Қысқа қайырғанда: Спорттағы соңғы жаңалықтар

 zam

Занковец қазақ хоккейін ұшпаққа қалай шығармақ?

         Әй, шығара алмайтын шығар. Менің бұған күмәнім бар. Осы бапкер келгенде де дәл осы сұрақты алға тартқан едік.

         Эдуард  Константинович Занковец «Барыстың» бас бапкері болып 2016 жылғы 7 қыркүйекте тағайындалыпты. Бүгін тура бір ай төрт күн болыпты. Оның Қазақстанның бас командасына бас бапкер болып тағайындалуын сонда былай деп түсіндіріпті: «…ҚХЛ клубтарында үлкен жаттықтырушылық тәжірибесі бар. ҰХЛ (НХЛ – Ұлттық хоккей лигасы) клубтары жүйесінде жұмыс істеген…». Міне, біз осылай таңдаймыз.

         Сонда ол ҚХЛ-де қандай нәтижеге қол жеткізді? ҰХЛ-де кім болып қызмет етті? Бізге тигізетін пайдасы қандай?

         Осы сұрақтар толғандыра ма бізді. Әкелесің бе, еңбегін ел білетін, қол жеткізген нәтижесін бағалай отырып әкел. Қысқасы, «осы біздің хоккейді ұшпаққа шығара ала ма?» деген сұраққа жауап іздеу керек қой. «Көп ақша сұрамайды, әйтеуір команданы құлатпай алып жүрсе болды» деген мақсат «Барысты», жанкүйерлерді қанағаттандырмайды. Осыны ұғатын кез келді.

         «Барыс» – алдына үлкен мақсат қойып отырған, өзіндік мінезі, стилі қалыптасып, ҚХЛ клубтары арасында өз бедел-даңқымен танылып қалған  команда.

   Біз команданы біраз табысқа, осындай жетістіктерге әкелген Ари-Пекка Селин, Владимир Крикунов, тіпті, Андрей Назаровтан неге бас тарттық? Бірі «Барысты» әлем чемпионатында жеңіске жеткізе алмаса, екіншісі Олимпиадаға жолдама әпере алмады. Міне, біздің оларға қойған кінәміз. Мына Заңковецтің тұсында біз осы үш бапкердің нәтижерін қайталай алады дегенге сенім жоқ. Жаңа бапкер келгелі жеңгенімізден жеңілгеніміз көп. Сол ойыншылар, сол команда. Сонда не кедергі?

         Шеберлік, біліктілік. Одан басқа түк те емес. Ол жас болса, жас шығар (жас дегенде Назаровтан бес жас үлкен), бірақ осы үш бапкерден биік емес.

         Біле білсеңіз, Селиннің кезінде елорда клубы өзінің ең нәтижелі кезеңін бастан кешкен. Шығыс конференциясында екінші орын алып, өз тарихында бірінші рет Гагарин кубогының алғашқы раундын басып өтті.

        Крикунов «Барысты» 2012/2013 маусымда басқарған, бұл Астана командасының Шығыс конференциясында алтыншы орын алып, Гагарин кубогының плей-офф кезеңінен шығып қалған тұс еді. Осы жылы жаңа бапкер Қазақстан құрамасын әлем чемпионатының элиталық тобына шығарды. Назаровтың кезінде жоғары көтерілген, құзға құлаған да кездер болды. Бірақ «Барыста» мінез болды. Қазақ ұлдары бой көрсете бастады. Біз «қашанғы жалғыз шабамыз?» деп жүргенде, біздің сол «жалғыз» Жайлауовымыздан бөлек, Рыспаевтың, Қайровтың, Ыбырайбековтың, Әсетовтың, Белгібаевтың ойнай бастау да осы кез.

         Ал Занковецтің бастауы қалай? Әзірге нашар. Сырттағы бір-екі жеңіс кешегі өз алаңындағы екі жеңілістің алдында түк те емес. Өз айдыны – өз елі. Өз жанкүйерлері алдында «Барыс» бұрын бұлай ұтылмаған. Мұндай масқаралықты бастан кешпеген.

Енді, міне… Бір айдан астам уақыт соншама көп те емес, бірақ кімнің кім екенін байқау үшін аз уақыт деп санауға келмейді.

Команда алдында үлкен мақсат тұр ма? Сол мақсатты орындай алатын маман керек бізге. Ал «Барыстың» өз айдынында өткен соңғы екі ойында «Ақ Барс» (0:4) пен «Лададан» (2:4) ұтылып қалуы соның дәлелі.

