Қысқа қайырғанда. Мұжықтың немересі Мұжық деген аттан намыстанып жүр…

muzhik

  • Мұжықтың немересі Мұжық деген аттан намыстанып жүр…
  • Табыстыратын да, соғыстыратын да қыздар…
  • Тағы не болып қалды?
  • Мұндайда қазақ «Жеңілгеннің сөзі құрысын!» дейді
  • Ертеңімізді қашан ойлаймыз?
  • О заманда, бұ заман, жасыл карточканы айтсайшы…

«Астана» және ұлттық құраманың жартылай қорғаушысы Серікжан Мұжықов деген азамат KazFootball.kz сайтының тілшісіне былай деп сұхбат беріпті (кім білсін, бәлкім, арнайы ұйымдастырылған диалог шығар): «Серікжан, сіздің тегіңізге байланысты сұрақ қойғым келіп отыр. Біраз журналист пен комментатор сіздің тегіңізді әртүрлі айтады. Біреу Мұжықов десе, біреулер Мужиков дейді». «Оныңыз рас. Менің де бұл туралы айтқым келіп жүрген. Орысша да, қазақша да менің тегім Мужиков деп айтылып, жазылуы керек. Менің тегімді тексергісі келгендерден Мужиков деп айтуын сұрар едім».

Міне, сіздің Серікжаныңыз. Егер аты-жөнін «Серікжан Мужиков» деп тегіне қосақтап қатар атамаса, сөз жоқ, оның қазақ екеніне күдік келтірер едіңіз. «Айналайын Серікжан, Мужиков деп жазғанмен, қазақша комментарий жасағанда екпін соңына түседі де орыстардағыдай сенің тегің соншама әдемі естілмейді. Қазақ тілінің заңдылығына сәйкес Мұжықов деп жазып, Мұжықов деп атай берейік те одан да. Біз сенің айтқаныңа көніп, тіл заңын бұза салатындар қатарынан емеспіз» дегің келеді кейде.

Жалпы, спорттың ойын түрлеріндегі азаматтардың басым бөлігі орыстілділер ғой. Мұжық деген оған біртүрлі. Мужик деген «тамаша!». «Он настоящий мужик». Ал сол мужиктің Мұжық екенін білмейді. «Мені Өмірбеков емес, паспортымдағыдай Умирбеков деп жаз» дейтіндер болғанын талай рет мысал ретінде келтіргенбіз. Бұл былайша айтқанда «ходящий труп» қой, қазақша аударғанда. Міне солай.

Біз өзіміз әлсізбіз. Аталмыш сайттың тілшісін айтамын. Сұрақ бере отырып, «оның арты не болады, қалай жауап береді, мен тағы қандай сұрақ қоямын, қысқасы, қазақша Мұжық болуы керек екенін санасына жеткізуім керек» деген ой болды ма екен онда? Әлде жоғарыда айтқанымыздай, «Бұдан былай мені Мұжықов деп жазуын тоқтатсын, сен менен сұхбат ал!» деген арнайы тапсырыспен жазды ма? Не болса да сәтті емес.

Соған қарағанда журналист те орыс тілді-ау. Тіл заңдылығын білмейтін, қазақша сауатсыз.

Енді «Оқжетпестің» (Көкшетау) және Қазақстан жастар құрамасының ойыншысы Мұрат Тулиев деген талантты жас футболшы бар. Біз оны Төлеев деп жазып жүрміз. Енді ол да бір күні «мен Тулиевпін, Төлеев емеспін» десе қайтеміз? Қазақ спортында мұндайлар көп…

Табыстыратын да, соғыстыратын да қыздар…

nanaev«Әлем әйелдің қолында!». Әдемі сөз. Шындығы да сол. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деп бекер айтпаған. Бұл да таза қазақтың сөзі. Бесік тек қазақта ғана бар. Домбыра мен бесік қазақтың бренді.

Бір Елена сұлу үшін грек батырларының Трояға соғыс ашуы да тегін емес. Қазақ батырларының талайы сұлулар үшін де соғысқан. Әйел намысы үшін, махаббат үшін де. Ендеше табыстыратын да, соғыстыратын да әйел дегеніміз дұрыс шығар.

Өткен жолы петропавлдық баскетболшыны аямай соғып, өлімші етіп ұрып кеткендер туралы жазғанбыз. Оның жағдайы өте ауыр деп «толғағамыз». Сол азамат, Игорь Нанаев есін жимаған күйі қайтыс болды.

Жалпы, бұл қайдан шыққан төбелес, кім кінәлі?

