2012-07-31 12:44:58

ОНЫНШЫ БАП НЕГЕ ОРЫНДАЛМАЙДЫ?



Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Кейінгі кезде теледидарды ашып қаласың да, аң-таң боласың. Отандық арналар бұрын да қазақ тілінің шекесін қыздырмайтын, жаз шыққалы тіпті «құтырды». «7 арна», «31 арна», «Еуразия», «КТК» сияқты арналар ресейлік әріптестерінің ескі бағдарламаларын көшіріп беруді кәсіп қылып алды. Көзіңді байлап тастайтын қызықты хабар болса бір сәрі, 5-6 жыл бұрынғы «тізесі шыққан» концерттерді айналдырады да жатады. Ресей, түрік, корей сериалдары мен америкалық шоулар өз алдына. 
Жылдың басында (18 қаңтарда) Қазақстан Республикасының «Телерадио хабарларын тарату туралы» Заңы қабылданды. Сол Заңның 10-бабында: «Отандық теле-радиоарналарда қазақ тіліндегі теле-радиобағдарламалардың апта сайынғы көлемі уақыты жағынан басқа тілдердегі теле-радиобағдарламалардың жиынтық көлемінен кем болмауғы тиіс» деп тайға таңба басқандай жазылып еді. Ол аз десеңіз, соңғы кезде не нәрсені де аударып беріп, қазақ тілінің «нормасын орындап» отырған «тәжірибеге» қатысты: «Телеарналарда тарату кезінде субтитр түріндегі телебағдарламалар мен фильмдердің аудармасы қазақ тіліндегі телебағдарламалардың жалпы көлеміне есептелмейді» деп көрсетілген болатын. Осы бапты әрі қарай оқысақ, қазақтілді хабарлар уақыт трансляциялану уақыты жағынан да әділетсіздік көрмеуі керек деп тағы нақтыланған. Былай қарасаң, түсінбейтін ештеңесі жоқ. 
Алайда телеарна басшыларына бұл Заңның мағынасы жетпей жатқан сияқты. Немесе олар мұндай Заңның қабылданғанынан бейхабар. Әйтеуір 50/50 деген «сарабдал» саясат «тоңқалаң асып» тұр. Басқа-басқа, қазақ тіліндегі «түнгі концерттерді» сағынатын күйге жеттік.
Сөзіміз дәлелді болу үшін 30 шілде (дүйсенбі) мен 5 тамыз (жексенбі) аралығындағы отандық телебағдарламаға ден қойып көрейік.
Мысалы, «31 арнаның» қазақшасын «Әзіл студио» мен «Қазақша концерт» деген екі хабар «құтқарып» отыр екен. Дүйсенбі де, сейсенбі де, сәрсенбі де, бейсенбі де, жұма да... Екеуін қайталап берген күннің өзінде эфиріңіздің 2,5 сағаты ғана толады. Дөңгелетіп әкелгенде бұл – аптасына 14,5 сағат немесе апталық хабар тарату кестесінің (157 сағат) 9,2 пайызы ғана. Заңға қайшы ма? Қайшы. Есесіне бөтен жұрттың «Галилео», «Попкорн» және «Самое смешное видеосы» құдайдың құтты күні көрсетіліп жатады. Одан қалса, орыс тіліндегі мультфильмдер, атыс-шабыс кинолар мен түрік сериалдары... Бұл арна шет елдің сапасы күмәнді фильмдерін таратуға маманданып алды. Қазір «Дом кино», «Тв 1000» сияқты кабельдік арналардың қызметіне таласып жүр. Отандық арна болғандықтан, құрығанда кейбір фильмдерді қазақ тіліне аударып берсе болатын еді. Оны да қажет деп таппайды.
Дау-дамайы таусылмайтын «КТК» арнасына келейік. Қашан қоссаң ресейлік арналардан баяғыда беріліп кеткен «Глухарь», «Побег», «Литейный» сияқты орыс сериалдарын қайталап жатқаны. Одан қалса, атам заманғы концерттер («Юрмала-2007») мен «Кривое зеркало» сияқты қызықсыз бағдарламалар. Әйтпесе осы аталғандарды орыс арналарының өзі де менсінбейді ғой қазір. Аты дардай «КТК»-іміз орыс өнімімен эфир толтыруға арланбайды да. Заң талаптарын орындамайтыны өз алдына. Аптаның жұмыс күндері таңғы бағдарлама («Япырай») мен жаңалықтар ғана қазақша сөйлейді. Сенбі-жексенбіде «Мәссаған», «Қыз қылығы», «Жүрекжарды» деген үш бағдарлама қосылғанның өзінде, айналдырып әкелгенде, арна аптасына 14 сағат қана қазақ тілінде тарайды. Бұл апталық тарату кестесінің (153 сағат) небәрі 9,1 пайызы... 
