Досай Кенжетай, дінтанушы: Ақыл-сана толыспай, діни парыздарды міндеттеу дұрыс емес

dРас, адамның діни сенім-нанымына ешкімнің де қол сұғуға қақысы жоқ. Өркениетті қоғамда адамның сөз бостандығы, дін ұстау еркіндігіне ешкім де шектеу қоймайды. Әйтсе де, Қазақстан әуел бастан діни мемлекет емес, зайырлы қоғам,  яғни дін мемлекеттен бөлек. Бұл дегеніңіз кім кімнің де діни сеніміне шектеу қойылмайды, бірақ мемлекеттік басқару, білім беру секілді стратегиялық маңызды салаларға діннің араласуына жол берілмейді деген сөз. Мұның барлығын неге тәптіштеп айтып отырмыз, дәл қазір қазақ қоғамында білім беру мекемелерінде білімгерлердің діни киіммен жүруіне қатысты мәселе  қызу талқыланып жатқаны рас. Осыған орай, ресми орындар мектептегі бірыңғай форманың қандай болуы керек екенін жұртшылықтың есіне тағы бір мәрте салып қоюды құп көріпті. Орталық комуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Білім және ғылым, Әділет, Дін істері және азаматтық қоғам министрліктерінің өкілдері оқушылардың мектепке діни киіммен келуіне қатысты ресми ұстанымдарын жария етті. Осыған қатысты белгілі дінтанушы Досай Кенжетайдың пікірін сұраған едік.

 – Діни наным-сенім өте нәзік мәселе екені даусыз. Сондықтан мұнда заңға сүйенген жөн-ақ. Еліміздің «Білім туралы» заңының 3 бабында білім беру зайырлы сипатта жүретіні жөнінде айтылады. Сондай-ақ, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңына сәйкес, білім беру мен тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлінген және зайырлы сипатта болатыны көрсетілген. Заңға сәйкес, еліміздегі мектептерде діни атрибуттарды, яғни киім және бас киім үлгілерін киюге жол берілмейді. Бірақ осыған қарамастан, Білім және ғылым министрлігі өкілдерінің айтуынша, соңғы жылдары оқушылардың мектепке діни киіммен келуі жиілеген. Дінтанушы маман ретінде, сіздің бұған пікіріңіз қандай?

– Рас, біз зайырлы елміз. Мектеп те мемлекеттік мекеме. Дін және мемлекет қатынастары ұстанымдары тұрғысынан мектептің білім беру мазмұны ешқандай діни танымдық бағдарларға құрылмайды. Бұл мемлекеттің Конституциясында айқын көрініс тапқан. Дін және діни бірлестіктер мен танымдық орталықтар бұл тұрғыдан мемлекеттік ұстанымдарға араласа алмайды. Ал енді мектепте тек қана білім беру мазмұны ғана емес, сыртқы формалар да зайырлылық талаптарын негізге алады. Соның ең басты өлшемі ол киім үлгілері. Жалпы мектеп жасындағы, яғни балиғат жасына жетпеген қыз балаға діни киім немесе шарт, парыздарды тықпалау діни тұрғыдан да құпталмайды. Ақыл-сана толыспай, діни парыздарды міндеттеу, бұл детерминизм. Исламда зорлық жоқ. Кез келген адам ақылы толысып, яғни теологиялық тілмен айтқанда, баладағы «сенім мен иман» арасындағы тұтастану сатысы, ол адамның жасы мен ақылының толығуына, демек тәжірибеге қатысты табиғи хәл. Кейбір ата-ана осы табиғи хәлді есепке алмай, өз зорлықтарын, талаптарын баласына жүктегісі келеді. Оны да Алла алдындағы парызы деп біледі. Бір жағынан ата-ана өз баласынан өзі қорқатын, үрейленетін жағдайлар көп. Мектеп жасында жүкті болып қалып, баласы жыныстық қатынасқа машығып үлгерген кездер аз емес. Демек ата-ана мектептің педагогикалық-тәрбиелік рөліне сенуден қалып барады. Содан барып, діни танымдық шаблондармен қыз-баланы бақылауға алғанды оңай көреді. Мәселенің екі жағы бар. Орта жол әрине зайырлылық ұстаным қызметтерін ғылыми танымдық, аксиологиялық және этно-педагогикалық шеңберде қайта түсіндіруде жатыр. Қазір оның үстіне қоғамда діни танымды өлшем ретінде танитын ата-ана саны артып отыр. Бірақ оларға да сапа керек. Ол сапа діни және конституциялық талаптардың қайсысы, қоғамға, қайсысы адамның тікелей өзіне қатысты екендігі арасында айыру санасы жетпей жатыр. Бұған салафиттік танымдағы орталықтардың да ықпалы бар. Мемлекеттік жүйеге, Конституцияға наразылығы да бар. Барлығы қосылып мектептегі тәртіпке өзінің баласын құрал қылғысы келетіндер де кездеседі. Жалпы бұл мәселе көп қырлы. Бірақ шешімі тек қана зайырлылық функцияларын тарихилық негізде ғылыми байыппен танытып, тануда деп ойлаймын.