Жақында облыс полицейлері мен прокурорлары арнайы өткізілген брифингте осы мәселеге байланысты ел алдында жауап берді.

Бұдан бұрын айтқанымыздай, Нанаевқа көп адам жабылмаған болып шықты. Жергілікті «Барс» баскетбол клубының ойыншысы 21 жастағы азаматпен жекпе-жекке шыққан. Екеуара төбелесте бас сүйегіне, миына зақым келген Нанаев бір аптадан кейін есін жимаған күйі қайтыс болды.

СҚО ІІД бастығының тергеу бойынша орынбасары Еңбек Сембин төбелес негізінен қыз үшін болған деп мәлімдеп отыр. Неғылған қыз, қайсысының қызы, ол туралы мәлімет жоқ. Кейінірек оның мән-жайы айтыла жатар. Бір анығы, қыз үшін тартыс, бір талантты спортшының өмірін қоғадай қиды. Мұндай бассыздық қашанға дейін созылар екен!?

Тағы не болып қалды?

dopingОсы допинг деген бәле санамызға жабысып еніп алды-ау деймін. Қанша ескертсе де саспаймыз. Етіміз де үйренді, тіпті, шекемізге де тимейді екен. Рио Олимпиадасының аяқталғаны кеше, біздің ауыр атлеттеріміздің Лондондағы дау-дамайларынан қорытынды шығармаған екі спортшымыз тағы да жазаланды. Жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасының мүшелері Анастасия Кудинова мен Флорида Миниянова IAAF-ның (Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы) хабарарлауынша,маусымдағы допинг-сынама нәтижесі бойынша дростанолон пайдаланғаны үшін спорттан 2020 жылғы 16 тамызға дейін төрт жылға спорттан шеттетілді.

Осыған дейін қаншама спортшымыздың допинг қолданамын деп аузы күйгенін білеміз. Қазақ спортшыларын ең биік сатыға көтерілген Лондон Олимпиадасында төрт бірдей чемпион – Илья Ильин, Зүлпия Чиншанло, Майя Манеза және Светлана Подобедованың допинг қолданып кезекті ірі жарысқа бара алмай қалғанын көріп, біліп отырып осындай оспадарсыздыққа барып отырмыз.«Қолыңнан келгенді қылып ал!» дегеніміз бе бұл?

Әрбір олқылық, әрбір кемшілік орнын толтыруды, сараптап талдауды қажет етеді емес пе. Жалпы біз сараптап, талдап жүрміз бе? Жүрсек, мынауымыз не?

Қазір біздің ауыратлеттер жаманат хабарды – жоғарыда аты аталған чемпиондарымыздың атақ-даңқтарынан айрылатын шешімді күтіп отыр. Біз Қазақстанның спорттық тарихындағы ең биік нәтиже Лондондағы 12-орыннан төмен сырғу былай тұрсын, осы төртжылдықтың толағай тойында жеңіп алған төрт алтынымыздан айырылғалы отырмыз.

Өкінішті ме, өкінішті. Енді неге тоқтамаймыз?

Мұндайда қазақ «Жеңілгеннің сөзі құрысын!» дейді

kaz-ru

«Біз жеңілген жоқпыз!» деуі мүмкін мұны оқи қалған румындықтар. Рас, жеңілген жоқ. Бірақ бұл екі команда арасындағы айырмашылақтарға қарасақ, екі құраманың бір-бірінен жер мен көктей екенін байқар едік.

Румыния құрамасы Еуропадағы танымал командалардың қатарында. Әлем чемпионатына 1930 жылдан, ал Еуропа біріншіліктеріне 1984 жылдан бері қатысып келеді. Әлем чемпионатындағы ең ірі жетістігі – ширек финал (1994 жыл), Еуропа чемпионатындағы ең биік көрсеткіші де ширек финал (2000 жыл). Яғни халықаралық жарыстарда тәжірибелі ұжым.

Соңғы рейтинг бойынша 32-орында (ФИФА-ның 15 қыркүйектегі мәліметі бойынша). УЕФА-да– 35-ші.

Құрама ретінде алғашқы ойыннын 1922 жылы 8 маусымда Югославияда сол елге қарсы өткізіп, 1:0 есебімен жеңіске жеткен екен.

Ал Қазақстан құрамасытұңғыш халықаралық кездесуін 1992 жылы Түркімениямен өткізген (1:0). Алғаш АФК құрамында өнер көрсетсе, 2002 жылдан бастап УЕФА-ның қолтығына кірді. Дербес құрама ретінде биыл қалыптасқанына бар болғаны 24 жыл болыпты.

Әлем чемпионатына 1998, ал құрлық чемпионаттарына 1996 жылдан бастап қатысқан.

