? Байқап қарасақ, жүзу сәбиді жүру мен жүгіруге үйреткендей спорттың ерекше түрі екен. Қарапайым ғана суда қалықтап тұра білгеннің өзі талай адамның өмірін сақтап қалғанын естен қалай шығарамыз?! Көптеген ауырудан айығу үшін суда жүзу түрін ұсынатыны несі деп бір рет ойланып көрдік пе? Ойланып көрейік. Ең бастысы, адам қаны құрамының 70 пайызы судан тұратынын кім білмейді. Ендеше біздің өміріміз су, суда адам өзін еркін сезінетіндей деңгейге жетуіміз керек шығар. Су – өмір, су – тіршілік. Бүгінгіше айтқанда, су – жеңіс, су – жетістік.

Судың денсаулыққа пайдасын айттық. Ол – бірінші жетістік, ірі жетістік. Жүзумен шұғылданған жастарымыздың бәрі керемет спортшы бола қоймас, бірақ ауырудан алшақ болады. Дене бітімі мығым, денсаулығы күшті, шымыр да шыңдалған, судан қаймықпайтын, суға кетіп қалады-ау деп іш жиып жүретін қауіптен алыс тұрады. Бұл – бірінші.

Екіншіден, елімізді халықаралық жарыстарда жарқыратып көрсете алады.

Тағы да айтып өтейік, медальды жеңіл атлетикадан кейінгі ең көп тарататын спорт түрі осы – жүзу.

Спорттық жүзу – спорттың ең бұқаралық және танымал спорт түрі. Олимпиадалық медаль ең көп таратылатын спорт түрінің бірі. Әрине, әлгінде айтып кеткеніміздей, жеңіл атлетикадан кейінгі.

Спорттың суда жүзуден ерлер мен әйелдер арасында медаль тарататын түрлері мен қашықтықтар қайсы? Қараңыз:

әйелдер арасында 50, 100, 200, 400, 800, ал ерлер арасында 1500 меркін стилмен жүзу (қашықтықты кез келген стильмен жүзуге болады, бірақ спортшылар кеудемен кролл стилінде тез жүзуді таңдап жатады);

брасс стилімен 100 және 200 м;

баттерфляй стилімен 100 және 200 м (спортшылар баттерфляйдің еңжылдам түрі – дельфин стилімен жүзуді таңдайды көбінесе);

100 және 200 метрге шалқалай жүзу (шалқалап барлық әдіспен жүзуге болады, негізі спортшылар кроллменшалқалай, яғни тез жүзуді таңдап жатады);

200 және 400 метрге кешенді жүзу (спортшы әр 50 немесе 100 метрге баттерфляймен, шалқалай, брасспен, еркін стильмен кезекпе-кезек жүзеді);

4×100метрге бірлескен эстафета (бір-бірін ауыстыра отырып төрт спортшы шалқалай, брасспен, баттерфляймен және еркін стильмен жүзеді), 4×100 м және 4×200 м еркін стильмен жүзу.

Бұл бер жағы, тек спорттық жүзу ғана. Су спортының синхронды жүзу, суға биіктен секіру, суасты жүзу, т.б. түрлері аз емес.

АҚШ, Оңтүстік Корея. Жапония, Қытай, Ұлыбритания спортшылары медальді негізінен осы спорт түрлерінен жинайды. Қысқасы, судан жүлде тереді.

Ал біз ше? Біздің олардан неміз кем?Шеберлігіміз бе, шамамыз ба? Ойымыз ба, бойымыз ба, әлде дене-тұрқымыз ба?

Біз АҚШ пен Еуропадан бой, дене жағынан қалыс шығармыз, ал шығыс елдерінен бір де кемдігіміз жоқ. Ой жағынан да. Шеберлік те шыңдалар, шама да шырқан шығар әлі.

Біздің айтып өтырғандарымыздың бәрі келешек үшін, ұрпағымыздың болашағы үшін. Әйтпесе, керлинг,боулинг, гольф, стритбол, басқа да өзге елдердің ұлттық ойындары туралы жаман ойымыз жоқ. Жалпы әлемдегі 200-ден астам спорт түрі қазақтың осы шамалас (тіпті, одан да көп болуы әбден мүмкін) және басқа шетелдегі ұлттық ойындардың өмір сүруге, дамуға, тіпті, олимпиадалық ойындардың құрамына енуге де құқы бар. Былайша айтқанда, толық құқылы.

Сондықтан да аталған ойындарды құрметтейміз. Елімізде осы спорт түрлерімен, кейбір ұлттық ойындармен шұғылданушылар болса, олардың ниеттеріне қосыламыз. Бірақ естен шығармайтын бір ақиқат бар, ол – елімізде төрт жылда бір өтетін ұлық жарыс –олимпиадалық спорт түрлеріне ерекше көңіл бөлу. Әсіресе, бізге мол пайда әкелетін, ел абыройын асқақтата түсетін, Қазақстанның туын желбіретіп, Әнұранын шырқататын спорт түрлерін ұлықтау. Біздің мақсат – тек ұлықтап қана қоймай, қаржыны да соларға құю, мектеп партасынан, тіпті, балалар бақшасынан небәрі отыздан аспайтын спорт түрлері ішінде қазақтың менталитетіне, ел азаматтарының оң жамбасына дәл келетін спорт түрлерін електен өткізіп, екшеп алып, меңгеру үшін жан-жақты жұмыс жүргізу керектігін еске салу.

Қанымызда бар олимпиадалық ойындарда түрлі жүлде алып беріп жүрген бокс, ауыр атлетика, күрес түрлері (еркін, грек-рим, дзюдо), велоспорт каратэ, о баста Қазақстанның атын халықаралық небір дегбірлі додаларда әлемге таныта білген волейбол, көгалдағы хоккей, су добы (мен бұл жерде тек жазғы Олимпиада түрлерін ғана айтып отырмын, қысқы спорт туралы әңгіме кейін), гимнастика, тіпті, бүгінде ерекше дамып келе жатқан футбол бізді болашақта спорт державасы ретінде екі жүзден астам елдің арасынан ерекшелеп тұратынына сенім бар. Егер спорттың су спорты мен жеңіл атлетика секілді екі түрін жаңғыртып, дамыта түсіп, талантты жастарымызды байрақты бәсекелерге қоса алсақ кәне.

Құм сағат сусылдап аға бастады. Ендеше келесі – Токио Олимпиадасына дайындық басталды деп есептейік. Ендігі сөз спорт шенеуніктерінде.

Іске сәт, ағайын.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!