Абыройды ойлайық, команданың болашағын ойлайық, федерация басшылары!..

rysbaev

 Панин – өзінікі, Рыспаев бөтен болғаны ма?

           Ресей журналистерінің арасында адалдары да аз емес. Олай дейтінім, бүгінде Ресей БАҚ-тары ақпараттық соғысқа қатты кірісіп кетті. Өз мүдделері үшін кейде журналистік, тіпті, адамгершілік этиканы да аттап өтіп кететін болып жүр. Оған НТВ арнасындағы «Большинство» сараптама-талдау бағдарламасындағы жайттар куә. Қазіргі таңда нағыз майданға айналған Ресей-Украина айтыс-тартысын әңгімеге тиек ететін осы бағдарлама аясында солтүстік көршілеріміздің эгоистік көзқарасы насихатталатынын жұртшылық көріп, біліп жүр. Сондықтан ресейлік журналистерге деген көзқарас күрт өзгерген секілді еді. Ал «Советский спорт» газетіндежарық көрген «Почему КХЛ наказала Панина гораздо мягче, чем Рыспаева?» деген сарап мақала ойымызды 150 градусқа өзгертіп жіберді. Ол не туралы, неге бізге ұнап қалды? Енді соған тоқталайық.

        Осы жылдың 9 тамызында қазақтың тұңғыш тафгайы Дамир Рыспаев «Барыс» сапында «Куньлунь Ред Стар» командасымен Елбасы кубогы жолындағы жарыста Қытайдың бірнеше ойыншысын мұз үстінде сүйреп жүріп соққының астына алған еді. Соққының астына алды деген жай сөз, осы матчтан кейін қытай командасының бірнеше хоккейшісі түрлі деңгейдегі дене жарақатын алып, дәрігердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болды.

        Бұл жерлесіміздің бірінші төбелесі емес. Осыған дейін ҚХЛ (Құрлықтық хоккей лигасы) хоккейшілеріне талай құқайды көрсеткен Дамир бауырымыз аталған лиганың басты қаһарманына айналды. Тіпті, бұл лигадағы тәжірибесі мол әрі ең атақты тафгайы Евгений Артюхиннің (СКА, Петербор, қазір «Сібір» командасында) өзі жасының қарсыласынан тура бір мүшел үлкендігіне қарамай өзара төбелесте сескеніп қалғанын орыс БАҚ-тарының өзі ашық жазып жүрді. Бүкіл ҚХЛ аясында ойнайтын командалар бар күшін Рыспаевқа сақтап, соған қарсы бөгетті ойластырып-ақ әлек болатын. Оның реті табылды. «Куньлунмен» кездесуден кейін төрт бірдей қытай хоккейшісін «істен» шығарғаны үшін Рыспаев белгісіз кезеңге дейін ойыннан шеттетілді.

         Жақында біз сөз еткен мақалада биыл ҚХЛ-да болған аса шулы екі оқиғаға талданыпты. Біріншісі, біздің Рыспаев мәселесі, екіншісі, Братислава қаласында ЦСКА және жергілікті «Слован» командалары арасындағы  матчта болған оқиға. Яғни ресейлік хоккейші Григорий Паниннің тәртіп бұзып, төбелесті тоқтатуға араласқан арбитрге жұдырық жұмсағаны туралы сөз ете отырып, оның төрт ойынға шеттетілгенін айтады. «Төрт ойын аз емес, – дейді журналист, – төреші де соншама қатты жарақат алған жоқ, бірақ…». Сөйтіп бұдан біраз бұрынға Рыспаевпен болған оқиғаны еске алады. Екі оқиғаны салыстыра отырып талдау жасайды.

         Бірінші, «Зардап шегуші кім?» дегенге сұрақ іздейді. Рыспаев ойыншыны ұрды, Панин төрешіге қол жұмсады.  Хоккейшілер төбелеске дайын, ал төреші ешкіммен төбелеспейді ғой.  Ендеше Паниннің айыбы басымдау.

        Екінші, шығынның салмағы. Рыспаевтың соққысынан ойыншылар соншама қаттызардап шеккен жоқ. Мұндай-мұндай жағдайлар ойын барысында болып тұрады. Паниннің соққысынан төреші де соншама үлкен жарақат ала қойған жоқ. Бұл жерде екеуінің де кінәсі бірдей.

        Үшінші, «Төбелесті кім бастады?». Рыспаев, сөз жоқ, кінәлі. Төбелесті бастаған сол. Панин ше? Алдымен, төбелестен сырт тұрды. Бірақ бассыздықтың жаппай қарқын алуына жағдай жасады. Бұл жерде де екеуі бірдей кінәлі.