Соңғы рейтинг бойынша 32-орында (ФИФА-ның 15 қыркүйектегі мәлімі бойынша). УЕФА-да 18-орында.

Қай компонент бойынша да Қазақстаннан тәжірибелі.

Бірақ Қазақстан құрамасымен Астанада өткен матчындағы қылықтарына қарап, біз тәжірибелі, олар жаңа жасақталған командалар секілді көрінді. Ойынды айтып отырған жоқпын,жерлестеріміз жанын салып ойнағанымен, румын футболшыларының шеберлік деңгейі едәуір биік екені көрініп тұр. Бұл елдің футболшыларының басым бөлігі Еуропаның мықты чемпионаттарында ойнайтыны тағы бар.

Астанадғы матчта есеп ашылмады. Осының алдында ғана Ереванда Армения құрамасын 5:0 есебімен ойсырата ұтып келген румындар үшін бұл нәтиже, әрине, өз көңілдерінен шықпаған секілді. Бізді қалпақпен ұрып алам деп келген румындар ұта алмау себептерінжан-жақтан «іздеп» әлек. Бұл команданың жанкүйерлерінің арнайы сауалға берген жауаптарын көрейік: олардың 31 пайызы өз жерлестерінің нашар ойынады десе, 48 пайызы ауа райының суықтығы мен жасанды алаңды кінәлайды. Ал 21 пайызы партугалиялық төреші Мануэл Жорже де Соузанының жауапсыздығына назар аударыпты.

Шынында да, аға команданың бала команда алдындағы ақталғаны жаман. Осы «жаман»алаңда қазақтар да ойнады ғой. Еуропаның басқа командалары да келіп кетті. Төрешіні кінәлауы, тіпті, ақылға сыймайды. Мануэл мырзаның сәл жұмсақтау болғаны рас. Бірақ оны біз кінәлауымыз керек еді. Ал қонақтар жарақат алып жатса, ешқандай тәртіп бұзудан емес, өздерінің ебедейсіз қимылдарынан, қарапайым ғана қақтығыстардан туындап жатты. Тоқтатып алып, тісін қағып алған жоқ немесе ұстап тұрып танаудан соққан жоқ. Төреші қашанғы және кімнің бетіне қарап тұрсын.Әркімге жалтақтап, атақ-даңқтан қорқып тұратындар қатарынан емес екен.

Бұл енді таза бишаралық. Қазақша айтқанда, «жеңілгеннің сөзі құрысын!». Өйткені бұл ойынды румындар екі ұпай жоғалттық деп зар қақсап отыр. Керісінше екі ұпай жоғалтқан қазақтар. Бірақ олар жылаған жоқ қой. Маңдайға жазылғаны осы. Енді келесі ойынға дайындалу керек.

Черногориямен өткен матчта қақпаға түкке тұрғысыз бес жауапсыз гол жіберіп алған жерлестеріміз үшін бұл тең ойын жеңіспен пара-пар. Бір қуантарлығы, Қазақстан құрамасы мінезді команда екенін тағы да дәлелдеп шықты. Ұзағынан сүйіндірсін дейміз. «Қасқырдың аузы жесе де, жемесе де қан!», абайлап ойнайық енді…

Ертеңімізді қашан ойлаймыз?

imgҮлкендердің фтболы осы. Олар туралы әңгіме болғанда келешегіміз, қазақ футболының ертеңі – жастар футболы туралы ойлайтынымыз анық-ақ. Бұл жағынан не жетістірдік? Бүгінгі ағаларының жолын жалғастырушы жасөспірімдер мен жастарымыз не бітірді?

Таяуда қазақстандық бір сайтта Қазақстан құрама командалары (үлкені, кішісі бар, яғни ұлттық, әйелдер, жасөспірімдер, жастар және қыздар құрамалары) 2016 жылы он матчта 1:75 деген жалпы есеппен ұтылып қалған екен. Ұтылып қалды деп айта салуға оңай. Сұмдық, тіпті, күйреп қалған.

Черногория құрамасынан үлкендеріміздің 0:5 болып жеңіліп қалғаны бір бөлек, 19 жасқа дейінгі жастарымыз соңғы үш ойында – Бельгия (0:5), Ресей (0:5) және Финляндия (0:6) құрамаларынан 0:16 есебімен тізе бүкті.Осы жастағы қыздарымыз Финляндиядан (0:7), Исландиядан (0:10), 17 жастағы қыздарымыз Франциядан (0:17), Хорватиядан (0:3), ал әйелдер командасы Австриядан (1:6), Уэльстен (0:4) және Норвегиядан (0:10) ойсырай ұтылды. Басқаша айту мүмкін емес.

