2012-08-24 11:32:31

Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ. ОНЫНШЫ БАП НЕГЕ ОРЫНДАЛМАЙДЫ-2


Теледидар – елдің айнасы деп жатушы еді ғой. Біздің теледидарға қарасаң, бұл мемлекетте қазақ деген титулды ұлт емес, көп диаспораның бірі ғана сияқты. 2020-да итімізге дейін қазақша сөйлейді, мемлекеттік тілге миллиардтар құйылып жатыр деп мақтанамыз. Ал отандық телеарналардың тұтқасын ұстап отырған «қасқалардың» құлағына Қазақстан Республикасындағы мем­лекеттік тіл – қазақ тілі екені туралы «жаңалық» әлі жетпеген сияқты. Тілді қаузай бастасаң жексұрын боласың, бірақ көзге біткен сүйелді көрмедім деп қайтіп айтасың? Шыны керек қой, таңнан қара кешке дейін теледидар аңдып отыратын уақыт та жоқ. Бірақ Отандық телеарналардың апталық бағ­дарламасына көз жүгірткенде, шарасыз жағаңды ұстайды екенсің.
Осы негізде газетіміздің №59 (203) санында «Оныншы бап неге орындалмайды?» деген мақала жазған болатынбыз. Онда еліміздегі «31», «7 арна», «Еуразия», «КТК» сияқты арналардың Қазақстан Республикасының «Телерадио хабарларын тарату туралы» Заңын белден басып отырғаны туралы айтылған-ды. Бақсақ, біздегі «Қазақстан» ұлттық арнасынан басқа бірде-бір арна, тіпті мемлекет саясатын жүзеге асыратын арналар Заң талаптарын орындауға асықпайды. Әзірге бірде-бір арнада қазақ тіліндегі хабар орыс тіліндегі хабардан артық болмақ түгілі, теңесе алмай тұр, теңеспек түгілі кем, тіпті өте кем болып тұр. Тағы да сол «Оныншы бапта»: «Субтитр түріндегі телебағдарламалар мен фильмдердің аудармасы қазақ тіліндегі телебағдарламалардың жалпы көлеміне есептелмейді», – деп көрсетілген. Яғни, аударма хабарлар мен телехикаяларды есепке алмай қойғанда, біздің санауымызша (бәлкім дөрекі есептеу болса да), «31 арна» 90,8 пайыз орыс тілінде сөйлейді. «КТК» 90,9 пайыз. «7 арна» 96,5 пайызға шүлдірлеп тұр. Бұрын «эфир уақытының кемінде жартысы» деп 50/50 үшін күрестік. «Қазақстан» арнасы тәулік бойы қазақша сөйлейді» дегенді басқа арналар «Қазақстан» арнасы біз үшін жұмыс істейді» деп түсінсе керек. Қазір бірлі-жарым хабарының өзін тек қана орыс тілінде жасайтын болды. Қазақ тілінде жарқыраған жаңа жоба көрмейсің. Бары – итке сүйек лақтырғандай. Бұл  көрерменді сыйламау, мемлекетқұрушы халықты, керек десеңіз, мемлекетті сыйламау.
Басқасын былай қойғанда, осы мемлекеттің қаражатынан күн көріп отырған «Хабар» мен «Еларнаның» өзі де қазақ тілінің мерейін асырмақ түгілі «ресми тілмен» тең қоя алмай отыр. Мысалы, 20-26 тамыз аралығындағы аптада «Хабар» 134 сағат хабар таратады. Оның 70 сағат 45 минуты қазақ тілінде. Ал сол 70 сағаттың 43 сағаты «Түнімен қайда болдың, Мэри?», «Қайта оянған махаббат», «Белгісіз аймақтар», «Көктем вальсі» деген телехикаялармен тырсиып тұр. Сонда «таза қанды» қазақша хабар бар болғаны 32 пайызды құрайтын болып шығады.
Немесе «Еларнаны» алайық. Соңғы кезде ойын-сауық арнасына айналған бұл ұжым көрсетілген аптада 108 сағат «жанып» тұрады. Оның 51 сағат 35 минуты қазақшаға бөлініпті. Сол 51 сағаттың бақандай 20 сағаты «Сұлтан Сүлеймен», «Сүр бойдақ», «Тікен арасындағы ән» 
деген сериалдарға жұтылады. Қалған 31,5  сағаты  апта  уақытының  29  пайызына әрең жетеді. Енді келіп «Отандық 
теле-радиоарналарда қазақ тіліндегі теле-радиобағдарламалардың апта сайынғы көлемі уақыты жағынан басқа тілдердегі теле-радиобағ­дарла­малардың жиынтық көлемінен кем болмауға тиіс» деп «ойбайлаған» 10-бап жайлы не айтуға болады?