         Төртінші, «Жиі тәртіп бұзатын кім?». Бұл санатта екеуі де бірдей. Бірінші төбелесі емес. Алайда Рыспаев жас болса, Панин тәжірибелі «бұзық».

         Сонымен, қырытынды қандай? Екі ойыншының да айыбы бірдей. Дегенмен Паниннің кінәсі ауырлау. Айдында ешкімнің тиісуге қақысы жоқ төрешіні ұрды емес пе? Бұл басқа хоккейшілерге қандай тәлім-тәрбие береді? Бұдан былай төрешінің шешімімен келісе қоймаса, кез келген хоккейші оның құлақ-шекесінен бір ұрып, ақысын алуға болады екен. Төрт-бес ойынға шеттетілу деген не? Мәңгі кетпейді, қайтіп келеді ғой. Есесіне төреші біткен сескеніп жүретін болады. Міне, мәселе қайда жатыр?

       Ендеше бұл жерде Паниннің кінәсі молдау болып шығады. Онда неге ҚХЛ Рыспаевты қатты жазалап отыр? Бұған газет тілшісі өзінше жауап іздейді. Ол былай дейді: «Панин Рыспаевтан гөрі жақсы ойнайды. Панин – ресейлік, Рыспаев – қазақ.

         Панин өз төрешімізді ұрды, ал Рыспаев қытайлық хоккейшіні соққыға жыққан».

        «Ойыншыларды ҚХЛ-да қалай жазалайды: барлығына міндетті заңға сәйкес пе, әлде өзіндік түсінік бойынша ма?» деген риторикалық сұрақпен аяқтайды мақаласын. Бұған біздің алып-қосарымыз жоқ.

arshavin

«Шаштараз» Аршавин Петрдің шашын алып тынды…

         Петр Воликов те сөзінде тұратын азамат екен. Аршавин енді практик қой, ол да сөзінде тұрды. Түсінікті болу үшін басынан бастайық. Белгілі журналист «ОN TV» арнасының тілшісі, блогерПетр ВоликовҚазақстан премьер-лигасы ойындарының жаңа маусымы басталар алдында «Шаваның» (Аршавиннің спорттағы лақап аты) 8 доп соғатына күмән келтіретінін, ал бұл болжамы орындалмаса, шашын тақырлап алып тастайтынын айтқан еді.

         «Қайраттың» шабуылшысы оның сөзін жоққа шығарып, «Ақтөбемен» ойында өзінің осы маусымдағы сегізінші голын соқты. Осы голдан кейін әбден ашынған Аршавин «Петр, күтмені, шашыңды өзім барып алам» деп осыған дейін өзіне қатысты айтқан сөзін Воликовтың есіне қайта салды.

         Футболшы сөзінде тұрды, өткен бейсенбі күні (6 қазан) екі азамат келісіп, сағат күндізгі үш шамасында «Алмалы» СОО (сауда ойын-сауық орталығы, Республика алаңы, 2) шаш алу рәсімі өтті. Бұл жерде Петр Воликовтың да кісілігін айту керек. Айтқанын істеді, уәдеде тұрды. Бәлкім, бұл ол үшін мәртебелі сәт шығар. Өйткені Ресей футболының ең үздік экс-футболшысы атақты Аршавиннің өзі шашын алып берді. Енді шашы өспей қалса да ренжімейтін шығар.

         Біз мұны неге сөз етіп отырмыз? «Уәде – Құдай сөзі» дейді. Біз айтамыз, сол сөз, көбінесе, айтқан жерде қалып кетіп жатады.

         Бір-бірімізді тас-талқан етіп сынаймыз, кері байланыс жоқ.

         Аршавин мен Воликов осының толық дәлелі. Бұдан екеуі де ұтты: Аршавин Воликовтың болжамынан кейін жанын салы ойнаған шығар «жұрт маған неге сенбейді?» деген секілді. Ал Петр Аршавиннің өзіне шаш алдырды. Кез келген дебат екі жаққа да пайда әкелуге тиіс. Жеңілгенге де, жеңгенге де. Жалпы, өзге ұлттан үйренеріміз көп… isa-akberbaev

Үндінің киносынан да асып түсті-ау…

         Иса Ақбербаев, сөз жоқ, талантты, күрзі жұдырықты боксшы. Біз сөз еткелі отырған германиялық Майкл Курцвейлмен (17-7, 17КО) жекпе-жегіне дейін 18 кездесу өткізіп, 17-ісін жеңіспен аяқтаған. Оның 12-сі нокаут.

