2012-07-17 10:59:24

ЭТИКА ЖАЙЫНДАҒЫ КОДЕКС БІЗГЕ НЕ БЕРЕДІ?


Жақын уақыттары қазақстандық журналистер жаңа кодекспен өмір сүре бастайды. Ол кодексте журналистік этика мәселесі жіпке тізіліп көрсетілмек. Ақпарат ағымы жөңкілген бүгінгі қоғамда мұндай тақырыптың бой көрсетуі түсінікті де жағдай шығар.  Бірақ «бұл кодексте не айтылады?» әрі «біздің журналистикаға не береді?» деген заңды сұрақтардың өз-өзінен туындары да рас. Сондықтан осы саланың ұңғыл-шұңғылын білетін азаматтардың пікірін топтастырып беріп отырмыз.  

Сейітқазы МАТАЕВ, Қазақстан Журналистер Одағының төрағасы: Журналистік этика туралы кодекс әрбір редакцияда болуы керек
– Біз журналистер этикасы жайындағы кодексті 1980 жылдары әзірлегенбіз. 2000 жылдары журналистердің бір конгресінде осыны қабылдайық деп едік, журналистер өздері қарсы болып, жүзеге аспай қалған. Жалпы шет елде мұндай кодекстер бар. Бірақ бір ескеретін мәселе, бұл әрбір редакцияның өз ішінде ғана қабылданады. «ВВС», «Рейтер», «Ассошиэйтед пресс» қатарлы ірі ақпараттық ұйымдар өздерінің ішкі редакциялық кодекстерін қабылдап алған.  Мұның барлығы әрбір редакцияның ішкі құжаты ретінде ғана жұмыс істейді. Журналистердің жұмысына онсыз да кедергілер мол.  Көп жағдайда әрбір редакция мен жеке журналистерді сотқа сүйреушілер де жетерлік. Сондай жағдайда құқық саласы осы қабылдаған кодексті алдымыздан көлденең тартуы мүмкін.  Иә, телеарна өзіне лайық, ғаламтор сайттары өз жұмыс барысына сай, газеттер де жұмыс істеу стилі мен ұстанатын бағыттарына қарай редакциялық кодекс қабылдауына болады. Шет ел тәжірибесіне сүйенер болсақ, ол кодекстер республика деңгейінде қабылданбайды. 
Жалпы бұл кодекс мәселесінің көтерілуіне ғаламтордың ықпалы әсер еткен болу керек. Жеке блоггерлер бар, әр түрлі пікірлер де жазылады. Сондықтан соның алдын алу үшін жасалған әрекет шығар. 

Алдан СМАЙЫЛ, Парламент Мәжілісінің депутаты: Кодекс арқылы жат пиғылдағы БАҚ-ты ауыздықтауға болады
– Журналистердің халықаралық этикасында айтылатын негізгі мәселесі – адалдық.  Шындықты айту, шындықты қорғау, жалған жала жаппау, жала жабылса, ақтау. XIX ғасырдың екінші жартысында қабылданған Журналистердің декларациясындағы осы нормалар кейіннен халықаралық бірнеше негізгі жиындардың құжатында қайталанды. Ал кодексті қабылдау-қабылдамау әр редакцияның жеке шаруасы шығар. Бірақ бүгінгі ақпарат тасыған алмағайып заманда өзіміздің осындай бір кодексіміз болғаны жөн.  Өзімізде сондай бір белгілі деңгейде нормалар болмаса басқаларға қандай талап қоя аламыз? Менің пайымым бойынша, кодекс осы тұрғыдан да бізге қажет болып тұрған шығар және де журналистерден осылай түсінуін қалаймын. Қазір Қазақстанда ақпарат тарататын БАҚ көп. Ал телеарналарға біздің елдің аумағында қалай жұмыс жасау керектігін заңмен бекітіп жазып қойдық. Болашақта сол арқылы талап етеміз. Ал әлгі кодекс арқылы шет ел журналистерінен біз жайында адал жазуларын талап етуге болатын шығар. 
Қазақстандық БАҚ-тағы этика тақырыбына келер болсақ, бұл тікелей құрылтайшыларына байланысты. Жеке меншік басылым болса, оның қожайыны Қазақстанға қандай көзқараста қараса, этикасы да солай болып жүр.   Мәселен біз санаулы депутат Парламент мінберінде ұлттың мәселесін көтерсек, соған «Время» сияқты газеттер әр түрлі көзқарастағы пікірлер ұйымдастырып, құйтырқылыққа барады.  Сондықтан да бізге этикалық кодекстің артықшылығы жоқ. Бұл кодекс журналистердің жұмыс істеуіне бөгет болатындай нормалардан аулақ болатын шығар деген ойдамын. Егер бұл құжатты  заң ретінде қабылдайтын болсақ, Парламентке талқылауға келеді. Ақпараттық әлемді иен тастауға болмайды. 

Ахмет АЛЯЗ, «Қазақстан Заман» газетінің бас директоры: Ақпаратты індете зерттеу журналистің міндеті
– Ең әуелі бұл жерде БАҚ пен журналистердің құқы тапталмауы қажет. Екіншіден бір ғана журналистердің этикасын қарастыру, бір жағынан біздің БАҚ-та этика жоқ дегендей түсінік беруі мүмкін. Мұндай қадам болашақта журналист қауымның қол-аяғына тұсау болуы да ғажап емес. Ал кодекс қабылдауға негізгі түрткі болған мәселе ғаламтор жүйесінде әр түрлі тақырыптың өрбуі шығар. Ол жерде мақала соңына жазылатын пікірлер де кейде әр алуан мазмұнда болады. Сонымен қатар саясаткер Ерлан Қариннің сөзімен айтсақ, «қазақ баспасөзі оппозицияның міндетін атқаруда» .   Оны да реттеп қою қажет. Ал біздің ресми орындар кей жағдайларға байланысты бір ғана ақпарат беріп шектеледі. Журналистер болса, ол жаңалықпен шектелмей, оны әрі қарай індетіп зерттеп, қазбалай бастайды. Өйткені олардың міндеті де сол ғой. Бұл жағдай билік үшін де тиімді болар еді. Себебі әр түрлі пікірлердің болуы қоғамдық ойды қозғаушы күшке айналады ғой. Бірақ кейде бұл миссияның соңы әлдекімдердің арандатуымен теріс бағытта өрбуі де мүмкін. Ал негізінен ол жердегі ақ пен қараны сот арқылы ажыратуға болады. Менің ойымша бізде қабылданар кодекс арқылы шетелдік БАҚ өкілдеріне шектеу қоя алмайтын шығармыз. Себебі олар өздерінің заңдарымен өмір сүреді. Қазақстанда таратылуға лицензия алған газет-журналдар еш бөгетсіз жұмысын атқара береді. 
Әзірлеген – Б.ТОҚТАРБАЙ

470 рет қаралды  |   0 пікір  |   Төртінші билік


Жазылу

Жарнама

Қызық дерек

23 МЛН. 102 МЫҢ АДАМ Қазақстандағы ұялы байланыс абоненттерінің саны осындай шамаға жеткен

Халықтан хат

Серіктестер

Іздеу