2012-06-29 10:38:31

ОЛАР ДА, БҰЛАР ДА ӨЗІМІЗДІКІ



Бір-біріне кінә артудан аянып қалмайтын орыстілді және қазақтілді БАҚ-тың кей-кейде екі мемлекетте өмір сүріп отырғандай екі жаққа қарап сөйлейтіні өкіндіретіні болмаса, қу жанымызға не керегін өзгеден гөрі өзіміз жақсы сезінеміз. Екеуі қаузайтын тақырып бірде ортақ, бірде бөлек болып келеді, бірақ бәрібір ұсыну, көрсету тәсілдерінен әлі күнге үйлесімділік көрінбейді. «Қазақы методологияға» миығынан күліп, кекесінмен қарағандарына бұл күні қазақ журналистері күйінбейді де. Есесіне, қоғамда қазақ мүддесі туралы сөз қозғала қалса, зеңбіректерін теріс қарай бұрып қойып, қарсы оқ жаудырғанда мылтықсыз майданда «кімнің кім» екені айқындалып, көптің де көзі ашылып қалатын кез осы. Дегенмен «орыстілді ақпарат құралдары мен қазақтілділер жақындасып келеді» деп малдануымызға әзірге орыс басылымдарына қазақ азаматтарының басшылыққа келіп, анда-санда болса да ұлтқа жанашырлық танытқандай болған немесе қазақ мәселесін жарыққа алып шығып жариялап, тәржімалап беріп, болысқандай болған бірді-екілі жағдайлар ғана сеп. Кейбір қандастарымыз кінәлағандай олардың «бір ұрты май, бір ұрты қан» секілді көрінуі мүмкін, бірақ қазақ мәселесін қан-сөлімен ашып көрсетуде аянып қалып отырған жоқ. Ал олар кімдер? 
Бұл тұрғыда алдымен ауызға ілігетіні –  «Central Asia Monitor» газетінің бас редакторы Бигелді Ғабдуллин. Жалпы, бұл кісінің тағдырында «контраст» жетерлік: газеті орысша болғанымен, жүрегі – қазақ. Кеше – оппозиционер, бүгін – «Нұр Отан» халықтық партиясының мүшесі. Бірақ бұған кемшілік тұрғысынан қараудың қажеті жоқ, бір кезде құдіретті Рахат Әлиевтің рейдерлігіне шыдамай «идеялық баррикадаға» шыққан батыр осы кісі еді. Сол кездегі қоғамдық жүйеге қарсы тұрып, билікке қатысты ақпараттық шабуылдар жасаудан шаршамаған ол Бішкек арқылы бас сауғалап елден де қашып кетті. Төрт жылға жуық өмірін арнаған Америка эммиграциясы журналистке жаман болған жоқ: тек Қазақстан емес, Орта Азия кеңістігін қамтыған либералдық бағыттағы сараптамалық сауатты газет өмірге келді. Қазақ журналистерінің журналистиканы жазушылықпен шатыстыратынына кейіп жүреді. Жалпы, Ғабдуллинді идеядан да, қаражаттан таршылық көрмейтін бас редакторлардың қатарына жатқызады. Бұл газет әзірге «Петропавл атауы Қызылжар болып өзгертілмесін» деп айта қойған жоқ. Егер, біз, қазақтар, осыған да қуанатын жағдайға жетсек, ол Ғабдуллиннің ұлтынан ұялатындығының, құрметтейтіндігінің белгісі деп білеміз.
Сапа Мекебаев – билік басындағы лауазым иелерін, саяси және қоғамдық қайраткерлерді фельетонға арқау етіп, саяси сатираны жандандырған журналист. Бүкіл ұлт ұлардай шулап қазаққа керек мәселені жанкештіленіп көтеріп жатқанда, әншейінде жер түбіндегі иіскеп білетін азу тісі айқара атжалман газет тап сол мәселені көрсе де көрмегенсігендерін немесе іштен кеміріп, ірітіп,  киямпұрыс бағытқа ала қашатынын көріп: «Құдай-ау, осында істейтін қазақ жігіттері қайда қарап отыр?», – деп, алдымен осы Сапаларды кінәлаймыз. Бірақ «әркімнің аузына өз қолы жақын», су ішкен құдығына түкірмейтіндіктен, бұл жағдайда біздің байбалам бет тырнаған қазақы ойбай ғана болып қалады. Не десек те, сауатты сараптамаларымен һәм сатирасымен журналистер арасында Сапа өзінің «сапалы» екенін дәлелдеп қойған: «Жыл таңдауы» атты дәстүрлі байқауда әзірге одан басқа бірде-бір журналист екі рет «Алтын Адам» бола алған жоқ.
