Дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы мультфильм түсіруге ұйытқы болды

 %d0%ba%d0%be%d0%ba

Қазақ балаларына сүйінші хабарымыз бар. Қазақ анимациясына тағы бір тамаша туынды қосылды. Мұхтар Əуезовтің «Көксерек» шығармасына фильм түсірілгелі 40 жылдан астам уақыт өткен екен. Енді «Көксерек» жаңа бағытта, мультфильм болып қайта оралды. Мультфильм əлі отандық арналардан көрсетіле қойған жоқ. Осы игі істі жасауға белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы мұрындық болғанын білдік. Талантты жігіттердің басын қосып, қазақ балаларына тамаша тəбəрік сыйлаған топтан жаңа анимациялық мультфильм туралы сұраған болатынбыз…

 Қайрат ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ, исламтанушы ғалым:

Шым-шытырық оқиғасы көп

– «Ел болам десең экраныңды түзе» деп айтып жүрміз қазір. Бұл сөзді алғаш рет Смағұл Елубай ағамыз айтқан болу керек. Қазір балаларымыз шетелдің мультфильміне телміріп, солардың ойлау жүйесін, салт-санасын өз саналарына тамшылап сіңдіріп жатыр. Мінезіне де əсер етеді, біз оны байқамауымыз мүмкін. Кейін балаларымыз сол сияқты ойлайтын боп шығады. Əрине, ішінде адамгершілікке негізделген дүниелер бар болса да, олардың киім кию үлгісі, сөйлеу мəнері арқылы өздерінің салт-санасын тықпалап жатыр. Осы тұрғыдан алған кезде, мультфильм жасауда кеш қалып отырмыз. Бізде бұл бағытқа дұрыс қаржы бөлініп те жатқан жоқ, жетілген мамандарымыз да аз. Сол үшін де дін адамы тек уағыз айтумен, кітап жазумен ғана шектелмеу керек деп ойлаймын. Сондықтан халыққа, оның ішінде балаларға пайдалы, тікелей діни емес, бірақ ішінде руханияты бар дүние болса деген мақсатта «Көксерекке» тоқтадық. «Көксеректе» шым-шытырық оқиғалар, жылдам қимылдар жиі кездеседі.

Көп жағдайда біздің мультфильмдердегі қозғалыстар ебедейсіз, динамика жоқ. Біз сол олқылықтың орнын толтыру үшін, аниматорлардың мүмкіншілігін байқату үшін осы «Көксеректі» таңдадық десек болады. Қасқыр мен иттің арпалысы, жүгірісі – бəрі шынайы берілген. Қазірдің өзінде отандық бəйгенің екеуінен үздік орын алды бұл туынды. Əзірге ешқандай телеарналарға берген жоқпыз. Болашақта келісім-шарт жасалса, ұсынамыз деп отырмыз.

 Толықтай Мұхтар Əуезовтің «Көксерегінен» алынды ғой?

 Иə, содан алдық. Барынша қысқарттық. Аздаған өзгерістер бар. Толықметражды мультфильм жасауға да болар еді. Бірақ қысқаметражды, 15 минуттық дүние жасадық.

 Осындай игі істерді əрі қарай да жалғастыру ойыңызда бар ма?

 Мен бұл саланың маманы емеспін. Жігіттердің қанатын қатайтып, соларға бас-көз болып, қаржысын тауып беріп жетекшілік жасадым. Сценарийіне де араласып, барынша идеямды айттым. Енді ары қарай өздерің алып кетіңдер деп, батамды бердім. Бұл бастама ары қарай жалғасын тауып, үлкен компания дəрежесіне жетсе деген ниетпен ғана жетекші болдым. Ары қарай бұл салаға араласпайтын болармын.

%d0%ba%d0%be%d0%ba%d1%81%d0%b5%d1%80%d0%b5%d0%baМейіржан САНДЫБАЙ, «Көксерек» мультфильмінің режиссері:

Балаларды сәт сайын қуантып отырсақ дейміз

 Мультфильмнің идеясы қашан, қалай басталды?

 Қайрат Жолдыбайұлы ағамыз бастап, өзі соңына дейін  жетекшілік етті.

 Өзіңіз бұл саланы қайдан оқыдыңыз? Алғашқы режиссерлік жұмыс шығар?

 Қазақ ұлттық өнер университетінде оқып жатырмын. Қайрат ағамыз қабілетімізді байқап, қазақ балаларына жақсы дүние ұсынсаңдар деп, өзі үлкен демеу көрсетті. «KADAM» анимациялық студиясын 2014 жылы құрған болатынбыз. Соның алғашқы жұмысы.

 «Көксеректі» жасауға жалпы қанша уақыт кетті?