         Бірінші ауыр салмақта (90,892 келіге дейін) GBC, IBO-Inter Continental тұжырымдары бойынша чемпиондық белбеулері бар.

         Әрине, біз жерлесіміздің әрбір жеңісіне қуана қол соғамыз. Тілеулестік білдіреміз. Бірақ осы талантты боксшымыздың соңғы жекпе-жегі жанкүйерлерін ары-сәрі күйде қалдырды.

         Осы екі алпауыттың (Курцвейлдің лақап аты – «нокаут-машина») жекпе-жегі тым күмәнді көрінді. Осы «машинаны» біздің Ақбербаев бірінші минутта-ақ нокдаунға түсірді. Исаның қолы тиер-тиместе Майкл мырза шалқалай барып, жата кетсін екі аяғын аспанға көтеріп. Сөйтті де «мұным ұят болды-ау» дегендей қайта көтеріліп, «дайынмын» дегендей ыңғай көрсетіп, қайта кірді майданға. Кірді дейміз-ау, Ақбербаев қолын тағы бір сілтеп қалып еді оның жұдырығы тағы да тиер-тиместе Майкл тура сол сценарий бойынша тура сол жерге тура сол позада құлай кетсін. Болды! Төреші енді болмайды деп боксты тоқтатуға мәжбүр болды.

         Қайта көрдім. Алданбаппын. Сол көрініс, сол сурет. Құдды бір үндінің киносын көріп отырған секілдімін. Бірақ үнді киносында соққының даусы шығады ғой, мұнда ондай эффект жоқ. «Режиссерлері» мықты болмай тұр.

         «Біткен іске сыншы көп» дейді мұндайда әрі жеңген біздің жерлес. Бұған көзді жұмып қойып, жылы жауып тастауға болар еді. Бірақ ертеңгі дәл осындай «керемет» кездесулердің, «ғаламат» нокауттардың көбейіп кетпеуін қаладық. Ол үшін түптің-түбінде мұндай жекпе-жектерге тосқауыл қою керек шығар. Әлеуметтік желілердегідей, «кездесу сатып алынған» деуден аулақпыз. Алдын ала да келісім болмаған шығар. Әлде Майк шын мәнінде де мықты соққысы бар алып Исаның сырт алаңдағы қатты бір соққысына ұшырап қалудан қауіптеніп, осындай шешім қабылдауы да мүмкін ғой. «Денсаулық – басты байлық».

         Қалай дегенмен де сенімсіз көрініс. Жарысты ұйымдастырушы «Tiger Promotion» компаниясының басшысы Рустам Абдусаламов бұл жекпе-жектің сатып алынбағанын қанша айтып, қанша ақталғанымен, нокаут сенімсіз. Соққы жоқ. Қаншама қайталап көрсеңіз де сол.

         Бұл – бокстың сауда-саттыққа, шоуға айналып бара жатқанын көрсетсе керек. Онсыз да осы бір керемет спорт түрінің реңі кетіп бара жатқан кезде бұл бізге ерекше дабыл болуы керек. Спортқа, ұлы мәртебелі боксқа адалдық танытуға тиіспіз. Әйтпесе, бүгін бе, ертең бе осы бір жекпе-жектің төресін, қазақтың брендін олимпиадалық спорт түрлері қатарынан көрмеуіміз бек мүмкін.

 gut

Головкинмен жұдырық түйістіргенімізге мақтанатын болдық

         Шындық сол. Сонау бір 2005 жылы түбі қазақстандық, бүгінде кәсіби бокста Германияның намысын жыртып жүрген Эдуард Гуткнехт Boxingnewsonline.net басылымына берген сұхбатында өз жерінде өткен Chemie Pokal турнирінде Геннадий Головкинмен қолғап түйістіріп, ұпай санымен жеңгенін айтыпты.

       «Бұл – турнирдегі алғашқы жекпе-жек еді. Сосын мен сол жарыста жеңімпазатандым. Жұрт мені Головкинмен кездесуде аутсайдер санаған, жанымды салдым, сол кездің өзінде оның соққысы тым жойқын еді. Әйтеуір төтеп беріп, соңында жеңіп шықтым. Ол – менің досым. Генаның қазіргі нәтижелері сұмдық, ол – машина! Басқа айтарым жоқ!». Жеңіп кетіпті. Қазір біз бокстың төңірегіндегі қитұрқы құбылыстарға, қиямпұрыс қиянаттарға куә болып жүрген соң ба, ол жеңіс те қолдан жасалды ма деп ойлап қалдық.