Мысалы, өткен мақаламызда назарға ілікпей қалған тағы бір арна «Астанаға» келейік. Бір апталық кестені мұқият қарап шықтық. 131 сағат эфир уақытының (дүйсенбі-жұма 19 сағат, сенбі-жексенбі 20 және 16 сағат) 61 сағат 35 минуты (47 пайыз) қазақша сөйлеп тұр. Бір қарасаң, бәрі тамаша. «Кем болмауға тиіс» деген межеге жете-қабыл. Соңғы кезде мұнда «Сырласу», «Киностан», «Ақиқат алаңы» сияқты бағдарламалар көрсетіліп жүр. Жұмыс күндері 19 сағаттың 10 сағаты қазақша сайрап-ақ жатыр. Бірақ бұл ол сағаттар қалай толып жатыр? Масқара болғанда «Астана» күніне 8 сағатты «Сырлы Стамбул» және «Құштар жүрек» деген екі сериалымен «жауып» отыр екен. Ал заң бойынша сериал мен кино аудармасы «қазақ тіліндегі хабар» санатына жатпайтынын тағы ескертсек, күніне 2 сағат қана кәкір-шүкір концерт, жаңалықтармен толады. Нәтижесінде арнамыздың қазақшасы аптасына 17 сағат 35 минутты құрайды (13,3 пайыз). 
Бұрнағы шолуымызда назардан тыс қалған «НТК» мен «Таң» деген арналар тіптен, кабельдік арнаға көбірек ұқсайды. Таңғалдырған «Таң» арнасы жұмыс күндері 18, демалыс күндері 19 сағат хабар таратады. Бір күндік хабар кестесін оқып бер десеңіз, мінеки: «06.00 Информационно-развлекательная программа “ТВое утро”, 10.00 “Красота и здоровье”, 11.00 Мультфильмы, 11.30    Лирическая комедия “ДВОРИК”, 12.00    Сериал “ВЫСШИЙ ПИЛОТАЖ”, 13.00   “12 СТУЛЬЕВ”, 14.50 Программа “Открытая Азия”, 15.20 “Красота и здоровье”, 15.45 “TV-Shop”, 15.55 “Экспоцентр”, 16.00 Интерактивное шоу “ЗНАКИ СУДЬБЫ”, 18.00 Деректі фильм, 19.00    Сериал “МЕСТО ВСТРЕЧИ ИЗМЕНИТЬ НЕЛЬЗЯ”, 20.30 Программа “Биржевые университеты”, 21.00 “СУПЕРЛОТО”, 21.10  Сериал “ВЫСШИЙ ПИЛОТАЖ”, 22.30 Информационно-развлекательная программа “ТВоя ночь”, 00.30   Лирическая комедия “ДВОРИК”, 01.00 Деректі фильм, 01.45-04.30 Музыкальная ночь “От заката до рассвета” (каз, рус)». Күннен күнге осылай жалғасып кете барады. 18.00 мен 01.00-дегі «Деректі фильм» деген жанға жылы сөзді сіз де байқаған шығарсыз? Кім түсірген, қандай деректі фильм, не туралы? Өз басым «Таң» арнасының журналистері арнайы қазақ тілінде танымдық (немесе басқа бағыттағы тұщымды) деректі фильм түсірді дегенге күмәнім бар. Ары кетсе шетелдік бірдеңені аударып бере қояды. Тіпті қазақтілді жалғыз өнімнің атауын алдын ала жаза алмағанына қарағанда, арна басшылығының «проблемасы» бар сияқты ғой. Ал сенбі-жексенбі күндері «Таң» мемлекеттік тілге 1 минутын да қимай, «круглосуточно» орыс арнасы болып шыға келеді. Дөңгелетіп жібергенде, қазақ тіліндегі «Деректі фильм» мен бірді-екілі хабар апталық 155,5 сағаттың 8 сағ. 45 минутын (5,1 пайыз) қамтып отыр. Күлесің бе, жылайсың ба?
Ал «НТК» арнасына тіптен сөзіміз жоқ. Бұл ұжым «Реальные пацаны», «Счастливы вместе», «Гаишники» сериалдары мен «Дом-2»-ге қиған мүбәрак уақытын қазақ тіліндегі жарымжан хабар жасауға қимайды. 128 сағат апталық уақыттың 3,3 сағаты (2,6 пайыз) ғана түн жарымда берілетін «Тек күлкі үшін» деген хабарымен қазақ тілінің жыртығын жамаған болып отыр.
Осы мемлекеттің ауасы жақсы, суы жақсы, ақшасы жақсы. Бірақ тілі жаман. Арналардың мемлекеттік тілді былай да, былай да айналып өтуге тырысқан айла-әрекетіне қарап, қазақша сөйлеп жүргенім қателік емес пе деп өзің де күмәнданып қалады екенсің. Мем­лекеттік тілді масыл көреді екен, бәзбір арналар халыққа масыл болғанды қойсын, онда. Басқа елде болса, халық баяғыда-ақ туған тілін талап етіп, телеарналарды төңкеріп тастар еді. Бізде баяғы бейқамдық…