Біз он матчты ғана айтып отырмыз. Осы 2016 жылы барлық құрама командаларымыз 19 ресми кездесу өткізіп, оның тек біреуінде ғана жеңіске жетіпті. Оның өзінде әйелдер құрамасы. 2:1 есебімен басым түскен.

Он бес кездесудежеңіліп, үш ойын тең ойнаппыз әйтеуір. Жалпы есеп – 4:97!

Біз футболымыз болашағы мықты деп жүрміз. Мына түрімізбен ертең ұлттық құраманың намысын қорғайтын бір де бір ойыншы даярлай алмайтын секілдіміз ғой. Енді не істеуге керек? Биылғы жыл біздің футболымызға не әкелді? Түк болмағандай келесі жылға осы күйі кете береміз бе, әлде отыра қалып быт-шытын шығарып талдаймыз ба? Ертеңімізді бүгін айқындап алмасақ, кеш болады білеміз, әйтеуір.

О заманда, бұ заман, жасыл карточканы айтсайшы…

zhasyl-kartaОсы жылғы қазанның бірі күні «Виченца» клубының (Италия) шабуылшысы Кристиано Галано «Виртус Энтелла» командасымен болған ойынның екінші таймында (В сериясы) футбол тарихында бірінші жасыл карточканың иесі атанды.

Оқиға былай болған: Галано қақпаны жанай тебеді. Доп қарсылас команда ойыншысына тиіп кетті деп есептеген төреші бұрыштама жақты нұсқайды. «Виченцаның» шабуылшысы төрешінің бұл шешімін қате дегені үшін жасыл карточка алды.

Жасыл карточка дейді. Қызылын білеміз, сарысын білеміз. Тіпті, күнде көріп те жүрміз. Бұл екеуінің қандай жағдайда көрсетілетініне дейін жақсы білеміз.

Қазір кішкентай баладан сұрасаң да айтып береді. Сары карточка –ескерту, ал қызыл карточка – алаңнан қу. Қысқаша осылай.

Талдап көрелікші:

Сары карточка (футболда): қолмен қасақана ойнау (нәтижелі шабуылды өрескел жолмен тоқтатудан басқа), уақытты созу, шабуылды тоқтату, ысқырықты күтпей допты тебу (айып добын тебер алдында «стенкадан» (қақпа алдындағы қатар) шығып кету), ысқырықтан кейін тебу (офсайдты анықтаған жағдайда немесе ойынды тоқтатқан кезде), дөрекі ойын (арбитр тәртіп бұзушылықты «өте өрескел ойын» деп есептесе, онда сары қағаз берілмейді), спорттық емес мінез-құлық (егер спорттық емес мінез-құлық ойынға қатысушы кез келген футболшы, команда мүшесі, жанкүйердің намысына тию болса, онда оған көрсетілмейді), төрешімен салғыласу (бұл команда капитандарына да қатысты), симуляция (өтірік құлау, өтірік сылтауратып жатып алу, т.т), алаңдағы төрешінің рұқсатынсыз алаңнан шығып кету немесе алаңға кіру.

Өте өрескел тәртіп бұзған ойыншыға ешқандай ескертусіз қызыл карточка көрсетіліп, сондай-ақ бір матчта екі сары карточка алған футболшы ойыннан қуылады.

Ал енді қызыл карточка ше? Ол: нәтижелі шабуылды өрескел жолмен тоқтату, өте дөрекі ойын үшін (арттан «подкат» жасау, денеге аяқпен тебу, аяқты қарсыласқа қарай тік соза тебу), қолмен матчтың басқа қатысушысын, команда мүшесін, жанкүйерді ұру (түкіру, намысына тию және т.с.с).

Тіпті, ойыннан кейін де, егер бейне көрсетілімді талдау кезінде өте өрескел спорттық емес мінез-құлық көрсеткені анықталса, қызыл карточка көрсетілді деп есептеледі.

Біз карточканың екі түрін анықтап алдық. Ал жасыл карточка деген не және не үшін көрсетіледі?

Жасыл карточканың сары және қызыл карточкалардан ерекшелігі, ол ойыншыға көрсетілмейді, тек хаттамаға енгізіледі.

Мейлі, мұны қойшы. УЕФА-ның экс-президенті Мишель Платини ақ карточка енгізу туралы ұсыныс жасаған еді кезінде. Ол – ойннан 10 минутқа аластату туралы белгі. Тура хоккейдегідей. Мишель кетті, ол енді орындала қояр ма екен?!.

Д.ӘЛІ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!