Өзгенің ішінде жүрген «өзіміздің» адамның бірі –  Серік Малеев. Екі тілді бірдей меңгергендіктен, орыстың да, қазақтың да баспасөзінің артықшылығы мен кемшілігін, нәзік тұстарын жақсы біледі. «Мегаполис» газетінде жүріп қазақ баспасөзіне жасаған шолуының соңы тек қазақ мүддесін көздейтін «Алтын Орда» атты сайт пен «Казахский мир» атты жаңа жобаларды дүниеге әкелді. «Копижурналистика» деп мұрын шүйіре қарайтындарға қазақ журналистерінің қабілетін, қарымын көрсетті, кей жағдайда, бәлкім, артық екенін дәлелдеумен келеді. Қазақтың ойын, ұстанымын, өзекті мәселелерін, құндылықтарын жеткізіп, азаматтарды тұтастық пен мемлекетшілдікке үндеу ендігі мақсатына айналды. Орыс тілінде қазақ мәселесін көтерген кешегі айбынды Алдан Айымбетовтің ізбасары ретінде қазақ әлемін орыстілді ортаға қайтсе түсіндіруді мақсат еткен жалаңтөстің еңбегі ерен-ақ. 
Сейітқазы Матаев – осы аталған ортадағы ең танымалы, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы ретінде елдегі бүкіл БАҚ үшін ортақ ұстанымды қолайлы көретін байырғы журналист қарапайымдылығымен кез келген журналистің жанынан табылатын досына айналған бұл күнде. Алматыдағы Фурманов көшесімен жүретін №63 маршрутты автобустың талай жылғы тұрақты жолаушысы. Президент Әкімшілігінің Баспасөз қызметін басқарғандар қызметінен ауып түссе, қай жерде қандай болып жүрерін кім білсін,  бірақ жеке көлік иеленуге де, жүргізуші жалдауға да жағдайы жете тұра, қолына газет ұстап қоғамдық көліктің артқы есігінен кіретін Матаев кейпі көз алдыда қалды сөйтіп. Қыс-жаз демей, жылына екі-үш рет бір вагон яки бір автобус журналисті салып алып сапарлатып бара жататын да Сәкең. Мүмкін, жоғарғы эшелонда қызмет істеп, биліктегілермен қоян-қолтық араласқандықтың пайдасы болар, ақпаратты бірінші қолдан алу мүмкіндігі мен жедел әрі сенімді тарату артықшылығын Ұлттық Баспасөз клубында орналасқан КазТАГ матриалдарынан бағамдағандай боламыз.  
«Біртұтас мемлекеттік, ұлттық идеология жоқ» деп кесіп айтатын скептиктердің уайымын республикалық қазақтілді басылымдарды басқарып отырған бас редакторлардың ұстанымы сейілтеді. Қазаққа керек сөз айтылмай жатқан жоқ. Газет тізгінін ұстаған басшылардың әрқайсысы ұлт мәселесінің тоқсан толғауын тарамыстай тартып, таратып отыр десек, артық айтқанымыз емес. Мысалы, «Алматы ақшамы» басылымын қалалық әкімшіліктің қолындағы құндақтаулы бала деп ешкім айта алмайды. Көтеріп отырған жүгі де, жарыққа шығып жатқан материалдар да кесек. Танымал таланттар республикалық басылымдарға бермейтін қимасын Қали Сәрсенбайға өз қолымен әкеп береді. Қоластындағы әлдебір қызметкерлерінің бірі айтқандай: «Жазушы дейін десең асқақтатып жібергендей, журналист десең, тым төмендетіп тастағандай, бірақ бас редакторлығы бар қырын басып озған» Қали Сәрсенбайдың төккен терінің төлеуі. «Тапсырманы үйіп-төгіп аласыңдар да, бір жақтарыңа қисайып алып кетесіңдер қазір», – деп ұрсып тұрып, күлдіріп жасайтын жиналыстарының өзі неге тұрады?
Шыққан күннен бастап биік өрелі оқырманға арналып жарық көрген «Жас қазақтың» туын жықпай, ақпараттардың жаңа заманғы тәсілмен жарық көруіне жан салып келе жатқан бас редакторлардың бірі – Сраиыл Смайыл. Аз сөйлеп, көп іс тындыратын ізденімпаздардың қатарында. Қашан да ақпарат кеңістігіндегі вакуумды толтыруға  ұмтылып жүргені. Қай кезде көрсең де қызу істің ортасында қайнап жүргені. «Сраиыл өзі көп жылдан бері «КТК» арнасында жұмыс істегендіктен оқырманға ақпарат ұсынуда салмақтылықтан гөрі талмау жерді тауып, өршелендіріп беретін коммерциялық телевизия тәсілдерін пайдаланады» деген пікір жиі айтылады. «Жас қазақ» бастапқы бағытына ұқсамағанымен, жаңа кейпімен бүгінгі қазақ басылымдарының көш басында. 
