Қанат ИСЛАМ, Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері: МЕН ҚАЗІР НАҒЫЗ БАБЫМДАМЫН

kanat 29 қазанда Алатау баурайында  қазақтың батыр ұлдарының бірі Қанат Ислам ганалық Патрик Аллотеймен жұдырықтасады. Бұл кездесуде жартылай орта салмақта IBO (Intercontinental), WBO (International) тұжырымдарының чемпиондық белбеуі сарапқа салынады. Осы жекпе-жекке тыңғылықты дайындалып жатқан жерлесіміз жақында Алматыда жанкүйерлеріне ашық жаттығуын өткізді. Сондай-ақ бокспен айналысып жүрген алматылық жастарға тәжірибесімен бөлісті. Маңызды кездесуге дайындық жүргізіп жатқан жерлесіміздің қазіргі кезде қолы көп босай қоймайды екен. Дегенмен бізге аздаған уақытын бөліп, сұхбат беруге келісті.

– Әңгімемізді ең әуелі «алдағы жекпе-жекке дайындығыңыз қалай?» деген сауалдан бастасақ…

– Мен қазір нағыз бабымдамын. Аллаға шүкір, жақсы дайындықтамын. Америкадан келген бапкерім дайындап жатыр. Жарыс таяған сайын уақыт та тығыз. Күнделікті күн тәртібім жаттығу мен қайта қалпына келуден басталады. Ендігі кезекте мақсатым  – жақсы нәтиже көрсету.

– Қарсыласыңыз Патрик Аллотейді қаншалықты зерттеп үлгердіңіз?

– Патрик Аллотей де тәжірибелі боксшы. Осыған дейін кәсіпқой шаршы алаңда 36 жекпе-жек өткізген. Оның 34-інде қарсыластарынан басым түссе, 24-де қарсыластарын нокаутпен жеңген. Тек екі жекпе-жегінде ғана қарсыластарына есе жіберген. Cоңғы рет 24 маусымда шаршы алаңға шығып, отандасы Сани Идананы жеңген. Жекпе-жектерінің барлығын дерлік Ганада өткізген. Үш кездесуі ғана өзге елде өткен. Кәсіпқой бокста «Улы жебе» деген лақап атқа ие. Сондықтан бапкерім екеуміз қарсыласымның осал тұстарын зерттеп, соған орай жаңа жаттығулар мен айла-тәсілдер ойластырудамыз. Қарсыласымның соққылары да мықты екенін білемін. Өйткені жекпе-жекте бәрінен де дұрыс тактика ойластыра білу. Шаршы алаңға шыққан кезде бәрі белгілі болады ғой.

– Ал психологиялық тұрғыда дайындығыңыз қалай? Білуімізше, қарсыласыңыз өз елінде БАҚ беттерінде сізді еш қиналыссыз жеңетінін сеніп айтқан.

– Мен қазір WBA тұжырымы бойынша әлемде бесінші орында тұрмын. Ендігі жекпе-жектердің барлығы өте маңызды болмақ. Қарсыласым мықты екені сөзсіз. Оның рекорды да менікінен жоғары. Бірақ мен кәсіби рингте алғаш рет өз елімізде жергілікті жанкүйерлер алдында шаршы алаңға шыққалы отырмын.  Халқымның маған үміт артып, қайда барсам да, тіпті, әлеуметтік желілерде де жылы лебіздерін  білдіруі маған үлкен демеу береді. Халқыма, жанкүйерлеріме алғысым шексіз. Бұған қоса биыл еліміздің тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Мұның өзі де маған үлкен жауапкершілік жүктегендей. Сондықтан елімізді әлемдік бокс аренасында лайықты көрсете білуім керек.

– Спарингтік кездесулерде кімдермен бақ сынастыңыз?

– Спарингтік жекпе-жекте Айдар Шәрібаев, Айдос Ербосынұлы, Жәнібек  Әлімханұлы сынды өзіміздің боксшыларымызбен бақ сынасып келемін. Бұл бір жағынан, кәсіпқой және әуесқой бокс арасында үлкен тәжірибе алмасу. Мұндай спарингтік кездесулерден жеңіске, әлбетте қазақ боксы шығады.

kan– Сіздіңше, Рио Олимпиадасы   қазақстандық боксшылар үшін қалай аяқталды? Біз қандай ұстанымда, бағытта болуымыз керек?