– Жалпы, әлі есейіп, ой-өрісі жетілмеген, ақ-қараны айыратын деңгейге жетпеген ойын баласына дінді мәжбүрлеп таңу дұрыс па?

– «Баланы жастан» деген сөз бар. Ол дұрыс. Ата-ана баласына өзінің дінін, негіздерін, талаптарын шарттарын үйретуі құптарлық іс. Бірақ оны мектеп қабырғасында міндеттеу, Алланың атынан талап ету дінге де қайшы әрекет. Зорлықпен иман артпайды. Иман ақылдың толығуымен бірге уақытпен келетін жауапкершіліктен туындайды. Бұл уақытты баланың балағатқа жетуі деп қараған жөн. Ал мектептегі қызға діни киімді кигізу, оның айналасындағыларға да кері әсерін тигізеді. Себебі діни таным бірдей қалыптаспайды. Ол әр отбасында әртекті. Екіншіден, мектеп жасынан-ақ діни атрибуттармен киінер болса, онда әртүрлі діни төзімсіздіктерге мектеп жасынан жол ашқан боламыз. Олардың арасында «біз емес», керісінше «сен-мен» деген психологияны еккен боламыз. Ал ақылы, санасы толысқан жаста бұл мәселеге адам түсіністікпен, жауапкершілікпен толеранттылықпен қарайды. Ал жас кезінде бұл мінезді баладан қалай талап етесің. Бұған қоса балалардың отбасы мүмкіндіктері әртүрлі. Әркім қалаған киім үлгілерні киер болса, әлеуметтік теңсіздік психологиясы да бас көтеріп шыға келеді. Бірі байдың, ал бірі кедейдің ұл-қыздары дегендей. Бұл да жас баланың бойында агрессиялық психологияның қалыптасуына алып барады.

 – «Қазақстан – зайырлы мемлекет, діннен бөлек» дейміз. Бірақ, «бұл діннен безген, иман-сауаптан мақрұм қоғам» дегенді білдірмесе керек. Кей жұрттың осыны жете түсінбей, түсінсе де әдейі бұрмалап жататыны рас. Жалпы, осы зайырлылықтың белгілі бір өлшемі, мөлшері бола ма? Дінтанушы мамансыз ғой, түсіндіріп беріңізші осыны.

– Біздің қолданып жүрген «зайырлылық/лаицизм» ұғымының атеизммен еш қатысы жоқ. Зайырлылық атеизм емес. Сонымен қатар «дінсіздік» те емес. «Дін» де емес. Себебі зайырлылық сенім, иман, доктрина емес ол ұстаным. Сондықтан бұл ұстаным Аллаға қатысты да емес, тек адамға қатысты. Зайырлылық адамның санасына азаматтық ұстаным/принцип ұсынады. Алла, әлем және адам қатынасы тұрғысынан қарағанда зайырлылық, адам мен әлемге, яғни әлеуметтік негізге сүйенеді. Бірақ зайырлылық бір дүниетаным немесе идеология да емес, азаматтық құқықтық институт. Зайырлылық сенім, иман негіздері де емес, құқықтық-мемлекеттік ұстанымдарды қамтиды. Зайырлылық ұстанымы бойынша, мемлекет барлық дін атаулыға, кез келген метафизикалық теорияларға «бейтарап» қарап, кез келген діни бірлестіктен, шіркеуден, жамағаттан, тариқаттан ерікті болу керек. Тура сол сияқты кез келген діни бірлестік, шіркеу, жамағат немесе тариқат мемлекеттен еркін, ерікті болуы тиіс. Енді мемлекеттің азаматтары да иманы, сенімі, ары, діни тәжірибесінде, дін ұстануында ерікті, өзінің қалаған дінін ұстап, насихаттауға, таратуға, сынауға құқылы. Сонымен зайырлылық туралы үш негіз: бейтараптық, тәуелсіздік/еріктілік және еркіндік сияқты құндылықтарды теріп шығардық. Мұның алғашқы екі құндылығы мемлекеттік институтқа, соңғы біреуі де адамға қатысты болып шығады. Адамға қатысты еркіндік аясы Конституция арқылы түсіндіріледі. Бұл бойынша мектептен яки мемлекеттік мекемелерден тыс жерлерде азаматтар өздерінің діни парыздары мен талаптарын орындай алады. Барлық шек осы ғана. Бұл тұрғыдан алғанда дін адамдарының да (имам, поп, папа, епископ және т.б.) мемлекеттік мекемелерде діни киімдерін ауыстырып киюлеріне тура келеді. Діни статусты білдіретін атрибуттардың өз орталықтарында көрініс табуы ақылды шешім деп ойлаймын. Исламда дін қызметкері деген ол статус емес. Дегенмен біздің ел жас мемлекет болғандықтан да зайырлылық ұстанымының тетіктері мен тұжырымдары және қызметтері арасындағы үйлесімділік пен уәждер туралы қоғамда ғылыми танымдық тұрғыдан әлі сөз басталған жоқ.