462 рет қаралды  |   4 пікір  |   Төртінші билік


  • 24 Тамыз, 21:49

    Қонақ

    АРНАЛАР КАЗАХ ТИЛИНДЕ СОЙЛЕМЕЙДИ.АЛ СОЙЛЕЙДИ ДЕГЕН "УЛТТЫК АРНАННЫН" ОЗИНДЕ УЛТТЫК МАЗМУН ЖОКТЫН КАСЫ.БИЛИКТИН БУГАН БАСЫ АУЫРМАЙДЫ,АЛ КОРЕРМЕН КАЗАХТАР ЕНЖАР НЕМЕСЕ ОСЫНДАЙ ЖАГДАЙГА ОЗДЕРИНИН КОНИЛИ ТОЛАТЫН ШЫГАР.КАЗАХ ТИЛИНДЕГИ РАДИОАРНАЛАРДЫ КАШАН КОССАН ДА ЭСТРАДАЛЫК КОНЦЕРТ БЕРИЛИП ЖАТАДЫ,Я СОНДАЙ МАЗМУНДАГЫ ХАБАРЛАР.ЖАЛПЫ УЛТТЫК РУХТЫ МЕМЛЕКЕТТЕН КАРЖЫ АЛЫП ХАБАР ЖАСАП ОТЫРГАН РАДИО,ТЕЛЕАРНАЛАРДЫН ОЗИ НАСИХАТТАМАЙДЫ.СЕБЕБИ ТУСИНИКТИ ГОЙ.СОДАН КЕЙИН ТАЗА ОРЫС ТИЛИНДЕ ХАБАР ЖАСАП ОТЫРГАН АРНАЛАРГА НЕ ЖОРЫК.БИЗ ЕНДИГИ ЖЕРДЕ ТИЛДИН МАНЫЗЫ ГАНА ЕМЕС,ДИЛДИН МАНЫЗЫ ЖАЙЫНДА ДА АЙТУЫМЫЗ КЕРЕК.

    • 27 Тамыз, 11:10

      Қонақ

      Дұрыс мақала, жаны ауырып отыр, қайтсін, бірақ Әсия сені кім тыңдай қойсын, тыңдаған күннің өзінде де нәтиже шықпайды, өйткені біздегі идеология солай ғой. қазақ тілінің болашағы жоқ дер қазір жұрт балаларын қайтадан орыс мектептеріне беріп жатыр.

      • 27 Тамыз, 21:38

        Қонақ

        Қазақтың жерін сатты, жерінің асты-үсті байлығын сатты, енді қазақты түп-тамырымен құрту үшін "Үш тұғырлы тіл" дейтін ІБІЛІСТІК ұранмен, І-ші кластан оқыту арқылы Ұрпағыңды улап, психикалық аурумен аздырмақшы. Қазақтың ата-аналары жаппай қарсылық көрсетіп, ұсынып отырған Үкіметті түгелдей сотқа беру крек. Өз қолыңнан апарып апатқа ұрпақтарыңды бере көрмеңдер !..

        • 03 Қыркүйек, 17:31

          Қонақ

          кашан осы кырт ангимени коясындар?

          Жазылу

          Жарнама

          Қызық дерек

          23 МЛН. 102 МЫҢ АДАМ Қазақстандағы ұялы байланыс абоненттерінің саны осындай шамаға жеткен

          Халықтан хат

          Серіктестер

          Іздеу