Оны да қойшы, өзге елге алақан жаюда «7 арнаның» алдына түсетіні болмай тұр.  Бұл арнада «Экстремальные игры», «Аппарат красоты», «Экстрасенсы. Американская лига» сияқты америкалық бағдарламалар күні-түні көрсетіледі. Дәурені өткен «Субботний вечер», «Смеяться разрешается», «О самом главном», тіпті «Смехопанорамаға» дейін орын бар. Қазақ көрермендерін жұбатамыз десе керек, «Бесеудің бәсі», «Сән сайысы», «Сұлулық аппараты», «Гоктың сән әлемі», «Салмақ пен қаңбақ» сияқты түсініксіз шоуларды тәржімалап беретінді шығарып жүр. Құдды бір қазақ келіншегі америкалық «Сән сайысын» қызығып көретіндей. Сонда бұл арнаның өз журналистері қайда? Шығармашылық штат кілең аудармашыдан тұра ма? Айтпақшы, жұма күні таңғы 6-да және түнгі 2.30-да көрсетілетін «Жар-жар» («ұрланып» көрсеткендеріне қарағанда қайталау болса керек) мен «Сорок миллионов тенге» (эфир уақыты 20.00) деген шоуды ұмытып барамыз. Бірақ қазақ тілін де, арнаның шығармашылық ұжымын да бұл екі хабар құтқармайды. «7 арнаның» сенбі-жексенбідегі кестесі тіптен қызық. Таңғы 8.30-дан түнгі 2.00-ге дейін бірде-бір қазақша сөз айтылмайды: кілең шетелдік хабарлар мен кинолар. Оның өзі орыс тілінде. Бір кездері ел мақтаған «7 арна» түнгі 2-ден кейін ғана «Сән сайысы», «Бесеудің бәсі» сияқты шетелдік шоуларды аударып барып, тыныстайды. Яғни бұл арнаның қазақ тілінде тарататын өз хабары – жаңалықтар ғана. Немесе 1 аптада 5 сағат, яки апталық эфир уақытының (160 сағ.) 3,5 пайызы. Бір кездері «7 арна» ресейлік мамандарды шақырдық, айды аспанға шығаратын болдық деп жар салып еді, енді міне, кері кеткенін ғана көріп отырмыз.
Ал «Евразия» арнасы – бөлек әңгіме. Бұл ұжым өңшең бір сағызша созылған Ресей сериалдарын қазақша тәржімалаумен тіл мәселесін шешіп тастаған. Бір күндік эфир кестесі 21 сағатты құраса, соның 13 сағаты орыс тіліндегі хабарлар мен 8 сағаты «Маруся», «Братаны», «Такси», «Доктор Тырса» сияқты сериалдардың аудармасына бөлінеді. «Қазақ тілінде хабар түсіруге болады-ау» деген «новаторлық» ой арна басшылығының өңі түгілі, түсіне де кірмейтін сияқты. 
Шауып алсаңыз да шындық сол, отандық телеарналарға халықтың көңілі толмайды қазір. Бірсарынды шетелдік сериалдар мен шоулар әбден мезі қылды. Жамандап отырсаң да, өзіңдікі болғанға не жетсін. Әйтпесе «Галилео» «СТС»-тан, «О самом главном» «Россия» арнасынан көрсетіліп жатыр. Көргіміз келсе, сол арналардан-ақ қарап аламыз. Бізге Қазақстанда жасалып, қазақ тілінде түсірілген өз өніміміз керек. Американың киносын жерден алып жерге саламыз да, сатып аламыз. Америка хабарын «бізді бұзады» деп алып,  оны да сатып аламыз. Түсініксіз. Бізге америкалық фильмдер мен бағдарламалар қаншалықты қауіпті болса, орыс өнімдері де соншалықты жат. 
Ал 50/50 деген «атышулы» принцип қайда қалды? Заң қайда қалды? Бір кезде осыны айтып, жұрт шуласып жатушы еді. Қазір дабыл қағып, дауыс көтеретін ешкім жоқ. Қоғам бейқам. Бұйығы. Соған қарағанда, елдің еті үйреніп кеткен сияқты. Қазақ телеарнасы қазақша сөйлемейтіні – тиісті жағдаяттай. Заңды құбылыс сияқты. Экранның астында қазақ тіліндегі шала-жансар аударма жылтыңдап тұрса, соған мәз болатын күйге жетіппіз. Қазақ тілін «Қазақстаннан» басқа жерден естімейтін болдық. 
Енді мынаны ойлайсың. Саясаттанушы Г.Филимоновтың пайымдауынша, Американы Америка қылып отырған – телевизия. Бұл – ел табынатын идол. Саясаттың халыққа, халықтың телеарналарға тәуелділігі сонша, Ауғанстан мен Ирактағы бомбалау уақыты жаңалықтар уақытына орайластырылған екен. 1986 жылы Ливиядағы бомбалау АҚШ-тағы кешкі жаңалықтармен бірге басталған. Соңғы жылдардағы қаптаған бітімгершілік операциялар о бастан телевизиялық жоба ретінде ойластырылған. Егер теледидардан көрсетпесе, бітімгершілік операциялардың қажеті де болмайды-мыс. Мысалы, АҚШ қарулы күштерінің генералы Дж.Шаликашвили Американың ақпараттық-насихаттық саясаты жөнінде: «Си-эн-эн жеңді демейінше, біз жеңбейміз», – дейді екен. 
Біздің арналардың құрылтайшылары қолдарында қандай күш барын білмейтіндей ақымақ па? Ақымақ емес дейін десең, аста-төк эфир уақытын әлдекімдердің әжетіне жарамай қалған жуындымен толтыруында не сыр бар?.. Олар басқаны қойғанда, Заң талаптарын орындамай отыр ғой. Кім жазалайды?

