2012-04-20 11:33:58

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ. ДОДА БҰЗҒАН ДАРА




Талантты журналист Нұртілеу Иманғалиұлының бар өмірі теледидарда өтіп келе жатқаны көк жәшікке күніне бір үңілетін жас пен кәріге бірдей белгілі. Түрлі-түсті  теледидар жоқ кезде жасындай жарқ-жұрқ еткен Нұрекең ақ пен қара бояудың өзіне әр кіргізіп,  жастардың жігерін жанитын бағдарламалардың жанынан табылды. Балалық еркеліктен қалып қойған еркіндік, ақындық сері мінез сыйлаған серке қасиеттері ұштала келіп, дода бұзар даралыққа айналған. Хабар жүргізіп тұрған сәтіндегі аудиторияны билеп-төстейтін амбициясы тіксіндіргеннен гөрі, теледидарға одан сайын телмірте түседі. Ол жасаған хабарлардың ішіндегі бір кездегі «Бетпе-бет» еске түседі осындайда. «Жайна, Қазақстан, гүлде, Қазақстан» деп ұрандаған мемлекеттік бас телеарнаның студиясында сан түрлі лауазымдылар мен шенділерді қарсы алдына отырғызып қойып, рингте атой салып жүрген боксшы секілді ес-түстен айырып, басын көтертпестен сүңгі-сауалдарымен сабалайтын-ай келіп. 
Содан бері ағамызды «рингтегі боксер» атап кеткем. Ауылда жон терісі жылт-жылт етіп, бақшасындағы арамшөпті отап жүрген балаларға дейін «бай-қуатты болайық» деп мәтелге айналдырып алған атақты пароль-сөздің пайда болғаны да осы бағдарламадан соң. Бұл да тележурналист ретіндегі тапқырлығы. 
Ақсудың бойын жағалай қоныстанған  ауылдарымыз көрші болғандықтан, «Діңгектен» шыққан екі мықтының атын бала кезден біліп өстік, бірі – Кеңес Одағының батыры Нұрсұлтан Есеболатов болса, бірі – Нұртілеу Иманғалиұлы болатын. «Таурас» дейтін телевизордың жұлынып қалған құлағын сатұр-сұтыр еткізіп кемпірауызбен бұрап, жыбыр-жыбыр етіп көрсетпей тұрса, дәу жұдырықпен төбесінен бір қойып, «тілге» келтіретін әкеміз, арасынан аңдап қалғандай болса, «біздің Нұртілеу» дейтін. Жалғыз біздің ауылдың адамдары ғана емес, өмірі бет-жүзін көрмесе де, Талдықорған облысы, Ақсу ауданының бүкіл жұрты оны «біздің Нұртілеу» атандырғанын кейін естияр болғанымда да естідік.  
Журналистика факультетін бітіргендердің бәрі де араларынан жарқ етіп шыққан бірді-екілі топ жарған таланттарына қарап «великий курспыз» деп кеуде керіп, асқақтатып жататындары бар. Бұл мәртебені  Нұртілеу Иманғалиұлының курсына берсе жарасар. Ұлықбек Есдәулетов, Қуандық Түменбайұлы, Қонысбай Әбіл, Мылтықбай Ерімбетов, Серік Жәнәбілов, Сейітқұл Оспанов, Сайлау Тойлыбай, Төрегелді Байтасов сынды ақын-жазушысы аралас қазаққа белгілі бірнеше қаламгерлер шыққан курста Нұртілеу ағамыздың да кіл мықтылармен құйысқан түйістіріп қатар шаппасына еш әддісі жоқ. Жетісудың ағынды Ақсуы арынды етіп қанаттандырса да, ақындығын ішінде өлтіріп, телевизияға таңдау жасап, кәсібін де, нәсібін де осы саладан тапты. Курстастарымен әңгімелесе қалсаң, басқа емес, топ бастап жүру үшін туылған серке мінез «сарының» студенттік тентектіктері мен қызықтарын жырдай ғып айтады. Не істесе де, кәсіби тұрғыда жасауға ұмтылу, сол арқылы, бәлкім, «бірінші» болу тележурналистің табиғатында  бар мінез. «Боксер» мінез бұл кісіге бекер қонақтамаған, әкесін «аға» деп, шешесін «тәте» деп атаған алтын құрсақты анасының 14-ші перзенті шалдуар мінез кенже ретінде «шалдың баласы» болып, жүз жасаған Қалиасқар қарияның қасынан бір елі қалдырмайтын еті тірі сүйкімді немересінің бетіне үп еткен жел тимей өскендіктен де болар, өскенде қарсы біреудің бір ауыз сөзін басынан асырмайтын қайсарлықпен қайраттанғаны.  Жыланға арбалған торғайдай етіп көрерменді тыпыр еткізбейтін де осы мінез. Бірақ бірінші болуға ұмтылса да, басынан сөз асырмауға тырысса да, теледидардағы бүгінгі кейбір жас журналистер секілді арзан абырой мен сынаптай сусып тұрған рейтинг үшін барлық журналистік этика мен нормалардан аттап, ұят-аятты, обал-сауапты жиып қойып, интимді дүниелерді індетіп тұрып сұрайтын көргенсіздіктің нышанын да көрсеткен емес. Патша көңілді көрерменін құрметтегені, адамгершілікті биік қойғаны, бір күндік пайдасыз ұпайға бола Познерлік бейнесін жоғалтпағаны. Әйтпесе, «жеткізудің шеберлігін білсең, дүниеде айтылмайтын, айтуға болмайтын нәрсе жоқ», майталман ағамыз майда тілмен сыпайылап отырып-ақ, мейманының жүрегінің түбінде жасырынған шындығын суырып алады. Мұндай кәсібилікке жету үшін кісіге білім керек, оқығанын іске асырып, екшей алатын парасат керек. Нұртілеу ағамыздың кесек мінезі көрінген тағы бір тұс бар. Қай бір жылдары «Қазақстан» ұлттық арнасының төңірегінде шу болып, қоғамда қайшы пікір туғызып жатқан аласапыран шақта арна басшылығына Нұртілеу Иманғалиұлы келді. «Билік құйтұрқы ойындарын жүргізу үшін әдейі әкелген адам» деп тілі жүйріктер байыбына бармастан айыптап та жатты. Басшы орынға қай уақытта келсе де, көзіқарақты қазақ Нұртілеуді  лайық көрмесе, қомсынбайды, бірақ дау-дамайдың арасынан табылып келіп жатқанына «қап» десіп қалдық. Жоқ, «Қайырлы таң, Қазақстаннан» бастап «Күй-керуен», «Дала-думан», «Ән-айтыс», «Күй тартыс», «Отау», «Құрбы-құрдас», «Тау тұлға», «Бастау», «Айна-апта», «Діңгек» көгілдір экранға шықты. «Қымызхана», «Айтыс», «Көкпармен» көрермен қайта қауышты. Ал басты айтпақ ойымыз, кейін ол корпорация президенттігі қызметінен босағанда, әдеттегідей көк жәшіктің ішінде күмбір-күмбір дауысымен хабарын жүргізіп, қайта түлеген қыран құсап қанатын керіп шыға келді. Тақтан түскен күні басындағы бағы ауып түскендей, жүрегінің қақпағы жабылып қалып, инфаркт алып, аттандай шапқан қаны 260-қа аспандап, үйдегілерді үрпитіп,  тарс бүркеніп төсекке теріс таңылып қалатын біреулер секілді қызметтің құлы екенін көрсеткен жоқ. Барды. Көрді. «Қолдың кіріне» «қош бол» айтты да, Құдайдан берілген қызметіне қайта кірісіп кетті. Билікпен қоштасатын әр бастық осындай ірілік танытып жатса, қадірі үстем, бірақ қанағаты кем баянсызға қол-аяғымен байланып, құндылыққа айналдырып жібермес еді. 
«Телевидение – жастардың кәсібі, себебі бұл саланың өзі үнемі жаңарып, жасарып отыруды қажет етеді» деген аксиоманың теріс екеніне бір Нұртілеу ағамыздың-ақ тәжірибесі дәлел. Сонау «Алтыбақандардан» басталған «Бетпе-бет», «Қолтаңба», «Діңгек», бүгінгі «Көршілеріне» дейін оның өз жасына лайық кемелденіп, өсіп отырғанын байқаймыз. «Көк» жәшік көп кәсіп секілді бес адам, ары кетсе жүз адам қадағалайтын аясы тар нәрсе емес, миллиондаған адам қадағалайтын айдын. Айтқан сөз түгілі, алған демге дейін естулі. Миллион пікір айтылып, миллион баға беріледі. Көп журналистің ішінде жұтылып, жоқ болып кету де оңай, жұлдыз ауруы алып жығып, жар астында қалдыруы да жеңіл немесе Нұртілеу Иманғалұлы секілді басынан талай тағдырды кеше жүріп, қырық жыл өмірін телевизияға арнап таланттылықтың түбін қаузай биіктеу, шыққан биігінен бір мысқал аласармай, алпыс жасына жігерлі жастай жету ол басқа. 