– Шынын айтсам, шаршы алаңда бір боксшы тер төгіп жеңіске жеткенімен, екіншісі жеңімпаз атанып жатқан сәттерді көріп қынжылатын да кездер болады. Мен Жәнібек Әлімханұлы мен Әділбек Ниязымбетов алтын алатынына сенімді едім. Мәселен, Жәнібек өзінің қарсыласы Камран Шахсуварлыдан есесін жіберген жоқ деп санаймын. Алайда үлкен спорт болғасын үлкен жеңістер жеңілістерден кейін болатынын ұғыну қажет-ақ. Ал қазір Жәнібектің кәсіпқой бокста өз бағын сынап жүргеніне қуаныштымын. Бұлай деп отырғаным, Қазақстанда Олимпиада көпшілік үшін спорттық жетістіктердің ең биік шыңы іспеттес. Олимпиададан кейін кейбір спортшылар ешқандай болашақ көрмейтіні өкінішті. Олимпиада чемпионы болған жігіттер өздерін жоғалтып жатады. Егер Ермахан, Мұхтархан ағаларымыз кәсіпқой боксқа бет бұрғанда, онда күллі әлем қазір қазақты бокстан мойындап отырар еді. Олардан жеңілген талай боксшы, қазір кәсіпқой бокста атой салып жүр. Жасыңның 30-дан асқаны еш кедергі болмауы тиіс. Мен қазір 32-демін. Кезінде ата-бабаларымыз жауға шапқанда, «қой 30-дан асып қалыппыз, енді сендер шабыңдар» деген жоқ ғой. 70-ке дейін жекпе-жекке шыққандар болды. «Шалмын» десең, отызыңда шал боласың. Америкада 50 жасқа дейін бокстаса береді. Бұл – тәрбиенің қателігі. Бізде боксшылардың барлығы әуесқой боксқа қатты берілген. Қай жасқа келсең де бірқалыпты жағдайды ұстауға тырысу керек. Жігіт адам бір жеңіліспен жерге кіріп, бір жеңіспен аспанға шықпауы тиіс. Сондықтан жастардың спортқа келгендегі ең алғашқы қадамдарын кәсіпқой шаршы алаңда бастап жатқанын құптаймын. Сонымен қоса мұндай бокс кездесулерін өткізу арқылы біз еліміздегі жастар арасында кәсіпқой боксты насихаттаймыз. Мәселен, әуесқой бокста, Олимпиададан кейін спортшының есімін бір жылдан соң да ұмытып кетуі ғажап емес. Ал кәсіпқой бокста, керісінше, әр жекпе-жек сайын әлем сені жақынырақ тани бастайды. Мысал ретінде сол Геннадий Головкин немесе Майк Тайсонды да айтуға болады. Олар, шынымен де, әлемге әйгілі спорт жұлдыздары.

– Қанат, сіз осыған дейін жекпе-жектеріңізді мұхиттың әр жағында өткіздіңіз ғой. Бізге АҚШ-тағы өміріңіз туралы айтып беріңізші?

– АҚШ-қа үйрену бастапқыда қиын болды.  Әсіресе, отбасыма қиын болды. Елге үйрену, жаттығу жасап көшіп-қонып жүрдік. Тілі, ділі, мәдениеті, өмір сүру дағдысы мүлдем өзгеше құрлықтың арғы жағындағы мемлекетке де бойымызды үйреттік. Мен қазір ағылшын тілін меңгеріп жатырмын. Себебі, АҚШ-та спортшы үшін ағылшын тілінде сұхбат беру аса маңызды.

– Кәсіпқой боксқа ауысқалы қанша қаржы таптыңыз?

– Америкаға барып бір тиын тауып көрмеппін. Дүние жисаң жия бересің. Бірақ қазақ та өзінің ұлдары, атақты адамдары арқылы мақтанғысы келеді. Мен сол үдеден шықсам деймін. Мен арқылы ұлт кеудесін мақтаныш кернеп жатса бұдан асқан байлық жоқ. Әу баста кәсіпкер Бауыржан Оспанов ағамыз қолдап, айлық қойып берген. Сол айлықпен күнімді көріп жатырмын. Енді осы жекпе-жегімде гонорар болады. Бірақ нақты қанша және қалай болатынын промоутерлерім құпия сақтап отыр.

– Қазақ жігіті қандай болуы керек?