485 рет қаралды  |   8 пікір  |   Төртінші билік


  • 31 Шілде, 15:38

    Қонақ

    ктк, еуразия, 31 арна, 7 арна бәрінде де өзіміздің қарагөз бауырларымыз отыр, бірак жоғары жағында тізгінді ебекеңдер мен орекеңдер ұстап отыр. тырп еткізбей. заң законыңа түкіргені бар олардың.

    • 31 Шілде, 18:40

      Қонақ

      Сол оныншы бап орындалғанша біз о дүниеге аттанып кететін шығармыз...

      • 01 Тамыз, 22:01

        Қонақ

        50 де 50 деген әңгімені қойыңдаршы осы. Заңда 50 де 50 деген сөз жоқ. Автор өзі сол 10-баптың сөзін былай келтіріпті: «Отандық теле-радиоарналарда қазақ тіліндегі теле-радиобағдарламалардың апта сайынғы көлемі уақыты жағынан басқа тілдердегі теле-радиобағдарламалардың жиынтық көлемінен кем болмауғы тиіс». Міне "кем болмауғА" тиіс деп тұр. Яғни қазақша 99 пайыз болса да, заңға қайшы емес. Тек жартыдан кем болмауы керек. Баяғыда Сәкен Сыбанбай осы туралы "50 де 50 дегенді кім шыгарған?" деген мақала жазып еді. Оқымағансыңдар, сірә... Олай дейтінім, газетте де, телерадиода да журналистер 50 де 50 дегенді әлі күнге дейін айтып келеді...

        • 02 Тамыз, 15:27

          Қонақ

          Кем дегенде 50 де 50 болуы керек, кем дегенде. ал заңда одан енді кем болмауы тиіс деп жазылған. бұл өте қолдайтын мақала екен. үкіметке, през аппаратына жіберіп, талап етуіміз керек. біз қазақтар бір бірімізбен коммент жазып күресіп жүрміз. еще тасадан. аты жөні жоқ жерде әркім ак батыр. ал мына мәселені бүкіл қоғам болып көтеруіміз керек. жоғарыдағы бауырым осыны түсін. кежегең кейін тартпасын. Сәкен сыбанбайды білгеніңе қараған да сен де журналист боларсың. жорналшы болсаң, сен де осыны іліп әкетіп көтер.

          • 02 Тамыз, 15:30

            Қонақ

            Барлық қазақ журналистері, бірігіңдер!

            • 02 Тамыз, 22:22

              Қонақ

              ерлан әбдірұлы

              • 08 Тамыз, 18:11

                Қонақ

                Аптасына бір рет шыгатын "нысанасын" жетінші каналдың басшылары дұрыс уақытқа қоюға да ресейге жалтақтай ма? күндіз оны кім көреді. немесе ол телеарна өз журналистерінің еңбегін құрметтемей ме? әлде қазақша қызық бағдарламаларды тұсаулаудың көрінісі ме? мен мысалы көргім келеді көре алмаймын. айналайындар ау сағат бесте дені сау адам телевизор қарай ма

                • 01 Қаңтар, 02:09

                  Қонақ

                  Гоктын сән әлемі бағдарламасын неге бұрынғы уақытқа қоймайды?

                  Жазылу

                  Жарнама

                  Қызық дерек

                  23 МЛН. 102 МЫҢ АДАМ Қазақстандағы ұялы байланыс абоненттерінің саны осындай шамаға жеткен

                  Халықтан хат

                  Серіктестер

                  Іздеу