648 рет қаралды  |   7 пікір  |   Төртінші билік


  • 20 Сәуір, 11:53

    Қонақ

    ЖАН: Неткен толғау Құдай-ау! Әр әріптесіміз туралы осындай жасындай жарқылдаған пікір білдіре алсақ қой шіркін, аяқтан тартпай! Қалам қағысы дара, сөзі сара - Айекең бұл жолы да жүрісінен жаңылмапты. қаламыңыз қуатты болсын Айеке,

    • 20 Сәуір, 12:21

      Қонақ

      \"Коршилер\"кайда енди?Кутип отырып коретин жалгыз багдарламамыз сол еди.

      • 20 Сәуір, 18:31

        Қонақ

        Былжырай бермеңдерші, шәлкей-шатыс бірдеңелерді езе беруді қою керек қой пікір жазғыштар.

        • 23 Сәуір, 15:26

          Қонақ

          Нұртілеу өзі бір әңгүдік, дарақылау, мақтаншатау неме ғой. \"Қазақстан\" ТРК-ға да бастық болып мандытпады. Сол кезде тіпті аспанға қарап, ешкімді менсінбей кетті. Кейін түсіп қалғанда айтатын көрінеді: мен не туысыма, не курстастарыма көмектеспедім, ешкімге шапағатым тимеді, тасыраңдап кеттім. Соған өкінемін деп. Өзі құбылмалы. Біресе бүк, біресе шік бола қалады. Әйтеуір жүрген біреу.

          • 23 Сәуір, 16:51

            Қонақ

            Кім біледі...

            • 07 Тамыз, 19:13

              Қонақ

              осы ку маган да унамайды

              • 15 Қараша, 21:31

                Қонақ

                Айгүл классик журналист

                Жазылу

                Жарнама

                Қызық дерек

                23 МЛН. 102 МЫҢ АДАМ Қазақстандағы ұялы байланыс абоненттерінің саны осындай шамаға жеткен

                Халықтан хат

                Серіктестер

                Іздеу