Толық бітті дегенше 1 жыл 3 ай шамасында уақыт алды.

 Бұл мультфильмді жасаудың қиындығы неде еді?

 Қиындығы – мамандардың жетіспеуі. Осы саланың шеберлері көбірек болғанда аз уақытта-ақ жасауға болатын еді. Жобаны жасауға демеушілерді қосқанда 10 шақты адам қатысты.

 Бұл тым аз сияқты ғой?

 Əрине. Анимация фильм сияқты емес, камерамен түсіре салмайсың. Əр қимылдың өзі бір сурет. Суретті салып қана қоймайсың, бастыру, бояу, бəрі көп уақыт алады.

 Екі рет бəйгеден жеңіп алған екен. Қазылар мұның қандай ерекшелігіне қарап баға берді?

 Осы саланың адамдары «қазіргі қазақ анимациясының төресі» деп баға беріп, мақтауын асырып жатыр. Тіпті, көпшілігі əлемдік анимациялармен деңгейлес деп те жатыр.

 «Көксерек» фильмі бар екенін ел біледі. Не үшін мұны таңдадыңыздар?

 Мұхтар Əуезов атамыз керемет суреткер ғой. Өзіңіз оқыған да боларсыз, «Көксеректің» іші тылсым дүниелерге толы. «Көксерек» фильмі адамның көзқарасымен түсірілген. Сол кездегі қоғамды көрсетуге назар аударыпты. Ал көркем шығармада қасқырдың ішкі əлеміне баса мəн берген. Анимацияның «құдіреті» сол, қасқырдың ішкі əлемін көрсете алады. Біздің мақсатымыз осы болды. Адамның көзқарасымен емес, бүкіл болып жатқан оқиғаға қасқырдың ішкі əлемінің жауабын көрсеттік деп айтуға болады.

Қазір балалар анимацияға құмар, осы арқылы «Көксерек» шығармасын оқуға ынталанады деп ойлаймыз. Əрі төл əдебиетімізді насихаттай түссек деген ниеттеміз.

 Ары қарай жобалардың легі жалғасып жатқан шығар? Қандай жаңалық күтеміз сіздерден?

 Алдымызға қазақ анимациясының дамуына үлесімізді тигізсек деген мақсат қойдық. Қазақ балаларын 1-2 жыл сайын керемет туындылармен қуантып отырсақ деген ниетіміз бар. Əзірге сценарийлер жазылып жатыр. Оның ішінен нақты біреуін таңдап үлгермедік, талқылап жатырмыз.

Қазақ балаларының атынан үлкен алғыс айтамыз! Игі істеріңізге Алла береке берсін!

%d0%ba%d0%be%d0%ba%d1%81%d0%b5%d1%80%d0%b5%d0%ba1

Сұлтан ЖҰМАБЕКҰЛЫ, «Көксерек» мультфильмінің қоюшы суретшісі, көркемдік жетекшісі:

43200 сурет салдық

 Мультфильм жасауға аз адам қатысыпты. Көп жұмыс өзіңнің еншіңде сияқты…

 Əрине, мультфильмнің жақсы шығуы суретшіге байланысты. Ең алғашқы жұмысымызға бəріміз де жұмыла атсалыстық. Менің жұмысым артқы түстерді жасау мен түстер драматургиясы болатын. Негізгі жұмысқа кіріспес бұрын сценариймен көп жұмыс жасадық. Фильмді де қайта-қайта қарадық.

 Кейіпкерлердің бейнесін жасауда не нəрсеге сүйендің?

 Кейіпкерлерді режиссер Мейіржан Сандыбай салды. Тобымызда Баян Əділбек деген жігіт болды. Кейіннен Əбдіқадыр Сабыр, Қарбеков Нұрбек деген жігіттер қосылып, бірігіп жұмыс жасадық.

 Мультфильм жасауға қатысу арманың ба еді?

 Кішкентай кезімнен сурет салуға құмар болдым. Кейіннен колледжде оқыдым.

Жаңа аты-жөнін айтқан жігіттермен бірге Қазақ ұлттық өнер университетінде, анимациялық режиссер бөлімінде оқимыз. Кішкентайымнан қызыққан мамандық болатын.

 Бұл туындыға барлығы қанша сурет кетті?

 Басында кадрларды белгілеп аламыз. Одан кейін «черновой» деген бар. Соны салуға 21600-дей сурет кетті. Одан кейін тазасы жасалынады, оған əлгі 21600 суретті қайта саламыз. Сонда барлығы жобамен 43200 сурет салынды.

Дайындаған Асылан ТІЛЕГЕНОВ.

(Мақала «Ұлан» газетінде жарық көрді. Дерек көзі: zhasorken.kz)

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Көшіруге рұқсат жоқ!