–Марқұм ұстазым жігіт сылтау айтпау керек дейтін. Қателессең мойында, болмаса қателеспе. Жігіт бірінші өзіне жауап беру керек. Сосын барып, жарына, отбасына жауап береді. Ұлт үшін ештеңе істемей-ақ қойсын, өзін дұрыс ұстаса болды. Қарындастарымызға дұрыс тәрбие бере алсақ, олар да ешқайда кетпейді. Еркек бос болса, әйел жан-жаққа бытырай бастайды. Кезінде, тіпті, басқа ұлттармен жүрген қазақ қызын көрсе, жігіттер шапалақпен бір тартып, қызды үйіне қуып жіберген ғой. Қазір бірдеңе айтсаң, ізіңнен арыз жазып шыға келеді. Жігіттер, әр қызға  ана, қарындас, жар деген көзқараспен қарау керек. Ертең үйленсең өзіңнің де қызың болады, ол да бойжетеді деп кеңінен ойлану қажет.

– Кәсіпқой бокста Геннадий Головкиннің аты дүркіреп тұр. Генаның аты да шаршы алаңда әсер ете ме?

– Геннадий Головкин бізге кәсіпқой боксқа жол ашты десек жаңсақтық емес. Біз Генаның артынан еріп, қазақстандық боксты әлемге танытып, сол биік деңгейден түсірмеуге тырысып келеміз.

Көпшіліктен жекпе-жектер қазақ жерінде өткізілсе деген ұсыныстар естимін. Бұған, әрине, жақсы іргетас қалануы керек. Жастарға арналған залдар ашып, оларды тәрбиелеу керек. Ең бастысы, сапаға мән беру қажет. Мықты спортшыларды дайындап, міне, осыдан соң елімізде де жоғары деңгейдегі бокс турнирлерін өткізуге болады.

–Бір кездері мексикалық  «Канело» Альвареспен спарингтік жекпе-жектен бас тартқаныңызды білеміз. Бұл туралы не дейсіз?

– Мен қазір WBA тұжырымы бойынша әлемде бесінші орында тұрмын. Болашақта бұл межеден алға жылжып, басқа да тұжырымдардан үздіктер қатарынан көрінгім келеді. Бірінші ондықтың барлық боксшылар әлем чемпионымен жекпе-жекке шыға алады. Чемпионға алғашқы ондықтың иегерлерімен шаршы алаңға шығу да маңызды.  Менің салмағымда «Канело» Альварес және  Котто сынды боксшылар бар. Мені Альвареспен спарингтік жекпе-жекке шақырған. Алайда мен бас тарттым. Менің командам біраз уақыттан соң Альвареспен де шаршы алаңда кездесуім бек мүмкін деді. Сондықтан бұл спаринг арқылы Альварестің мені зерттеп, жақынырақ танысуына мүмкіндік беретін едім. Сол себепті өз қарым-қабілетімді әзірше оның алдында көрсетпеймін деп шештім.

kana

– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз…

– Алматыдағы жекпе-жектен бөлек осы жылдың аяғына дейін АҚШ-та тағы бір кездесу жоспарланған. Ал келесі жылға 4-5 кездесу бар. Әрине, әлем чемпионы атағына кездесулерге шығу керек-ақ. Ал жалпы жылына қанша жекпе-жек өткізетінімді айту қиын. Мұнда қарсыласымның мықтылығына, кәсібилігіне, деңгейіне байланысты. Егер төрт раундтық жекпе-жектер ұйымдастырсаң, онда айына екі рет  шығуға болады. Алайда раундтар саны көбейген сайын қалпыңа келуің керек. Сондықтан  он не болмаса он екі раундтық кездесулер үш айда бір өткізілген дұрыс. Тиісінше мұндай жекпе-жектер жылына 4-5 рет қана болады.

Қанат Ислам мен Патрик Аллотей арасындағы жекпе-жек 29 қазанда Алматыдағы жаңадан салынған «Алматы Арена» спорт кешенінде өтеді. Бұл ғимаратқа 12 мың көрермен сияды. Сондай-ақ осы бокс кешінде Жанқош Тұраров, Руслан Мырсатаев, Әли Ахметов, Айдар Шәрібаев, Айдос Ербосынұлы және Жәнібек Әлімханұлы өнер көрсетеді. Соңғысы кәсіпқой бокста алғаш рет бақ сынайын деп отыр.

 Әңгімелескен – Ақбота ИСЛӘМБЕК,

«Sport»

(Суреттер Tengrinews.kz сайтынан)

 

1 комментарий

  1. Жәнғазы Ответить

    Қанат әуесқой бокста жақсы табысқа жетті. Қазіргі бокста жеңіп жүргені қуантады. Бірақ оның қазіргі тұжырым бойынша деңгейі өте төмен. Жоғары лига секілді жоғары тұжырымда чемпиондық белдікке таласу үшін көп еңбектенуі керек әрі мол қаржы керек. Оның үстіне жасы да біразға келіп қалды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!