– Осы жақында ғана өткен баспасөз мәслихатында жаңадан құрылған Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин «Мектеп кезінен балалардың алаңсыз білім алуына жағдай жасау аса маңызды екені айтпаса да түсінікті. Яғни, мектеп оқушылары қандай да бір діни тиым, шарттармен шектеу көрмеуі керек» деді. Сіздің жоғарыда айтқан ойыңызды толықтырып, қуаттап тұр.

 – Иә, толықтай қосыламын. Жалпы, адамда діни таным басым келеді. Ол оның табиғатынан бар нәрсе. Мысалы интеллектуалдық акцияларды талдап қарасаңыз адамдағы бес эпистемиологиялық гносеологиялық қабілеттер діни танымда толығымен қолданылады. Олар: білу, тану, сену, мойынсұну және сезу. Ал ғылыми танымда осылардың білу және тану қабілеттері ғана басым болады. Философиялық танымда білу, тану және сезу ғана басымдықта болады. Бұлар ғылыми теориялық психоаналитикалық сатылар. Ал балада осы акциялардың белсенділігі жағынан білу, тану және сезу сатылары балиғат жасынан кейін барып сену мен мойынсұнуға ұласады. Демек баланың табиғатындағы осындай танымдық сатыларды есепке алмай мәжбүрлеу бұл зорлық. Демек дінге де қайшы деген сөз.

Сіз әрі жоғары оқу орнында тәлім беретін ұстазсыз, әрі дінтану ғылымының маманысыз. Университетте өзгелерден оқшауланып, діни киім киіп келген студентке өзінің замандастары қалай қарайды?

– Университет ол басқа мекеме. Онда жастар толық балиғатқа жеткен, оң мен солын танып, мамандық таңдау сол жолда білім алу үшін келген жастар. Бұл жағдайды мектеппен салыстыруға келмейді. Бұл жерде әрбір жас өзінің таңдауымен әрекет етеді. Сондықтан басына орамал тағып келген қыздарға замандастары түсіністікпен қарайды деп ойлаймын. Өзім де түсіністікпен қараймын. Бірақ мынау дұрыс, мынау бұрыс деп баға бермеймін. Себебі зайырлылық тұрғысынан ол әркімнің жеке мәселесі.

Сұхбаттасқан – Қ.Әуесбай.

Мұғалімнің пікірі

Қажет болса, мұғалімдердің де бірыңғай форма киюіне қарсы емеспін

Аятжан Ахметжанұлы, №18 жалпы орта мектебі химия пәні мұғалімі:

a– Біріншіден, жалпы мемлекеттің өзінің Ата заңы болған соң ондағы әр тармақ, әр норма мемлекетте сақталуы тиіс, мемлекет зайырлы деп көрсетілген екен мемлекеттің әр азаматы оны сақтауға міндетті деп білем. Осы Ата заң негізінде жасалған, Мемлекет басшысы қол қойған кез келген заң немесе құжаттың орындалуын баршамыз талап еткенде ғана құқықтық сауатты қоғам құра аламыз және шынайы Мәңгілік ел болу арманымызды жүзеге асыра аламыз. Мемлекеттің заңын жеке көзқарасы үшін орындамау ол мемлекетті сыйламау болады. Екіншіден, мектепте біріңғай форманы сақтау оқушылардың білімі мен болашағы үшін керек дүние. Тіпті егер мүмкіндік болса ұстаздардың да бірыңғай формасы болса қарсы емеспін, бұл тәрбие. Бала бәсеке қумасын десек, психикалық жағынан соққы алмасын десек, біз мектептегі бірыңғай форманы қатаң талап етуіміз керек. Ол дұрыс. Әйтпесе дәл қазіргі оқушылар ұялы телефон алуда жарыса бәсекелеседі, болашақта бұл да ойланатын шаруа. Өйткені бәрі үшін бәсеке қалыптасып кетуі мүмкін. Үшіншіден, біз иә, мұсылманбыз, бірақ бір діни киімге рұқсат етсек, ары қарай басқа діндердің де талабына көнуімізге тура келеді. Оның арты үлкен қателікке ұрындыруы мүмкін. Сол үшін басты талап бәріне ортақ.

1 комментарий

  1. Райхан Ответить

    Енді түсінікті болды. Бірақ балиғат жас 13жастан басталады сонда ол қыздар 15-16жасында мини юбка кимей ұзын киіп жабық жүрсе болады емес па. Мектеп формасы да бизнес ке айналған жыл сайын өзгереді осыны тоқтату керек. Əр мектеп əртүрлі бұрынғыдай бəрі бірдей болсын ауылы да қаласы да. Қара көйлек фартукпен нңмесе ақ көйлек пе ұзынырақ юбка. Əйтпесе көктемде шығады 15жастағы қыздар төстері мен сандарын жалтыратып осы дұрыс па зайырлылыққа жатады ма?

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!