       Әлі айтып жүр ғой, жалпы жеңіс жергілікті боксшыға жақын тұрады деп. Әйтпесе, осы турнирге аутсайдер болып шығып, сол кездің өзінде атақ-даңқы салмақты, күн сайын қарқынды өсіп, шеберлігі дамып келе жатқан Головкинді ұтып кету сондай ойға жетелейді. Мейлі ғой. Жеңгенге дауа жоқ. Ол – тарих, доңғалақты енді кері айналдыра алмаймыз.

         Жетісай қаласында (ОҚО) дүниеге келген Гуткнехткейін мықты боксшы болып қалыптасқан екен.Осыған дейін 34 жекпе-жек өткізіп, 29 кездесуде жеңіске жеткен, оның 12-сі нокаут. Бір жекпе-жекті тең аяқтаған. Жартылай ауыр салмақта (79,4 келі). Кәсіпқой бокстағы тұңғыш жекпе-жегін 2006 жылғы 27 мамырда өткізіп, қолғабын 2016 жылғы 12 наурызда шегеге іліпті.

         Головкин екеуі түйдей құрдас, 1982 жылғы 19 наурызда дүниеге келген. Екеуінің арасын небәрі  жиырма күн бөліп тұр. Жиырма күн аз ба, көп пе?

     Үлкен үлкендігін жасап, үлкен спорттан ертерек кетті. Ал Головкин әлі өз бабында, өз бабында дейміз-ау, бүкіл әлемді өзінің әлеуетті боксымен, қуатты соққыларымен таңқалдыруын қояр емес. Сол Головкиннің жиырма күн үлкен ағасы осылай мақтаныпты.

         Алда Головкинге жуып кеткен адамның өзі мақтанатын болады.Мына тірлік соның айғағы.

nanaev

Спортшыларда не құнымыз бар осы…

Біз осы спортшыларымызды қорғай алмайтын халықпыз ба?

         2009 жылы желкілдеп өсіп келе жатқан талантты боксшы Ермек Серіковтен қапыда айырылып қалдық. «Қазақ Тайсоны» (спорттағы лақап аты) қасқой қарақшылардың қолынан қапыда қаза тапты. Небәрі жиырма жасында. Қарапайым боксшы емес, Азияның үш дүркін чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі еді. 2010 жылы «Ақжайық» командасының (Орал) ойыншысы Айбек Ғұбайдуллинді барда демалып жүрген жерінде төбелес шығып, кәуапқа арналған шанышқымен қатты жаралайды. Бір бүйрегінен айырылған команда капитаны 23 жасында футболмен қоштасуға мәжбүр болады.

         Ал осыдан екі жыл өткен соң «Ертістің» ойыншысы Антон Чичулин де тура осындай жағдайға душар болады. Бет сүйегі сынған павлодардық футболшы екі айдай ойыннан тыс қалады. Онымен бірге болған Ұлықбек Бақаев жеңіл жараланады. Бір жылдан кейін Қазақстанның сол кездердегі мықты қорғаушыларының бірі Эмиль Кенжесариев Алматыда қатты соққыға жығылып, көп зардап шекті. Содан кейін ел құрамасындағы белді ойыншы футболға қайта оралмады. Сонау бір кездері өтіп кеткен бұл оқиғаларды неге қозғап отырмыз?

         Таяуда ғана тағы бір спортшы, баскетболдан «Барыс» командасының (Петропавл) ойыншысы Игорь Нанаев түнгі клубта белгісіз біреулермен төбелесіп қалып, қатты соққыдан ұзақ ұйқыға кетеді. Жағдайы әлі мәз емес.

        Жалпы, біз спортшыларымызды неге қорғай алмаймыз? Бұл жігіттің Қазақстан біріншілігінде осы облыстың намысын қорғайтынын бұлармен төбелескен жергілікті азаматтар неге түсінбейді? Әлде олардың кім екенін танымай ма?

      Мейлі спортшы өзінің мықтылығын көрсеткісі келді, кінәлі дейік. Бірақ соншама адам нанғысыз қатігездікпен топ болып тепкілеу адамгершілікке жата ма? Куәгерлердің айтуынша, «оны бірнеше адам тепкінің астына алған. Бұл аздай, басын асфальтке соққылап, аяусыз ұрғылаған».

     Қазір қатыгездер көбейді. Біреу біреуді ұрып жатса, көмекке барудың орнына сырт айналатын болдық. Мұны қоғамға жабамыз ба, әлде адам кінәлі ме?  Түсінбейтін нәрселер көп қазір. Бұдан шығатын қорытынды, спортшылар жергілікті жанкүйерлерімен тығыз байланыста болуы керек. Сонда жергілікті жастар спортшыларын алыстан танитын болады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!