Тіл жанашыры Шәмшидин Паттев басқаратын «Түркістан» газеті де ұлтжандылығынан еш айныған емес. Шәмші ағамыз бұл газетті Қалтай Мұхаметжановтан соң 1999 жылдан бері 13 жыл бойы табан аудармай  басқарып келеді. Бас редакторды жақсы білетіндер оның саясаттың қыртысын оң қолымен ірігенде, терісіне дейін түтіп жібереді деп мақтасады. Қазақтың қалың проблемасының, елдік, мемлекеттік мүдденің бел ортасында осы газет. Бас редактордың өзі материал жазуға аса құштар болмаса да, радио-телевидение, басқа басылым беттерінде азаматтық көзқарасы мен ой-пікірін, саяси пайымдарын бүкпесіз айтып жүреді. Сондықтан болар, әріптестерінің өзі оның журналистігінен гөрі саясаткерлігін жоғары қойып сөйлеткенді дұрыс көреді.
Бүгінгі батыл редакторлар қатарына бір иығымен емес, бүкіл тұлғасымен толықтай кіріп тұрғандардың қатарында – «Жас қазақ үні» газетінің жетекшісі Қазыбек Иса. «Ақ жол» партиясының сойылын соғады» деп біреулер сырттай сыбағасын беріп жатса да, шығармашылық ортада қазақ үшін алдымен аттандай шабатын патриоттығымен ешкім таласа қоймас. Ұлт мәселесі аяқ асты болып, намысы мұқалып жатқанда, пәленбай қайраткер қол қойып, билікке қарата ашына жазылған Ашық хат, Үндеулердің жуан ортасында да осы ақын ағамыз жүреді. Бұл – қазаққа деген махаббаты Қазыбекше білдіру.
Басылымдарын гүлдей жайнатып шығарып отырған бас редакторлар туралы айтылғанда «Жұлдыздар отбасы» журналының тізгінін ұстаған Жарылқап Қалыбайды ұмытқанымыз барып тұрған әділетсіздік. «Қазақ журналисі мен оқырманының деңгейі сахнадағы жұлдызсымақ әншілердің өміріне қызығу мен сол туралы жазу» деп жерлеп жатады, бірақ бүкіл қазақ баспасөзінде ең алғаш рет сол идеяны ойлап, тауып, кең көлемдегі ірі жобаға айналдырып, пайдасына кенеліп отырған Жарылқап десек, ешкімнің өті жарылып кетпейді. Мұны қасақана мойындағысы келмейтін адамның өзі журнал мұқабасындағы Қыдырәлі мен Қарақаттың суретіне көзі түседі де, пенделік әуестігі билеп бәрібір қол созар еді. Ж.Қалыбай қазақтың осы осалдығын дер кезінде біліп, кәдесіне жарата алды. Аз уақыттың ішінде журналдың тиражын 70 мыңға жеткізіп, жас пен кәрі бірдей қызығып оқитын басылымға айналдыру – үлкен еңбектің жемісі. 
Қызықты болып шығатын жаңа тұрпатты қазақ басылымдарының қатарын «Нұр Астана» газеті толықтырады. Бас редактор Ғабит Мүсіреп ең алғашқы еңбек жолын «Өркен» атты студент жастарға арналған газеттен бастап, жастардың жанына жақын тақырыптардың жықпыл-жықпылын жақсы білгендіктен болар, басылым бетінен жігерлі леп еседі, өзіне тән сүйкімділігі бар. Басқа электронды құралдарға жиі көшіріліп басылатын да осы газеттің материалдары. Сұхбаттары еркін, шағын жазбалар  сезімге толы, жастардың азаматтық көзқарасын қалыптастырып, орнықтыратын маңызды дүниелер де мол. Басылымға берілген баға – кеше ғана бас редакторына Президент сыйлығы грантының табысталуы. 
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ

325 рет қаралды  |   2 пікір  |   Төртінші билік


  • 01 Шілде, 10:33

    Қонақ

    Мәләдес, мықты жазылыпты, жазғыш жақындарымызды өзіміз жаттай сыйласақ жат жанынан түңілер; өзімізді өзіміз осылай көтермелесек сырттағы сайқымазақтардың сыбағасын бергеніміз...Айеке алға, керемет жазылған....

    • 02 Шілде, 17:21

      Қонақ

      жақсы екен

      Жазылу

      Жарнама

      Қызық дерек

      23 МЛН. 102 МЫҢ АДАМ Қазақстандағы ұялы байланыс абоненттерінің саны осындай шамаға жеткен

      Халықтан хат

      Серіктестер

      Іздеу